Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сақтардан қалған сарқыт…

30.03.2022, 15:30 701

HALYQLINE.KZ Қазақ әйелдерінің бас киімдері жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. Олар: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, сәукеле, тақия, шәлі, бүркеніш, шылауыш және т.б. Бұл бас киімдердің өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың ішінде тарихы тереңде жатқан, аса маңыздысы сәукеле деп айтсам, қателеспеген болар едім.

Сәукеле – ұзатылған қызға арнайы дайындалатын, аса бағалы, биік төбелі салтанатты бас киім. Сәукеле пішіні жағынан сақ заманындағы биік, әрі сүйір төбелі салтанаттық, ғұрыптық бас киімге ұқсайды. Сәукеле кереге, милық, төбе, тәж, құлақбау, және артқыбау тәрізді бөліктерден тұрады. Сәукеленің алтынмен аптап, күміспен қаптап, аса бағалы болғандығын М.Ж.Көпеев «XIX ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген кіші жүздің Байсақал атты байының қызының сәукелесін құдасы Кенесары ханның ағасы Саржан төре 500 байталға бағалаған екен» деген дерегінен байқаймыз.

Сақтардан қалған сарқыт дейтін тұсы да осы жерде. Біздің заманымыздан бұрынғы 7-5 ғғ. Ұлы даламызды мекендеген сақ бабаларымыздың қалдырған мұраларына қарап сол заманда қоғамдағы әйел адамның орны ерекше болғанын байқаймыз. Сақтар кісінің қайтыс болғаннан кейін жерлеу ғұрпына, жерлеу құрылысына мән берген. Еліміздің түпкір-тіпкірінен табылып жатқан «Алтын адам» аталып кеткен алтын жапсырмалар тігілген киіммен жерленген жәдігерлеріміз халқымыздың салт-дәстүрінің бай екенін, тарихы терең екенін көрсетіп отыр.
Жайықтың жағасынан табылған «Тақсайлық сұлу» сақтардың үрдісін жалғаған сарматтардың біздің заманымыздың 2-4 ғасырларындағы қыздардың киім үлгісін беріп отыр. Оюмен өрнектелген көйлегі, мыңдаған аңдық стилді алтын жапсырмалар тігілген қамзолы, алтын алқасы мен білезігі, алтын сырғалары, алтын сабы бар күміс айнасы, күймеге мінген жауынгерлер бейнеленген тарағы, түйе пошымдас қола қазаны, алтынмен қапталған кеселері, қыштан жасалған ыдыстары, сүйек сабы бар пышағы және ұшында алтын тау ешкі басы бары сәукелесі сол заманның бай қыз жасауын аңғартады. Осындай сәукелесімен жерленген сақ әйелдерінің обалары еліміздің шығыс мен солтүстігі аймағынан, Алтай өлкесінен көптеп табылып отыр.

Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін тармыры терең салтымызды ұмытқан жоқ. Шариғат тыйым салған салтымыздың кейбір тұстарын қайта исламға бейімдеп, жаңғырта білген.

Сақтар салтанатты жағдайда киген (мүмкін ұзатылған кезде) сәукелесімен қайтыс болғанда жерлеген болса, қазақ қызы сәукелемен ұзатылды. Қазақта «қыз жат жұрттық», «қыз мұраты кету» деген сияқты мақалдар бар. Сәукелемен ұзатылуы өз жұртыңа енді жоқсың (өлгенмен тең), басқа елге келін болып, қайта «туыласың дегені болу керек. Сәукеленің бетін жауып, беташар жасап, елді таныстыру дәстүрі сақтардың салтын жаңғырту емес па?!

Ұзатылып келе жатқан келіншек (елдің келешегі деген де баламасы бар) ауылға жақындағанда әйелдер алдынан шығып, шашу шашып қарсы алады. Басына орамал салып, алдына шымылдық құрып, ауылға алып кіреді. Жаңа түскен келін шамамен бір жылға дейін, кейде оданда ұзағырақ, бала болғанға дейін салтанатты күндері киген, басқа уақыттарда желек жамылып жүрген. Желекке ауыстырғанда сәукелені сандыққа сақтап қойған.
Этнографиялық деректер бойынша, ұзатылған қызға жасатқан сәукеле мұрагерлікке өтіп отырған. Қайтыс болған келіннің артынан ұл қалса жасаудан естеңе қайтарылмаған, ал қыз қалса жасаудың жартысы қайтарылған. Ел ішіндегі көнекөз ақсақалдардың айтуынша, жасау даулау қазақта болмаған, алайда дүниеден өткен қыздарының белгісі ретінде сәукелені төркініне қайтару әдеті болған.

Кейбір ауызша деректер бойынша ертеректе ұзатылып келе жатқан қыз кенеттен қайтыс болса, шариғатқа қайшы болғанымен жасауымен жерленген дейді. Алыстан көрінетін бас киімді келінше аман-есен «сау келе» жатыр деп елге сүйінші жіберген.

Міне, бұл қасиетті халқымыздың қыздарға, келіншекке және аналарға көрсеткет үлкен сыйының негізінде қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы.

Мысалы, өзіміздің Жалағаш ауданының Қызылқұм жағында сақтардың Ұйғарақ қорымында сол заманның 80 обасы үш топқа: шығыс, орталық және батыс болып шоғырланған. Жерлеу құрылыстарының осындай әр түрлі болуы, шамасы, отбасылық қатынастар жүйесін ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік кұрылымды, рулық қауымның эволюциясын да көрсетсе керек. Бұл, әсіресе, Ұйғарақ қорымындағы әр түрлі обалар топтарының үлгісінде ерекше айқын байқалады. Абыз әйелдер көп жерленген шығыс топтың молаларында кейінгі қола дәуірінен келе жатқан ғұрып-дәстүрлер айқынырақ байқалады.

Дана халқымыз қоғамдағы әйелдің орнын айрықша бағалап, құрметін аямаған.

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың «Археология және этнография»

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,

тарих ғылымдарының кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: