Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтардың Москва үшін шайқасқа қатысуы

18.12.2022, 10:00 777

HALYQLINE.KZ

Вермахттың бас штабы Москваны басып алу үшін жоспар жасап, оны шартты түрде «Тайфун» деп атады. Бұл міндетті орындау үшін жау орасан зор күшін, 1 млн 800 мың солдаты мен офицерін, 1700 танк, 1390 ұшағын, 14 мың зеңбірегін шоғырландырды. СССР оларға қарсы 1 млн 250 мың адамын, 990 танк, 677 ұшағын, 7600 зеңбірегін қарсы қоя алды, іс жүзінде совет армиясының резервтері болмады.

Германияның одақтасы Жапония қауіп төндіргендіктен Қиыр Шығыста Қызыл Армияның 40 дивизиясы тұрды. Жапония СССР-ге қарсы соғысқа 1941 жылдың 28 тамызында кірісуі керек еді, алайда, 1937 жылы Хасан, 1939 жылы Халкин-Гол өзендері бойында жеңілген Жапония ондай тәуекелге бармағанмен, бірақ кез келген уақытта қауіп төндіріп тұрды. Жапониядағы совет барлаушысы Рихард Зоргенің «Жапон үкіметі СССР-ге қарсы соғыспайтын болды» деген өте құнды шифрограммасынан кейін, Қиыр Шығыстағы 3 атқыштар дивизиясын, 2 танк дивизиясын Москваға қарай жіберуге мүмкіндік туды, ол кездегі поездар 4-5 күн емес, 20 күнде әрең жететін, сондықтан уақыттан ұту керек еді. Москваны қорғау үшін халық жасақшыларынан құрылған 50 мыңдық 4 дивизия құрылып, қаланы қорғауға айдап салды, бұл суға батып бара жатқан тесік қайықты қолмен уақытша бітеген әрекетке ұқсады, 2-3 күн қару атуды үйренген 200 000 жасақшы түгелімен қаза тапты, қараша айының басында жау шабуылы уақытша тоқтатылды.

Жаудың Москваға қауіп төндіргенін мынадан байқауға болады, қалаға 27 шақырым жақындағанда «Орталық» армиясының қолбасшысы генерал-фельдмаршал фон Бок Кремльді дүрбімен бақылаған. Ал, 1941 жылдың 16 қазанында 1 рота мотициклшілерін Горький көшесі мен Ленинград тасжолының қиылысатын жерінде совет танкистері жойып жіберді. Бұл Кремльден небәрі 15 шақырым жерде болды. Бұл туралы совет халқы тек 1987 жылы жариялылықтың арқасында «Комсомольская правда» газеті арқылы білді.

Соғыстан соң Г.К.Жуков жауға бермес үшін Сталин Москваны түгел жойып жіберу мәселесін қарастырғанын, тіпті Л.Берияға НКВД-ның каналдары арқылы фашистік Германияның айтқанына көнетіндей сепаристік келісім не бітім жасауға тапсырма бергенін айтады.

Осы кезде адамдардың сенімін арттыру үшін 6 қарашада салтанатты жиналысты Москва метросының «Маяковский» станциясының залында өткізіп, ертеңіне 7 қарашада әдеттегідей Қызыл алаңда әскери парадқа қатысқан әскери бөлімдер бірден майданға аттанды. Фашистер Москвадан 25-30 шақырымда тұрса да ілгері жылжи алмады.

Cол жылы қыс ерте түсті, вермахт әскерлеріне қысқы киім кигізуге шамасы келмейтін болып шықты, себебі, олар СССР-ді 2-2,5 айда жаулап аламыз деп жоспарлаған болатын. Қараша айындағы аяздың өзінде жау техникасының жанармайы қатып жатты. Осы кезде Жоғары Бас қолбасшы И.Сталиннің №429 бұйрығы шықты, халық арасында түсінікті болу үшін «жауды аязға қуып шығу» (выгнать немца на мороз) деп атады. Осы бұйрықты орындау үшін, комсомолдардан камикадзелерді НКВД-ның нұсқаушылары қысқа мерзімде дайындап шығарып жатты. Бұндай партизан-камикадзелерді ең алдымен орыстардың өздері ұстап, немістерге тапсырып отырды. Себебі, үйін партизандар өртеп жібергесін, өздері де бала-шағасымен даладағы аязда қалатын.

Волакалам тасжолында Алматыда жасақталған генерал И.В.Панфилов басқарған дивизия жаудың 4 дивизиясына қарсы төтеп берді. Дивизия құрамының 80 пайызы қазақтар еді, немістер бұл дивизияны «жабайы дивизия» деп атады, себебі олар жауынгерлердің славян ұлтына ұқсамайтынына қарап айтқан болатын. Дубасеково елді мекені түбінде 28 пафиловшылар жаудың 50 танкісін тоқтатқан болатын, олардың төртеуі қазақ: Н.Есболатов, Ә.Қасаев, М.Сеңгірбаев, Д.Шопықов. Москва үшін шайқаста жаудың блиндажына түнде басып кіріп, штабын түгелдей жойып жіберген Төлеген Тоқтаров, жаудың қоршауын бұзып шыққан автоматшылар рота командирі Мәлік Ғабдуллинге Совет Одағының батыры атағы берілді. Ал, осындай ерлікті 5 рет қайталаған Бауыржан Момышұлына орыс шовинистері батыр атағын қимады. Батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы өз батальонымен жаудың қоршауын 5 рет бұзып шығып, ұрыс жүргізудің жаңа әдісін ойлап тапты. Оны соғыс жылдарында бас штабта оқытатын болды. «Момышұлы серіппесі» (стержень Момышулы) былайша өмірге келді, қоршауда қалған Бауыржан өз батальонын 4-ке бөліп түнде жау бекінісіне шабуыл жасап, есін жиғанша қашып кетіп отырған, себебі күші басым жауға төтеп бере алмайтын. Бір мезгілде 4 жерден шабуыл жасағасын, жау сасып қалған кезде өздері алға жылжып, өз әскеріне қарай жылжып отырып қосылған, қоршаудан шығам дегенше 1800-ден астам фашистің көзін мен жүздеген техникасын құртты. 1990 жылы Бауыржан батырға соғыс кезінде батыр атағын алып беру тарихы былай: Москваға барар кезде сол кездегі ел президенті Н.Назарбаев кезінде батыр атағы берілмей қалған үш батырдың көзі тірісі Қасым Қайсеновке жолығып: «үшеулеріңізді де Горбачевке айтармын-ау, бірақ тек біреуіне ғана беремін десе, кімге алып берейін?» – дегенде, Қасым батыр: «Рахымжанның ерлігі де өлшеусіз ғой, аруағы мені кешірер, бірақ соғыс жүріп жатқанда-ақ, Бауыржанның атағы жер жарып, аңыз болып тарап жатты» – деген болатын. Ақыры әділдік кеш болса да, салтанат құрып, 1990 жылдың 5 мамырында Б.Момышұлына Совет Одағының батыры атағы берілді. Кейін Р.Қошқарбаев пен Қ.Қайсеновқа Халық Қаһарманы атағы берілді.

Москва түбінде осы Панфилов дивизиясының жауынгері мерген Төлеуғали Әбдібеков өзінің алғашқы немісін атып өлтіріп, Москваны азат еткенше олардың санын 102-ге жеткізді, 1944 жылы қаза тапқанша жаудың 397 адамының көзін құртты, батыр атағын бермеген себебі, «халық жауының баласы» дегені себеп болды. Панфиловтың қызы Валентина да медбике болып, талай жауынгерді ұрыс даласынан алып шықты. (В.И.Панфилова соғыстан кейін композитор Бақытжан Байқадамовқа тұрмысқа шығады). Аманкелді Имановтың ұлы Рамазан осы Москва түбінде қаза тапты.

Қанша жанталаса ұмтылғанмен жау Москваны ала алмады, неміс солдаттарының рухы құлдырай бастады. Осы кезде Г.К.Жуков қарсы шабуылға шығатын кез келгенін дәлелдеді.

1941 жылдың 6 желтоқсанында Қызыл армия Калининен Еленінге дейін қарсы шабуылға шықты. Неміс армиясы мұндайды күтпеген еді, жеңілу дегенді білмеген вермахт әскері шегіне бастады. 1942 жылдың 7 қаңтарына дейін жауды Москвадан 150-250 шақырымға дейін қуып тастады. Москва түбінде жаудың 500000 адамы өлді, 1300 танкісінен, 2500 зеңбірегінен, 15 мың техникасынан айырылды. Соғыс басталғаннан бері 1 млн неміс қырылды.

Москва түбіндегі жеңіске жігерленген Бас қолбасшы И.Сталин қоршауда қалған Ленинградты азат ету үшін қарсы шабуылға шығуды ұсынғанда, Жоғары Бас қолбасшының 1-ші орынбасары Г.Жуков әскердің қатты қалжырағанын және тыл әлсіз әрі қашықта қалғанын айтқанда Сталин тыңдаған жоқ. Ленинград пен Волохов майдандарын қосу үшін қарсы шабуылға шығуды 2-ші екпінді армияның қолбасшысы А.Власовқа тапсырды. Армия қолбасшысы Власов қоршауда қалғасын, армиясымен жау жағына өтіп кетіп, орыстың азаттық армиясын (РОА) құрып, совет армиясына қарсы соғысты. Ол да өз алдына бөлек әңгіме.

Москва түбіндегі жеңісте қазақтар шешуші роль атқарғанын ресейлік атышулы саясаткер В.В.Жириновскийдің (1946-2022) өзі мойындап: «Москва түбінде жауды тоқтатқан, мен дүниеге келген Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы» деген болатын (осы сөзін ютубтан каналынан көруге болады).

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: