HALYQLINE.KZ Мәскеуде аспирантурада оқып жүрген кезімде, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, әлемге әйгілі түрколог Әмір Нәжіпұлы Нәжіп ғылыми жұмысыма жетекшілік етті. Аспирантураның соңғы жылдары еді. Бір күні: «Араб ғұламаларының өте ертеректегі бір географиялық картасын қолға түсірген едім. Араб жазуын жақсы танисың ғой. Мына бір сөзді оқышы» деді сұқ саусағымен көрсетіп. «Қазақ» дедім кідірместен. «Білесің бе, қазіргі Азов теңізі бір замандарда Қазақ теңізі деп аталған екен. Еуропалықтар Азов теңізін Азақ теңізі деп атайды. Орыс патшаларының біреуі, саяси мақсатпен болса керек, Азақ теңізін Азов деп атауға бұйрық шығарыпты. Менің бұл жаңалық туралы мақала жазбақ ойым бар. Бәлкім, таяу уақытта шығып қалар» деді. Ұлты татар болғанымен, Қазақстанда туып-өскендіктен болар, ғылыми жетекшімнің қазақтарға іш тартатыны айқын сезіліп тұрды. Мақала шыққан соң оқып алармын деп, әрі қарай қазбаламадым. Көп ұзамай жетекшімнің көзі көрмей қалды. Осы жағдай себеп болды ма, әлде қолы тимеді ме, айтқан мақаласы жарық көрмеді. Жоғарыдағы оқиға есіме түсіп, кеш болса да, ойға түйгендерімді қағаз бетіне түсіруге бел байладым.
Азов теңізінің Каспий теңізінен онша қашық емес орналасқанын байқаймыз. Азов ежелгі дәуірлерде Қазақ теңізі аталғандықтан, Каспий мен Қазақ атауларының арасында этимологиялық байланыс бар екенін түсіну қиын емес. «Қазақ» сөзінің құрамындағы з дыбысы қатаң с-ның ұяңданған варианты екенін ескерсек, екі тұлғаның түбірі де – Қас. Этнос атауы. Қас тайпаларымен қатар өмір сүрген, оңтүстікке ауып кеткен арий тайпалары туралы жеткілікті дәрежеде мағлұматтар бар. Академик, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтен ежелгі Қас тайпасы туралы сұрағанымда, ол мұндай тайпаның тарихта бар екенін айта келіп, бірақ ешкім жаза қоймағанын тілге тиек етті.
Каспий теңізі де, Қазақ теңізі де – топонимикалық атау. Алдымен, Каспий топонимін талдалық. Бұл атау өз заманында еркін сөз тіркесі болған, екі бөліктен тұрады: Қас+пий. Мұндағы пий тұлғасы бір деген сан есімнің түбірі екені түркологтарға бұрыннан белгілі. Оны күрделендіріп тұрған түркі тілдеріндегі – ир элементі – сан есімнің көне жұрнағы. Тарихи даму жолын кестеге түсіргенде: пий+ир>пийир>пиир>пир>бир>бір. Түбір мен жұрнақ кіріккен. Тектес болғандықтан и дыбыстары үнемделіп, бір-біріне жымдасып сіңіскен. Одан әрі қатаң п дыбысы ұяңданған, и дыбысы жіңішкерген. Сонда Қаспий (Қас бір) атауынан «Қастардың бірінші тайпасы» деген ұғым туындайды. Ерте замандарда анықтауыш, қазіргі замандағыдай емес, өзі анықтайтын сөзінің соңында келетінін алғаш рет профессор Құдайберген Жұбанов байқаған. Алтынсары, Күнсұлу, Айсұлу, Жансұлу, Таңжарық сияқты кісі аттары, кеш жарық, күн ұзаққа сияқты тұрақты сөз тіркестері бұған мысал бола алады. Осы заңдылыққа бағынып, Каспий топонимінің құрамындағы бір саны зат есімнен кейін келіп, анықтауыш қызметін атқарып тұр. Сондай-ақ Қазақ теңізі де бірнеше өзгеріске түскен: Қас+ақ>Қасақ>Қазақ>Азақ>Азов. Ежелгі Қас+ақ, қазіргі Қазақ атауының екінші бөлігі ақ екі түрлі омонимдік ұғым береді:
Бір нәрсенің екінші бір нәрседен ағылып шығып, бөлініп ажырап кеткенін білдіретін етістік.
Қазіргі «екі» сан есімінің көне жуан формасы.
Әдетте, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде қ, к, ғ, г тіл арты дауыссыздары сөз басында да, сөз ортасында да, сөз соңында да түсіріліп айтылып, ақырында жойылып кетіп отырған. Осы себепті Қазақ сөзінің Азақ сөзіне айналуы заңды. Сонда Қасақ (Қазақ) топонимінен «Қастардың бірінші тайпасынан бөлініп, ажырап шыққан Қастардың екінші тайпасы» деген ұғымды пайымдай аламыз. Қазақ теңізі топонимикалық атауының шығу тарихы, міне, осындай. Бір ғажабы, Каспий теңізі құрамындағы пий (бір) саны бөлініп шығып, тайпа атауы болған. Пий тайпасы туралы тарихшылар еңбектерінде кездеседі.
Олай болса үш, төрт, бес, алты тағы да басқа есептік сандар іске қосылуға тиіс емес пе?! Тайпа атауына айналып кеткен пий (бір) сияқты сандарды, бәлки, тарих сақтап қалған шығар. Іздестіріп көрелік. Қазақтардың Ұлы жүз аталатын бөлігінде Үйсін аталатын үлкен тайпа бар. Бұл этнонимнің үш деген ұғым беретінін екінің бірі біле қоймас. Аталған тұлғаны ежелгі қалпына келтірсек: уц+ун=утс+ун. Алғашқы бөлігі – үш санының көне формасы, екінші бөлігі есім (зат есім, сын есім, т.б.) екенін білдіретін көне жұрнақ. Біздің байқауымызша, деректілікті білдіргенде қосылып, дерексіздікті білдергенде түсіріліп айтылған. Ауызекі сөйлеу тілінде үш саны мынадай өзгерістерге түскен: утс>утш>уш>үш. Яғни ц (тс) аффрикаты жұмсарып ч (тш) аффрикатына айналған. Одан әрі т жапсары түсіріліп, у дауысты дыбысы жіңішкерген. Бұл сөз қытай жазбаларында усун формасында сақталып қалған. Яғни утсун>усун. Бір ғана өзгеріс: аффрикат құрамындағы т қатаңы элизияға ұшырап кеткен. Ал қазақ тілінде басқаша дамыған. Бір буынды сөздерде немесе түбірлердің алғашқы буынында т дыбысы өз орнын әрдайым сонор (үнді) й дыбысына босатып беріп отырған. Жеңілдетіп айту мақсатымен. Яғни утсун>уйсун. Одан әрі дауыстылар дамуының у>ұ>ү формуласы бойынша: уйсун>ұйсұн>үйсүн. Соңғы буындарда ү-нің орнына қысаң і-ні жазу біздің әліпбиімізде қалыптасқан: үйсүн>үйсін. Ежелгі үйсіндерді «Қастардың үшінші тайпасы» деп пайымдауға болады.
Келесі есептік сан – төрт. Тұран, түрік атауларының құрамында кездеседі. Бұл тұлғалардағы -ан мен -ік түбірге сіңіскен өлі жұрнақтар. Түбірлерін – «тұр» мен «түрді» ежелгі қалпына келтірсек – тур. «Төрт» санының түбірі де тур сипатында. Орыс тіліндегі че+тыр+е санының да, алдыңғы, соңғы қосымшаларын есептемегенде, «төрт» ұғымын беретіндігі белгілі. Жүйесі бөлек тілдерді т мен р дауыссыздары сабақтастырып тұр. Түріктерді «Қастардың төртінші тайпасы» десек қисынға келеді. Бес, алты, жеті сандарының іздері түркі тілдерінде сақталып қалғанымен, өте көмескі. Сондықтан олар туралы сөз қозғамадық. Ал қазіргі «сегіз» санының ежелгі формасын тарихта аты шыққан сақ тайпалары сақтап қалған. Бұл санды диахрония дәуіріндегі бұрынғы қалпына келтірейік: сақ+ус. Сан ретінде даму жолы: сақ+ус>сақ+уз>сағ+ыз>сег+із. Мұндағы -ус/-уз~-ыз/-із қосымшалары қымыз, тамыз, тығыз, семіз, егіз сияқты сөздердің құрамында ұшырайтын көне жұрнақ. Түбірі Сақ тайпа атауына айналып кеткен. Сақтарды «Қастардың сегізінші тайпасы» деп атауға негіз бар.
Ал «оғыз» атануына келсек, «тоғыз» санының өз пішінін өзгерткен формасы екеніне көз жеткізуге болады. Тілдік фактілерге қарағанда, ежелгі дәуірлерде т дыбысы сөз басында, кейде буынымен қоса, көп түсіріліп айтылған. Мысалы, оғыз тілдеріндегі тоғул (туыл) етістігінің алдындағы т дыбысы түсіп қалып, оғул (ұл) зат есіміне айналғаны ғылыми жолмен дәлелденген. Оғ буыны түскеннен кейін қазақ тіліндегі ұл сөзі пайда болған. Көне түркі сөздігінде артут сөзіне дар, подарок, подношение деген анықтама берілген. Бұл тұлға қазіргі кездің тұрғысынан мүлдем түсініксіз – архаизм. Сөз басында жойылып кеткен т қатаңын қалпына келтірсек – т+артут. Сөз соңындағы т дыбысы – көптік мағына беретін көне жалғау. Көне көптік жалғауын сөз құрамынан шығарып тастасақ, қазақ тіліндегі тарту сөзі шыға келеді. Мағынасы – біреуге арнап берілетін ерекше сый, арналған бағалы зат. Көне түркі сөздігіндегі мағынамен тең. Алдыңғы т дауыссызының жойылып кетуі, соңғы т дауыссызының грамматикалық мағынасынан айрылуы сөзді күңгірттендіріп, сөздік қордан алыстатқан. Қазақ тіліндегі тостаған (ағаштан жасалған кішілеу дөңгелек ыдыс) сөзінің орыс тіліне достакан болып еніп, өзімізге стакан болып оралғанын тілшілер қауымы біледі. Демек, сөз басындағы т дыбысы тұрақсыз дыбыстардың қатарына жатады екен. Сонымен т+оғыз сегіз бен онның аралығындағы санның ұғымын береді. Оғыздарды өсіп-өрбіген қастардың тоғызыншы тайпасы деп түсінеміз. Қастардан тараған ұрпақтардың оныншы бөлігі де санмен айтылған. Ол – Хун империясын құрған Хун тайпасы. Даму жолы: хун>ун>он. Ауызекі сөйлеу тілінде өзгерістерге ұшырағанымен, тарихи жазба ескерткіштерде көне формасын сақтап қалған. Неге сандар тайпа атауына айналып кетіп отырған? Түпкі ата-тегі бір болғандықтан Қас атауын қайталап жатудың қажеті жоқ еді. Ал сан болса тайпаларды бір-бірінен ажырату міндетін атқарған.
Каспий және Қазақ (Азов) теңіздерінен сонау Тынық мұхитқа дейін ұлан-ғасыр аймақты, орасан зор территорияны иемденгенін байқаймыз. Қорытынды: Тым ерте дәуірлерде өмір сүргендіктен, тарихы өшіп кеткен Қастар – тарихта аты бар ғұндардың (хундардың), сақтардың, оғыздардың және тағы да басқаның ата-тегі. Мүмкін, Каспий, Қазақ теңіздерінен басқа да, Қас тайпасын айғақтайтын топонимикалық атаулар бар шығар. Бар болып шықты. Бүкіл Азия құрлығына қастар өз атын өшпестей етіп танытты. Азияны европалықтар, оның бер жағында араб елдері де, Асия деп атайды. Тіл артында айтылатын қ дыбысы үнемі түсіріліп айтылатынын есепке алсақ, Асияны Қ+асия деп қалпына келтіру қиын емес. Орыстардың с дыбысын ұяңдатып з айналдырғаны, сөйтіп, Асияны Азия деп атағаны екінің біріне түсінікті болса керек. Сөз соңындағы өлі жұрнақ былайша бөлінеді: Қас+ийа. Бұл жұрнақ Герман+ия, Албан+ия, Испан+ия, Венгр+ия, Итал+ия сияқты мемлекеттердің атауларына, сондай-ақ, қар+ия, жар+ия, құп+ия сияқты сөздерге үстеліп, әлі де қолданыстық қабілетін жоғалтпаған.
Тағы бір дерек. Қазіргі Кавказ тауы бір замандарда Қастардың мекені болғанға ұқсайды. Бұл топонимикалық атау екі бөліктен тұрады: Қав және Каз (Қас). Қав-тың «тау» мағынасын беретіндігі бұрыннан белгілі. Егер к~т және в~у сәйкестігін ескерсек, түркі тілдеріндегі «тау» сөзінен де әрі кетпейді. Сонда Қас тауы деген түсінік шығады. Каспий теңізі, Қазақ (Азов) теңізі, Кавказ (Қапқас) тауы, Азия (Қасийа) құрлығы – мұның барлығы да тарихи дерек көздер. Зерттеушілердің «топонимика – жерге жазылған тарих» деп айтатыны осы себептен.
Түпкі ата-тек Қастан өрбіген бірінші, екінші, бесінші, алтыншы, жетінші тайпалар өзге күшті тайпалардың құрамында болғандықтан, көзге түспеген. Тарихи жазбаларда да атала бермейді. Мысалы, өз басым орыс жылнамаларында ұшырайтын касог атауын қазіргі қазақ деп түсінемін. Себебі, орыстар а ны о деп, керісінше, о ны а деп айта береді. Қазақтар өз атын XV ғасырда ғана жаңғыртып, тарих сахнасына шықты. Шындығында, жоғарыда баяндалғанындай, қазақтар Қастардың ең көне тайпаларының бірі болған.
Бұл мақалаға тың фактілер арқау болғандықтан, фольклористер де, тарихшылар да, этнографтар да, археологтар да, мәдениет қызметкерлері де, тағы басқалар да назар аударар деп ойлаймыз. Этимологиялық жұмбақтарды ашып-айқындап бердік. Әр маман өз саласы бойынша түбегейлі, тереңірек зерттесе, мәселе бұдан да анығырақ, айқынырақ айшықталар еді. Ғалымдар жан-жақты қолға алса, бұл өзекті тақырып өз шешімін табады деген үміттемін.
Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымының докторы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!