Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытайдағы аштыққа себеп болған күлкілі науқан

10.02.2024, 9:00 415

HALYQLINE.KZ

Құс атуға тыйым салғанына қарамастан, 2017 жылы Қазақстанда құстардың саны 2 миллионға кеміген екен, бұл – құстардың саны мүлдем құрып кету алдында тұр деген сөз. Бұл адамдардың табиғатқа деген қатыгездігінен туындап отыр, табиғат тепе-теңдігінің бұзылуы апатқа әкеледі.

Тарихшы ретінде айтайын дегенім, көрші Қытай еліндегі құстарға деген қатыгездіктен болған оқиғаны оқырмандар білгені дұрыс. 1957 жылы 18 ақпанда Қытай елінің басшысы Мао Цзэдун КСРО-ны даму жағынан басып озу үшін «Үлкен секіріс» бағдарламасын жариялады. ҚХР-дың халық ағарту министрінің бірінші орынбасары, белгілі биолог-ғалым Чжау Цзянь астық өндіруден КСРО-ны басып озу үшін егіннің басты жауы торғайларды жоюды ұсынды. Оның себебін әр торғай жылына 4 кило астықты жейді, егер торғайларды жойып жіберсек, 35 млн халықты асырауға жетеді деп соқты. Атақты ғалым бастамасы ел басшыларынан қызу қолдау тауып, «Үлкен секіріс» бағдарламасының бір бағыты болады деп есептеді. 1958 жылы 12 ақпанда ҚХР-ның төрағасы Мао Цзэдун елдегі барлық құсты жою туралы өзінің тарихи жарлығына қол қойды.

Бүкіл Қытай халқы «Ұлы Мао жасасын!» деп іске кірісіп кетті. Ол жарлық бойынша бес жастағы баладан бастап бүкіл қытай халқы науқанға қатысуы керек деп көрсетілді. Түрлі әдісті қолдану барысында екеуі де тиімді болып шықты. Бос темір ыдыстар мен шелектерді даңғырлатып торғайлардың бұтаға қонуына мүмкіндік бермесе және қолдарына ұзын ағашқа шүберек байлап алып торғайларды талға қондырмаса (фото), қанаты талған торғайлар 15 минуттан соң өздері жерге құлап түсетін болды. Сол кезде торғайлар дереу өлтіріліп, бір жерге үйілді. Бұл науқанның қызу жүріп жатқанын баспасөз бетінде көрсету үшін керек болды. Екіншіден, бұл науқанға сабақтан әдейі босатылған мектеп оқушылары түгел қатысты. Ағаштың аша бұтағынан жасап алған «рогаткамен» балалар торғайды мыңдап қыра бастады. Мерген оқушылар «Құрмет громоталармен» марапатталды, мекеме мен мектептер өзара жарысқа түсіп, міндеттемелер қабылдады. Торғайды қыру үшін түрлі үгіт плакаттары ілінді, соның ішінде қолында рогатка ұстаған пионердің плакаты әр мектепте ілулі тұрды (фото). Әр мектеп өздерінің мергендерін мақтап жатты. Ауылдық жерде торғайларды пунктке арбамен жеткізсе(фото), қалада машинамен тапсырды (фото).

Пекин мен Шанхай қаласында науқанның алғашқы үш күнінде 1 миллион торғай өлтірілсе, бір жыл ішінде 2 миллиард торғай, сарышымшық, тағы басқа құстар қырылды.

1958 жылы бидай мен күріштен бұрын-соңды болмаған мол өнім жиналды. 1959 жылы да мол астық жинағанмен, ел басшылары бір нәрсені жасырғанмен, халық та шегірткенің күрт көбейгенін көріп, өздеріне үлкен апат келе жатқанын сезе бастады.

1960 жылы енді шыға бастаған дәнді дақыл мен жердегі жасыл шөп атаулыны шегірткелер жеп, тып-типыл етті. Шегірткелер аспанға ұшқанда, күн көзін бұлт басқандай болды, қалалардағы жасыл желек пен талдарды құртқан шегірткелер ормандарға ауыз салды, қураған орман ағаштары жел әсерінен құлап, құлазыған кейіпке түсті. 1960-1961 жылғы аштықтан 30 миллион халық қырылды, жеуге жарайтын тышқан, кесіртке, жылан, ит, мысықтан түк қалмады. ҚХР-ның басшылары қатты сасып, КСРО-дан торғай, сарышымшық сияқты ұсақ құстарды сұрауға мәжбүр болды. КСРО-ның басшысы Н.С.Хрущев бұған таң қалса да, достық қарым-қатынастағы Қытайға ондаған вагон құстарды жіберді, ол да жетпегесін Канада мемлекетінен сұрауға мәжбүр болды. Шегірткеге семірген торғайлар адамдардан қорқуды қойды. Шегірткеден көздері ашылған халық та, сол кезден бастап торғайларды өздерінің құтқарушылары ретінде киелі құс деп санайды. Осындай күлкілі науқан болғанын, қазіргі кезде Қытайда еске алғысы келмейді, себебі бұл ел дамуы жағынан дүниежүзінде бірінші орында. Бірақ болған нәрсе болды, тарихшы ретінде айтуым керек.

Бір оқымысты-ғалым осылайша елін үлкен аштыққа ұшыратты. Торғайдың пайдасын ғалым білмесе де, қарапайым егіншілер де білгендіктен ХІХ ғасырдың ортасында Бостонда, 2003 жылы Беларусь елінде торғайға ескертіш орнатылған болатын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

«Қазалы» газеті, 18 сәуір, 2018 жыл

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: