Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ хандығының астанасы Ташкент болғанын жастар біле ме екен?

06.11.2024, 15:20 410

HALYQLINE.KZ

Қазіргі жастар және совет мектебінде оқыған замандастарым Ташкенттің 200 жылдай Қазақ хандығының қол астында болып, 1586-1780 жылдардың соңына дейін астанамыз болғанын білмейді-ау деп жазып отырмын. Білмеу себебі, ол кезде «Қазақстан тарихы» оқулығы кішкене ғана жұқа кітап болатын және мұғалім оны түсіндірмейтін, тек үйден өздерің оқып алыңдар дейтін. Ташкент туралы алғашқы деректер б.з. бұрынғы қытай жазбаларында Чеч, Джеч, Шаш деген атаулармен кездеседі. «Чеч» – қытай тілінде тас деген сөз, сондықтан сол кезден бастап, бұл жердегі үйлер табиғи тастардан қалап салынғанын көрсетеді.

ІІІ ғасырда Шаш қаласы сасанидтердің патшасы І Шахкур қол астында болғанын Ирандағы Зорастризм қағбасында 202 жылы ойылып жазылғанынан белгілі. Ташкент 558-603 жылдары Түрік қағанатына қарады. Сол кездегі деректерге қарағанда Ташкент қолөнершілер қаласы болған, қыш құмыра, кілем, ат әбзелдерімен, т.б. аты шыққан. ХІІ ғасырдан бастап Хорезм хандығына қараған кезде 1220 жылы Шыңғысхан басып алып қаланы қиратқан. ХІV-ХV ғасырларда Әмір Темір мен оның әулетінің қол астында болғанда Ташкентті қалпына келтіріп, Алтын Ордаға шабуыл жасау үшін тірегіне айналдырады. Бұдан кейін қазақ хандығынан ойсырата жеңілген Шайбани Ташкентті басып алып, Бұхара хандығын құрады. 1509 жылдан бастап Ташкент билеушісі Сүйінші қожа болғаннан бастап шайбанилер билеушілерді өз әулетінен сайлай бастайды. 1586 жылы Қазақ хандығымен соғысқан шайбанилер жеңіліп, Ташкент қазақ хандығының қарамағына өтеді. Осылайша 200 жыл қазақ хандығының қол астанда болады.

Қазақ ханы Тәуекел өзінің кіші інісі Есімді Ташкент билеушісі қылып қояды. Ержүрек Тәуекел хан 1598 жылы шайбанилермен шайқаста қаза тапқан соң, інісі Есім хан болып сайланады. Шайбанилермен шарт жасасып, онда Ташкент елдің астанасы екенін мойындатады. Алайда, шайбанилер, яғни Бұхар әмірлері 1601-1613-1621 жылдары Ташкент үшін шабуыл жасағанмен, қаланы ала алмай жеңіледі. Бұхар әмірі Иманқұл Ташкенттен біржолата бас тартады. Осыдан кейін шайбанилермен шайқаста ерлік көрсеткен Тұрсын сұлтанды Ташкент билеушісі етіп қояды. Тұрсын сұлтанды ағасы Есімхан көп еркеліктерін көтереді, өз атынан теңге шығарған Тұрсын сұлтан Есімханның өзіне қарсы көтеріліске шыққасын, оны аяусыз басып тастап Тұрсынның басын шауып тастап, Ташкент билеушісі деген лауазымды жойып, өзі хан ретінде басқаруға алады. Есімхан қайтыс болған соң, орнына хан болған үлкен ұлы Жәнібек хан 1630 жылы астананы Түркістаннан Ташкентке ресми түрде көшіреді. Бұдан кейінгі билік құрған Салқам Жәңгір мен Әз-Тәуке тұсында да Ташкент қазақ хандығының астанасы болады. Осы Әз-Тәуке тұсында Ташкент билеушісі деген лауазым қайта енгізіледі.

1723 жылы Жоңғар қолбасшысы жас Қалдан Церен Ташкентті басып алған кезде Ташкентті қиратудан аман сақтап қалу үшін үлкен салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Ол аздай қаладағы мешіттерді қиратып, будда храмдарын салмақшы болғанда Жолбарыс хан мен Төле би халықты бастап Ташкентен жоңғарларды қуып шығады. 1740 жылы мешіттегі намаз үстінде Жолбарыс ханды жергілікті қожалар ту сыртынан өлтіреді. Жоңғарлар тапсырысымен және Ташкентті қайтарып берем деген уәдесімен өлтірген қожаларға қарсы Ұлы жүз биі үйсін Төле би қол бастап қожаларды Ташкенттен қуып шығып, өзі Ташкент билеушісі болып өмірінің соңына дейін басқарады. Қайтыс болған соң өзін Жолбарыс хан сияқты Түркістандағы Қожа Ахмет мавзолейіне емес, осы Ташкентке жерлеңдер деп өсиет қалдырады. Қазір Ташкентке барғандар Төле би кесенесіне барып тағзым етіп жүр. Төле биден кейін Ташкентегі қазақ хандарының ықпалы әлсірей бастайды, ХVІІ ғасырдың соңында Ташкент билігі Бұхар хандығының қолына көшеді, алайда Жүнісқожа ұрпақтары арасындағы бақталастық пен өзара қырықпышақ болуынан әлсіреген соң, Ташкент 1807-1865 жылдары Қоқан хандығының қол астына өтеді. 1865 жылы генерал Черняев Ташкентті басып алуымен Орта Азияға жасаған жорығы аяқталды.       

Ұлан-байтақ жері бар Қазақстанды отарлау үшін 1867-1868 жылдары патша үкіметі жүргізген реформа нәтижесінде қазақ жерінің тек оңтүстігін басқару үшін Сырдария облысы құрылып, 6 уездке бөлініп басқарылатын болды. Ол уездер Әулиеата, Қазалы, Перовск, Ташкент, Шымкент және Әмудария деп аталды. Әмудария бойындағы Қарақалпақ АССР-і де 1930 жылға дейін Қазақстан құрамында болған еді. 1917 жылы патша өкіметін құлатқан большевиктер Орта Азиядағы Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Қазақстанды Түркістан Автономиялық Советтік Автономиялық Республикаға біріктіріп басқарды. Бұл Түркістан АССР-і 30.04.1918-27.10.1920 жылдары өмір сүріп, орталығы Ташкент қаласы болды. Тіпті алғашқы қазақ мұғалімдер институты осы Ташкентте ашылып, КИНО деп (казахский институт народного оброзования) аталды. Түркістан АССР өкіметін Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов басқарған кезде болса, соңғы 1922-1924 жылдары Тұрар Рысқұлов басқарды. Осы Рысқұлов кезінде Ташкентке өзбектер ие болып қалды. Ташкент сол кездің өзінде екіге бөлінетін, ескі қалада өзбек қолөнершілері мен диқаншылар тұрса, жаңа қаласында білім ошақтарындағы басшылықта қазақ зиялылары басым болатын. Сондықтан қазақ қайраткерлері Сталинге Ташкентті Владикавказ қаласы сияқты нұсқаны ұсынды. Владикавказ қаласы екі республика Солтүстік Осетия мен Шешен-Ингушетияның астанасы болатын. Тұрар Рысқұлов бастаған қазақтың биліктегі азаматтары Москвадағы Совнаркомның ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинге Ташкент қазақ жеріне тиесілі екенін дәлелдеп жүргенде, Өзбек АССР-нің Совнаркомы (үкіметі) Қаулысымен Ташкентті Өзбекстанның астанасы деп жариялап жіберіп, асығыс түрде үкіметті көшіріп әкелді. Осылайша, 1924 жылға дейін ауада қалықтап тұрған Ташкент өзбектердің астанасы болып шыға келді. Келесі, 1925 жылы Сталин қазақтар ыстық климатты жақсы көреді екен деп, Қазақ АССР-нің астанасын Орынбардан Қызылордаға көшірді. 1930 жылы Өзбек АССР-нің басшысы Владимир Иванов астананы Самарқандтан Ташкентке біржолата көшіріп әкелді. Қазір Ташкент қаласы Қазақстан шекарасынан небәрі 7 шақырым ғана қашықта орналасқандықтан, өз еліміздегі медициналық қызмет қымбат болғандықтан, жұрт Ташкентке барып емделіп жүр.

Жалпы, өзбек халқы қанағатшыл әрі еңбекқор халық екенін мойындау керек. Қазір жаңа Ташкент қаласының жобасы халыққа ұсынылып талқылауда. Астананы саларда халықпен ойласпай-ақ салған болатын. Бұл мақаланы жазғанда бауырлас өзбек халқымен алауыздық туғызу емес, тек бір кездері Ташкент қазақтың астанасы болғанын көрсету еді. «Өзбек – өз ағам» деп қазақ екі халықтың бауырлас екенін осы сөзге сыйғызып кеткен.

Қазақ хандығы мен мемлекеті болған қалалар: 1. Созақ 2. Сығанақ 3. Сарайшық 4. Түркістан 5. Ташкент 6. Семей 7. Орынбор 8. Қызылорда 9. Алматы 10. Астана

Бақытжан  Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: