Украинадағы шаруалар көтерілісінің басшысы, қарапайым халықтың көсемі болған Нестор Иванұлы Махно азамат соғысы жылдарында үш рет қызылдар жағына, үш рет ақтар жағына шығып соғысты. Азамат соғысының аласапыранында адамдардың адасуын «Тынық Дон» романында ұлы жазушы М.Шолохов жақсы суреттеген болатын. Шала сауатты, маскүнем мұжық Махно аса дарынды әскери қолбасшы болды. Ол ат арбаға максим пулеметін қондырып, атақты тачанканы ойлап тапты. Махноны академия бітірген патша генералдары да, Қызыл Армияның атақты қолбасшылары М.Фрунзе, Г.Котовский, М.Буденный әскерлері де жеңе алмады. Ол дарынды ақын әрі сазгер болды. Оның сол кездері iығарған:
«Любо, братцы любо,
С нашими атаманом,
Не приходиться тужить» – деген әнін осы күнгі Ресейдің атақты «Любэ» тобының әншісі Н.Расторгуев орындап жүр.
Сонымен Махно кім болған? 1889 жылы Екатеринслав губерниясының Гуляй-Поле селосында дүниеге келген. Он жасында мектептегі оқуын тастап, күнкөріс үшін асханада жұмыс істейді. Күнделікті ұрып-соғуға шыдамаған Нестор ұрған адамға қайнаған төгіп жіберіп қашып кетеді. Әкесі Иван баласын тауып алып, қаладағы типографияға жұмысшы етіп орналастырады. Осы жерде анархист А.Волинның ықпалына түседі, «әрбір адам ешкімге бағынбай еркін өмір сүруі керек» деген анархистік идея көңілінен шығады. А.Волинның ақылымен мұғалімдер курсын бітіргенмен, анархистік көзқарасы үшін оған мұғалім болып бала оқытуына тыйым салынады әрі полиция бақылауында болады. Ауылына «Халық үшін зардап шеккен» деген атақпен келген 16 жастағы Нестор «Жарлы егіншілер одағын» құрып, байларды тонап, тұрған селосы «Гуляй Поле», қазақшасы «Қыдыр Дала» атына сай қылып, еркін өмір сүріп, араққа үйір болады. Ішіп-жеуі таусылғанда қайтадан тонауға барып қарсылық көрсеткендерді аса қатыгездікпен өлтіріп кетіп отырды. Қарамағындағы қарақшылар 17 жастағы Несторды келешекте тарихта қалған аты «Батько Махно» (Махно әкей) деп атай бастады.
Махно 1910 жылы тұтқындалды, дарға асуға үкім шығарылғанмен жасы 21-ге толмағандықтан өмір бойы түрмеге отыруымен алмастырылды. 1917 жылы патша тақтан құлағанда уақытша үкіметтің амнистиясына ілігіп, ауылына келіп «Украинаның Революциялық Көтерілісшілер Армиясын» (РПАУ) құрды. Украинаны неміс және поляк басқыншыларынан азат еткесін оның атағы аңызға айналды. Мыңдаған шаруа «Махно әкейге барамыз» деп әскери бөлімдерін тастап кетті. Аз ғана уақыт ішінде оның армиясының саны 100 мың адамнан асты. Украинаның 2 миллионнан астам халқы бар оңтүстігі Махно Республикасы болып, Гуляй Поле республика астанасы Махноград болып өзгертіліп, әскері «Батько Махно атындағы армия» деп өзгертіліп, айына екі рет «Махношы дауысы» деген газет шығып тұрды. Махноны қызылдар да, ақтар да пайдаланды. 1918 жылы Москваға барған Махно В.И.Ленинмен кездесті. Ленин оны «Заманына сай туған тұлға» деп бағалады. Махно Қызыл Армия жағына үш рет шығып, генералдар Краснов, Деникин, Врангельді талқандауға қатысты. Осы еңбегі бағаланып, №4 Қызыл Ту орденімен және сабы алтындалған қылышпен марапатталды. Тұрақсыз Махнодан құтылмақшы болып келіссөзге қол қоюға шақырғанда майдан қолбасшысы, ұлты молдаван М.Фрунзеге сенбей, «жалаңаяқ сығаннан бәрін күтуге болады» деп, өзінің штаб бастығын жібереді. Махноның қызылдар жағына өтуіне інісі Григорийді ақ офицерінің атып өлтіруі себеп болды. Ақтың офицерлері Махноға тұтқынға түскенше өзін-өзі атып өлтіретін.
Махно тұтқын офицерлерді тізерлеп отырғызып «қырыққабат турау» әдісімен өлтіретін, екі қолын, екі аяғын қылышпен шапқасын қансырап өлетін. Петлюра, Григорьев, Шкуро жағына шығып, қызылдармен соғысуына олардың «әскери коммунизм» саясаты себеп болды, яғни азат етілген аудандарда қызылдар шаруалардың азық-түлігі мен малын күшпен тартып алатын еді. Өмірде Махно аса қатыгез болды, оны әйелдер мен сәбилердің көз жасы да тоқтата алған жоқ.
1943 жылы Алматыда түсірілген «Александр Пархоменко» фильмінде Махноны балдақпен жүргендігін көрсетеді. Ол рас, қылыш сол аяқ сіңірін қиып түсіргендіктен тізесі өмірлік бүгіліп қалды. Алайда, ол атқа мінгенде қылыштасудан оған ешкім тең келмейтін, әр ұрыс сайын 10-15 адамды шауып өлтіретін (2-ші фотода астыңғы жағында қылыштың үлкен ізі бар). 1921 жылы азамат соғысы аяқталғасын Кеңес өкіметі көтерілісші шаруаларға амнистия жариялады. Ұзақ уақыт соғысқан махношылар әбден шаршады, оларды тұтқынға түскен әйелдерден ұйымдастырған притондар да (жын-ойнақ) қызықтырмады. Олар кешірім жасаған Кеңес үкіметіне қаруларын тапсырып беріле бастады. Ешкім жеңе алмаған Махно Армиясы осылайша іштен ыдырады. Әлсіреген Махноға Қызыл Армияның таңдаулы бөлімдері жұмылдырылды. Өзіне сенімді адамдармен қоршауды бұзып, Румынияға өтіп кетті. 1924 жылы әйелі Галина екеуі Францияға келіп тұрақтады. 1934 жылы 45 жасында түрмеде жұқтырған туберкулезден қайтыс болды. Көптеген өлеңін жинақтап эмигрант офицерлер кітап етіп баспадан шығарды. Соңғы бір өлеңінде:
«Қан мен терді төктік біз,
Халықпенен жақын болып,
Бізді жеңді, алайда, тек
Жеңе алған жоқ рухымызды» – деп жеңілмегенін өз өлеңінде де жырлап кетті.
Ашық дерек көзінен алынған суретте: Азамат соғысы кезінде және Францияда түскен.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!