31 мамыр – Саяси қуғын–сүргін құрбандарын еске алу күні
HALYQLINE.KZ ҚР Мемлекеттік хатшысының тапсырмасы бойынша
ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының 2020 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен құрылған жұмыс (сараптама) тобы әзірлеген
«Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын
заңдық және саяси жағынан толық ақтау»
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
КІРІСПЕ
Кеңес Одағында И. Сталин қайтыс болғаннан кейін хрущевтік «жылымық» кезінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау басталып, ол бірнеше кезеңнен тұрды. Одақтың жоғары органдары қолға алған алғашқы – «хрущевтік» (1953 – 1961 жж.), содан кейінгі – «горбачевтік-яковлевтік» (1988 – 1991 жж.)ақтау кезеңдерінің, сондай-ақтәуелсіз Қазақстанның билігі жүргізгенақтау шараларының басты кемшілігі олардың осы аса маңызды әрі қасіретті проблема бойынша оныңреттеу нысанасын жан-жақты зерттемей, Қазақстанда орын алған саяси қуғын-сүргіндердің мерзімдерін, құрбандардың ауқымын саналы түрде қысқартып, олардың ұлттық ерекшелігі мен негізгі санаттарын ескерместен, мемлекеттік актілер қабылдауынан көрінді. Өкінішке орай,«Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы 14 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау кезінде де осы және басқа да өрескел қателіктер тағы да қайталанды.
Осы Заңды, сондай-ақ басқа заңнамалық және нормативтік актілерді әзірлеу мен қабылдау кезінде, тіпті ғылыми зерттеулер барысында саяси қуғын-сүргінніңұлты қазақ кісіні, біріншіден, адам және азамат ретінде, екіншіден, қазақ халқының мүддесі мен құқықтарының өкілі әрі иесі ретінде қуғындау жөніндегі екіжақты табиғаты, екіжақты мәні мен екіжақты мақсаты болғаны ескерілмеді. Өкінішке орай, бұл ерекшелік күні бүгінге дейін ескерілмей отыр (бұл бойынша талдамалық анықтама дайын). Соның салдарынан құрбандар мен жапа шеккендердің Қазақстанға тән белгілі бір санаттары қолданыстағы заңнаманың құқықтық реттеу аясына қамтылмай, тыс қалды.
Елімізде мемлекеттік зорлық-зомбылықтың, соған сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарының осыншалықты орасан көп болуына басқа себептерден бөлек, большевиктік-сталиндік биліктің біздің жерімізде Қазкрайкомның Бірінші хатшысы Ф. Голощекин бастама жасаған, сипаты жөнінен – халыққа қарсы, салдары жөнінен аса қанқұйлы жоба «Қазақстандағы кіші қазан» сияқты бағдарламаларды саяси эксперимент ретінде жүзеге асырғаны себеп болды. Мұндай бағдарламалардың «табысты» түрде іске асырылуы жеке халықтың капитализмді аттап өтіп, феодализмнен социализммен коммунизмге бірден көшетіні жөніндегі ортодоксалды-маркстік догманың дұрыс екенін дәлелдеуге тиіс еді. Орайы келгенде айта кетейік, «Алаштың» білімді басшылары сол кездің өзінде Қазақстанның бұдан өзгеше, өркениетті, еуропалық даму жолын ұсынған болатын.Бүгінгі тарих «алашордалықтардың» ақиқат жолды таңдағанын айғақтап отыр.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында коммунизмге прогрессивті, оның ішінде ғылыми жұртшылық атынан баға беріп, оны қазақ халқын апатқа ұшыратқан популистік идеология деп атады.Бұл біздің ұлтымызды қан қақсатқан идеологияға ғылыми тұрғыдан берілген сыпайы баға ғана. Сталинизмнің халыққа қарсы саясатынан шеккен зиянымыз бен оның нақты құрбандарының саны мен санаттарын айқындап, соның негізінде осы адамдарды заңдық және саяси жағынан толық ақтау – біздің борышымыз.
Сол кезде«Биік мақсат кеткен шығынды ақтайды» деген большевиктік ұранның дәуірі жүріп тұрды: халыққа қатысты барлық зорлық-зомбылық нысанына рұқсат берілді, мемлекеттік террор, көптеген жазалау акциялары мен саяси қуғын-сүргіндер жүргізілді. Кеңес билігін күштеп орнатып, ағасы-інісін өлтірген азамат соғысын қолдан тұтату, бітіспес таптық араздықты қоздырып, тәркілеуді, ұжымдастыру мен басқа да науқандарды жүргізу, 1920-21 жж. және 1931-33 жж. алапат аштықты қолдан жасау нәтижесінде қазақ халқының жартысы қырылды. Қазақстанда осы қуғын-сүргіндердің құрбандары әлі күнге дейін саяси тұрғыдан ақталған жоқ.
Тәуелсіздік жарияланған соң іле-шала, яғни 1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңды дайындау барысында оған Ресей Федерациясының соған ұқсас заңы негіз етіп алынды. Мамандар мен ғалымдардың Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу және ескеру туралы талабы еленбеді. Тіпті биліктің осы Заңға Жоғарғы Кеңес Төралқасының ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және ҚР ҰҒА академигі М.Қозыбаев басқарған атышулы Комиссиясының сол кезде бүкіл халыққа жария етілген қызмет нәтижелерін қосу жөніндегі уәдесі де орындалмады. Сондықтан да жұртшылық пен ғалымдар Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау мәселесін ұзақ уақыт бойы көтеріп келеді.
Осы мәселе бойынша Тұжырымдаманың негізгі ережелеріне, мақсаттарына, қағидаттары мен міндеттеріне объективті ғылыми талдау жүргізу, оларды әзірлеу, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасында іске асырудың тетіктері мен ұсыныстарын әзірлеу үшін аталған проблема бойынша көрнекті ғалымдар мен мамандар арасынан сараптама тобы құрылды.
1-бөлім. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫҢ МАҚСАТЫ, ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Тұжырымдаманың негізгі мақсатыҚазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатын заңдық және саяси жағынан толық ақтау жұмысын табысты түрде жүргізу үшін іс-шаралар мен мемлекеттік актілерді әзірлеу, қабылдау және іске асыру болып табылады. Бұл қазақ халқынрухани қайта түлетіп, оның қоғамдық санасын жаңғыртуға, елдегі қоғамдық сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ Қазақстанның өркениетті және демократиялық әлемде құрметке бөленіп, лайықты орынға ие болуын қамтамасыз етеді.
Тұжырымдаманың негізгі қағидаттары осы проблема бойынша құбылыстарды, фактілер мен құжаттарды халықаралық стандарттар негізінде объективті, жан-жақты, дәйекті түрде бағалау болып табылады.
Жоғарыда аталған мақсатқа жету және аталған қағидаттарды сақтау үшін мынадай міндеттерді шешу қажет:
– «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау» тұжырымдамасының іске асырылуын бағдарламалық және нормативтік-құқықтық құжаттармен қамтамасыз ету;
– Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін қазақстандықтар мен басқа мемлекеттердің азаматтары жасаған батырлық пен ерліктің мемлекеттік тұрғыдан біздің көпұлтты халқымыздың көптеген буынының тарихи-мәдени, саяси және баға жетпес игілігі дептанылуын қамтамасыз ету;
– саяси қуғын-сүргін құрбандарының ақталмаған барлық санатын саяси-құқықтық жағынан толық ақтау үшін «Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын ақтау туралы» жаңа ҚР Заңын қабылдау немесе қолданыстағы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңына және басқа да заңнамалық актілерге іргелі өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет;
– жариялы түрде жаппай ақтау үшін мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған басқа елдер, оның ішінде ТМД елдері сияқты Президенттің Жарлығын және «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» немесе «Отан қорғаушылар туралы» Заң қабылдау қажет;
– өз Отанымыздың шынайы патриоттары мен қорғаушыларын тәрбиелеу үшін Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен қазақстандықтар мен басқа мемлекеттер азаматтарының батырлығы мен ерлігін біздің халқымыздың жадында мәңгі қалдыру;
– «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау» тұжырымдамасын іске асыру шаралары мен жолдары жөнінде тұрақты негізде ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету және басқа да шаралар.
2-бөлім. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНДЕРДІҢ ҚҰРБАНДАРЫН ЗАҢДЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ ЖАҒЫНАН ТОЛЫҚ АҚТАУ
Еліміздежүргізілген саяси қуғын-сүргіндердің басты ерекшелігі мынада – патша билігінің, сондай-ақ кеңес өкіметінің Қазақстандағы қолшоқпарлары жүргізген жазалау шаралары ең алдымен Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге – ұлт-азаттық күреске қатысушыларға (қаһармандарға) бағытталып, соларға қатысты жүйелі түрде жүзеге асырылды.
Әлемнің өз тәуелсіздігін жариялағанбарлық дерлік мемлекеті бірінші кезекті шара ретінде өз халқы мен Отанының азаттығы, тәуелсіздігі жолында күрескені үшін бұрынғы билік режимдері мемлекеттік қудалауға және қуғын-сүргінге ұшыратқан ұл-қыздарын – қаһармандарын ақтап, ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады. Бұл – енді іргесі қаланған әрбір мемлекет ұстануға тиіс әлемдік практика. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылға жуық уақыт ішінде қуғын-сүргін құрбандарының осы санаттарын заңдық, ең бастысы, саяси жағынан толық ақтау бойынша бірде-бір арнаулы нормативтік мемлекеттік акт қабылдамады. «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңында (14.04.1993 ж.) қуғын-сүргін құрбандарыныңбұл санаты мүлдем айтылмаған. Бұл қуғын-сүргін өзінің мерзімі жөнінен ең ұзақ болып, барынша жүйелі түрде жүргізілгеніне, оның тырнағына іліккен адамдар санының көп екеніне қарамастан, осы Заңда Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп, құрбан болғандар туралы бірде-бір сөз жоқ.
Кеңес дәуірінде қазақ ұлты, дәлірек айтқанда, оның саяси және қоғамдық элитасы объективті және субъективті себептерге орай өз халқының мүдделерін жұмыла қорғауға қабілетті бола алмады. Біздің бұрынғы билік кезінде мемлекеттік және қоғамдық қызметте жеткілікті тәжірибе жинақтаған, елге танымал,көзі ашық, еті тірі, білімді және білікті патриоттарымызпартия-кеңес органдарында жұмыс істеуге жіберілмеді, тіпті, қызметке тартылған күннің өзінде де ол орында тұрақтатпай, тез шығарып тастады. Өйткені олар қай жерде де халықтың мүддесін принципті түрде қорғап, сол үшін «ұлтшыл» деген жалаң айыптауға ұшырап, қамауға алынды, жер аударылды, атылды.
Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргіндердің ақталмаған құрбандарын қоса алғанда, 20-дан астам санаттың (біздің есебіміз бойынша) ішінен іс жүзінде 5-6 санат қана, оның ішінде «екілік», «үштік», «алқалық» соттардеп аталатындардың үкімдерімен және шешімдерімен, прокуратураның «ерекше кеңестерімен» сотталған адамдар, сондай-ақ Кеңес Одағының басқа республикаларынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған ұлттардың өкілдері заңдық тұрғыдан ақталды.
Ғалымдардың сараптама тобы саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының мына санаттары заңдық, сондай-ақ саяси жағынан міндетті түрде толық ақталуға тиіс деген қорытындыға келді:
1. Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін өркениетті түрде күрескен халықтың (адамдар тобының), саяси және қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ осындай идеалдары мен мақсаттары үшін қоғамдық-саяси, рухани, қызметтік, ғылыми, мәдени және шығармашылық салаларда мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыратылған адамдардың саяси әрекеттері ескіру мерзіміне қарамастан, саяси тұрғыдан ақталуға тиіс. Атап айтқанда «Алаш» халықтың-патриоттық және демократиялық қозғалысы мен партиясының, «Қазақ халқын қорғау одағының» (Орал қаласы), «ЕСЕП» (Қарағанды облысы), «Жас ұлан» (Павлодар облысы) партияларының қатысушылары, 1916 жылғы және 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушылар, сондай-ақ қазақ халқының азаттығы мен Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар мен ұйымдардың қатысушылары, жекелеген қаһармандар саяси тұрғыдан бағаланып, ақталуға тиіс. Мысалы, Н. Құлмағамбетов, Х. Қожахмет және басқалар осы санатқа жатқызылуға тиіс. Бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарында тұрған, 1918 жылы М. Тынышпаев пен М. Шоқай басқарған Түркістан автономиясын құруға қатысқаны үшін қатыгез, қанқұйлы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған отандастарымыз да саяси және заңдық жағынан ақталуға тиіс.Себебі бұл біздің әлі күнге дейін ақтаңдағынан арылмаған тарихымыздың, толық ақталмаған қаһармандарымыздың бір бөлігі.
2. Тәуелсіз Қазақстан «қазақ буржуазиялық ұлтшылдығы» (кейінгі кеңес дәуірінде – «қазақ ұлтшылдығы») деп аталатынға халықаралық нормалар мен ғылыми стандарттарға сәйкес объективті баға беруге және осы жалаң айыптың құрбаны болған барлық адамды саяси тұрғыдан ақтауға міндетті. Бұрынғы Кеңес Одағының большевиктік-сталиндік, содан кейінгі коммунистік билігі
В. Лениннің әрбір ұлттың өзін-өзі жеке мемлекет болып шығуға дейін айқындау бойынша ажырамас құқығы бар екені туралы барлық саяси және ғылыми мұрасын сатып, қазақ және басқа халықтардың ұлт-азаттық күресін басып-жаншу, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі туралы идеяның өзін құрту, сондай-ақ ресми мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінді ақтау мақсатында қазақ халқын «буржуазиялық ұлтшылдықта» айыптады. Осы идеяны жақтаушыларға «ұлтшыл» таңбасы тағылды. Сөйтіп Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі туралы идея қуғын-сүргінге ұшырап, қазақстандықтардың қоғамдық және жеке санасынан аластатылды. Сондықтан да Қазақстанның ұлт азаттығы үшін күресіп, құрбан болғандар ғана емес, ұлт-азаттық идеясы да саяси тұрғыдан ақталуға тиіс.
Большевиктік-коммунистік билік және ол құрған КСРО ОГПУ-НКВД-КГБ, ІІМ органдары, олардың Қазақстандағы құрылымдары (қолшоқпарлары), прокуратура органдары мен соттар 70 жыл бойы бүкіл салада, жүйелі түрде «ұлтшылдық ошағы» мен «ұлтшылдарды» тауып, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен нағыз қаһармандарды қуғын-сүргінге (ашық және жабық түрде) ұшыратты. «Қазақ буржуазиялық ұлтшылдығымен» және «ұлтшылдықпен» күрес деген желеумен ұлттық саяси, шығармашылық, ғылыми, рухани элитаның үздік бөлігі жойылды.
Сондықтан да Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің батырлығы мен ерлігін мемлекеттік деңгейде біздің көпұлтты халқымыздың ең биік мемлекеттік құндылығы, ұлттық қазынасы деп тану қажет. Бұл қазына қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпағын патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу үшін сақталуға және мәңгі есте қалдырылуға тиіс. Атап айтқанда, қазақ халқы мен Қазақстанның мүдделерін қорғағаны үшін «қазақ буржуазиялық ұлтшылы» деп айыпталып, әртүрлі саяси қуғын-сүргінге ұшыратылған, 1911 жылы Орал қаласында «Қазақстан» газетін ашқан ақын Елеусін Бұйрин, экономика профессоры болған алғашқы қазақ Әзімбай Лекеров, ату жазасына кесілген алғашқы қызымыз Шахзада Шонанова, әдебиетші Есмағамбет Ысмайылов, тарихшы Ермұхан Бекмаханов, Қазревкомның мүшесі Тимофей Сидельников, музыкатанушы Александр Затаевич, «Алаш» партиясының қырғыз филиалын ашқан Ишанәлі Арабаев, дін қызметшісі Ақмырза ишан, дәрігер Әбубәкір Алдияров және Қазақстанның басқа да ондаған мың нағыз патриоты – қаһарманы жариялы түрде саяси тұрғыдан ақталуға тиіс.
3. Тәуелсіз Қазақстан саяси себептер бойынша сотсыз және тергеусіз өлтірілген ондаған мың құрбанға (зерттеушілер оның саны бұдан әлдеқайда көп дейді) – 1917 жылдан бастап 1930-шы жылдардың ортасына дейін Қазақстанда кеңес үкіметін күштеп және заңсыз орнатуға, таптық, тектік, ұлттық және діни белгісі бойынша қудалауға қарсы, сондай-ақ тәркілеу, ұжымдастыру, мал, астық дайындау жөніндегі және басқа да саяси науқандарға қарсы бой көтерген
372 (ресми емес деректер бойынша 400-ден астам) халық көтерілісіне қатысушыларға саяси баға беріп, оларды ақтауға тиіс. Барлық көтеріліс бойынша сотсыз, тергеусіз өлтірілген адамдардың жалпы санын анықтау аса маңызды.
4. Тарихымызда таяуда ғана орын алған өте сорақы фактілер – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысушыларды патшаның жазалаушы жасақтары мемлекеттік қудалау мен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезеңде, әсіресе кеңес өкіметі орнатылған кезден бастап 1930-шы жылдардың соңына дейін большевиктік-сталиндік режимнің Қазақстандағы халыққа қарсы және қылмыскер акциялары мен іс-әрекетінің салдарынан жүздеген мың (кейбір зерттеушілер миллионнан астам деп табанды түрде дәлелдеп отыр) қазақтың Қазақстаннан қуылу фактісі бойынша мемлекеттік шешімдер қабылдап, осы жағдайға мемлекеттік баға беріліп, жат жұртқа кеткен қандастарымыз саяси-құқықтық жағынан ақталуға тиіс. Бүгінгі күні олардың 5 миллионнан астам ұрпағы (қазақ халқының үштен бір бөлігі) өзінің тарихи Отанынан тыс жерде өмір сүруде. Олар өздерінің ата-бабаларын туған жерінен қуып жіберу фактісіне тәуелсіз Қазақстан мемлекеттік деңгейде объективті саяси баға береді деп үміттеніп, күтіп отыр.
5. Байлардың, жартылай феодалдар мен кулактардың меншігі мен мүлкін тәркілеу науқанын жүргізу кезеңінде сотталған адамдар да заңдық жағынан толық ақталуға тиіс. Осы науқан кезінде меншігін тәркілеу, жауапқа тарту және отбасы мүшелерімен, туыстарымен бірге жер аудару мақсатында әрбір байға, кулакқа, жартылай феодалға (тіпті орташаға да), ауылдың көзі ашық азаматтарына қозғалған қылмыстық істер бойынша үкімдердің күшін жойып, қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарды ақтау қажет. Архив деректері бойынша осындай адамдардың саны тек 1930 жылдың қаңтар-маусымының өзінде 54 625 бай, ірі және орта шаруа қожалығын (200 мыңнан астам адам) құраған. ҚазОАК пен ҚАКСР ХКК-нің 1930 жылғы 19 ақпандағы Қаулысымен құрылған, И. Құрамысов, А. Асылбеков және В. Ольшанский басқарған комиссияның, Республиканың облыстары мен аудандарындағы осыған ұқсас комиссиялардың барлық материалдарын құпиясыздандыру қажет.
6. Дінге қызмет еткені үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін өкілдері саяси-құқықтық жағынан толық ақталуға тиіс. «Сопы» арнайы операциясы мен басқа да дінге қарсы науқандардың жүздеген, мыңдаған құрбаны әлі күнге дейін ақталған жоқ. Ресейде бұл санат сонау 1996 жылы РФ Президентінің жарлығымен ақталды.
7. 1939 – 1945 жылдары кеңес басшылығының кінәсі мен кешірілмес салғырттығының салдарынан фашистік Германияда, Финляндия мен басқа да еуропа елдерінде тұтқында болған қазақстандық әскери тұтқындар заңдық жағынан ақталуға тиіс. Олар екі империялық-диктаторлық мемлекеттің агрессияшылхалықаралық саясатынан зардап шегіп, концлагерьлердің барлық қиындығы мен азабын бастан кешті. Алғашқы мүмкіндік туған кезде-ақ көтерілісшілер қатарына, партизан отрядтарына, одақтастардың әскерлері мен Кеңес армиясының жағына өтті. Олар Қазақстан мен оның халқын сатпады. Ресей Федерациясындаәскери тұтқындар 1995 жылдың өзінде Президенттің Жарлығымен саяси қуғын-сүргіннің құрбандары ретінде ақталды.
8. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан аумағында қолданылған РКФСР ҚК-нің 107-бабы бойынша сотталған ондаған мың қазақстандық та заңдық жағынан толық ақталуға тиіс. Тек қана 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін осы бап бойынша 52 300 адам сотталған. Жұмысқа кешіккені, жұмыстан рұқсатсыз кеткені, астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашыағаттықтары үшін сотталған төменгі және орта буын қызметкерлері де заңдық жағынан ақталуға тиіс. Бұл бойынша 1932 жылдың тамызынан бастапбар-жоғы бір жыл ішінде 33 345 қазақстандық сотталған.
9. «Бандылық құралымның қатысушылары», «шпиондар», «отанды сатқандар», «диверсанттар» деп аталатын, қолданыстағы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес ақталуына мүлдем тыйым салынған адамдар да заңдық жағынан ақталуға тиіс. Бұл үшін осы Заңнан аталған бап алып тасталуға не толықтай қайта қаралуға тиіс.
10. Өңірлерде ойдан шығарылған басқа айыптаулар мен баптар бойынша сотталған, «Алаш» қозғалысы мен партиясының қатардағы қатысушылары (тіпті оған тілектес, ниеттес болып, ұйымдастырушылық, материалдық және қаржылық көмек көрсеткендер), сондай-ақ жергілікті жерлерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған «алаш» әскери құралымдарының он мыңдай сарбазы мен сардары заңдық және саяси жағынан толық ақталуға тиіс.
11. Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күресте орыс, еврей, өзбек, украин, белорус, ұйғыр, қырғыз және басқа да ұлт өкілдері – интернационалистер көрсеткен батырлық пен ерліктің жүздеген, мыңдаған фактілеріне, солардың арасынан шыққан саяси қуғын-сүргін құрбандарына мемлекеттік баға беріліп, олар саяси тұрғыдан ақталуға тиіс.
12. Өзінің шыққан тегіне, қызметінің түріне байланысты азаматтық құқықтарынан, ең алдымен сайлау құқығынан айырылған адамдар да қуғын-сүргін құрбандары ретінде саяси жағынан ақталуға тиіс. Олардың қатарына дін қызметшілері, байлар, кулактар, олардың отбасы мүшелері және өздерінің саяси және азаматтық құқықтарынан айырылған басқа да құрбандар (барлығы 30 санат) жатады.
13. Бас прокуратураның, ІІМ-нің, ҰҚК-нің деректері алынғаннан, осы ведомстволардың архивтері құпиялықтан шығарылып, олардың жабық қорларына зерттеушілердің қолы жеткеннен кейін, сондай-ақ заң жобаларын әзірлеп, Парламентте қарау барысында саяси қуғын-сүргін құрбандарының жаңадан ашылатын, ақталмаған басқа санаттары да ақталуға тиіс.
14. Прокуратура, ІІМ және ҰҚК органдарындақылмыстық тәртіптегі қуғын-сүргіндердің өздеріне қатысты іс қозғалып, айып тағылған және процестік шешімдер шығарылған, кейіннен ақталған құрбандары бойынша анағұрлым дәл статистикалық деректер бар. Әкімшілік тәртіптегі саяси қуғын-сүргіндердің құрбандары ішінен тек Қазақстанға депортацияланған халықтардың өкілдеріне қатысты ғана ақтау туралы мейлінше толық статистикалық деректер бар.
1993 жылғы 14 сәуірдегі Заңды орындаушылардың айтуынша, осы Заңда көрсетілген, ақталуға жататын саяси қуғын-сүргіннің оннан астам түрі (жер аудару, итжеккенге айдау, еңбек жауынгерлері, арнаулы қоныстарға жіберу және басқалар) бойынша деректер толық емес немесе мүлдем жоқ. Бұл осы қуғын-сүргін түрлері бойынша құрбандарды ақтау жұмысы толық жүргізілмегенін айғақтайды.
3-бөлім. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ
Тұжырымдаманы іске асырудың басым бағыттарында мынадай іс-шаралар көзделеді:
1) Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау істері бойынша мемлекеттік комиссия құру. Комиссия мемлекеттік билік органдарының белгіленген іс-шараларды бұлжытпай орындау бойынша үйлесімді іс-қимылын, сондай-ақ қажетті заңнамалық және нормативтік актілердің қабылдануын қамтамасыз ететін үйлестіруші орган болады.
2) Кімді Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбаны және содан жапа шеккен деп санауға болатынын бағалайтын өлшемшарттарды анықтау. Осы міндет үшін саяси қуғын-сүргіндердің тарихы бойынша ақтау процестерін ғылыми зерттеу және жүргізу тәсілдерін бірізге түсіру мақсатында арнайы энциклопедия немесе сөздік түрінде жалпыға бірдей қабылданған мамандандырылған глоссарий(«Отаршылдық пен тоталитаризм глоссарийі») әзірлеу қажет.
3) Қолданыстағы заңнамаға, оның ішінде «Мемлекеттік құпиялар туралы» ҚР Заңына жасалған талдау саяси қуғын-сүргіндер жөніндегі архив материалдарын құпия ұстау мен оларға, әсіресе, ғалымдары мен зерттеушілердің қол жеткізуін шектеуге ешқандай құқықтық-заңдық негіз жоқ екенін көрсетті. Керісінше, осы Заңның 17-бабының 11) тармақшасында «…саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі мәліметтер құпияландырылмауға тиіс» деп тікелей көрсетілген.
«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңындағы ақталған адамдардың туыстарына қылмыстық істің процестік сипаттағы құжаттарымен танысу құқығын бермейтін норманы (16-бап) алып тастау қажет. Сарапшылардың тұжырымдауынша, біздің күш құрылымдары бастама жасаған бұл норма ешқандай сын көтермейді және ол қамаудағыларды қорлау мен азаптау, адам құқықтарын өрескел бұзу, құжаттарды бұрмалау фактілері мен жазалаушы органдардың басқа да ізгілікке жат әдістерін жасыру мақсатында қабылданған.
4) Саяси қуғын-сүргіндердің ақталмаған құрбандарының тізбесін барынша толық және объективті түрде жасау үшін бүгінгі күннің өзінде мемлекеттік деңгейде тиісті шешім қабылдап, ІІМ-нің, ҰҚК мен Бас прокуратураның басшылығына осы органдар архивтерінің жабық қорларына ғалымдар мен зерттеушілердің еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде жазбаша нұсқама (нұсқау) беру қажет.
4-бөлім. ТҰЖЫРЫМДАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ НЫСАНДАРЫ МЕН ӘДІСТЕРІ
Қуғын-сүргіндер құрбандарының осы санаттарын саяси жағынан ақтау, сондай-ақ біздің қаһармандарымыз Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін жасаған батырлық пен ерлікті мемлекеттік бағалау осы мәселе бойынша Жоғары мемлекеттік актілер қабылданса ғана мүмкін болмақ.
1. Бастапқы кезде, мысалы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын еске алу күніне немесе 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай және «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын» дайындау және өткізу аясында «Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендер туралы» ҚР ПрезидентініңЖарлығын қабылдаған жөн (Жарлықтың жобасы дайын). Осы Жарлықта Президент Үкіметке осы құжатпен аттас заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді, сондай-ақ «Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын ақтау туралы» жаңа заң жобасын немесе қолданыстағы заңнамаға іргелі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған болар еді. Көрсетілген Жарлық елдің саяси өмірінде көптен күтілген аса ірі оқиға болып, биліктің имиджін нығайтатын, осы проблема бойынша өзекті мәселелерді шешуге ықпал етіп, ғылыми-зерттеу жұмысына жол ашатын еді.
Аталған заңнамалық актілерді қабылдап, белгіленген шараларды іске асыру бюджеттен шығыс шығаруды талап етпейді, себебі бүгінгі күні саяси қуғын-сүргіндердің көзі тірі тікелей құрбандары қалған жоқ, ал олардың ұрпақтары мен мүдделі қоғамдық ұйымдар тек қана осы адамдардың заңдық және саяси жағынан толық ақталуын талап етіп отыр.
2. Парламент депутаттарының қазіргі, сондай-ақ болашақ құрамына ҚР Жоғарғы Кеңесінің 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының қабылдауына байланысты құрылған екі комиссиясының («Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының ақталуын бақылау жөніндегі комиссия», «Заңнамалық актілерді, Үкіметтің, партия органдары мен басқа да органдардың шешімдерін құпиясыздандыру жөніндегі комиссия») жұмыс нәтижелеріне талдау жасап, осы Заңның тиісінше орындалмау себептерін анықтау жөнінде өтініш жасау қажет деп есептейміз.
3. Қазақтардың өз Отанынан қуылу себептері мен мән-жайларын анықтау бойынша мемлекеттік комиссия құрып, босқындар мен қайтыс болғандардың санын және қазіргі кезге дейін жабық болып келген және зерттелмеген басқа да мәселелерді анықтауды, сондай-ақ мемлекеттік деңгейде тиісті шешімдер қабылдауды ұсынамыз. Қазақстаннан қуылып, саяси қуғын-сүргіннен босқын кебін киген адамдардың шетелде тұратын ұрпақтары және еліміздің болашағы үшін бұл өте маңызды.
4. Сараптама-жұмыс тобы ҚР БҒМ-ның басшылығынан:
– Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «Қазақстандағы саясиқуғын-сүргіндер және олардың құрбандарын ақтау процесі: дерекқорды құру» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсыруын;
– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді (қаһармандарды) ақтау және олардың батырлығы мен ерлігін мәңгі есте қалдыру жөніндегі отандық және шетелдік ғылыми-талдамалық материалдардың жинағын шығаруды өтінеді.
5. Саяси қуғын-сүргіндерді орталықтандырып зерттеу және ақтау процестерін жүргізу мақсатында ұлттық деңгейде мамандандырылған ведомство, мысалы Ұлттық есте сақтау институтын (еуропа елдерінің тәжірибесі бойынша) құруды ұсынамыз. Аталған Институттың республикалық маңызы бар барлық қалада, облыс орталықтарында филиалдары болуға тиіс. Мысалы, 2018 жылғы 16 желтоқсанда Алматы облысы Талғар ауданының Жаңалық ауылында ашылған, «Ұлттық Азалы Ата Бейіті» ұлттық аза тұту орны болып табылатын, саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын еске алу музейі осындай филиалдардың бірі бола алады.
Қорыта келе, осы Тұжырымдама тәуелсіз Қазақстанның және қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының жазықсыз жазаға ұшырап, қаза тапқан, азапты сынақтар мен қуғын-сүргіндерден өткен ондаған, жүздеген мың ата-бабамыздың естелігі алдындағы қасиетті борышымызды кеш болса да орындауы үшін негіз болады деп үміттенеміз. Бұл біздің аруақтар мен қаһармандардың алдындағы міндетіміз!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!