Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шараның шарықтау және шырғалаңға толы өмірі

27.05.2024, 11:20 285

HALYQLINE.KZ

Қазақ халқының тамаша бишісі Шараға саф алтындай өнері үшін алғыс айтамын.

Ю.Гагарин

Шараның әкесі Баймолда Жиенқұлұлы үш ағайынды болды, ағасы Байбұлан және інісі Нұрымбет. Байбұлан Жиенқұловтың немересі Серғазы Жиенқұловты танушы едім. Қазалы мен Байқоңырда 1998-2002 жылдары Қазақстан-Ресей халықаралық университетінің филиалы жұмыс істеді. Қазалыдағы осы университеттің филиалында тарих, философия, экономикадан дәріс оқығанмын. Осы университеттің ректоры, техника ғылымының докторы, профессор Серғазы Ахметұлы Жиенқұлов болатын. Негізгі жұмысым мектепте болғандықтан, шартқа отырып оқытушы болу үшін ректордың атына өтініш жазар кезде С.А.Жиенқұловқа деп жазғанымда, Сергазы Ахметович маған: «фамилиямды дұрыс жазбапсың, Джиенкулов деп жаз» дегесін, жаңа параққа өтінішті қайтадан жазған едім. Москвада оқып, ғылыми дәрежесін орыс тілінде қорғаған, екі елдің академигі атанған Сергазы Ахметовичті түсінуге болады, бұл – орысша оқыған бүкіл қазақ ғалымдарына ортақ нәрсе. Серғазы Ахметұлының атасы Байбұлан Жиенқұлов Петербордан 1-дәрежелі гильдия көпесі дәрежесін алған атақты бай адам болды. Тері өңдейтін жеке фабрикасы болды, осы фабрикада Димаш ағамыздың әкесі Меңліахмет Қонаев приказчик болып істеді. Серғазының әкесі Ахмет пен Димаш екеуі асық ойнап бірге ержеткен болатын. Большевиктер билік басына келген соң, фабрикасын тәркілеп, мемлекет меншігіне өткізіп, «Красный Восток» деп атады. Тақырыптан ауытқып кеткенімді білемін, енді Шараның өзіне келейін.

Шараның әкесі Баймолда – екі қатын алған адам. Бәйбішесі 14 қыз туып «су алып кеткен» соң, Тыныбала есімді жас қызды тоқалдыққа алады, алайда 15-ші қызы болып дүниеге Шара келгенде, сабыр сақтап, жас тоқалы ұл туатын шығар деп үмітенеді. Алайда 16-шы болып Хадиша есімді қыз келгенде, әкесі Баймолда: «жасым жер ортасынан ауғанда ұл бермеген құдайға не айтайын деп» жылағанда қасындағы адамдар шыдай алмай далаға шығып кеткен көрінеді. Осыдан кейін Тыныбала бала тумай қалады, тағы да жас қыз алайын десе, большевиктер бай-феодал ретінде Сібірге жер аударып жібереді. Осылай іштей тынып жүргенде де тоқалына тыным бермеген болуы керек, қатарынан үш ұл дүниеге келеді. Шараның інілерін Әнуарбек, Жорабек, Талғатбек деп атайды. Тағы да тақырыптан ауып кеттім, тағы да Шараның өзіне келейін. Шара жетіжылдық мектепті бітіргесін 15 жасында кейін Абай атындағы пединститутына айналған, педтехникумға оқуға түседі. Байдың ерке 16 жастағы қызы Шара Қызылордан Алматыға астанамен бірге көшіп келген, қазақтың театрындағы қойылымдарын жібермей, қасындағы студент қыздармен спектакльден қалмай барып жүргенде, 25-тегі сақа жігіт Құрманбек Жандарбековтың сахнадағы ойынын көріп ғашық болады. Құрманбек те әр қойылымнан қалмай алдыңғы қатарда отыратын Шараны байқап, сөйлесіп кетеді. Шараның билегенін көріп «сенің орнын сахна» дегесін, жаңа өнер әлеміне сүйіктісімен қол ұстасып кетуге келісімін береді. Әкесіне құда түсу үшін театрдағы әріптес ағалары Жұмат Шанинді, Иса Байзақовты, Әміре Қашаубаевты жібереді, Баймолда олар келген себебін айта бастағанда, тыңдамастан орнынан тұрып кетіп қалады. Анасы Тыныбала: «қаңғырған әртістерге беретін қызым жоқ» деп жауап қайтарады. Осының алдында ғана, қытай елшісі келіп Шара үшін бір сандық алтынды көрсеткенде бермеген болатын. Шара әкесінің жақсы көретін қызы еді, қасынан ұзатқысы келмеген болатын. Беті қайтып қалса да, Құрманбек екінші рет құда түсіруге адам жібереді. Бұл жолы жіберген адамдары әйел теңдігін алға тартып сөйлегенде, анасы Тыныбала: «Әйел тастаған кісі екен, 16-дағы қызыма тең емес» деп тағы да рұқсат бермейді. Сол кезде Құрманбек Шараны алып қашады, Шара сіңлісі Хадишаға өз еркімен кетіп бара жатқанын айтып кетеді.

Құрманбекке қосылғаннан кейін оның өнердегі шарықтау шағы басталады. Сахнада Шараның би билеуі үлкен фуррор туғызды, бұған дейін сахнада ер адамдар ғана билейтін. Шарадан кәсіби биші шығару үшін, нарком Темірбек Жүргенов Москвадан хореографиядан сабақ беру үшін атақты ұстаз Александровты шақырады. Балерина не биші болу үшін 8-9 жасынан арнаулы мектепте 7 жыл оқып үйренуі керек. Ал Шара болса бұл кезде ұлы Болатты босанып емізіп жүрген уақыты еді. Күнделікті балейтместер Александров алты сағат бойы Шарамен жаттығу өткізді, қатайып кеткен 22 жастағы келіншекке бұл оңайға соқпады, кейде «не қылайын деп биші болдым» деп жылап өнерін тастап кеткісі де келді. Ақыры Александровтың қатал талапшылдығына төтеп беріп, қатайып кеткен денесін өзі игере алатын жағдайға жетті. Сосын 1936 жылы Москвада өткен Қазақстанның он күндік декадасына қатысып, «Айман-Шолпан» спектакліндегі «Келіншек» биіне Сталиннің өзі риза болып қол соқты. Күләш пен Шараның өнері туралы орталық газеттер жарыса жазып жатты. Москвадан екеуі зор атақпен оралды. Күләш әнші, Шара биші болса да, қазақтың қара шаңырағы атанған театрда актриса болып бастаған болатын. Спектакльде Шараның Күләшқа у беретін жерінде, Шараның қолынан уды ішкен Күләш шынымен «өліп» қалатын. Бастапқыда Шара шынымен у бергендей, өзі де шошып кететін. Мұны көрген қазақтар Шара Күләшқа у беріп өлтірді деп, елге келгесін айтатын болған еді. Алматыға келгенде «тірі» Күләшті көріп таң қалатын. Осы жерде Шараның көзінің ағы мен қарасындай болған ұлы Болат туралы да айта кетейін. Болат Жандарбеков жазушы болумен қатар тарихтың терең зерттеушісі де болды. Сондықтан болар «Сақтар», «Сақтың Тұмар ханшайымы», «Сақ жауынгері Шырақ ерлігі» деген кітаптарымен белгілі болып қалды. Ұлы Болатты жақсы көргені соншалық Шара шетелдегі гостролдерден түскен ақшасына Алматыда бірінші болып Болатқа «Волга» автокөлігін сатып алып берді.

Сосын 1941 жылы соғыс басталған соң, Шара майданға аттанып түрлі концерттік труппалар құрамында өнер көрсетті. Қажымұқан жинаған қаржысына ұшақ жасатып Сталиннен Алғыс хат алса, Шара да концертен түскен ақшасына танк жасатты. Шара атындағы танк командирі Байболатов соғысты Чехословакия жерінде аяқтағаны туралы хат жазса, Шараның өзі Қызыл Армияның қорғанысына қосқан үлесі үшін Сталиннен Алғыс хат алды. Майдан даласында концерттік сапарларда жүргенде, Қызылорда облысынан шыққан ержүрек ұшқыш Жолдасбек Нұрымовты ұнатып, 1942 жылы бас қосты. Шара сұлу келіншек және бір жыл бойы күйеусіз жүру оңай болған жоқ, ал майдандағы жас ұшқыш жігіт қасында болып ғашықтығын білдіріп жүргесін табиғат өз дегенін істеді. Соғыстан соң майданнан екеуі бірге қайтқанмен дәм-тұзы жараспады. Сегіз жыл бірге тұрғанда, Жолдасбек Шараның сахнада өнер көрсеткенін қалаған жоқ, сол баяғы қызғаныш қой. Шара болса сахнадан басқа өмірді қалаған жоқ, екеуі ағылшынша у-шусыз ажырасып кетті. Бұған Шара өмір бойы өкінумен өтті, өз сөзінде «менің өмірімнің мәні сахна мен Құрманбек-Құрекең еді ғой» деумен өтті. Бұл кезде Құрманбек Шарадан 10 жас кіші актриса, кейінен СССР халық артисі атанған Шолпан Исабекқызы Жандарбековаға үйленген еді. Осыдан кейін Шара Жиенқұлованың шырғалаңға толы өмірі басталды. Одақтас республикалар мен шетелдерде концерттік сапарларда болып өзінің жалғыз қалғанын білдіртпеуге тырысты. Атақ-даңқтан кенде болған жоқ, Қазақ ССР-нің халық артисі, мемлекеттік сыйлық иегері атанды. Көшеге шықса әсіресе әйелдер бірге еріп жүрді, өздерінің туған қыздарын Шара деп атады. Жас студент қыздар Шараның сол көзінің астындағы меңдей өздеріне де сондай меңді қолдан салатын еді. Қазақстанда хореография оқу орны жоқ екенін айтып, 10 жыл бойы министрліктердің есігін тоздырып жүріп Алматыда көркем хореография училищесін ашып, жүздеген жас маман бишілерді тәрбиелеп шығарды. Шара негізін салған қазақ би өнерінің белгілі артистері шыға бастады, онымен тұрмай олар да, белгілі педагог ретінде Шара басқара алатын оқу орнын біз де басқара аламыз деген позиция ұстанды. Училище ішінде жүріп топ құрды, жоғарыға арыз боратты, себеп жоқ емес, ұшқышпен ұшқалақ махаббатын еске салды. Қазіргі белгілі педагог-хореограф Ғаникамал Бейсеноваға өзінің шәкірті болғасын, Шара әлгі топтың жазған хатын көрсетеді, онда: «Когда ты здохнишь?» немесе  «Чтоб ты сдохла!» деген сөздер жазылған еді. Бұдан артық шыдауға Шараның шамасы жетпеді, ұжымдағы интрига жасаушылар 1975 жылы жиналыс жасап, Шараны бар жаман сөздермен қаралап жатты. Бірде-бір адам Шараны жақтап сөйлей алмады, себебі Шара кететіні белгілі, ал олар қалатын еді. Сол жерде Шара кететінін айтып, еңсесін тік көтеріп кетіп бара жатқанда Ғаникамалға: «ең құрығанда сен бір нәрсе айтпадың ба?» деп, өзі іргісін қалаған училищесін мәңгілікке тастап шығып кетеді. Ғаникамал бұл туралы: «менен де үлкен Шараны ұстазым деп жүргендер болды, олардың алдына түсіп сөз сөйлеуге бата алмағаныма әлі күнге дейін өзімді кешіре алмаймын» деген болатын. Бұл кезде жалғыз ұлы Болат онкологиялық аурумен ауырып жүрген еді, беделін пайдаланып Болатты одақтың ең күшті деген клиникаларына апарып емдетті, бірақ жалғыз ұлы Болат күннен-күнге сөне бастады, баласымен бірге бір кездері атағы дүрілдеген би падишасы да сөне бастады. 1991 жылдың 25 мамырында Болат дүние салғанда, айтқан жалғыз сөзі: «Болаттың қырық күндік садақасын атқаруға жетуім керек, одан кейін бір күн де тұрмаймын» дегені келді. Қырық күндік садақасын жасап болаған соң, ұйқыға кеткен би падишасы оянбай қалып, ұлымен кездесуге асығып кетті.

Айта кетейік, Қазақстанда алғаш рет шыққан қорапты шоколад Шараның осы фотосымен шықты

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: