Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызқұлаған» тауы жайлы аңыз

20.07.2020, 14:30 2737

HALYQLINE.KZ Ертеде бір бай өмір сүріпті. Қаршадай қызы бар екен. «Балдырған» жайлауында отырған бір ауқатты шал сол 10 жастағы қызға құда түсіп қояды. Қыз 15-ке келгенде шалға барғысы келмей Дәуренбек деген жылқышы жігітпен қашады. Ізіне түскен қалың қуғыншы аты болдырған қызды ұстап алады да жігіті орманға тығылады. Қуғыншылар қалыңға от қойып, Дәуренбекті өртеп жібереді. Сол күйік шалған жайлау қазірде «Дәуренбектің қарағайы» деп аталады екен. Ал қолға түскен қызды әкесі «сүйегіме таңба салдың» деп асуға байлатып үстінен мыңдаған қой айдатады. Жасқа жаны ашыған малшылар тар жерде қойды қатты қуаламай мал қыздың белінен аттай жүріп, сұлу бұ тозақтан да аман қалады. Ол асу қазірде «Қызбел» аталады. Осыдан кейін құда түскен бай қалыңдығын алып кетуге келеді. Осы таудың басына келгенде жуасыған кейіп танытқан ару «Әке әмірінен аса алмаспын, бұла едім, түйеден түсіріңіз атпен жүрейін?!» деп қиылады. Жас қыздың назын қимаған «күйеу» рұқсат етіпті. Атқа мінген жас ару «Дәуренбек қарағайы» жаққа ұзақ қарап тұрады да атына қамшы басып осы таудың басынан қарғып кетеді. Содан беріде бұл жер «Қызқұлаған» аталған дейді аңыз.

Тау етегінде зиратқа ұқсас төбе бар. Үстінде 4-5 жас қарағай өсіп тұр. Малды ауылдың жұрты «сол төбе қыз моласы» дейді. Тау ортасындағы ақ жолақ-қорымтас. Ол – қыз бен ат аунаған жер. Қорымтас сусып тұрады. Қазекем оны көз жасқа теңеп «тау жарықтық сұлуды жоқтап әлі жылап тұр» дейді.

P.S. Шажа, Қызылауыз жайлауына беттеген адам бұл тауды бірден таниды. Мен айтқан Қызбел, Дәуренбектің қарағайы, Қызқұлаған, Балдырған жайлаулары Қызылауыздан биікте жатыр. Міне, мен естіген аңыздың ұзын-ырғасы – осы.

Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: