Леонид Быков 1928 жылы дүниеге келді, бала кезінде «Чкалов» және «Истребители» фильмін қайта-қайта көріп, ұшқыш болуды армандады. Соғыс басталғанда майданға ұмтылумен болды, 1943 жылы 15 жасында өзіне үш жас қосып майданға бармақшы болып военкоматта барғанда, бойы бір тұтам баланың жұмсақ жеріне бір теуіп қуып шықты. Соғыс аяқталатын жылы жасы 17-ге толып, авиациялық училищеге оқуға түсіп, арманы орындалғанымен, қуанышы ұзаққа бармады, бойының аласалығына байланысты оқудан шығарылды.
Сосын Харьковтегі театр институтын бітіріп, киноға түсіп, танымал актер болып қалыптасса да, ол ұшқыш болсам деген арманын енді экранда көрсетсем деген мақсат қойды. Сол үшін «Ленфильм» басшылығы кино түсіруге рұқсат береміз деген соң, Ленинградқа көшіп барды. «Зайчик» деген комедия түсіргенмен, фильм сәтсіз шығып, сынға ұшырағанда отыздағы жігіт бірінші рет инфаркт алды. Сосын Киевке келіп киноға түсіп, театрда ойнап жүре берді. Ең ақыры «Довженко» атындағы киностудиядан «В бой идут одни старики» атты фильмді түсіруге рұқсат алды. Ол сценарийді де бірлесіп жазды, актерлерді өзі іріктеп алды, фильмге кіріспес бұрын үш мәрте Совет Одағының батырлары И.Кожедуб пен А.Покрышкинмен ақылдасты. Сөйтсе соғыс кезінде №5 гвардиялық «ән салатын эскадрилия» болыпты. Оның командирі екі мәрте Совет Одағының батыры В.Попков кинодағы өзі ойнаған капитан Титаренконың прототипі болды. Ал фильмдегі лейтенант Александровтың (кузнечик) прототиві қылып, Алматыда тұратын екі мәрте Совет Одағының батыры Сергей Луганскийдің «На глубоких выражах» кітабындағы соғыстың соңғы айында қаза тапқан Борис Киселевті алды, т.б.
Фильмді түсіру барысында көптеген қиындыққа кезікті, ақша дұрыс бөлінбей кідіріс болды, ұшақтар жетіспегенде сол кездегі ДОСАФ-тың төрағасы А.Покрышкинге барып көмек сұрағанда бес ұшақ бөлгізді және немістердің «миссершмитіне» ұқсас Чехословакиядан шыққан «Акробат» спорттық ұшағын алып берді. Фильм бюджеті өте қымбат деп, ақша бөлінбегесін фильмді түрлі-түсті қылып түсіре алмады, бұның бәрі де жүрегіне әсер етіп, киноны түсіріп болу бойынша екінші рет инфаркт алды. Фильм 381 000 сомға түсірілгенмен, өзін-өзі ақтады, сол жылы фильмді 44,3 млн көрермен көрді.
1974 жылы осы фильм Баку қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивалінде көрсетілді, сол жылы Василий Шукшин түсірген «Калина красная» және осы «В бой идут одни старики» фильмі екеуі Гран-При жүлдесіне ұсынылды. Ал, қазылар алқасының төрағасы, совет киносының мэтрі Станислав Ростоцкий Шукшин түсірген фильмнің басты кейіпкері рицидивист Егор Проскуринді ұнатпай қарсы болып, бас жүлдеге «В бой идут одни старики» фильмі лайық деп табан тіреп тұрып алды. Сол кезде Леонид Быков қазылар алқасына мынадай мәлімдеме жасады:
«Тізімде Василий Шукшин бірінші болып тұрғанда, мен 100 орында тұрсам да, өзіме соның өзін зор мәртебе деп есептеймін. Менің фильмім соғыс туралы қатардағы фильм, соғыс туралы әлі талай фильм де түсіріле береді. Ал, оның фильмі біз үшін жабық тақырып, қылмыскерлер әлемін көрермендерге әдемі жеткізді. Менің осы сөзімді есепке алыңыздар» деді. Осылайша Шукшин Гран-При, Быков бірінші орынды алды.
Міне, адамгершілігі жоғары Леонид Быков ұшқыш болу арманы орындалмаса да, ұшқыштар туралы үздік фильм түсіріп, екінші рет инфаркт алып, Бас жүлдеге қолы жетіп тұрса да, өзінен өзгені жоғары бағалап жолын берді. Осыдан кейін Шукшин бір жылдан кейін 45 жасында, Быков бес жылдан кейін 50 жасында қайтыс болды.
Ал, бізде ше, қазақтың өнер қайраткерлері сондай қадамға бара ала ма? Ай, қайдам?
1976 жылы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясын жазып бітіріп, орыс тіліне аударылып, 12 рет қайта басылып шығып, тиражы 1,5 млн данамен тарады. Әлемнің 30 тіліне аударылып, 50 рет қайта басылған көрінеді, 2005 жылғы есеп бойынша тиражы 3 млн-ға жеткен.
Міне, осындай ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихын қамтыған алып шығарма І.Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» деген үш кітаптан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы 1980 жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда, әріптестері Москваға арыз жазды. Таққан айыбы «үстем тап өкілдері хан-сұлтандарды дәріптеп, феодалдық құрылысты суреттейді» т.б. Тіпті Москвадағы Лубянка алаңындағы Дзержинский ескерткішінің артында тұрған дәу ғимаратқа да «ұлтшыл» деп арыз жазған көрінеді. Нәтижесінде жұқалтаң «Закон вечности» романымен қатар түскен грузин жазушысы Нодар Думбадзе СССР-дағы ең жоғарғы марапат Лениндік сыйлықты қиналмай алып кетті.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест
Кинодағы кадрлар ашық дереккөзінен алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!