Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыдағы Чапаев сарбазын НКВД неге тұтқындамақ болды?

31.05.2024, 8:00 629

HALYQLINE.KZ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Азамат соғысының ардагері Пірмағанбет Бекназаров 1902 жылы Қазалы қаласында дүниеге келді. Әкесі Бекназар мен шешесі Ажар қарапайым шаруа адамдары болды. 1917 жылы патша тақтан құлағаннан кейін ел қатарлы кедейлердің күні туды деп қуанды. Петроградта большевиктер билік басына қарулы көтеріліс нәтижесінде 1917 жылы 25 қазанда (7 қарашада) келсе, арада 3 күн өткенде Қазалыда кеңес өкіметі бейбіт жолмен орнады. Себебі, Қазалыда деподағы жұмысшылардың астыртын ұйымының ұйымшылдығы күшті еді, жергілікті патша үкіметінің шенеуніктерін тырп еткізген жоқ. Көршілері «уралецтер» деп аталып кеткен орыс казактары, кішкентай сары бала Пірмағанбетке сеніп, өз балаларына күтуші қылып алған болатын. Осылайша ол 13 жасынан бастап нан тауып, әке-шешесіне көмекші болды. Кейін орыс-казак балаларымен дарияға суға түсіп, бірге қармақ салып, жазбаша сауаты болмаса да, ауызекі орысша сөйлесе алатын дәрежеге жетті. Нәтижесінде орыс тілін білуінің арқасында 1918 жылы Қазалы паровоз депосына жұмысқа тұрды. Мал соңында жүрген қазақ үшін бұл үлкен мәртебе еді.

Кеңес өкіметі орнаған соң Орынбордан қуылған Орал казактарының атаманы, Қазалыдан шыққан А.Дутов бүлік шығарып, 1918 жылдың 3 шілдесінде Орынбор-Ташкент теміржолын басып алып, бүкіл Орта Азия мен Қазақстанның Ресеймен байланысы үзіліп қалды. Осындай қауіп төнген кезде Ақтөбе майданы құрылып, оған қару-жарақ пен оқ-дәрі жіберу үшін Совнарком басшысы В.И.Ленин революционер Әлиби Жанкелдинді қолына үлкен құзыреті бар мандат беріп, төтенше комиссар етіп аттандырды. Атаман Дутовқа қарсы соғысу үшін Қазалы станциясында қызылгвардияшылар отряды құрылды. Депода да қызыл гвардия отряды жасақталып, құрамына он алты жастағы Пірмағанбет те іріктеліп алынды. Қазалыда жасақталған отряд Ақтөбе майданына жетісімен соғысқа кірісіп кетеді. Әліби Жанкелдин әскері де жауды қыспаққа алып, стратегиялық маңызы зор теміржол жаудан азат етіліп, Мәскеумен байланыс орнатылды. Атаман Дутов бүлігін басуға жетекшілік еткен комиссар П.Кобозев жауынгерлерге Орал өңірі әлі жау қолында екенін айта келіп, Қазалыдан құрылған отряд Орал майданының құрамына өткенін мәлімдеді. Осылайша қазалылық Қарасақал руының бозбала жігіті Пірмағанбет Бекназаров азамат соғысының даңқты батыры В.И.Чапаев дивизиясының жауынгер-сарбазы болды. Қазалылық депо жұмысшылары В.И.Чекурин, В.Н.Обьедков, С.Қалымбетов, Н.Сәдіров, Б.Мәшенбаев, Н.Айымқұловпен бірге азамат соғысының небір кескілескен шайқастарына қатысты. Орал майданындағы соғыстағы командирі Павлов, комиссары И.М.Ильин болды. Қызыл әскерлер 1919 жылы генерал Деникин армиясын жойғаннан кейін, адмирал Колчактың әскері қайтадан Орал өңіріне басып кірді. Қызыл гвардияшылар амалсыз партизандық соғыс тәсіліне көшті, 1919 жылдың жаз айында М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майдан әскерлері көмекке келіп, адмирал Колчак армиясын Оралдан Сібірге қарай қуып шықты.

Пірмағанбет қызыл армия сапында 1920 жылға дейін болды. Қазалыға қайтарда барлығына да Чапаевтың 25-ші дивизиясының жауынгерлік билеті берілді, билеттің түсі қызыл болғандықтан, елге келгесін оларды «қызыл партизан» деп атап кетті. Қазалыға келген соң әскери қызметке төселген 18 жастағы П.Бекназаров азық-түлік отрядының құрамына қабылданды, командирі М.Красноперов болды. Азық-түлік отряды кулактардың артық астығын тәркілеу үшін құрылған болатын. Бұл қауіпті еді, кулактар қапысын тауып өлтіріп кететін еді, кейін бұл отряд таратылып жіберілді де, 1922 жылдан бастап теміржолдағы қызметке ауысып, қатардағы жұмысшыдан кондукторлар резервінің бастығына дейін көтерілді. 1939 жылы ВКП(б) қатарына қабылданды.

1941 жылы соғыс басталғанда коммунист ретінде майданға сұранғанмен, броньмен жұмысқа қалдырылды. Сол жылы «Курс повышения квалификаций командного состава» деген курсты бітіріп, №2893 куәләгі мен қоса кіші лейтенант шенін алды. Пірмағанбет әкей майдан үшін тылда жасалатын соғыс техникасы мен қару-жарақ жабдықтары тиелген вагон құрамаларының үздіксіз жүріп-тұруына жауапты қызметте болды. Олардың қызметін Қазалы станциясындағы Счастнов көшесіндегі №13 ғимаратта орналасқан НКВД бөлімшесінің қызметкерлері қадағалап отырды. Соғыс кезіндегі ерен қызметі үшін П.Бекназаров КСРО-дағы ең жоғарғы марапат «Ленин» (№135735) орденімен марапатталса, соғыстан соң «Құрмет белгісі» (№10368) ордені мен «За добелстный труд» медаліне ие болды. 1957 жылы 55 жасында зейнетке шықты. Ер жасы елудегі қайратты азамат Қарақұмның «Тастақ», кейін Қазалы станциясының солтүстігіндегі теміржол өткелі маңында қауын-қарбыз және бақша дақылдарын егіп, тоғыз баласын азықпен қамтамасыз етті. Бәрін де тәрбиелі етіп өсіріп, аяқтандырып, 1985 жылы 83 жасында дүниеден өтті.

Пірмағанбет екі рет үйленген. Бірінші жары – заманында елге танымал болған халық ақыны Дасқал Сәрсембаевтың қызы Найман, екіншісі – Қоныс деген байдың қызы Зибагүл. Аты аталған ардақты аналар өмірге 4 ұл мен 5 қыз әкеліп, бір шаңырақта тату-тәтті өмір кешті. Қазір бір шаңырақта екі келіннің бас сыймайтын заманда, жастар жағы бұған сене қоймайтынын білемін. Найман ана Пірмағанбет әкейден соң екі апта кейін қайтыс болса, Зибагүл ана 2003 жылы дүниеден өтті. Пірмағанбеттің барлық баласы түрлі қызмет істеп, зейнетке шықты. Пірмағанбет әкеден жалғыз болғандықтан, балаларын өте жақсы көрді, кезінде «коммунист болса да екі әйел алған» деп, партия қатарынан шығарылған болатын. Теміржолда қызмет істеп шыққан бір баласы, менің досым Серік Айназаров «әкем біздің басымыздан сипап отырып, «партия билетін осылар үшін тапсырдым» ғой деп отыратын» деген болатын.

Азамат соғысының қаһарманы П.Бекназаров мынадай естелік жазып кетіпті. «Мен азамат соғысы кезінде бір өлімнен аман қалдым. Орал өңірін адмирал Колчак басып басып алған кезде, партизандық соғыс тәсіліне көштік. Сонда қарулас жолдастармен ақтардың қолына түстік. Ақтың офицері бізді тергеп болып, партизан екенімізді білген соң үйге қамап қойды. Таң атқасын елдің алдында атып тастамақ. Қашу жолын іздедік. Үйдің кантромарка пешін бұзғаннан кейін, түтін шығатын мұржасынан шықпақ болдық. Алайда, кішкене тесіктен 16 жастағы мен ғана сыйдым. Жолдастарым маған қаш деп бұйырды. Адамдардың үстіне мініп көтеріліп, тесіктен әрең дегенде өтіп, күзеттің көзін ала беріп жерге секіріп түсіп, жақын жердегі көлден жүзіп өтіп, таң атқанша арғы беттегі қызылдарға қосылдым. Екінші рет соғыстан соң өлімнен тағы да аман қалдым. Қазалы станциясының Ленин орденді бас кондукторымын. Сөзім басшыларға жүріп тұр. Қарасақал руының, Пұсырман аталығынан тарайтын жақын туыс інім Ө.Ж: «Ағажан, күнкөріс қиындап кетті, шиеттей бала-шағаны асырау қиындап кетті» дегесін жұмысқа тұрғыздым. Жақсылығыма үндемей жүріп жамандық жасады. Менің үстімнен аудандық партия комитетіне: «П.Бекназаров коммунист болса да, екі әйел алып, бай-феодал сияқты шалқып өмір сүруде» деп арыз жазыпты. Сонымен менің ісім аудандық партия бюросында арнайы қаралатын болды. Жаңадан келген аупарткомның бірінші хатшысы сырттан келген адам, мені танымайды. Бір сойқанның болатынын біліп, жанымды шүберекке түйіп бардым. Бюрода ісім қаралды, қан-сорпам шықты, естімеген сөзім қалмады. Маған соңғы сөз берілген кезде: «Бәрі де рас, бірақ мені де кешіруге болатын шығар, азамат соғысы кезінде Чапаев дивизиясында да, партизан да болып соғыстым» деп қалтамнан «қызыл партизан» деп аталып кеткен билетімді көрсеттім. Бірінші хатшы куәлікті мұқият оқып шығып, қасындағыларға берді. Бюро мүшелерінің барлығы оқып шыққан соң, бірінші хатшы маған «сыртқа шыға тұр» дегесін, қабылдау бөлмесіне шықтым. Біраздан соң қайта шақырып, аудандық партия бюросының «екі әйел алу коммунистке жат болғадықтан, партиядан шығарылсын, бас кондуктор қызметінен алынып, қатардағы жұмысшыға ауыстырылсын. Чапаев дивизиясында және қызыл партизандар сапында болғандықтан, ісі НКВД-ға тапсырылмасын» деген Қаулыны оқыды. Сол кезде тұла бойым тоқ ұрғадай дір ете қалды. Мен қабылдау бөлмесіне шыққанда, менімен қатар отырған жас жігіт, аудандық қауіпсіздік қызметінің қызметкері екенін бір-ақ білдім».

Осыдан кейін екінші әйелінен дүниеге келген балаларын әйелі Зибагүлдің фамилиясына жаздыртып алды. Себебі, заманға және адамға сенуден қалған еді. Міне, Қазалыда тұрып, азамат соғысының қаһарманы бола тұрып, қарапайым белгісіз өмір сүрген Пірмағанбет Беназаровқа аудан орталығынан көше атауы берілсе де артық болмайды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: