1941 жылы Курскіге таяу Рыльск қаласын немістер басып алғанда, кеше ғана мектепте үздік оқып, неміс тілін жақсы меңгерген 17 жастағы Мария Васильева немістердің комендатурасына аудармашы болып қызметке тұрды. Күнделікті жұмысқа бара жатқанда, оны танитындар көзімен атып шығарып салатын, шешесі де көршілердің бетіне қарай алмайтын болды. Осы комендатурадағы неміс офицері, отыз жастағы обер-лейтенант Отто Адаммен танысып, екеуі жүре бастап, бірі-бірінсіз тұра алмайтын халге жетті. Екеуі жұмысқа бірге барып, бірге келуі бүкіл Рыльск қала тұрғындарының зығырын қайнатты, алайда Маша Васильева жергілікті партизан командирінің тапсырмасымен коментатураға тұрғанмен, Оттоны шын жақсы көрді. Маша алған мәліметтерін «мылқау почтаға» жіберіп отырды, ол күні бұрын белгіленген «тайник» еді, жазған қағазын соған тастап отырды, ол қалың кәрі ағаштың шіріген тұсындағы шұңқыры еді. Өзінің есі кетіп сүйген қызы Машаның барлаушы екенін сезген Отто өзі туралы еш жасырмай шынын айтты, Лейпцик қаласында әйелі мен қызы барын, өзі немістердің концлагеріндегі сұмдық көріністерді көргеннен кейін антигитлерлік көзқарас ұстанатынын айтып бергесін, енді екеуі барлау ісімен айналысатын болды. Жұмыстан соң орман жиегіне қыдырған болып, «тайникке» Оттодан алған неміс әскерлерінің қозғалысы, техника мен қару жарақ туралы, т.б. мәліметтерді жіберіп отырды. Екеуі оңаша қалғанда армандарын айтатын, Маша соғыстан соң Москвадағы мединститутқа түсіп дәрігер болғысы келетінін айтқанда, Отто да Москвада инженерлік институтта оқып, әкесі сияқты көпір салуды армандады, соғыс аяқталған бойда екеуі үйленетін болып шешті. Армандары орындалатынына сенімді еді, Сталинград түбінде жеңіске жеткен Қызыл Армия жаудан совет жерлерін азат ете бастаған еді. 1943 жылы екеуіне ерекше тапсырма береді, Курск түбіне немістер шоғырланып жатқанын білетін совет барлау органы кез келген құжатты мүмкіндігінше түпнұсқасын түсіргені қажет деп тапсырды. Комендатурада құпия құжатты фотоға түсіріп жатқанда Марияны тұтқындайды, комендат орыс қызына сенбей көптен бері күдіктеніп ізіне түсіп жүрген болатын. Тұтқынға алынған Машаны гестапоға тапсыру үшін обер-лейтенант Отто Адамға тапсырады, ол жолда қасындағы екі аудауыл-конвойды өлтіріп, Афанасий Синегубовтың партизан отрядына қосылады. Осы жерде оны партизандар жылы қабылдап «партизан-неміс» деп атап орыс тіліне, мохорка шегу мен самогон ішуді үйретті, қасындағылар екеуінің жағдайын түсініп, мүмкіндігінше оңаша қалдыруға тырысатын. Мұндай бақытты күндер ұзаққа барған жоқ….
1943 жылдың 20 наурызында Глушковский ауданындағы кезекті барлауға барып, «тілді» алып келе жатқанда тосқауылға тап болады, сол кезде Мария: «Біз Отто екеуіміз оларды бөгей тұрамыз, сендер «тілді» жеткізіңдер» деп ұрысқа кірісіп кетеді. Алайда оғы таусылады, гестапоның қолына түскен соң не болатынын білетін он тоғызға да толмаған Маша Оттоның мойнына асыла кетіп соңғы рет құшақтап сүйіп тұрып, фашистер жақындап келгенде қолындағы ауыр гранатаның сақинасын жұлып жібереді. Бұның бәрін екінші тосқауылға қалып, сайдан қарап тұрған партизан Фомич өз көзімен көріп тұрды. Кейін бөлшектеніп кеткен қызын тану үшін Машаның шешесін шақырғанда: «Қызым-ау, мен сені шынымен жауға сатылды деп сенгенім үшін кешір» деп қызының бөлшекетніп кеткен бас сүйегіндегі сары шашынан таныған екен. Соғыстан соң бұл жұп туралы роман мен кино түсірілді. Журналистер Оттоның қартайған әке-шешесін тапты, әкесі жолға жарамайтын болғасын шешесі келіп, болмай қалған құдағиымен кездесіп, Отто мен Машаның жерленген жеріне барды, ескерткішке суретке түсті. Қос ғашық тарихы неміс мүсіншілерін де бейжай қалдырмады, Берлиндегі Трептов паркіндегі қолындағы неміс қызы мен екінші қолына қылыш ұстап тұрған совет солдатының артына ұзын сары шашты Машаның Оттоның мойнына соңғы рет асылып тұрған ескерткішін орнатты. «1941-1943 жылдардағы Отто Адам мен Мария Васильеваның жарқын махаббатына арналады» деген жазуды жазып қойды.
(Ашық дерек көзінен алынған фотода: обер-лейтенант Отто Адам мен Мария Васильева және екеуінің шешелері)
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!