Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ елі – қастерлі мекенім

15.12.2023, 8:55 440

HALYQLINE.KZ

Әлемдегі өзге мемлекеттермен терезесі тең өмір сүруге мүмкіндік алу – кез келген ұлттың ұлы мұраты. Биыл егеменді ел болып, тәуелсіздік алғанымызға – 32 жыл. 1986 жылы Кеңес Одағының іргесін шайқалтқан Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бес жылдан кейін Қазақ елі өзінің Тәуелсіздік туралы Декларациясын жариялады. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақ халқының басын бір тудың астына біріктіріп, тәуелсіздік туын көкке желбіреткен күннің 32 жылдық мерейтойын атап өтудеміз.

Жасампаз отыз екі жылда бір ғасырға татитын ұлан-ғайыр жолды басып, биік белестерді бағындырдық десек, артық айтқандық болмас.

Қазақ мемлекеттілігін құруға сан ұрпақтың сан ғасырлық ғұмыры мен күш-жігері кеткені айдан анық. Дегенмен, тәуелсіздікті жариялау, оны құру, ал тәуелсіздікті сақтап, оны нығайтудың орны бөлек.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болып жарияланды, ол өз тәуелсіздігін қорғау және ұлттық мемлекеттілігін нығайту іс-шараларын жүзеге асыруда. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген араласу оның мемлекеттік тәуелсіздігіне қол сұғу болып саналады.

1992 жылы Қазақстан әлемдік аренаға шықты. Мемлекетіміз ЕҚЫҰ, ИЫҰ, НАТО Ынтымақтастық Кеңесі, Дүниежүзілік банк, ХВҚ, Еуропалық қайта құру және даму банкі, ЭЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Орталық Азияның барлық мемлекеттерінің инвестициялық қорын барынша тартуға қол жеткізілді. Демократиялық әріптестік туралы Хартияға жетекші капиталистік ел АҚШ-та қол қойылды, бұл Орталық Азияда да прецедент орнатты және салыстырмалы түрде жас мемлекеттің сөзсіз жетістігі болып табылады. Қазақстан бірінші болып тағы бір қадам жасап, 1991 жылы 30 тамызда Семей ядролық полигонын жауып тастады. Республика тағы да өркениетті әлемнің назарын аударды.

Мемлекетіміздің елдің сыртқы саяси ведомствосын қайта құру, оның бағыт-бағдарын жасау Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Осы іс-шаралардың атқарылуы барысында «Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы», «Халықаралық құқық», Қазақстан Республикасының заңдары, т.б. ресми құжаттар зерттеліп, сараланды. КСРО-ның ыдырауы салдарынан барлық экономикалық байланысымыз үзіліп, нарықтың қыспағына тірелген кезде, ауыр экономикалық дағдарысқа тап болдық, жас мемлекетімізге шетел инвестициясын тарту үшін, ең алдымен, екіжақты дипломатиялық қатынас орнатудың қажеттілік шарттары туындады. Қазақстанмен ықпалдастыққа ынталы мемлекеттермен қарым-қатынастың кешенді құқықтық негізін жасау қажет болды. Алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігін, сыртқы саясатымызды айқындау үшін, шетелде мекемелердің жоқтығын ескере отырып, әлемдік аренада тәуелсіз Қазақстанның толық ауқымдағы таныстырылу рәсімі Елбасымыздың және үкімет делегацияларының шетелге ресми сапарларын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің тек алғашқы екі жылында ғана Қазақстан Президенті әлемнің 19 еліне ресми сапар жасады. Осы қатарда әлемнің жетекші елдеріне – Австрия, Ұлыбритания, АҚШ, ГФР, Франция, Жапония, сондай-ақ Үндістан, Пәкістан, Қытай және басқа елдерге сапармен бару стратегиялық әріптестікті орнату тұрғысынан неғұрлым маңызды оқиғалар болды.

Осы бағытпен жұмыс істей келе, қиын-қыстау кезеңде, қаншама қиыншылықты бастан өткере отырып, 1991-1992 жылдары Қазақстан дипломатиясы өзінің қалыптасуының алғашқы кезеңінен өтті. Тұңғыш президенттің тікелей араласуымен және қадағалауымен Сыртқы істер министрлігін қалыптастырудың құқықтық, әлеуметтік-саяси және ұйымдастыру, дипломат мамандармен қамтамасыз ету мәселелері оң шешімін таба бастады. Мемлекеттік егемендікті қол жеткізуі Қазақстан Республикасының алдына, өзінің сыртқы саясатының жалпы принциптерін қалыптастыруға байланысты міндеттер қойды. Бұл елімізге халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтауға мүмкіндік берді және Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сай келді. Бұның іргетасы – әлемдік саясаттың, геосаясаттың және геостратегияның, ХХ ғасырдың аяғына қарай қалыптасқан және мемлекеттер арасындағы қатынастарды реттейтін жалпы принциптері болды. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қатынастар жүйесінде өзіндік орны мен ролі бар беделді мемлекет және сенімді сыртқы саяси серіктес ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, әлемдік қауымдастық Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау және халықаралық лаңкестікпен күреске қосқан үлесін жоғары бағалайды. Халықаралық аренада Қазақстан көпұлтты және поликонфессиональды қоғамның озық үлгісі ретінде танылды.

Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы саясатының және ішкі саясатындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелермен бетпе-бет келді. Осы мәселелерді тәжірибелі шешу ғана мемлекет болашағының бұлыңғыр болмауының кепілі бола алды. Солардың ішінен ерекше тоқталатынымыз, ол сол уақыттағы Қазақстанның Ресей Федерациясымен өзара ықпалдастығының құлдырауы басты себептердің бірі болды. 1990-1994 жылдар аралығында Ресейдегі саяси элитаның бұрынғы кеңестік мемлекетермен қарым-қатынастарды өздеріне тиімсіздігі жөнінде саяси пікірлер мен көзқарастар пайда болды. Бұл негізінен сол кезеңдегі РФ сыртқы саясатында жылдам түрде Еуропа елдері қатарына кіру бағыты басшылыққа алынғандығына байланысты болды. Осы уақытта Ресейдің Орталық Азиядағы істерден оқшауланып, Батыспен өзара қарым-қатынастарға баса назар аударуымен сипатталады. Ресейдің сыртқы саяси стратегиясында өзін Еуропамен, бүкіл Батыспен теңестіруге ұмтылыс жасағаны анық байқалды. Осыған байланысты Орталық Азиядағы мемлекеттер, оның ішінде Қазақстан да Ресейдің батыс еуропалық өркениетке жылдамырақ енуін тежейтін кедергілер ретінде қарастырылды.

1992 жылы 1 сәуірде РФ Жоғарғы Кеңесі территориялық бүтіндікті және егемендікті сақтау әр мемлекеттің өз міндеті екендігін жариялағаны барлық одақтас болған мемлекеттерге қиындық туғызды. Бұның нәтижесі Ресей парламентінің бұл қадамы бұрынғы КСРО-ның ортақ қарулы күштерінің тарауына және барлық посткеңестік республикаларда, оның ішінде Орталық Азияның тәуелсіз мемлекеттерінде де ұлттық армияның құрылуына әкеп тіреді. 1993 жылы Ресейдің бастамасымен Қазақстан рубль аймағынан шығарылып, өзінің ұлттық валютасы – теңгені енгізді. Бұл Мәскеудің өзінің жақын көршілерімен қарым-қатынастарға деген қызығушылығының төмен деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы саясатын қалыптастыру кезеңінде ең қиын мәселе болғаны Кеңес Одағынан қалған ядролық қару арсеналы еді. Сол кезеңде Қазақстанды ядролық державаға айналдыруы мүмкін стратегиялық арсеналды қалай пайдалану жөнінде әртүрлі пікірр мен сын-ескертпелер айтылды. Бір тараптан, осы ядролық қару сыртқы басқыншылықтан қорғанудың кепілі ретінде қарастырылса, екінші жағынан оны пайдалана отырып, азиялық субконтинентте көшбасшы болудың құралына айналдырғысы келгендер де табылды. Қазақстан сыртқы саясатындағы ең өзекті мәселелердің бірі Шығыстағы алып көршісі Қытай Халық Республикасымен тең дәрежеде қарым-қатынастар қалыптастыру басты мақсаттарының бірі болды. Кеңес Одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар көптеген жылдар бойы шиеленісті жағдайда болғандығы белгілі. Қазақстан Бейжіңмен қарым-қатынастарды жаңадан қалыптастыруға мәжбүр болды. Осы шешуші кезеңде Кеңес Одағынан қалып қойған шекаралық мәселелерді ескерсек, әлі мемлекеттілігі қалыптасып үлгермеген Қазақстан үшін жаңылыс қадам басу халқы миллиардтан асып жығылатын экономикалық әлеуетті көршісімен келіспеушілікке алып келуі әбден мүмкін болатын.

Ал енді саяси  бағыттарға келетін болсақ, Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басым бағыттары мыналар болып табылады:

Посткеңестік республикалармен интеграция.

Республикасы өз тəуелсіздігін жариялаған кезеңнен бастап мемлекет алдында дербес мемлекеттің мақсат-міндеттеріне сəйкес ел мүддесін алдыға қойған қоғамдық ғылым даму қажет болды. Осы арнада да, заң ғылымы алға жылжуды бетке алған болатын. Ел тəуелсіздігін жариялағанға дейін мемлекет жəне құқық теориясы таптық сарында өрбіп келген болса, жалпы өркениеттің жетістігіне сүйенген жаңа бағыттың негізінде даму өмір қажеттілігі екендігін уақыт көрсетті.

Қазақстандық дипломатия «посткеңестік кеңістіктегі» мемлекеттермен ынтымақтастықты дамыту бағытын жалғастыруы керек. Біріншіден, екіжақты негізде байланыстарды дамыту қажет. Екіншіден, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы белсенділікті төмендетпеу. Шекара саясатының негізгі міндеттері: тұрақтылықты, қауіпсіздікті және шекаралардың мызғымастығын қамтамасыз ету; Достастық елдерінің біртұтас экономикалық және кедендік кеңістігін қалыптастыру үшін қажетті жағдайлар жасау; халықаралық және ішкі есірткі айналымына қарсы тиімді күресті қамтамасыз ету; бейбітшілікті қамтамасыз ету; шекарадағы оқиғаларды және шекарадағы аумақтық дауларды шешу.

Ресеймен қарым-қатынас.

Басымдықтар туралы айтқанда, Ресей Федерациясымен қарым-қатынасты атап өту керек. Ресеймен әріптестікке, тату көршілікке, ынтымақтастыққа балама жоқ. Ресейдің демократиялық дамуы Қазақстанның тұрақты және қауіпсіз дамуының алғышарты болып табылады.

АҚШ-пен ынтымақтастық.

Қазіргі әлемдегі ең ірі держава Америка Құрама Штаттарымен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту басты рөл атқарады. Қазақстан бұл қатынастарды халықаралық аренада өзінің ұлттық мүдделерін ілгерілетумен байланысты ұзақ мерзімді серіктестік ретінде қарастырады. Бұл көптеген факторға байланысты, олардың ішінде ең маңыздылары АҚШ-тың халықаралық аренадағы саяси салмағы, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жәрдемдесу, қазақстандық экономикаға америкалық капиталды тарту.

Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасы.

Азия континентінде ҚХР-мен қарым-қатынастар маңызды болып қала береді. Бұл ел, сарапшылардың пікірінше, осы ғасырдағы әлемнің экономикалық және саяси даму бағытын айқындайды. Қытайдың Ляньюньган портын пайдалану туралы келісім бізге Тынық мұхитына, ең перспективалы әлемдік нарықтар қалыптасып жатқан аймаққа жол ашады.

Еуропамен ынтымақтастық.

Еуропада интеграциялық процестер қарқын алуда, сондықтан болашақта Еуропалық Одақ ерекше қызығушылық танытуда. Қазақстан онымен байланыстарды сыртқы саяси қызметінің маңызды саласы ретінде қарастырады. Ынтымақтастық үшін негізгі ынталандыру техникалық көмек пен несие берушілерді алу мүмкіндігі болып табылады. Басымдық берілген елдердің ішінде ең маңыздысы – Германиямен ынтымақтастық. Н.Назарбаев Қазақстан ГФР ықпалына басымдық беруі керектігін, Қазақстан Республикасының стратегиясында Ұлыбританиямен, Франциямен, Италиямен, Бельгиямен, Голландиямен және Еуропалық Одақтың басқа да мүшелерімен достық байланыстарды сақтау қамтылғанын атап өтті. Қазақстан ЕО-ны экономикалық және саяси интеграцияның жақсы үлгісі ретінде қарастырады және көпжақты байланыстардың нәтижесінде осы құрылымның құнды тәжірибесін өз бойына ала алады.

Ислам мемлекеттерімен ынтымақтастық.

Қазақстан Түркиямен, Иранмен, сондай-ақ араб елдерімен, ең алдымен, біздің республика үшін инвестиция және тиімді экономикалық көмек көзі болып табылатын аймақ – Таяу Шығыс елдерімен байланыстарды нығайтуға ниетті.

30 жыл бойы біз оның әлемдік аренада қалай білім алып, қалай көтеріліп, мәртебе мен құрметке ие болғанын бақылап келдік. Осы 30 жылдан астам уақыт ішінде бейбіт, көпұлтты, зайырлы мемлекетте өмір сүріп келе жатқанымыз үшін Тұңғыш президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа құрмет көрсетуіміз керек. 19 миллиондық елдің тұрақтылығын сақтау шынымен де мақтауға, құрметке лайық! 

Әлеуметтік саладағы мәселелерге назар аударғымыз келеді.

Әлеуметтік мемлекет ретінде құрылғанына байланысты Қазақстан қандай ауыртпалықтарға кезіксе де, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындап келеді. Жалпыға ортақ қолжетімділік пен қоғамға қолайлы маңызды әлеуметтік игіліктерді қамтамасыз ету мақсатында пайда болған және қазіргі кезде колданылып жүрген мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар: күнкөріс деңгейі, еңбекақы мен зейнетақының ең төменгі мөлшері, еңбек шарты мен төлем стандарттары, әлеуметтік қызметтерді ұсынудың нормативтері қабылданды. Мемлекеттік жәрдемақылардың шекті мөлшерлері халықаралық нормаларға жақындады.

2011 жылдың кезеңіне ең төменгі жалақы мөлшері 15999 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш біздің елімізде «өмір сүру деңгейі» деп аталады.

Ең төменгі зейнетақы мөлшері 2012 жылы 16047 теңге болып табылады. Қазіргі таңда 2021 жылы ең төменгі жалақы 42500 теңге, 2023 жыл 70 мың теңге мөлшерінде құрады.

Ал жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өсті. Енді 1 АЕК 2 917 теңгеге тең. Өткен жылы 1 қаңтардан ол 2 651 теңге болса, 1 сәуірден 2 778 теңгеге дейін ұлғайды. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңге болып бекітілді. 2020 жылы жазда еңбек министрлігі 2025 жылға дейін ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен арттыруды көздеп отырғанын мәлімдеген еді.

Ашық, демократиялық қоғамның іргетасын дәйекті түрде нығайта отырып, біз демократия мен құқықтық мемлекет бір-бірінен бөлінбейтін нәрселер екенін, бірінсіз екіншісі болмайтынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан бізге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді жүйесі қажет.

Біріншіден, құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды жетілдіру бойынша құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін үйлестіруді күшейту. Екіншіден, өсіп келе жатқан кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық мәселесіне назарымызды аударып, оны азайту шараларын қарастыруымыз керек. Үшіншіден, біз өзіміздің құқық қорғау органдарын есірткі және трансұлттық қылмыс сияқты сын-қатерлерге қарсы тұру үшін қосымша ресурстар мен құралдармен қамтамасыз етуіміз керек. Төртіншіден, елімізде құқықбұзушылықтың алдын алудың жалпыұлттық жүйесін құру мен оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету, бұл жұмысқа қоғам мен халықты кеңінен тарту қажет.

90-жылдардың басынан бастап Орталық Азия мемлекетері мен Қазақстан қатысуымен аймақта әртүрлі деңгейде интеграциялық бірлестіктер құрылды. Олардың ішінде Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды роль атқаратын ұйымдардың қатарына құрамына әлемнің 15-тен астам мемлекеті мүше болып табылатын және 10-ға жуық мемлекет бақылаушы болып табылатын, беделді халықаралық ұйымдар да қатысатын АӨСШК ұйымы бар. Қазақстан сыртқы саяси қызметіндегі атқарылған ең ауқымды маңызды іс-шаралар – 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы болды. 2010 жылы 1-2 желтоқсанда өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті – әлем жұртшылығының назарын аударған маңызды халықаралық оқиға. Астана саммиті – Еуразия аумағында қауіпсіздікті сақтаудың жаңа жүйесін қалыптастырудағы әлем мемлекеттерінің конструктивті диалогының айқын көрінісі. Осы жоғарыда келтірілген дәйектерге байланысты дипломдық жұмыстың өзектілігі келесі төмендегі мәселелермен түсіндіріледі. Біріншіден, басқа елдермен, оның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатиялық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар, олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Қазақстанның ұлттық мүддесіне сәйкес сыртқы саясаттағы негізгі күш-жігер мынадай негізгі мақсаттарға қол жеткізуге шоғырландырылады:

1) елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғанысқа қабілеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын жан-жақты қамтамасыз ету;

2) «2050 Стратегиясын» ойдағыдай іске асыру, халықтың жоғары тұрмыс деңгейіне қол жеткізу, көпұлтты қоғамның, құқықтық мемлекеттің және демократиялық институттардың бірлігін нығайту, адамның құқықтары мен бостандықтарын іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау;

3) әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену;

4) Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) орталық және үйлестіруші рөлі арқылы әділ әрі демократиялық әлемдік тәртіпті орнатуға ықпал ету;

5) орнықты ұстанымдарды қамтамасыз ету және әлемдік қоғамдастықта мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыру;

6) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын, олардың жеке, отбасылық және іскерлік мүдделерін қорғау;

7) шет елдердегі қазақ диаспорасына және қазақ тіліне қолдау көрсету. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінe 30 жыл, осы кезеңдерде еліміздің сыртқы саясат бағытында төмендегідей бірқатар ғылыми нәтижелерге қол жеткізді:

– сыртқы саясат зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздері нақтыланды;

– халықаралық қатынастар теориялары жүйелендіріліп, қазіргі уақытағы саяси, экономикалық және әлеуметтік үдерістермен байланысы анықталды;

– қоғамдағы сыртқы саяси тұрақтылық пен ынтымақтасты келісімді нығайтуға пәрменді сыртқы саясатты жүзеге асырудың факторлары айқындалды;

– Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуының жалпы және өзіне тән ерекшеліктері белгіленді.

Тәуелсіздіктің 32 жылы тарих үшін аз уақыт емес. Бірақ біз үшін бұл қысқа мерзім тұтас бір дәуірге айналды. Халқымыз өзінің ежелден келе жатқан арманын жүзеге асырды, өз мемлекеттілігін құрды.

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі әлі де дамып келе жатқан және әлі де аяқталмай келе жатқан бірқатар процестердің бастауы болды. Ал енді ғана уақыттың алғашқы ауыр сынынан өтіп, мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтағы беделінің сөзсіз мойындалу фактісін сеніммен айтуға болады. Біздің егемендігімізді әлемнің 120-дан астам мемлекеті мойындады. Бас Ассамблеяның 46-шы сессиясы еліміздің тарихына жаңа егеменді мемлекеттің құрылуына және оның халықаралық деңгейде танылуына үлес қосқан форум ретінде енді.

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 32 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Ендеше жалпыға бірдей мерекемізді лайықты қарсы алайық! Тәуелсіздігіміз патриоттық рухымен асқақтай берсін!

Қанат  ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ»университетінің жоғары колледжі тарих пәні оқытушысы,

тарих ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші

Сурет  ашық дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: