Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халықты атуға бұйрық берген Хрущев

26.02.2023, 10:00 380

HALYQLINE.KZ Қазақ халқы өткен тарихты екі ауыз сөзбен-ақ жеткізіп отырған. Сол сөздің бірі – «Маленков берген байталды Хрущев келіп қайта алды» деген сөзі.

1953 жылдың 5 наурызында Сталин қайтыс болғаннан кейін, оның орнына СССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Г.М.Маленков болып, 1955 жылдың ақпан айына дейін атқарды, ол халық шаруашылығының дамуына ерекше ден қойды. Колхозшылардың өндірген өнімін үш есе қымбат бағамен сатып алды, колхозшылардың тұрмысы жақсара бастады. Ауылдық кеңесте есепте ғана тұратын колхозшыларға паспорт беріле бастады. Енді оларға қалаға көшуге рұқсат берілді, колхозшыларға зейнетақы тағайындалатын болды. Есік алдындағы қосымша шаруашылығында мал мен құс ұстап, бақша егіп, өнімін қалаға апарып сата алатын болды.

1955 жылы ақпан айында КПСС ОК бірінші хатшысы Н.Хрущев Маленковтың орнына үкімет төрағасы болып, Сталин сияқты «екі кеменің басын ұстады». Екі жоғары лауазымды қоса атқарған Хрущев «коммунизм орнату ауруымен ауыра бастады». Хрущевтың ойынша совет адамы өзінің есік алдындағы бақшасы мен малын бірінші кезекке қойып, сол үшін еңбектеніп, коммунизм құрылысына деген ынтасы аз болады деп, «коммунизмде жекеменшік болмайды, оны жоюдың алғы шартын жасау керек» деп 1958 жылдың 20 тамызында РСФСР Министрлер Кеңесінің «Қалалар мен поселкелердегі жұмысшылардың үй алдындағы жеке бақшалық пен мал ұстауына тыйым салу туралы» Қаулысы шықты. Осы Қаулыға елдегі қорасында малы бар 12,5 млн адам, есік алдында бақшасы бар 58 млн адам ілікті, маңдай терімен баққан малын колхозға өткіз дегесін жаппай малдары мен құстарын соя бастады. Бұл Қаулы тек Ресейдің өндірістік аймақтарына ғана қатысы болса да, Қазақстандағы белсенділер іске кіріскенде, қазақтар да малын үкіметке өткізуден бас тартып, малдарын жаппай сойып алды. Жеміс беретін ағаштарды түбінен балтамен шауып тастады. (ХХІ ғасырдың басында жұмысыз қазақтарға жәрдемақы төлеу үшін біздегілер де жұмыртқа береді деп тауықты, жеміс береді деп ағаштарды есепке алған кез естеріңізде шығар).

Сонымен 1960 жылдың басында елді азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындап кетті, барлық жерге жүгері егіп, бидай егістігін қысқартқандықтан нан жетіспеді. Дүкен текшелерінен ет пен сүт өнімдері бұл-бұл ұшты. Бұл жұмысшылардың наразылығын туғызды. Сондай наразылық 1962 жылдың 1-2 маусымында Ростов облысының Новочеркасск қаласында өтті. 1962 жылдың 31 мамырында КПСС ОК-нің және СССР Жоғарғы Кеңесінің 31 мамырда «Ет және сүт өнімдеріннің бағасын көтеру туралы» Қаулысы жарияланды. Онда ет өнімдері 31 пайызға, сүт пен сарымай 25-35 пайызға көтерілгені айтылды.

1962 жылы 1 маусымда маршал С.М.Буденный атындағы Новочеркасск электровоз жасау заводының болат балқыту цех жұмысшылары жұмыс орнына сағат 08:00-де келгесін жұмысын бастамай кешегі қымбаттату туралы Қаулыны талқылап, жалақыны өсірмесе, жұмыс бастамайтынын айтты, оған басқа цехтағылар да қосылды. Сағат 11:00-де 1000-ға жуық адам завод басқармасының алдына жиналады. Олардың алдына шыққан завод директоры Борис Курочкин сөз сөйлеп, компартияның қаулысын түсіндірмекші болғанда барлығы айқайлап, ысқырып сөз сөйлетпейді. Ашынған біреу: «Балаларым ет пен сүттің дәмін татпағалы қанша уақыт болғанын білесің бе?» дегенде, Б.Курочкин завод алдында сатылып тұрған пирожкиді нұсқап: «Әне, өкпе-бауыр қосылған пирожки жеңдер» деуі халықтың ашу-ызасын туғызып, әкімшілікке қарай тас пен бөтелке лақтырып қуып жібереді. Сол жерде халық жиын өткізіп, К.Е.Ворошиловқа және С.М.Буденныйға телеграмма салу керек деп өз пікірлерін айтып жатады, түстен кейін наразы топ 4000-ға жетеді. Олар Новочеркасск компартиясы ғимаратының алдына келгенде, олардың алдына Ростов обкомының бірінші хатшысы А.Басов сөйлеп, Қаулыны оқып беруі ашу-ыза туғызып, милицияның күзетін бұзып ғимаратқа басып кіреді, облыс басшысы Басов қашып кетеді. Өздерінің наразылығын Кремльдегілер білсін деп «Ростов-Саратов» жолаушылар поездын тоқтатып тастайды, ереуілшілер көп болғандықтан желілік милиция ешнәрсе істей алмайды, тонаудан сақтану үшін тек поездың есік-терезесін жаптырып тастайды. Кешке қарай жұмысшылармен сөйлесіп, жолаушылар арасында жас балалар бар екендігі айтылып, поезды жіберуге көндіреді. Көтерілісшілер поезд вогондарына «Хрущева на мясо!» деп бормен жазып жібереді. Бұл кезде, өз күштерімен ереуілді басамыз деп жасырғанмен Хрущев та естіп, дереу Саяси Бюро мүшелерімен кеңесіп, Новочеркаскіге КПСС ОК хатшылары Ф.Козлов, А.Микоян, А.Киреленко, Л.Ильичев, Д.Полянский, А.Шелепинді жібереді (бюроның тең жартысына жуығы, қатты қорыққан болуы керек).

Өзіне СССР Қорғаныс министрі Р.Я.Малиновскийді, МВД бастығы В.С.Тикуновты, КГБ төрағасы В.Е.Семичастныйды шақырып, ереуілге шыққан жұмысшыларды аяусыз басуды тапсырады. Кеш түскесін ереуілшілер ертең обком алдында тағы да кездеспекші болып тарайды. Түнде белсенділік көрсеткен жұмысшыларды КГБ тұтқындап, қалаға әскери горнизонның солдаттарын әкеліп қойды.

Келесі күні обком ғимаратын капитан Пожидаев бастаған ішкі істер ротасының автоматшылар ротасы күзетіп тұрды. Солтүстік Кавказ әскери округ басшысы, армия генералы Иса Плиев өзінің орынбасары, генерал Матвей Шапошниковқа танк дивизиясы мен мотоатқыштар техникасымен көтерілісшілерге Тузлов өзені бойындағы көпірді қорғауға жібереді. Себебі, заводта 10 мың адам жұмыс істесе, қалада 145 адам тұратын, солар көтерілісшілерге қосылып кетуінен қорықты.

Таңертең жұмысшылар қастарына балаларын ертіп шеруге шығып, қолдарына Ленин, Маркс, Энгельс портреттерін алып шықты, арасында «Хрущевті етке өткізу керек!», «При Ленине жила, при Сталине сохла, при Хрущеве сдохла» деген жазулар да болды. Бәрі алаңға жиналған соң, еріп келген балалар қызық көру үшін ағаштардың басына өрмелеп шығып отырып алды, бәрі де Москвадан келген Саяси Бюро мүшелері не айтады екен деп үміттенді. Ереуілге шыққандар «Бұдан әрі қалай өмір сүруге болады?», «Жалақымызды көтермесеңіздер, күн көру мүмкін емес» деген талаптарын айқайлап айтумен болды. Обкомның бірінші хатшысы Басовтан бастап барлығы ереуілдің заңсыз екенін айтып, күш көрсете сөйледі. Халық олардың сөздерін тыңдамай кешегідей алға ұмтылғанда ескерту ретінде автоматтан аспанға оқ атқанда, талға мініп отырған балаларға оқ тиіп жерге құлай бастады, екінші рет жұмысшыларды ата бастады, осы кезде солдаттар сапер күректерімен жұмысшыларды ұрып тарқата бастады. Тузлов көпіріне жақындап қалған шерушілердің екінші легі туралы рация арқылы хабарлағанда, генерал М.Шапошниковқа оқ ату туралы бұйрық бергенде; «Мен алдымда оқ ататындай жауды көріп тұрған жоқпын» деп бас тартып, өзінің әскери мансабына нүкте қойды. 1944 жылы дивизия командирі, полковник Матвей Шапошников Совет Одағының Батыры атанған ержүрек офицер еді. Келесі жылы КГБ оның үйін тінтіп, Новочеркасскі ереуілі туралы өз ойын жазғаны туралы қолжазбасын тауып, РСФСР-дің Қылмыстық кодексінің 70-бабы «антисоветтік көзқарасы» үшін іс қозғағанмен, соғыстағы ерлігі ескеріліп, ісі жабылды. Кейін Москвадағы жайлы пәтерін балаларына қалдырып (әйелі қайтыс болған еді), Ростовқа келіп тұрды. Генерал қайтыс болғанда моласына, өзіне халықты ату туралы бұйрық бергендегі жауабы ойылып жазылды: «Әркімнің өз соғысы болады, бұл менің соғысым емес!».

3 маусымда ереуілді ұйымдастырған белсенділерді жаппай тұтқынға ала бастады. 103 адам 10-15 жыл аралығына сотталды, 7 адам: А.Зайцев, А.Коркач, М.Кузнецов, Б.Мокроусов, С.Сотников, В.Черепанов, В.Шуваев ату жазасына кесілді. Барлығы 1996 жылы ақталды. Сол кездегі билік алаң алдында 25 адамға оқ тиіп өліп, 70-тен астам адам жарақат алды дейді, ал жергілікті тұрғындар бұл мәлімет 4 есе азайтып көрсетілген дейді.

Жұмысшы Виктор Василенко ереуілге басқа да цехтар шықсын деп, завод гудогын бергені үшін 10 жылға сотталды, яғни көтерілістің басты қаһарманы ретінде тарихта қалды.

Осы Новочеркасск көтерілісі туралы С.Жигунов «Однажды в Ростове» сериалын, А.Кончаловский «Дорогие товарищи» фильмін түсірді, ютуб каналынан көруге болады.

Сол кезде сақталып қалған жалғыз суреттті ұсынып отырмын.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: