Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Мен де шықтым соғысқа, Бекерден-бекер жатам ба?!»

09.05.2020, 7:01 824

(Майданнан келген хат)

HALYQLINE.KZ –| 1942 жыл. Ен дала халқын сұмдық күйге түсірген сұрапыл соғыстың өрши түскен сәті. Немістермен өзара шайқаста туған жердің топырағын қорғау үшін елдегі барлық ер-азаматтарды қан майданға алып кетті. Бұған дейін бала-шағаларын еркелетіп мінгізетін қос иығына қару асынып, жауына қарсы тұрған ер-азаматтарын ойлаған ел-жұрттың есі шыққандай. Елеңдеумен өткізген қаншама күндер ішінде соғыстың «сахнасы» түстеріне де жиі енуші еді. Осындай астан-кестен айтпай келген шақырту Шиелі ауданы, қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы ауылға да келіп жетті. Бұл қоныстың жалпы бірнеше атауы бар. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында кеңестік билік құрылып, ұжымдастыру мәселесі қолға алынған тұста халықтың несібесі мол, ырзығы ырысты, қонысы құтты болатын өлке боларына сеніп, «Қызылдиқан» аталып кеткен. Мұны қазіргі кездің өзінде көнекөз қариялардың аузынан естуге болады. Бұл ауылды «Телікөл» деп те атайды. Ал қазір Сыр бойының тума ақыны Әбділда Тәжібаевтың атымен аталатын осы ауыл тұрғындарының бірлігі әлі бекем.

Сонау тарихтың тарау-тарау парақтарынан Ұлы Отан соғысы кезінде халықты қажытып, елді әбігерге салып, әлеуметтің төмендеп, экономиканың құлдыраған жылдары ретінде көреміз. Рас, санада сұм соғыстың сұмдық бейнелері сақталып та, жатталып та қалды. Соғысқа аттанған азаматтардың амандығын тілеп ауылда қалған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін таңнан қара кеш қоюланып батқанша тырбанып жұмыс жасайтын. Өкініші мен қайғысы сол – елге келген қара қағаздың ішіндегі қазаны оқу еді. Ойын балаларына да балалық шақтың қызығын көрсетпей, ерте есейткен кездер еді – бұл.

Дала сахнасын оқпен ораған ел басына күн туған сол бір шақтарда Қызылдиқан ауылынан Қоңырбай, Үдербай және Түлкібай Сапаровтар да екінші дүниежүзілік соғысқа бір мезетте аттанған. Жұрт дегенде жұмылып, ел дегенде егіліп тұрған азаматтардың амандық-саулығын тілеген ағайын-туыс, ауыл адамдары дегенмен өздерінің жігерлерін жасытпады. Өздері сол сұрапыл сұмдық жайлаған төскейдегі соғысқа бара алмаса да, ауылдың еңбекші халқы іштей тілекші болып, рухани күш сыйлап отырды. Елде қалған бала да, шал да, қыз да, әйел де тынымсыз еңбек етіп, қара жұмыспен айналысты. Ел қаннен-қаперсіз еңбек етіп, маңдайынан тер төгіп жүрген сәтте Омархан деген басқарма бастығы «Үдекеңнен хат келді!» деп сүйіншілей жүгіріпті. Қолдарындағы құрал-саймандарын қоя сала жүгірген жұрт «оқып бер» деп шулапты. Қазір мен оқысам, сіздер жылайсыздар деп әрі-бері бас тартқанымен, қаумалаған халық қолқа салып, ақыры оқытыпты. Расымен де елге деген сағынышын, туған-туыстарының амандығын, өзінің халін, жүрек сырын, көңіл хошын жазған сағынышқа толы хатты оқыған соң барлығы еріксіз көздеріне жас алыпты.

Қан майданда жаумен қақтығысып жүрген Үдербай Сапаровтан 1943 жылы тағы хат келді. Ауыл халқының жағдайын, жақындарының халін сұраған сағынышқа толы хат өлең жолдарымен өрілген. «Ұлтарақтай болса да, Ата қоныс жер қымбат. Ат төбеліндей болса да, Туып өскен ел қымбат» демекші туған өлкеге деген сағынышын, өзінің отансүйгіштігін жазған шумақтар ұрпаққа аманат болып әлі күнге сақталып келеді.

Аттандық ұлы сапарға,

Әскер боп кіріп қатарға.

Мен де шықтым соғысқа,

Бекерден-бекер жатам ба?!

Ақыр түбі қайыр боп,

Бейбіт күн таңы атар да.

Аман бол, халқым, жасыма,

Келгенше қайтып Отанға.

Мақамбет Сізбен қосылып,

Дәм-тұзды бірге татам ба?!

Әлі ағай мен Әбжаппар,

Жолдас едің қатарда.

Қағазбен сәлем беремін,

Пірімбет пен Мақанға.

Ұмытып сені, Әбдірей,

Жолдастықты сатам ба?!

Құдайберген қарағым,

Халқыңа жаман атанба.

Дұғай сәлем жолдаймын,

Қарт, қария атайға.

Ақ қағазбен сәлем беремін,

Ақ сүтін берген анама.

Раушан менен сәлем айт,

Тілеубек менің ботама.

Қайта айналып келгенше,

Еге бол, қалқам, Отанға!, – деп өрілген өлең жолдарынан Ұлы дала ұрысында өлім мен өмір арасында жүрсе де, кіндік қаны тамған, топырағына аунап, табанын тілімдеген ыстық құмын аңсап, ет жақындарын сағынғанын аңғаруға болады.

Қос қаруын бірге ұстаған, яки қаламы мен қаруын қатар асынған Үдербай Сапаров еліне жақын ер десек болғандай. Бауырмалдық қасиетін бір бөлек алғанда ол кісінің кеңпейілдігі, қамқорлығы да туа бітті табиғатына жарасқандай. Ауыл халқы Құдай қарасқан кісі деп әркез төрден орын сайлап, сыйлайтын. Біреудің алажібін аттамайтын, ешкімге алабөтен көзқарас танытпайтын жанға расында Алланың ықыласы түсіп, сұрапыл соғыстан аман-есен елге де оралды.

Естелік соғыс ардагерінің жақындарынан алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: