Территориялық комиссияның қызу пікірсайыс жағдайында өткен пленумынан кейін, 1924 жылғы 20 тамызда, большевиктік орталықтың Түркістандағы оң көздерінің бірі, РК(б)П ОК Орта Азия Бюросының мүшесі И.М.Варейкис Ташкент қалалық партия жиналысында Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы ретінде баяндама жасап: «Кирреспублика жаңаша рәсімделеді, – деп хабарлады, – оған Жетісу, Сырдариядан бірқатар аумақ, Амударияның белгілі бір бөлігі, басқа да жерлер кіреді. Осының бәрі Орынборда өз резиденциясы бар ұлы Кирреспубликаға бөлініп кетеді». Сосын баяндамасының «Кирреспублика туралы» деген тараушасында ол «экономикалық бірлестікпен қамтылатын мемлекеттік единицалар ауқымы жайындағы мәселеге» және сол мәселелерді тиянақтауда көрініс тапқан ой-пікір алауыздықтарына тоқталды. «Сібірмен де, Жетісу облысымен де көрші өмір сүретін Кирреспублика да экономикалық бірлестікке кіруге тиіс деген пікірді жақтайтындар бар. Сонымен бірге Кирреспубликаны Орта Азиямен тіпті де біріктірмеген жөн деген кері пікір жағындағылар да бар, – деді баяндамашы бұл орайда. – Меніңше, бұл мәселенің шешілуін біраз уақыт кейінге қалдыру керек. Себебі, біріншіден, әлі күнге қазақ экономикасының негізгі тартылыс орталығы қайда екенін Кирреспубликаның өзі жеткілікті дәрежеде айқын білмейді. Екіншіден, Кирреспублика – алып территория, бір бөлігі Амударияға тіреледі, Жетісуға кетеді, ал екінші бөлігі Алтай мен Томскіге және тіпті Самараға да жетіп қалады. Сіздер түсінемісіздер, осындай орасан зор территориямен экономикалық бірлестікке бару аса ұқыпты түрде алды-артыңды ойлап, сақтықпен қарауды талап етеді… Сондықтан экономикалық бірлестік алғашқы шақта Өзбек, Түрікмен республикаларын және… – қырғыз бен тәжік автономиялық облыстарын қамтиды».
Орта Азия республикаларының экономикалық бірлестігін Қазақстанды қатыстырмай ұйыстыруға ұйғарған большевиктік шешімді Варейкис осылай аян етті. Одан әрі ол баяндамасының «Орта Азия Федерациясы бола ма?» деген тараушасында өлкеде федеративтік құрылым жасаудың «пісіп-жетілмеген ниет» екенін «дәлелдеді»: «Егер біз федерацияны бүгін құруға болады десек, бұл мәселені түк те түсінбегендік болып шығар еді. Федерацияны бүгін құруға болмайды, өйткені федерация – жекелеген мемлекеттер одағы. Ал ондай мемлекеттер жоқ кезде, біз федерацияны қалай жасамақпыз? Әуелі сол мемлекеттерді құру керек – міне, біз соларды құрып жатырмыз. Жаңа республикалар өз дамуында белгілі бір тарихи кезеңді өткерсін, содан соң олардың өздері-ақ федерация жасау қажеттігіне сөз жоқ келеді. Сол кезде біздің партия, еңбекші бұқараның ерік-жігеріне сүйене отырып, осы идеяны өмірге енгізуге аялдамастан кіріседі». Большевиктер іс-дағдысында, орайы келгенде, қысылмай қолдана беретін қос стандарттың әдеттегі көрінісі осы сөздерден де байқалады: қазан төңкерісі жариялаған Ресей Республикасында – бұрынғы империя аумағында – бірде-бір «мемлекет» болмағанын, жоқ «мемлекеттердің» құрылуына кеңес өкіметі жариялаған халықтар құқтары декларациясы ерік бергенін, сөйтіп барып республиканың федеративтік сипатқа көшкенін орталық билік эмиссары «ұмыт» қалдырды. Түтін түтетіп тұрған Түркістан, Бұхар және Хорезм Республикаларын Орта Азия Федерациясына негіз етіп, Федерация ішінде, экономикалық байланыстарды бұзбай, ұлттық республикаларға межеленудің ұтымды болуы ықтималдығын ол ауызға да алмайды. Және әрине, бұл республикалардың іс жүзінде бар екендігін, яғни үш республиканың үш «жекелеген мемлекет» екендігін жоққа шығарып, «федерация – жекелеген мемлекеттер одағы. Ал ондай мемлекеттер жоқ кезде, біз федерацияны қалай жасамақпыз?» деп аузын құр шөппен сүртеді. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деп халық бекер айтпаған, Мәскеу сенетін қайраткер сөйлегенде, ұлттық отау тігу мүмкіндігі көздерін қарықтырған көпшілік оның сөзіне мүлги ұйыды.
«Тек төркіні белгісіз және халқымыздың желкесіне қалай мініп алғанын да бір Құдайдан басқа ешкім білмейтін Варейкис деген біреу ол кезде «Орта Азия партия комитетінде федерация идеясының тым күшті және үстем ағымға айналғанын» мойындаған еді» деп жазды М.Шоқай Еуропада шығарып тұрған «Яш Түркістан» журналында 1931 жылы. Түркістан тұтастығының бірегей намыс жыртушысы эмигрант Шоқаев өзінің талдауларында большевиктердің астарлы, жәдігөй саясатын іске асыру мақсатымен, әдетте бастарына құдайдай көтеретін Карл Маркс ілімінің өзін аяқ-асты етіп жүре беретін екіжүзділіктеріне нұсқады: «Осы бір жауапты қызметтегі кеңес әкімінің мойындауларын біз ешқашан есімізден шығармауымыз керек. Бұл мойындау большевиктер Түркістанда өздерінің саяси мақсаттарын жүзеге асыру үшін Маркстің: «Әрбір саяси және әлеуметтік мәселелер экономикалық негізге құрылуы тиіс» деген теориялық тұжырымын ілікке алмай отырғанын көрсетеді. Демек, большевиктер Түркістанда біржола орнығып қалу үшін марксизмнің аяғын аспаннан келтірді».
Ташкент қаласы коммунистері алдында негізгі тұжырымдарын бір сынақтан өткізіп алған И.М.Варейкис араға айға жуық уақыт салып, 1924 жылғы 14 қыркүйекте, Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті және ТКП Тексеру комиссиясының біріккен пленумында Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік жіктеу туралы баяндама жасады. Баяндамада Территориялық комиссия жүргізген қызу пікірталастарға толы жұмыстар қорытындыланды.
Межелеу жұмыстарының қорытындысы қызу айтыс-тартыспен өріле отырып шығарылды. Және оны әділ болды деп айту қиын. Пікір таластырушылардың өзімшілдігі, әділетке жығылмауы, ортақ мүдде жолы емес, өрісі тар ұлтшылдық соқпаққа түсуі, айналып келгенде, өз еріктерімен-ақ, байырғы «бөлшектеп билеушілер» жеміне айналмағы көзге ұрды. Осы ретте РК(б)П ОК ОАБ Теркомындағы талқылаулар кезінде болған пікірсайыстардың тәжік зерттеушісі Н.Табаров жұмысында келтірген мына бір парасы танымды да тағылымды… Терком төрағасы, Средазбюро төрағасының орынбасары О.Карклин межелеу мәселесін талқылаған екінші отырысты ашып тұрып, «Түрікмен және Өзбек республикаларын құру мәселесінің неғұрлым анық та айқын» екенін, ал «Қазақ және Хорезм республикалары жайында әлі де пікірталасты жалғастыруға тура келетінін» айтты. Алайда нақты пікірсайыс ауқымы төраға сызып беруге тырысқан шеңберден тез-ақ асып кетті. Түркреспублика ХКК төрағасы Рустам Исламов түрікмендермен шекара жөнінде келісе алатындарын, мәселенің онда емес, «қазақ жолдастардың жобасындағы алауыздықта» тұрғанын тілге тиек етті. «Біз – өзбектер мен түрікмендер – тәуелсіз республикаларымызды құру туралы айтудамыз, – деді ол одан әрі, – ал қазақ подкомиссиясы қазіргі республикаларға қосылып федерация құруды айтады, бұл, әрине, ағарту, сот ісі, т.с.с. салаларға кең өріс ашқаннан өзге ештеңе бермейді. Бірақ ұлттық мүддені қорғау негізіндегі дау-дамайдан біз арылмаймыз, олар қала беретін болады. Міне, сондықтан да біз былай ойлаймыз: өзбек тұрғындары басым тәуелсіз Өзбек республикасын, түрікмен тұрғындары басым тәуелсіз Түрікмен республикасын құру жобасына тоқтау керек…».
ТүркОАК төрағасының орынбасары, Средазбюро мүшесі Сұлтанбек Қожанов оның пікірімен, және, жалпы алғанда барша тар да саяз ұлттық шеңбермен шектелген ұсақ ұлтшылдық көзқараспен келіспейтінін былай мәлімдеді: «Мұнда тек қазақ, яки өзбек көзқарасы емес, кеңестік, мемлекеттік көзқарас болуға керек… Сөз – не мынаның, не ананың ұлттың тоғышарлық игілікке бөленуі жайында емес, мемлекеттік тұрғыдан қойылуға тиіс. Жолдастар мынаны түсіну керек: бізге бірден жік айырудың ыңғайы келмейді, бұл істегі дау-дамай әлі талай мәрте өрт боп тұтанады. Бұл – өте өткір мәселе, мұнда суайттық алдап соғу тәсіліне баруға болмайды… Мен тағы да мына ойды баса айтқым келеді: біз қаншама арамызды жарып межеленсек те, Орта Азиядағы экономикалық бірліктен ат-тонымызды ала қашып кете алмаймыз. Тәуелсіздік – жақсы нәрсе, бірақ ол басқалар үшін де аңсаулы болуға тиіс, әсіресе іс жүзінде тәуелсіз еместерге; ал іс жүзінде тәуелсіздер үшін, билеп отырғандар үшін тәуелділік дегеніңіз – қаңқ еткен бос дыбыс. Егер біз ұлттық межелеу мен әр ұлттың мүддесі жайлы айтып отырған болсақ, онда бұл тәуелсіздіктің – экономикалық жағынан онсыз да тәуелсіз өзбектерге қымбат екенін ғана айтпауымыз керек, оның экономикалық тұрғыда өзгелерге тәуелді республикаларға да қымбаттығын ойлауға тиіспіз… Егер өзбек тезисі тек өзбектер, түрікмен тезисі тек түрікмендер туралы ғана сөйлейтін болса, онда бұл кеңестік көзқарас емес».
Өзімсінген ой-өріспен ғана шектелетін ұлтшылдықты С.Қожанов осылай, сонау тізгіндеулі де басқарулы, бағдарланған ұлтшылдықты тұтандырушының өзін, яғни түркі ұлыстарының жеке-жеке тайпашылдық сезімін астыртын қытықтау арқылы, өз уысында ойнататын ұлтшылдықты туғызып отырған кеңес өкіметін арқа тұта отырып мінеді. «Біз түрікмендер мен өзбектерден гөрі кеңпейілдірекпіз, – деп сабақтады ол сыншыл сөзін. – Кеңпейілдігіміздің нақты көрінісі сол, Ферғана облысында бес қазақ болысын, Маргеланда – екі, Қоқанда – екі, Наманганда екі қазақ болысын қалдырып отырмыз. Біз ұлттық азшылықтың болуын жоққа шығармаймыз. Оның үстіне, Әмудария облысын Хорезм облысына қосу қажеттігін айтудамыз…. Мына қала – менікі, ана арық та – менікі, ал сен табыныңды әйтеуір бір жерде жайып баға бер дейтін көзқараспен келісуге болмайды ғой…».
С.Қожанов Ортаазиялық Федерация құруды ғана болашағы бар іс деді. Алайда Түркатком төрағасының орынбасары Абдулло Рахимбаев оның ұсынысына түбегейлі қарсы шықты: «Өзбек және Түрікмен тәуелсіз республикаларын ұйымдастыру – …Орта Азия ұлыстарын дамытудағы алға басқан бір қадам. Ал федерация құру, бұл – түркістандық өсекті күллі Орта Азияға сонау Сібірге дейін жаю деген сөз».
Төрағалық етуші О.Карклин дауысқа екі ұсынысты қойды: «Бірінші – өмір сүріп тұрған Орта Азия республикалары – Түркреспублика, Бұхара және Хорезм республикалары масштабында федерациясыз межелеп-жіктеуді жүргізу. Екінші ұсыныс: Орта Азия республикалары мен Қазақ республикасынан Орта Азия федерациясын құру». Басым дауыспен алғашқы ұсыныс өтті. «Біз аппеляция беру хұқын құзырымызда қалдырамыз» деді С.Қожанов. Ол өз уәжінің дұрыстығына сенімді-тін. Алайда, науқан соңында, халық айтатындай, хақы молдың айтқаны ғана хақ болмағы тағы да расталды.
Бұл жайт Ташкент жөнінде де қайталанды. «Жолдастар 1920 жылғы деректер бойынша өзбектердің Ташкент үйезіндегі мөлшері қазақтар мен өзге ұлттардан едәуір көп дегенді дәлелдегісі келеді, ал бұл шындыққа мүлдем жанаспайды» дей келе, С.Қожанов терком мүшелерінің тарихи парызын түйсінуіне үміт артқан. Егер осынау саяси қайраткерлер басқа ұлттардың да аздап та болса жағдайластырылуын жаны ашып ойлар болса, онда Ташкентті Қазақ республикасының астанасы етулері қажет екенін мейлінше екпін қоя айтқан-тын. Ол: «Ташкентке Түркістан қазақтарының орталығын жинақтау керек» деген де ұсыныс білдірді. Сонда оның ойы Түркатком төрағасы Нәдірбай Айтақов тарапынан қолдау тапты: «Қалаларға ұлттық нышан таңуға болмайды. Хорезмде түрікмендер тұратын бірде-бір қала жоқ. Олар қалалардың сырт жақтарында өмір сүреді. Сондықтан мен қалалар оны қоршап жатқан халыққа тиесілі деп санауды ұсынамын» деді ол. Бұлардың көзқарасын Бұхара Республикасының қайраткері, Түркістан Республикасы ХКК-нің бұрынғы төрағасы Қайғысыз Атабаев тереңдете түсті: «Ташкент туралы айтудан бұрын, қала – рынок ретінде, экономорталық ретінде, – іс жүзінде кімге тән еді, өзбектерге ме, қазақтарға ма, – соны негіздеп алу керек, – деді ол айтыстың астарын ақтарып. – Міне, мәселе қайда? Егер тарихқа тереңдер болсақ – онда Ташкенттің өзбек орталығы болмағанын көреміз…»
Алайда тарихи дәйекпен санасуға бармай, А.Рахимбаев: «Ташкент қаласы өзбектердің мәдени орталығы болып табылады» деп нығарлайды. Оның жағындағылар пікірлерін дәлелдеуге – большевиктік тәсілмен бұрмаланған есеп-қисапты қолданады. Сонда Қожанов: «Егер тек Ташкент үйезін алсақ, қазақтар мұнда – 45,8%, ал өзбектер – 28%, бірақ оған ескі қаланы қосқанда – екеуі теңеседі де, содан пайыздардағы шатастырулар басталады, – деді. – Иелікті анықтағанда, мәселені Ташкент қаласының тұрғындарынан бастамау керек, ал Исламов жолдас осы цифрларды құбылтамын деп, олардың ішіне күллі ескі қала тұрғындары кіріп кеткенін байқамаған». Оған Р.Исламов басқа мәліметтермен жауап қатты: «Мен ресми деректер бойынша анықтама беремін: мұнда, қышлақтарда – отырықшы тузем халқы – 96 мың ер, 86 мың әйел, бұлар – өзбектер, ал қазақтар: ерлер – 89 мың, әйелдер – 84 мың. Бұл – ЦСУ деректері. Егер қаланы алсақ, басым көпшілігі – өзбектер, ал қазақтардан бар болғаны – 82 мың ер, 76 мың әйел боп тұр». Осындай анықтамалармен алмасудан кейін Средазбюро Теркомының төрағасы О.Карклин «Ташкент қазақ бірлестігіне кірсін деген Қожанов жолдастың» және «Ташкент өзбек бірлестігіне кірсін деген Исламов жолдастың» ұсыныстарын дауысқа салды. Тағы да тарұлтшылдық ұсыныс қабылданды. Әйтсе де, Терком материалдарын қараған РК(б)П ОК ОАБ мәжілісіндегі қазақ коммунистерінің табандылығы нәтижесінде, мәселе Мәскеу құзырына қалдырылды.
Маңдайлары жарға соғыла берсе де, ТКП Орталық Комитеті құрамындағы С.Қожанов бастаған белсенді азаматтар қазақтың ұлттық-мемлекеттік мүддесі жолында үлкенді-кішілі билік буындарындағы жарты жылдай уақытқа созылған ой-пікір қақтығыстарынан тартынған жоқ. С.Қожановтың Ташкентті Қазақ Республикасына қосу талабы да, Орта Азия экономикалық бірлестігі мен Орта Азия Федерациясын құру жайындағы ұсыныстары да қабылданбады. Осы орайда – федерация жайында жоғарыдан қорытылған ойды бекем ұстанған РК(б)П ОК ОАБ көзқарасын білдіре келе, И.Варейкистің: «Қазір бәрі де бірігу емес, жіктеліп бөліну жағында» дегеніне назар аударған жөн. Бұл сөздер РКП Орталық Комитетінің Түркістанда істеген сенімді өкілдері жұмысының жемісті нәтижесін байқатады. Бұған большевизм отаршылдығы ұлт коммунистерінің ұлтшылдық сезімдерін ОАБ (Средазбюро) атты саусақтарымен қытықтап жіберу арқылы қол жеткізген. Өз тізгініндегі белсенділер көкірегіне «бірігу емес, жіктеліп бөліну» ниетін сөйтіп жаппай ұялатқан болатын.
Түркістан партия органдарының аталған бірлескен пленумында қаралып болғаннан кейін, мәселе кеңестік ретпен бекітілуге ұсынылды. 1924 жылғы 16 қыркүйекте Түркаткомның 3-ші Төтенше сессиясы Түркістан Кеңестік Социалистік Республикасын ұлттық-мемлекеттік межелерге бөлу жөнінде қаулы алды. Қаулының қазаққа қатысты тармағында мынандай сөздер жазылған: «Қазақ халқының жұмысшы және диқан бұқарасы білдірген жалпыға ортақ ерік-жігерін жүзеге асыру үшін, қазақ халқына – ТАКСР қазақ облыстарының Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасымен бірігуі мақсатында – ТАКСР құрамынан шығуға құқық берілсін». Сұлтанбек Қожанұлы осы шешімнен қазақтар үшін оң сипат табуға тырысып, Төтенше сессияда сөйлеген сөзінде: «Ыдыраған Түркістанның екі облысын (Жетісу мен Сырдария облыстарын – Б.Қ.) Қазреспубликаға қосу – Қазақ Ұлттық Республикасын рәсімдеудің басы болады» деп мәлімдеді…
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
(Соңы. Басы өткен санда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!