HALYQLINE.KZ –| Бірер жыл бұрын Семейдегі Абай музейінде Құнанбай мөрінің бедерлемесі көпшілікке таныстырылған еді. Музей қызметкерлері оны Омбы мұрағаттарынан тапқанын айтты. Құнанбайдың қоғамдағы қызметі мен билікте жүрген кезеңдерін зерттеп, қолда бар деректерге көз жүгіртсек, бұл мөрдің құндылығы жоғары екенін аңғарамыз. Себебі, сол заманда жазылған құжаттарды зерделеу арқылы аға сұлтанның айтар ойын, мінез-машығын, болмыс-бітімін, ел билеу әдісін жан-жақты тануға болады. Ендеше, Құнанбай мөрінің тарихы және орыс билігіне жіберілген хаттар мен арыз құжаттар төңірегінде сөз қозғап көрейік.
Құнанбайдың мөрі Аға сұлтанның өмір жолын зерттеушілер: М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, М.Бейсенбайеов, С.Байжанов, Ә.Марғұлан, Т.Жұртбайдың еңбектерін оқи отырып, Құнанбайдың қаншалықты күрделі тұлға екенін танимыз. Романдағы қаһарлы Құнанбай, естеліктердегі әділ Құнанбай секілді сан қилы мінездемелер бізді бір ғана пікірге түйістірмей, керісінше, тереңірек әрі жан-жақты қарастыруға меңзейтін секілді. Осы орайда, Т.Жұртбайдың «Құнанбай» атты зерттеу кітабынан Құнанбайдың ел басқару ісі мен мөрі туралы толымды деректерді табуға болады.
Енді жалпылама шолудан Құнанбайдың жеке басына қатысты деректерге көшейік. Сібір қазақтары мен шегара жөніндегі басқарманың шешімімен қыр еліндегі аға сұлтандарды сайлау рәсімін 1849 жылдың маусым айында өткізу жоспарланады. Сайлау 16 маусым күні өтті. Онда Құнанбай Өскенбаев үш жыл (1849-1852) мерзімге аға сұлтан болып сайланды. Бұл шешімді генерал-губернатор 22 қазан күні бекіткен еді. 1846 жылғы Қарашоқы мен Тоқпанбет қыстауына таласқан қақтығысты ұмытып, бітімге келген Бөжей болыстықтан дәме етеді. Әуеліде өз орнына Майбасарды ұсынып, ол болыс сайланып кеткен соң айнып кеткен Бөжейдің тайғанақтығын Құнанбай кешпейді. «Айтқанынан қайтпайтын көк ауруына басып», Майбасарды болыстықтан түсірмейді.
Жұрт дойыр да дөрекі, ұр да жық Майбасардан әбден ығыр болып, зықылары шығады. Бөжейдің өзіне қол көтереді. «Күң ұлының» қатарында жүрген Майбасардың басынғанына Бөжей шыдамайды. Батыс Сібір генерал-губернаторына арыз жолдайды. Ашынған, болыстықтан ысырылған ол: «Құнанбай… 1849 жылы аға сұлтандыққа сайланғаннан кейін атағы мен қызмет бабын пайдаланып, адамдардың келісімінсіз інісі Майбасарды болыс етіп сайлады. Соңғы болыс сайлауында оны бүкіл елдің жартысы ғана қолдады. Олардың өздері де Құнанбайдың туыстары. Олар аға сұлтаннан қорқып, жоғары дәрежеге сай рубасыларын аттап өтті», – деп шағымданады.
Бұл мәселенің түп төркініне үңілген тергеушіге Құнанбай: «Бөжей көпестікпен әуестенеді. Демек, саудасымен айналыссын», – деп, кекесінмен уәж қайтарады. Старшина Жамантаев: «Майбасарға көпшілік қарсылық жасаса да, оның үлкен ағасы Құнанбай Өскенбаев өзінің таңбасын басып, бекітіп жіберді», – деп куәлік берген.
Майбасардың жай-жапсары «Абай жолы» романының «Қайтқанда» тарауында: «Бөжейлердің Құнанбаймен іштей суысуына себепші болған да – осы Майбасар. Бұдан екі ай бұрын зықысы әбден шыққан ел Бөжейді салып, Құнанбайдан: «Майбасарды орнынан түсір», – деп тілеп еді. Құнанбай Майбасардың мінезін білсе де, түсірмеді. Ол өзінің қара күші, зілі сияқты болатын осындай бір Майбасардың жүруін мақұл көрді. Үлкен бір есебі: «Анау жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта ел арыз айта өзіме келеді, өз бауырыма қайырып беріп отырады», – деп топшылады», – деп суреттеледі.
Құнанбайдың ол күдігі орынды да еді. Өйткені: аға сұлтандықтан айырылып қалған төрелер мұның үстінен домалақ арызды тоғытып жатқан. Оларға қарсы еруліге – қарулы ретінде Құсбек Таукин сияқты негізгі бақталастарын сүріндіріп, оларды сенімсіз қып көрсету үшін Құнанбайдың өзі Омбыға ұзақ қатынас жолдайды. Онда: «Жау жағадан жармасқанда, бөрі боп етегінен тартқылаған Бөжейдің Майбасарды соққыға жыққанын баса айтып, өзін патша бұйрығын адал орындаушы адам етіп көрсетіп: «Майбасарды сабаған Ералинды тергеуге келген Логунов ештеңе шығара алмады. Бұл іс Логуновтан алынып, Семейде жүрген Сухомлиновке тапсырылып еді. Ол менің өзімді кіналауға көшті. Сондықтан да, Сухомлиновты тергеуден алыстатып, істі басқа біреуге табыс етіңіз», – деп өтінеді.
Құнанбайдың көзқарасы мен айла-шарғысы бұл қатынаста толық ашылады. Қатынас таза ақ парақтың екі бетіне бірдей әдемі әріп үлгісімен жазылған. Көлемі он беттей. Хат соңында өз мөрін басқан.
Qasym.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!