Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көзден өшіп, көңілде кеткен суреттер

30.08.2023, 10:00 243

Сайлаубай   ЖҰБАТЫРҰЛЫ

ҚАРҚАРА   ҚОНҒАН  БІР  АҢЫЗ

1990 жылдың 1 мамыры, толысқан көктемнің уағы болса да, мезгілі өтіңкіреп бара жатқан, сол кездері жөн-жоба, жай-жапсары көпшілікке әлі де мәлімсіздеу Наурыз мейрамы туралы танымдық-тәжірибелік фильм түсіру мақсатында, «Қазақфильм» киностудиясының бір түсіру тобы Алматыдан облыстың оңтүстік-шығыс аудандарына қарай талапты жолға шықты. Болашақ жұмыстың редакторы ретінде сол топта мен де бар едім.

Дәл сол күні Алматыдағы Киногерлер Үйінде, кеше ғана бақилық болған ардақты аға, қазақ театр, кино өнерінің саңлағы Нұрмұхан Жантөриннің жаназасы шығарылып жатты. Жолдан кідірістеп, абзал ағамызды бақилық жайына аттандырып салу сәтінде, табытының бір бұрышын көтеріп, ақырғы қызметіне қатыса алғаныма шүкіршілік айттым…

Тобымызда сол кездегі киностудия директоры Ісләмбек Тәуекелов, режиссер Серік Жармұхамедов және де басқа жігіттер бар… Жетісудың тауларын аса, суларын аса діттеген жеріміз – тұмса табиғатты Алматы облысының шығыс аймақтары Кеген, Нарынқол аудандары. Жолға шықтық. Тау қойнауларының бір тұстарына көктем лебі дендеп жетсе, енді бір тұсында әлі сүрі қар тұтасып, қыстың табы қайта қоймаған жағдай бар екен. Наурыз табиғатын іздеген біздер үшін шығармашылық мақсатқа қолайлы сәттер мінезі әрқалай таулы өлкеде баршылық екені байқалды. Көкпек жазығы, Шарын шатқалдары, Жалаңаш-Суықтөбе тауларының нешеме мен деген жерлері біздің объектив назарынан қағас қалмай, қамтылып келе жатты.

Кеген жерінен өтіп, Нарынқол ауданына іліккен сәт, аудан парткомының бірінші хатшысы ел шеті, Қайнар ауылында бізді күтіп алды. Киногерлерді сыйлағаны да шығар, бірақ ол бастықтың тағы бір тосындау уайымы бізге мәлім болды: біз тақымға басқан, анығында, кино түсіру құралы ғана боп саналатын «Чайка» автокөлігімен аудан орталығы Нарынқол селосына кіруге болмайды. Шекараның ар жағынан қас қақпай бергі бетті бағып отырған Қытай көрші мұндай «правительственный» машинаны көрді дегенше, шекараға «үкімет адамдары» келдіге санап, дүрлігу көтереді, тіпті, соғыс дабылын қағуы да ғажап іс емес… Сондай бір шіреу саясаттың кезі еді ғой ол уақыт…

Қайнар ауылы тұсынан еңсе көтерген Хантәңірі менмұндалады. Тауларымыздың тау патшасы сол жерде бар салтанатымен көзге ұрып тұр екен. Сол жерде кәделі көлігімізді қалдырдық.

Текес алабындағы шаруаларымызды тамамдап, Кегенге қайттық. Сарыжаз, Тасаши ауылдары үстімен түскен қасқа жол… Теріскей бет шыңдарының бедерінде бүркіттер өрнек сызған, Мұқағали ақынның Қарасаз ауылы бірбүйірлеу қалып бара жатты… Көз тоймастай керемет табиғат еді…

Кегеннен оңтүстік-шығыс бетте, Тасаши ауылымен екі арада, Басқарқара баурайының жазаңға ұласқан бір тұсынан сарғыш алтын түстеніп, өзгеше бір алап көрінді. Сол «алтын» алапты жақынырақ келіп байқағанда, ол бір бөлек құм болып шықты. Кәдімгі, шекердей сусыған ыспа құм. Тау болмысына мүлдем қиыспайтын жағдай! Бәдені қож-қож қара тастардан көтерілген сеңгір таулардың құрсау-төрінде «шалжиып» жатқан мына атау-құмның табиғаты қызық еді. Бұл қисынсыз табиғаттың сыры неде екен?

Шөладыр. Бөлек құмның аты солай аталады. Құмның кіреберіс «босағасында» мал қамымен отырған бір бөлек ауыл байқалды. Бұл малшы қауым – аты республика асып, сол кездегі Одаққа белгілі дерлік шопан, 100 саулықтан 150-ден төл өрбіткен Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы майталманы Жолсейіт Молдасановтың шаруашылығы болып шықты.

Дарқан көңіл, шаруажай ағамыз бізді ықыласпен қарсы алып, кәделеп қонақ қылды. Сол кезде алпыстар шамасындағы, нағыз малсейіс дала қазағының өзі екен бұл кісі. Сөз арасында Жолекең әлгі құмның төңіректегі таудың тұнып тұрған шүйгін шалғынынан ерек құнарлы өрісі туралы, осы, бір бөлек құм алабының малға жайлы да жұғымды бір қасиеті туралы, сондай берекелі жерді өз шаруашылығына ат басы алтындай етіп қалап алғаны туралы әңгіме тарқатып отырды… Бетінің жауыны мен астының ылғалы жетімді болса, қай-қай жерден де құмның шөбі шүйгінді, өсімдігінің құрамы алуан түрлі, қорегі құнарлы болып келетінін, мына Арал құмдары арасынан шыққан мен жақсы білетін едім. Сол іспетті табиғат сол Жетісу өңіріндегі берекелі Мойынқұмда, Саресікатырау құмдарында да бар.

Кеңқолтық қазақ сыйластығы… Сол күні қонақжай шаңырақ, мол жайылған дастарқан басында әзіл-оспақ әңгіме де көп болды. Бірен-сараны есімде қалыпты: «Үлкен қаланың базарынан қайтқан бір албан ауылының ерлері жолдың бір тұсында, таудың қарсы қабағындағы ауыл төбесі көрінгесін, еруге тоқтап, алманың бір түрі екен деп базардан сатып алған бір қап жуаның аузын ашып, дәмін көрейік деп, пашыр-пұшыр шайнай бастаған ғой. Сонан ащы жуадан көздерінен парлап жас кеткен. «Апыр-ай, ауылдың төбесін көріп отырып, осыншама жыладық, ел-жұрт аман болса игі еді?» деп уайым кешіпті сол жерде әлгі ерлер… «Үлкен Шілмәмбет бүйтіп жатқанда, кіші Шілмәмбет не оңып жатыр дейсің» деген жатыпатар сөз де алғаш сол тұстардан құлағымда кетті…

Дегенмен, өзгелеу әңгімені Жолсейіт аға бір толаста айтты.

– …Жан-жақтың бәрі қамалдай қоршаған тау-тас, мына тоқымдай бөлек құм мұнда қалай пайда болған? – деген менің «қолайсыздау» сұрағыма Жөкең тым ынталылық танытты.

– Мұны дұрыс байқадың, інім! Бұл сұрақ осы жердің адамы мені де, басқаларымызды да ауық-ауық ойландыратын, бірақ осының бір тұщымды жауабы табылған емес. Сонан, «е, Құдайдың бөлекше жаратқан бір дүниесі болар» деген ойда, қаперсіз жүріп жататынбыз. Әлгінде айттым ғой, шөбі құнарлы, төскейі малға жайлы біздің шаруашылыққа бір сәтімен бұйырған жер болды деп. Байқап қарасаң, жақын маңайда екінші мұндай құм бедерлі жер жоқ. Бұл жерге ең жақын деген Сарыесікатыраудың құмы жүздеген шақырым алыста, бітеу таулардың арғы бетінде, Балқаш жақта жатыр…

Бір кездері осында бір саңырау шал келгіштеп жүрді. Алматыдан. Өзі үлкен ғұлама адам дейтін… Сол осы маңдарға, әсіресе, мына құмға көп айналшықтап, әр жерін түртпектеп қарап жүретін. Бір келгенінде, «бұл маңға бейім жатқан Мойынқұм, Саресік құм, сосын, сонау беттегі Қытайдың Такламакан деген шөлі тағы бар – мына құмның шығу тегі сол шөлдердің бірінен болуы мүмкін» деген жорамал айтты. Сонан, тағы бір келгенінде, ол кісі тіпті қызық әңгіменің шетін шығарды: «Бұл құмның астында бір атақты ханның нақсүйерінің ордасы (ставка) жатыр, – деді ол кісі. Әлгі ханның да, ханымның  да аттарын сол ғұлама  айтқан  сияқты  еді, бірақ солары бүгінде есімде  қалмапты. –  Ханымның  бұл  жердегі  отау-ордасы  кәдімгі  қала  болған. Бір күні сол орданы әлдеқайдан келген қара құйын басып, адамын да, басқасын да бір сәтте құммен көміп, тып-типыл етіп кеткен. Әлгі құйын бұл құмды мына іргедегі Қытай жерінде бар, бірақ бұл жерден недәуір шалғайда жатқан Гоби деген шөлден көтеріп әкелген. Сол құйын еш жерге төгіп-шашпастан, сондай үйірме құмды осында алып жетіп, дәл ханым ордасының үстінен басқан. Бұл құмның құрамы сол Гоби шөлінікі, ол басқа еш нұсқаға келмейді. Ал енді, сол құйынның тым алыста жатқан шөлдің құмын үйіріп көтеріп, мыңдаған шақырым жер асып, тау арасындағы ноқаттай ғана бір қаланы келіп дөп басуын мен еш жағдаймен түсіндіріп бере алмаймын…» деді әлгі ақсақал.

Ғалым адам осындай гәп айтты.

Жақынырақ таныса келе білдім, ғұламаның аты «Әлкей» екен…

Иә, атақты шопанның мал жайлаған өрісіне кеп, «шұқынықтап жүретін саңырау шал» (шопанның өз сөзі) әйгілі Әлкей Марғұлан болып шықты.

– …Бұл құмның мінезі қызық. Түн уағында, кейде, жер астынан күңгірлеген бір үндер құлаққа жеткендей болады. Біреулер осыны аруақтар мысалына саяды. Мені білерде, ол көшкен құмның әсерінен шығатын дауыс болса керек. Кей-кейде, әр жері шұңқырланып, төмен шөгіп, ойысып кететіні де бар. Бір-жар мал-қара да мәлімсіз жағдайда жоғалып тұрады…

Әйгілі шопан өзі жайлаған Кеген маңындағы бір бөлек құм туралы осындай қызық әңгіме айтты. Өкінішке қарай, мен бұл әңгіменің жалғасын ары өрістете алмадым, 90-жылдар басында, ел-жер мәселелерімен Алматыдан Арал жаққа ұзап кеттім де, бұл мәселеден мүлдем хабар үздім. Онан кейін сол жайттың жалғасы болды ма, болса ол қалай шықты, мұнан әлі күнге шейін хабарым жоқ.

Қарқара десе, Қарқара ғой шіркін! Мәлім әнде айтылатын бейнелі сөзбен «Жер жаннаты Жетісу» деген ойды қайталасақ, Қарқара соның да балдағына қондырылған жасыл жақұт десе болғандай-ау!

Тау бөктерінің шүйгін шөбі. Бойым 1,8 метр мен сол шалғынды кешемін деп, әлгі шөптің биіктігі сондай, таудың қарлы ұшарынан басқа дүние-төңіректі көре алмай қалдым. Тіпті адасуға қарадым. Бұл авантюрадан мүлдем айдалаға маңып кетуім де мүмкін еді, жолдастардың айғайымен ашыққа әзер шыға алдым. Далалықтың шалғын шөбі тізе қағып, ары кеткенде, белуардан келер еді, мына кәдімгі, мал аузынан қалмайтын тау өрісінің шөбі, бейнелеп айтқанда, «гулливер» шалғыны дегенді ойыма салды.

Таулар мінезі қызық: шатқал-сайдың арғы бетінде, қол созымдайда ғана бақырайып көрініп тұрған ауылға бір күн жүріп жете алмауың мүкін. Сай табаны өткізбейді, ал оның басын айнала түскен жол – нағыз айшылық алыстың өзі болуы мүмкін… Мен бұл жайттан дала қазағы ретінде бір ой түйдім: «Тау табиғаты дала адамын алдайды, дала табиғаты тау адамын қорқытады!». Неге? Түсіндірейін: тау мінезін жете білмейтін дала адамы қол созым – көз алдында тұрған жерге қазір жетемін деп, тіке тартып кетсе, екі ортадағы сай-шатқал табанынан шыға алмай, «қысқа жолдың нағыз ұзынына» тап болуы мүмкін. Сол тереңнен өте алмай қалуың да ғажап іс емес. Тау мінезін білмейтін адамға таудың «алдауы» деген сол… Ал кең жазық маң дала жөні басқашалау. Әлгі айтқанға мүлдем кереғар. Далада сағым көтеріп, тым алыста тұрғандай боп бұлдыраң қағатын бедерлер бір әудем жерде ғана тұрған нысан болуы мүмкін. Сағым ойыны адамды торықтырады, әлдебір шарасыздық сезіміне салады. Оны жеңе алсаң, «көрінген таудың алысы жоқ» болады да шығады. Даланың «қорқытуы» сол. Әрине, бәрі де сырын білмеске солай…

Жалпы, Қарқара алабы адамды тәнті етер ерекшеліктер жері десе болғандай ғой. Бұл аумақтағы тосын табиғатты Шөладыр құмынан басқа, сәл өрлеуіттеу Қарқара бөктерінде өмірі еріместей сеңгір мұз секілді тұтаса тұрған тас тұз бар. Түрі баяғы әжелеріміз қатты қадірлейтін көгілдір түсті бас қантқа ұқсайды. Ғасырлар бойы сол тұз-сеңгір бітімін мұздай етіп, тастай қатырып, қалыптастырған тұзды ащы бұлақ баурайдан бұрқап шығып, Қарқара өзеніне бүлкектеп барып құяды. Сонау жақпар тұз бітімін төңіректегі таудың төпеп жауатын жаңбыры мен қалың түсетін қасат қары да ерітіп, бұза алмаған сыңайлы. Бұл кенішті күндіз мал барып жалайды, түнде осынау татымды дәм тау тағыларының еншісіне тисе керек… Мен бұдан 30 жылдың ар жағында көрген бұл кереметтер бүгін де дәл сол қалпы, сол орындарында тұрған болар деп сенемін.

Ең ғажабы, Шөладыр құпиясы ашылды ма екен?

…Жолсейіт ағаның әңгімесін тыңдаған түні, ұйқы келіңкіремей, бір мезет тысқа шығып, қойшы ауылдың сыртындағы жұмбақ құмға қарай беттеп, түн тынысына құлақ түрдім. Қараңғы түнде қалғыған тау, жұлдыздар саулаған тым жақын аспан… Бауырына бір құпия басқан отау құм түн тылсымы астында, мамыражай үнсіздікте.

Қарқара түні көңіл әлдилеген бейбіт еді.

ЖАҒРАФИЯ   ЗАҢЫНА  БАҒЫНБАҒАН   БАСАТ-СУ

Дүниеде болмыстың кей ретіне қабыспай жататын жайттар бар. Түсінуге қиын. Қисынсыз. Бірақ сол «қиястар», бәрібір, өз болмыстарын өз шындықтарын кереметтей өз қасиеттерімен қалай да мойындатады…

Талайлы тағдыры біздің уақытқа тұспал келіп, бұл күндері ақ тозаңы бұрқап қалған қайран Аралдың бейнесіне қараймын да, жүрек сыздай аңтарыламын. Бұл теңіздің «Кіші Арал» аталған солтүстік алабын қолдан демеп, дариядан дем беріп, әупіріммен көтеріп жатқан жайымыз бар. Ал оңтүстік Үлкен Аралдың ең терең жеріне жиылып, сарқыла-сарқыла шүңейт-шүңгілде тосылып қалған алқынды су Үстірт шыңдары астында ғана жылтырап, сол шетте теңіз әлпетін көрсеткен болады. Бірақ ол судың әбден сор тартқаны сонша, бұл қоймалжың тұздықта осы күні еш тіршілік жоқ. Ал сол Үлкен теңіз бен Кіші теңіздің екі арасында жатқан «Тұщыбас» аталатын шығанақ, оған құйып жатқан су көзі жоқ, Кіші Аралдан кеткен артық-ауыс су кейде жетіп, кейде жетпейді, – «ненің кереметімен өшіп кетпей, осы күнге шейін біршама тіршілік үзбестен айдын керіп жатыр ол?» деген сұрақ біраздан мені қайран қалдырып жүретін. Бұл – Арал басына орнаған зымыстан тағдырға деген неткен сондай қарсылық? Неткен қайсарлық?!. Расында да, осы айдынның өлі Арал бедерінде өзінше бір бөлек әлпеті бар еді. Өзінде аздаған тіршілік те бар сияқты. Бұны енді балықшы кәсібін естен шығара қоймаған құландылық жігіттер білер…

Және десе, Аралдың толық кезінде де осы шығанақтың ежелден келе жатқан «Тұщыбас» атауы мені тағы бір таңғалдыратын. Жо-жоқ, маңайындағы Чернышев, Паскевич, Шевченко, Бутаков аталатын орыс атау-айдарлы басат-қолтықтардан өзгелеу оқшауланып, өзінің қазақы атын сақтап қалған «адалдығымен» ғана емес (түбі, Құдай қарасып, Арал жағасына қайтып келетін болса, сондай орыс ныспы шығанақтардың ішіндегі Тарас Шевченко мен шын ғалым Лев Берг ақсақалдан басқасының атауын түгелдей қазақ аттарына өзгертіп, мүмкін болса, өздерінің ескі тарихи атауларын тауып, тірілтіп, орнына қоюды ұсынар едім). Оған құйып жатқан тұщы суы жоқ, теңіздің күн мен шөл қақтаған тұйық пұшпағында жатып, бұл жерде ненің «тұщы» басы?!. Қазақ жерге-суға бостан-бос ат қойған ба? Ендеше, мұнда не қисын? Анығында бұл өлке Каспийдің Қара-Бұғаз-Голындай заһар-сор тартуға бейім жер ғой…

Осы суды көрген сайын, абыз аға Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары ойға орала беруші еді. Бірінші кітаптың оқиғасы осы судағы балықшылардың қасіретті хикаясымен басталатын еді ғой. Тұщыбастың Беларан астынан (Үшкөң ауылы маңы) сең үстінде ыққан бір қауым балықшы отыз шақырымдай оңтүстік-шығыс беттегі Қаратүп астына мұз тіреліп, әупіріммен аман қалатын… Сол жерде, жағалау айнала өздерін қуып жеткен промысловик Шодырды Еламан сүйменмен ұрып өлтіреді… Сондай сұрапыл оқиғалардың майданы болған бұл су… Сол су бүгін де, төңірегінен ерек бір оқшау жағдайда, жаналқымға алған экология қыспағына шыдас беріп, айдынын біршама сақтап жатқан түрі бар. Мұншалық жан қуатын оған қандай керемет беріп жатыр?..

Құланды түбегін аралау маған біраз сыр ашқандай болды. Ең алдымен, осыдан бір ғасыр шамасы бұрынғы бұл түбектің төл аты «Төбебұлақ» болғанына мән бердім. Түбектің кіреберіс босағасы іспетті бір кездегі «Шығанақ» мекені жұртының басында, темір тікөзектен (артезиан трубасы) парлап атылған су тау бұлағындай сылдыраған өзенше жасап, теңізден қалған орғыл құм арасында жан-жануар үйірсектеген керемет шұрат ашыпты. Жарты ғасырдан астам солай аңырмастан әлі ұрып тұр. Суы тұп-тұщы. Басында Возрождения аралы әскерилерінің теңіз түбіне ұрған артезиан құдық ұңғысы теңіз-су бетінде 3 метрдей ғана қылтиып тұрған екен. Сол шүмектің астына жүзбелі бөшке-қайықтарын («водянка») әкеп тосып, теңізді иен жайлаған көп ләшкер сонан ішетін, тұрмысқа пайдаланатын тұщы суын құйып алып жүрген. Қазір айдыны қайтып кеткен теңіз құмынан 5-6 метр биіктікте сорайып қалған әлгі темір тікөзек тым биік бойымен көзге ұрады. Бірақ  сол  су  атқылауы – сол  қуатында. Бұл – бір. Келесі жайт: Құланды түбегінің іші… «Дәуқараның бұлағы», «Изендіарал бұлағы», «…бұлақ», «…бұлақ»… Көп бұлақтар. Бұлақты Құланды! Әрине, теңіздің мына қайтуында бұл қайнар көздердің терең тамырлары  суалып, біршама бәсең тартқан  жағдайы бар. Бірақ сонау бұлақ іздері жерден өніп шыққан жарықтық Аралдың көз жасындай боп, әр-әр жерде мөлт-мөлт шымырлап жатыр. Түбек қойнауы мыңғырған мал. Әр жерде мөлдірей тұнған көгал әдіпті айна көлдер. Бәрі де сол бұлақтар берекесі! Экология тозағында суалмаған өмір жүлгелері бұлар! Төңіректе Арал қасіреті ахирет жамылғысын жамылып жатыр демесең, Құланды түбегі ішіндегі бір молшылық өлкесі дер едің бұл көріністерді.

Бір кездегі Төбебұлақ қой бұл!

Иә, көнекөздер теңіздің бұл пұшпағын бекерден «Тұщыбас» атамаған екен. Халық даналығында қалтық жоқ! Жер астының жүздеген (бәлкім, мыңдаған) бал-бұлақ бастаулары осы шығанаққа дем беріп, оған Жер-Анадан өзіндік бір «дария» боп құйып жатқан болды. Аралдың үшінші дариясы! Сонан да сол басат Жер беті жағрафиясының ілімдер мойындаған көрінеу заңдылығына қарамастан (бағынбастан!), бөлек болмысты «Тұщыбас-су» шығанағының ақиқатын қалыптастырған. Кезіндегі жанды Аралдың бір кереметі бұл! Жалпы, бар Аралдың кей заңдылықтарға бағынбайтын өзіндік «ұрт мінездері» осындай оқшау феномендерге толы болғанын айтып жүрміз ғой. (Асылы, «Аралда ғажайыптар көп болған» деген сөзді өткенге деген бір көңіл-күй толқынының эмоция лекімесі деп қабылдамаған лазым!) Сол Тұщыбас, сол табиғи дәстүрінде осы күні де Арал экологиясы тозағына қарсылықта біршама айдын керіп жатыр. Құрсағында азын-шұғын тіршілігі де бар сияқты. Мұны енді, теңізінен әлі де үмітін үзбеген, балық десе иегі қышитын, боз қарма мен бал сорпа түсіне еніп сағынатын Құландының балықшы қауымы білетін болар…

Кезінде Изендінің шөмейке (шемая, Аралдың көкжон селедкасы) балығын аулауға аттану бүткіл Арал теңізі балықшылары үшін аса маңызды бір науқан еді. Әкеміз айтып отыратын, «жарықтық, Изендінің ақ тастағы бетінде, су орнына, лай көшкін, әлде, су астында көшкен бұлт секілденіп, шөмейке-балық толықсып ағып жататын…» деп. Бауырын тасқа төсеген шөмейке, сол ақ тастар арасында саулаған бұлақтар көзінен нәр алып, Изендіарал – Шулыған (навигациялық карталарда «Тоқмақ әулие» шыңы аталады, Арал туралы фильмдердегі әйгілі жалғыз жартас, менің «Алыстаға аралдар» повесіме «Арантас» деген атаумен бір эпизод болып енген сол жартас) – Тастұмсық арасында жаз айларында кең өрістейді екен. Сол енапат балықтан теңіз кезген талапкерлердің көп еңбегі, маңдай тері еселеп қайтатын болған. Сірә, сол теңіздің, әлгі, теңізасты «дариясының» берекесі.

Ал, кезіндегі «Төбебұлақ» неге кенет «Құландыға» өзгеріп кеткен? Өткен ғасырдың 30-жылдары Кеңестің биолог-ғалымдары Төбебұлақ түбегін бағзы бір замандарда қазақ даласын желдей кезген құландар мекені етіп, мұнда сол тағылар популяциясын дамытпақ болған ғой. Несі бар, тамаша идея, орынды есеп! Түбек үш жағынан теңізбен бекем қоршалған. Ал төртінші беттегі, Құланды ауылы тұрған, ені 5 шақырымдай тар қылтаға сымнан қоршау тартса болды. Құлан сияқты тағылар ол сымдарды бұзып өтпейді, ал енді, даңғырлатып қалбыр, жалпылдатып шүберек байлап қойса, ол үркектер сол қоршауға тіпті жоламайды да. Қыста мұз қатқанымен, бір жазда үйренісіп алған өрісті жерін құлан деген мақлұқат енді тастамауы тиіс. Ал Төбебұлақ іші саулаған бұлақ, тұнып тұрған шөп – бір сөзбен, әлгі тағылар жатып жайылатын, тұяқ қимылдатпай семіретін шұрайлы жер. Бәрі дұрыс-ау, бірақ құлан-тарпаңдар әлгі сым қамсауды талай рет бұзып шығып, өз отанына қарай қашу талабынан қайтпай қойған. Олар мұнда Оңтүстік жақтағы Бадхыз қорығынан әкелінген екен… Соншама отаншылдығын қоймаған тағыларды сонау ғұламалар ақыры баржыға тиеп, түбектен 35 шақырым теңіз ортасында жатқан Барсакелмес аралына көшіруді ұйғарады. Соның өзінде де, ол немелер енді кеше ғана шыққан Төбебұлақ «отанына» қарай суға түсе қашып, тағы да өлермендік көрсетеді. Қайықпен қақпайлап, алдарынан қайыру жасап, өлесі болғандарын жағаға сүйреп жеткізіп, бұл жерде де біраз әрекет жасауға тура келеді. Ақыры, сол құландар солай Барсакелмес аралына «пенде» болады. 90 жылдан бері әлемдік атаққа ие болып келе жатқан әйгілі қорықтың тарихы солай басталған екен.

Ал бұлақтары жамыраған Төбебұлақ – сол аз күндік «құлан-қонақтар» себебінен Құланды аталып кеткен сыңайлы.

(Басы  өткен  санда.   Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: