Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұстафа Шоқай Он алтыншы жылда

16.02.2023, 10:00 613

Суретте: Мұстафа ШОҚАЙ Тифлисте бас қосқан мұсылман саяси эмигранттарымен бірге. Отырғандардың сол жақтағы біріншісі – Мұстафа Шоқаев. Жанында – Ахмед Цаликов пен башқұрт ұлттық қозғалысы серкелерінің бірі Шариф Манатов, түрегеп тұрғандар (сол жақтан): Усман Токумбетов, Омар Терегулов, Султан Альдиев (башқұрт қайраткерлері). Тифлис, 1920 ж.

Алайда Түркістан генерал-губернаторы лауазы­мына генерал Куропаткин тағайындалған. «Мартсон астанаға ауысқалы генерал-губернатордың міндетін атқарып отырған генерал Ерофеев жаңа генерал-губернатор Куропаткин қызметіне кіріскенге дейін талай былық жасап үлгерген  еді, – деп, Мұстафа іштей күрсінді, – генерал Куропаткин аз уақытта одан да асып түсті…». Мұстафа генерал Куропаткинмен осында, Питерде сөйлес­кен  болатын. Тағайындалған  лауазымдық мін­детін  атқару үшін Ташкентке аттанарының  алдында  кездескен. Қабылдауына арнайы сұранып кірген. Сонда қарт генерал Бүкілресейлік мұсылман комитетінің түркістандық қызметкерімен түсіністік білдіріп әңгімелесті. Пікірімен келісті. Әскерилердің Түркістанда бейбастақтыққа жол беріп жүргенін мойындады. Өзінің өлкеге бара сала тәртіп орнатпақ, заңды, әділеттілікті үстем етпек ойы барын айтты. Мұстафа оған, уақытында империяның соғыс министрі мәртебесінде де қызмет атқарған байырғы әскери қайраткер Алексей Николаевич Куропаткинге, жасы ұлғайғандықтан да әділетті болуы ықтимал ғой деп сана­ғандықтан, кәдімгідей  сенген  еді…

Солтүстік майдан қолбасшылығынан шақырып алынып, Түркістан өлкесінің гене­рал-губернаторы лауазымына бекітілген жауынгер әскербасы шынымен де либерал тәрізді-тін. Мұсылман комитетінің әм оның түркістандық комиссиясының мүшесі Мұстафа Шоқаев деген азият өзімен сөйлесуге сұранғанда, бас тартпаған. Жас демеді, бұратана демеді, ықыластана  пікірлесті. Және Мұстафаның  ой-пікірімен  келіскен-тін.

– Көтерілістің себептерінің бірі – рас, Түркістан әкімшілігінің өз билігін асыра пайдалануын­да жатыр, – деп мойындаған-ды сонда генерал. – Мен онда барысымен майдан жұмыс­тарына шақыру шарттарын жеңіл­детемін. Озбыр чиновниктерден әкімшілікті толық  тазартамын.

Мұстафа ризашылық білдіріп, генералдың жаңа лауазыммен аттанып бара  жатқан сапарының сәтті, осынау ауыр кезеңдегі жұмы­сының  табысты  болуын  тіледі.  Алайда  Ташкентке шілденің екінші жартысында ғана жеткен генерал ойын тез-ақ өзгертіпті. Көп ұзамай өлкеге Дума делегациясымен өзі де барғанында білді, генерал-губернатор Ташкентте ел басқару ісіне кіріскеннен кейін, артын­ша-ақ:

– Орыс қаны тамған жердің бәрін тәркілеу керек, – деген  ұран  тастапты…

Мұстафа генерал Куропаткиннің Түркіс­тандағы  қызметінің  алғашқы айының «жемі­сі» жайында жазылған «Туркестанские ведомости» газетіндегі сөздерді Керенскиймен бірге оқыды. Онда: «Бүлікшілер тиісті  жазасын алды. Әскерлер мыңдаған киргизді қырып,  мекен­дерін  жойды. Олардың  мыңғырған  малы әскерлер мен әкімшіліктің қарамағына түсті»,  –  делінген-ді…

Делегация өлкенің наразылық оты шарпыған  аймақтарын  аралап, ахуалмен көзбе-көз  танысты. Мол  материал жинады. Сосын астанаға оралды. Көп ұзамай Төртінші Мемлекеттік думаның  каникулға кеткен мүшелері жер-жерден Петроградқа  жинала  бастады.  Кезекті  сессия   ашылар  уақытқа  де­йін  депу­таттар  өз  фракцияларында  бас  қосып, ағымдағы жағдайға байланысты пікір алысып жатты. Осы шақта Шоқаевқа Мұсфракция төрағасы Тевкелевтің атынан ұсыныс түсті. Ол ұсынысты ықыластана қабыл алып, фрак­цияның Ұйымдастыру бюросына Түркістан өкілі ретінде қызметке орналасуға дайындалды. Думаның Бесінші сессиясы жұмысын бастағалы тұрған 1 қарашада түске дейін бас қосқан Мұсылман фракциясы тиісті шешімін шығарды. Мұстафа жазушы, осетин қайраткері,  фракция  Ұйымбюросының  төрағасы  Ахмед  Цаликовпен  алдағы міндеттер ауқымын  анықтап,  іс  жоспарын  жасауға  кірісті…

Көтеріліс негізінен басылып, Дала және Түркістан облыстарынан шақырылған жұмыс­шылар пойызбен батыс майдан жаққа тасымалдана бастаған. Мұстафа Шоқаев сондай пойыздардың Петроград арқылы өтетіндерін тосып алып, жігіттердің хал-жағдайларын сұрастырып  жүрді. Әсіресе  Сәлімгерей  сұлтан Жантөрин сондай бір құрамамен келе жатқан жұмыскер жігіттерге арнап жылқы сойғызып, оларды вокзалда тамақтандыруды ұйымдас­тырғанда, қолдарына азық-түлік салынған бір-бір қапшықтан үлестіріп бергенде, ол осынау құрметті қайраткер ағаның қасынан табылды. Бірге жүріп, елдің тілін бірге сұрастырды. Одан соғыстың қара жұмысына шақырылғандардың арттарынан майдан шебіне де барып қайтты. Ұйымбюродағы досы Зәки Валидов екеуі қорғаныстың қара жұмысын істеп жүрген жігіттердің ішінде болып, тірліктерін тікелей көріп-білді, мұң-мұқтаждықтарын тыңдады, бәрі елдегі ахуалды еске түсірісті. Ал Мұстафа мен Зәкидің батыс майдан жаққа іссапарға шығуына Мемдума мүшесі Александр Керенский жәрдемдескен-тін. Сол себепті, алғы шептегі бұратана жерлестерінің жағдайынан алған әсерлерін оған да айтып келген. Тағы, жер-жерден фракция атына келіп жатқан хат-хабарлар да көп-тін. Осының  бәрін  Мұстафа  ой  қазанында  тебірене қорытып  жүрді.

Керенский мен Тевкелевтің сессия бас­тал­ғалы табанды түрде көтеріп жүргендіктерінің арқасында, Дала және Түркістан өлкелеріндегі көтеріліс мәселесі Думаның пленар­лық  мәжілісінде  талқылауға  шығарылатын болды. Мұсылман фракциясы атынан баяндама жасау Мемдума мүшесі Мәмет-Жүсіп Жафаровқа тапсырылды. Оған қажет мате­риалдар әзірлеп беру – Ұйымбюроға, нақтылап айтқанда, Дума делегациясымен бірге жүріп, оқиғаны зерттеп қайтқан Мұстафа Шоқаевқа жүктелді. Жас жағынан Мұстафадан Мәмет-Жүсіптің аз ғана үлкендігі бар-тын, осы қара шашты, қасы қалың, қараторы, бойшаң жігіт 4-ші Думаға депутат боп Бақы, Елисаветполь және Эриван губерниялары мұсылман­дарынан сайланған екен. Мемдума мүшесі болғалы әрдайым батыл сөздерімен көзге түсіп, көпшілікті риза етіп  келе  жатқан  қайраткер. 

Ана  жылы, Балқан соғысына байланыс­ты, одақтас славян әскерлерінің жеңісі түрткі болып, қала көшелеріне 1913 жылдың 17-18 наурызында көптеген адам шеруге шыққан. Ішінде  студенттер көп болатын. Шеруге қатыс­қандарды  полицияның ұрып-соғып, түрмеге  тыққаны, талайына зорлық-зомбы­лық көрсеткені белгілі еді. Жұртшылықты ашындырған. Сол жағдай артынша-ақ, көңілсіз  оқиғадан  үш-төрт күн өте, Думаның тал­қылауына түскен. Сонда осынау тамаша жігіт, Мемдума мүшесі Мамет-Жүсіп Жафаров үкіметтің Балқан соғысын славяншылдықтың исламмен күресі ретінде уағыздаған саясатын қатаң  сынаған  еді.

Балқан мемлекеттерінің исламмен емес, Түркия мемлекетімен соғысып жатқанын әріптестерінің есіне салған. Бұл соғысты бір діннің екіншісімен қақтығысуы деп қараудың қате екенін Мәмет-Жүсіп Жафаров 4-ші Мемлекет­тік дума мінберінен бар дауыспен айтқан. Мұндай саясаттың Ресейде көрініс табуы­ның бұрыс екенін, өйткені елдегі мұсылмандар мен христиандар арасында өшпенділік туғызатынын ескерткен. Тіпті, өшпенділік іштен тынып жатқан болса, соны өршітуге әкелетінін, сондықтан да оның өте қауіптілігін жария еткен. Шеруге қатысқаны үшін түркі халық­тарының жастарын полицияның әдейі­леп соққыға жығуын қатты сынға алған. Бұл әрекет елде консервативті пиғылдың кең тарауы салдарынан туындап отыр деп әшкерелеген еді. Осындай өжет пікір айтуға қабілетті екенін білгендіктен де, мұсылман фракциясы оған Орыс Азиясындағы көтеріліс бойынша баяндама  жасау міндетін артуды қош көрген-ді.

Мұстафа едәуір еңбектеніп, Мәмет-Жүсіп­тің  баяндамасына қажет болатын мол мате­риал дайындап берді. Сөз жоқ, Түркістан өлкесін Дума делегациясымен бірге аралағанында көрген-білгені өз алдына бір төбе-тін, ол басқа да қилы жолдармен қолға тиген көптеген дерек­терді қолдануға ыңғайлы етіп әзірледі. Жағдайды ауызша да жан-жақты түсіндірді. Сөйтіп, алыс өлкеде болған көтеріліс картинасын Мемдума мүшесінің көз алдына айқын елестете білуіне жақсы жәрдем көрсетті. 

Бұл Мұстафа Шоқаевқа Түркістан өлкесінің өкілі ретінде фракция бюросына қызметке келгелі жүктелген бірінші маңызды тапсырма еді. Тапсырманы ол абыроймен атқарды. Мұстафаның шын ықыласымен көрсеткен көмегінің арқасында, Дума мүшесі Мәмет-Жүсіп Жафаров шалғайдағы қарсылық көтерілісі хақындағы көзқарасын ұштап, небір айтысқа сақадай сай әзір болған. Екеулеп қарастырылған деректерді қорыта келе туындаған талай ащы сыни сөздерді ол өткен қараша айының 27-сі күні әскери комиссияда айтқан болатын. Енді, Думаның отырысында, мәселені жұмсақтау сөздермен, бірақ түпкі мәнін еш төмендетпей жеткізуді  мұрат  еткен.

Бесінші сессия жұмысын бастағалы әлденеше мәрте қозғалған Дала және Түркістан өлкелеріндегі көтеріліс мәселесін қарау үшін, ақыры, Мемдуманың жабық мәжілісі өткізілетін болған-ды. Онда үкіметке депутаттық сұрау салулардың жөн-жобасын қарастыру көзделген-тін. Сөйтіп, ақыры 1916 жылғы 13 желтоқсанда, қыстың қысқа күні әлдеқашан түгесіліп, қала түн құшағына оранғанда, Дума мүшелері Таврия сарайына жиналды. Кешкі сағат тоғыз­ға он шақты минут қалғанда Дума төрағасы Михаил Родзянко жабық өткізілмек отырысты ашық  деп  жариялады.

Алғашқы баяндаманы Керенский жасады. Дума делегациясы «көтерілістен кейінгі Түркістан  өлкесін  аралап жүргенде жергілікті халық­тың  орыс мемлекеттілігіне, елесте ғана бар  әлдеқандай  орыс мемлекет қайраткерлеріне және  Мемлекеттік думаға қандай  көзқарас танытқанын»  тікелей өзде­рінен естіп-білгендерін,  соларды «әріптес­терінің  қаперін­е  салуға  тиіспін»  деп санайтынын  аян  етіп, «өлкеде  халықты  дүрлігуге мәжбүр еткен – өкіметтің орашолақ та ебедей­сіз іс-әрекеті» деген тұжырым жасады және оған бұлтартпас мысалдар келтірді. Ол «барлық жерде жолдас Тевкелевпен бірге» жүріп, тузем­діктердің өздерін қоршағанның баршасына асқан үреймен қарай­тындарын  көргендерін және оған басты себеп – жергілікті  әкімшіліктер  екенін, өйткені  «заң  дегенің орыс чиновнигі үшін – қосалқы бірдеңе ғана» болғандықтан, олардың ойларына келгенін істеп, озбырлығымен, пара­қорлығымен өлкені қанға боялуға душар еткенін әңгімеледі. Болып өткен көтеріліс ойлы азаматтарды жайбарақат қалдырмайды деді ол, сөйтіп шет аймақтарды, атап айтқанда Түркістанды басқарудың жаңа тәртіптерін жасау мәселесін  бар  дауыспен  көтерді.

Керенскийдің  баяндамасына Мұстафа  қатты риза болды. Одан кейін Мұсылман фрак­ция­сы атынан баяндама жасаған Жафаров оны керемет толықтырды деп есептеді. Мәмет-Жүсіп сөзінің басында талқыланып отырған  мәселеге  тікелей  қатысы  бар өлкенің – Дала облыстары мен Түркістан секілді шет аймақтың өкілдері мәжіліс залында жоқ екеніне  назар  аударған-ды.

– Біз бүгін осындай маңызды мәселені сол шалғай жақтың өкілдерінсіз талқыға салып отырмыз.  Бұл қалыптағы жағдай емес, оған бұдан әрі төзуге болмайды! – деп батыл мәлімдеді.

Ол Думада Қазақ және Түркістан өлкелерінен депутаттар сайлау мәселесіне тыйым салған белгілі 1907 жылғы заңнан – «3 маусым төңкерісінен» – бері талай уақыт өтіп, міне, оныншы жылға аяқ басқанмен, жағдайдың өзгер­мей отырғанына қынжылыс білдірді. Өзінің мұны осынау биік мінберден айрықша атап  көрсетуге  тиіс  екенін  аян  етті.

Ол өзінің өте тамаша баяндамасын «жария болған Аса Жоғары әмір Ресейдің шығыс шет аймақтарындағы – Кавказ, Түркістан, Сібір және Дала облыстарында тұратын өзге текті халықтар  өміріндегі тұтас бір дәуірді ашты» деген  байламынан  таратты.  Сол  сөзін:

– Дүниежүзілік ұлы соғыс үдерісіне жүздеген мың бұратана тікелей тартылған болып  шықты, – деп, нақтылауға көшті. – Олар сол кезге дейін жалпымемлекеттік құрылыс­та құқтары шектелген азаматтардың ерекше жағдайында, өзіндік экономикалық салтпен өмір сүріп келген еді. Осы ахуал бұратаналарды жаппай шақыру актіне мейлінше абайлап, ақылға  жүгіне отырып келуге үкіметті мәжбүр етуге  тиіс  еді. Алайда біз іс жүзінде керісінше көріністі  көріп  тұрмыз…

Мәмет-Жүсіп шақырудың Империяның Негізгі Заңдарын бұзатын ретпен жасалғанын және  туземдік халықтың  шаруашылық тіршілігінде ештеңемен ақтауға келмейтін күйзелістер туғызған түрде жүзеге асырылғанын айтты. Өкімет агенттерінің заңдылыққа сыйымсыз әрекеттері жергілікті билік өкілдерінің шексіз озбырлығына ұласқанын көрсетті. Мәселенің заңи жағы тасқа басылып, барша әріптестеріне таратып берілген пікірлес депутаттардың сұрау салуында толық мазмұндалғанын еске салып, баяндамасында заңдардың бұзылуға душар болған түйінді жерлерін атап-атап  көрсетті.

– Бірақ іс қайдағы бір киргиз, сарт, түрік­менге  келгенде, заң талаптарымен  санасу  керек пе? Бұл бұратаналар үшін заң жазылмаған. Билікті асыра пайдалану – орыс билігі ұстанған бұратаналық саясаттың басты принципі, – деп, бар дауыспен, ашына жария етті.

Жүргізілген іс-шаралардың қисынсызды­ғына нақты дәлелдер келтірді. Тек қана жанды шындықты көрмейтін, бюрократиялық кеңселердің жым-жырт тыныштығында рапорт­тар мен өтініштерді азық қылып күн көрген өкімет, ел алдында жауапсыз өкімет, халық күшіне сүйенбейтін өкімет қана осындай ауыр күнәға батады деді ол. Мұндай өкіметтің іс-шараларынан мемлекеттік даналық пен тиімділікті тосу қиын екенін айтты. Түркістан мен Дала облыс­тары секілді екі орасан зор ауданда жүзеге асырылған іс-шаралардың парықсыздығын нақты фактілермен сипаттады. Түркістан өлкесінде Дума делегациясына, атап айтқанда, депутаттар Тевке­лев пен Керенскийге  туземдіктер тарапын­ан  берілген  хаттарды  талдады.

Мәмет-Жүсіптің аса құнды пайымдарға толы баяндамасының мәтіні тап солай түзілуіне өз үлесін қосқан Мұстафа оны әріптес­терінің, уақыт түн ортасына ауып бара жат­қанына қарамастан, тым-тырыс, ықылас қоя тыңда­ғанына  разы  болды.

Мәмет-Жүсіп Жафаров  азиялық  аймақ­тардағы халық қарсылығы айтып жеткізгісіз қатыгездікпен тұншықтырылғанын дәлел­дейтін, Мұстафаның жәрдемімен жинақтап жүйелеген  деректерін  қажетті  пайымдарға қосып,  өте  сенімді  түрде  суреттеген  сөзін:

– Біздің ішкі өміріміздің құлдырауының осынша көңілсіз де аянышты көрінісі – ел ішінде еш бақылаусыз және ештеңеге жа­уап бермей қожайындық жасауға дағдыланған өкімет қызметінің тікелей салдары. Өкінішке қарай, біздің өкіметті  халыққа  әрдайым зорлық көрсетіп, әлсізді езудің тарихи дәстүрлері асырап-өсірген, – деген тұжырыммен қорытты. – Осы өкімет соғыс министрі Шуваловтың аузымен «өзі үшін заң жазылмағанын» айт­қан-тын. Естеріңізге түсіріңіздерші, мырза­лар, Шува­лов соғыс-теңіз комиссиясында: «Мүмкін мен билікте асыра сілтеген де шығармын, егер қажет деп тапсам, бұдан әрі де асыра сілтей берем», – деп мәлімдеген еді. Ойланы­ңыздар, мырзалар! Жоғарғы билік өкілінің заңдылық туралы түсінігі осындай болса, онда оның  жер-жердегі  агенттерінен  не  күтуге  болады?!

Сосын шешен тым-тырыс әріптестеріне жағалай көз салып аз тұрды да, баяндамасының  түйінін  мынандай  сөздермен  аян  етті:

– Дегенмен, ондайларға заңды тұрғыда әділ жазасын беріп, сазайын тартқызар күн туар деп сенгіміз келеді. Сонау кек қайтарылар күні заңдар томы ашылар, сөйтіп, Жазалар туралы заңдардың 311-бабы – билік жүргізуде шектен шығып асыра сілтегені үшін дәулетіне деген барлық құқтарын жойып, айыпкерді тұтқындар бөліміне айдауды көздейтін бабы мұқият оқылар деп ойлаймыз!

Мемдума мүшелері Александр Керенский мен Мамет-Жүсіп Жафаров жасаған баяндамалар бойынша 15 желтоқсанда қызу жарыссөз өтті. Соңында сұрау салу мәтіндері бекітілді. Мұсфракция Ұйымбюросының мүшесі Мұстафа Шоқаев ертеңіне шұғыл жөнелтпе хат әзірлеп, Ахмед Цаликов пен Құтлұмұхамед Тевкелевтен қолдау алды да, олардың Дума кеңсесі арқылы тездетіп соғыс министрлігіне, Дала және Түркістан генерал-губернаторлық­тарына, өзге де тиісті орындарға жіберілуін қадағал­ады. Артынша фракция басшысы Құтлұ­мұхамед Тевкелев тап сол 16 желтоқсанда патша пәрменімен Мемдуманың тағы да каникул­ға  таратылғанын  хабарлады…

Бейбіт  ҚОЙШЫБАЕВ

(Соңы.  басы  өткен  санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: