Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бөкенбайдың батырлығы жалған деректерге құрылған

07.02.2025, 10:20 865

HALYQLINE.KZ

1. Табын Бөкенбайды өлтірген қалмақтар ма, түрікпендер ме?

Ел назарына ұсынбақ сын пікіріміз XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының бодандығын қабылдау кезінде айрықша белсенділік көрсеткен Табын руынан шыққан Бөкенбай және оған қатысты тарихшы И.Ерофееваның жалған деректер мен бұрмалаушылықтарға құрып жазған «Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» атты кітабы (Алматы, 2017 жыл) жайында. Бұл 2018 жылы «Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы» деген атаумен қазақ тілінде жарық көрген-ді. Алматы қаласынан. Аударған М.Ақдәулетұлы. Айтпағымызды кітаптың осы қазақша нұсқасы бойынша өрбітеміз. Пікірімізге Ерофееваның басқа да еңбектерін куәлік етеміз. Сонымен.

Ерофеева Табын Бөкенбай батырдың өлімі туралы шындық пен мүрдесі жерленген жерді былайша бұрмалайды: «В начале 1742 г. Бокенбай возглавил военный поход пятсотенного отряда казахов против мангышлакских туркмен «взятья полону и отгону скота», но встретил ожесточенное сопротивление неприятеля и погиб в кровопролитном бою вместе с сотней других воинов Младшего жуза. (КРО-1. С. 205, 211; ИКРИ-4. С. 33). Был похоронен в районе верхнего течения реки Ыргыз, на вершине конусообразной сопки, расположенной северо-западнее горы Кабанкула, юго-восточнее современного аула Курылыс (совр. Иргызский район Актюбинской области). Место захоронения прославленного батыра позднее народ увековечил в названии этой горы – Бокенбай, или Богенбай, шокасы – «Пик Бокенбая» (ИКРИ-5. С. 92, 219-220; Актюбинская область, С. 93) (Қараңыз: Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х томах / Автор проекта, введения, биографий ханов, научных комментариев; составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. Алматы: АО «АБДИ Компания», 2014. Стр.412).

Ескерте кетейік, Ерофееваның «ИКРИ-5» деп сілтеме жасаған дереккөзін таратып ашып көрсеткенде былай: «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. V том». Алматы шәрінен 2007 жылы жарық көрген.

Бұл кітапта 1803 жылы Ырғыз өңіріне әдейі сапарлап келген орыс офицері Я.П.Гавердовскийдің өз қолымен «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» деген атаумен бірнеше тарауға бөліп, түзіп кеткен жазбалары топтастырылған. Ерофеева осындағы мәліметтерді өрескел бұрмалап, Табын Бөкенбайға жапсырып отыр. Айғақ берейік бұған, былай деп таңбаланған онда: «При воззрении на Буканбаевы горы и на маяк Буканбаев, киргизцы не могли утерпеть, чтобы не уведомить нас о причине такового их наименования. «В старину, – говорили они, – когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах, носящих теперь его имя, (астын сыздық. – Б.К.) где природа соединила все выгоды, потребные для жизни. Чтобы вернее спасти свое убежище от неприятелей, он располагал всегда свой в долине, окруженной отовсюду возвышенными местами, по коим паслись табуны под наблюдением расставленных на вершине гор караулов…  Долго, таким образом, охранялось сие природное укрепление, но, наконец, жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» (астын сыздық. – Б.К.) (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В.Ерофеева, Б.Т.Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 219-220). 

Куә боп отырмыз, шоқыға жерленген батыр жайлы орыс офицері таңбалаған дерек мүлде басқа, мұнда «старшина Буканбай» қалмақтармен шайқаста қаза болып, өзі мекендеп, шолғын қылған биік шоқыға жерленген, таудың атауы соның есімімен аталған деп отыр

Ал Ресей империясының Сыртқы істер Министрлігінің архивінде сақталған 1742 жылы маусымның 7-сінде түзілген құжатта Бөкенбай өлімі жөніндегі деректер басқаша, бүй дейді онда: «Того ж мая 28 числа (1742 года. – Б.К.) яицкое войско, чрез приехавшего ис Кайсацкой орды яицкого казака Харку, доносит… бытность кайсацкий владелец же Букенбай в числе пятисот человек ходил под трухменцев для взятья у них полону и отгону скота, токмо они, турхменцы, их, кайсаков, всех побил до смерти» (Қараңыз: АВПР, ф. 122, 1742 г., д. 4, лл. 50-54 об.).

Осы тұста ұмытпай тұрып, тап қазір айта кететін тағы бір жайт бар. Ерофееваның «Бокенбай возглавил военный поход…» деп отырғаны да – бос сөз! Айғаққа тартып отырған мына архивтік мәлімет Бөкенбайдың барымтаға барғанда ажал құшқанын бұлтартпай куәландырып тұр. Әсіре «бөкенбайшылдар» осы шындықты елге басқаша қып таратқысы келеді. Бұған «Бөкенбай бір түрікпеннің улап тыққан найзасының жарақатынан кейін біраздан соң өлді» деп көрсеткен, құрап-сырап түзілген жасанды, авторлығы эпик-жыршы, руы Шөмішті-Табын Тілеумағамбет Аманжолұлына (1865-1935) телінген, көркемдік дәрежесі төмен «жырды» айғақ қылып жүр (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 178-201 беттер).

Жақсы, негізгі айтпағымызға оралайық. Жоғарыда ұсынылған мәлімет екі түрлі. Сонда Ерофеева өзі келтірген деректердің бір-бірінен мүлде екі бөлек екенін саралап ажыратуға өресі жетпеген не біреулердің ықпалына түсіп, саналы түрде әдейі бұрмалаған. Мұның қайсысы болса да жақсы емес. 

Ерофееваның өтірігін айғақ қып, далақтап жүргендерге де қояр сұрағымыз бар: Табын Бөкенбай қалмақтармен шайқаста өлген бе, әлде түрікпендермен қақтығыста өлген бе? 

Егер Гавердовскийдің дерегі қабылданса, оның: «…когда калмыки, притесня орду нашу чрез набеги, оставались обитать частью в здешних окрестностях, старшина Буканбай с подвластными ему аулами имел главное кочевье в горах, носящих теперь его имя… жестокое сражение, в коем Буканбай лишился жизни, открыл врагам путь в середину. Тело сего героя погребено на горе маячной» деген сөзіне біржолата тоқтап, «Жем бойындағы жер-су атауларына атамыз Бөкенбайдың еш қатысы жоқ, ол басқа адам, батыр ғұмырын Ырғыздың маңында өткізген, қалмақтармен шайқаста қаза болып, осындағы шоқыға жерленген» деп нақты қорытындыға келулері керек. Онда білгіш тарихшылар арнайы комиссия құрып, Ресей империясы Сыртқы істер Министрлігінің архивінде «түрікпендердің қолынан өлді» деп сақталған мәліметтің өтірік екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бекітіп, алдағы уақытта ел адаса бермес үшін бұларды бұдан былай қолдануға тыйым салулары тиіс.

Ал Ресей империясы Сыртқы істер Министрлігінің архивіндегі дерек таңдалса, таудың атауы басқа адамға, Бөгенбай биге тиесілі екенін мойындап, араларынан жөн білетін ақсақалдар табылып жатса, солар жоқ жерден дау тудырып жүрген бәтуасыздардың бейбастақ әрекеттеріне тоқтау салулары керек. 

2. Шоқының ежелден бергі тарихи атауы – Бөкенбай емес, Бөгенбай!

Табын Бөкенбай жерленді деп Ерофеева әдепсіздікпен бұрмалап отырған шоқы туралы дерек «Қазақстан табиғаты» атты энциклопедияда былай деп тайға таңба басқандай жазылған: «Бөгенбай – Шалқар-Ырғыз автомоб. жолы бойындағы шоқы. Ақтөбе обл. Ырғыз ауд. Ырғыз а-нан оңт.-батысқа қарай 45 км жерде. Абс. биікт. 240 м. Оқшау орналасқан шоқының орта тұсы дөңгелек пішінді және көтеріңкі келген. Оның ұзындығы мен ені шамамен 300 м-ге жуық. Батысынан Ырғыз өз-нің кішігірім саласы – Талдысай өз. өтеді. Шоқының басында Жангелді аталығының ру басы, Шектінің батыры Бөгенбай батыр жерленген» (Қараңыз: Қазақстан табиғаты. А-Е. 1-том. Бас ред. Б.Ғ.Аяған. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2008 жыл, 272-бет).

Шекті Бөгенбай батыр жөніндегі осындай мәлімет «Атамекен» аталатын географиялық энциклопедияға да енген (Қараңыз: Атамекен: Географиялық энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011 жыл, 160-161 беттер).

Қолымызда Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі туралы карта бар. Мұнда былай деп жазылған: «Бұл карта 1976-1993 жылдардағы материалдар бойынша РМҚК «Картография» баспасында құрастырылып, дайындалды. Карта 2001 жылы түзетілді». Міне, осы картада «Бөгенбай тауы» (240 м.) деп қазақша ап-анық таңбаланған. (Қараңыз: №1 карта).

Ақтөбе облысы территориясының көлеміне, жер-су атауларына қатысты мәліметтер түзіліп, әр жылдары жарық көрген карталар:

а) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2012 жылы РМҚК-ның Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» жасап, баспаға дайындап және басып шығарды». Осында пікір өзегі болып отырған шоқы «Бөгенбай тауы» деп көрсетілген;

ә) «Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі. Картаны 2023 жылы жаңартып және баспаға дайындаған «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК «Республикалық картографиялық фабрика» филиалы». Мұнда да «Бөгенбай тауы» деп жазылған дерек тұр.

Шоқы атауының Шекті Бөгенбайға тиесілі екенін әрі қарай нақтылай түсейік. Бірер дәлелмен шектеліп қалғанымыз жарамас.

Бөгенбайдың руы – Шекті, оның Бөлегі. Бөлектен – Айт, Айттан – Қабақ, Тілеу. Қабақтан – Хангелді, Жангелді, Төлес, Аралбай, Беке. Жангелдіден – Айдаралы, Жапалақ, Рай. Жапалақтан – Таласбай, Бөгенбай. Бөгенбайдан – Дербісәлі, Тінәлі, Өтеуіл, Жағал (тұқым жоқ). Дербісәліден – Ырысбек, Ырысбектен – Кішкене, Қалдығұл, Мелдебек. Қалдығұлдан – Сабырқұл, Қыдырқұл. Қыдырқұлдан – Алдоңғар (1896-1975), Алдоңғардан – Есенқара, Есенқарадан – Берік.

Бабалары Жапалақұлы Бөгенбай жайлы мәліметті ұрпақтарына баяндап кеткен көнекөздердің бірі – Алдоңғар қарттың әңгімесін назарға ұсынайық. 

Тынышы жоғалған бір заманда қалмақтар елдің шет жағында отырған ауылға тұтқиылдан тиіп, адамдарды тұтқынға алады, малдарын айдап кетеді. Соны естіген Бөгенбай, ағасы Таласбай, тағы біраз адам атқа қонып, жаудың соңына түседі. Өздері үстіне шығып, айналаға шолғын жасайтын биік шоқыға жақындағанда Таласбай таудың басынан қараң еткен әлденені байқап қалады. Әуеліде құс деп ойлайды. Сөйтсе биікке шығып, бұларды бақылап жүрген қалмақтардың шолғыншысы екен. Бөгенбай «кері қайтпаймыз не болса да бұлармен айқасамыз» дейді. Тобындағы біреуін ауылға қайтарады «тез адамдарды жинап кел!» деп.

Бұлар ілгері жүріп, шоқыны жанап өте бергенде арғы жағында шоғырланып тұрған қалмақтарды көреді. Сонан шайқас басталады. Қарулы қазақтар біразға дейін бой бермейді. Әлден соң қиқулаған көмек те жетеді. Тың күш келіп қосылғасын қазақтар жауды ығыстыра бастайды. Бір кезде Бөгенбай қалмақтардың ортасына түсіп қалады. Таласбайдың астындағы аты – жүйрік, екпіні – тегеурінді екен дейді айтушылар. Ол өлген-тірілгеніне қарамай топты бұзып-жарып кіреді де ауыр жарақат алып, ат жалын құшқан Бөгенбайды алып шығады. Осы қанды қырғынға баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан дейді. Қарабек бұл шайқаста екі қалмақты жекпе-жекке шақырып, оларды найзаға іледі. Дұшпан ойсырай жеңіледі. Тірі қалған бірен-сараны байлап-матап алып кеткен қазақтарды, олжалаған малдарды тастай қашыпты дейді. 

Ауыр жарақаттан Бөгенбай жан тапсырады. Өзі қарауыл қылған шоқының етегіне елі ақ жуып, арулап жерлейді. Содан Қаракесек тайпасы (Әлім-Шөмен) батыр мүрдесі жатқан, Ырғыздың (Жармола) оңтүстік-батыс жағында, 45 шақырым жерде орналасқан биікті «Бөгенбай тауы» атап кеткен (Қараңыз: суретте Бөгенбай тауы).

Бұл – Қабақұлы Жангелдіден тараған ұрпақтардың сол заманнан атадан балаға аманаттап жеткізген тарихы.

Жармолада (қазіргі Ырғыз) 1845 жылы салынған Орал бекінісі құрылысына жетекшілік жасаған генерал-лейтенант И.Ф.Бларамберг 1841 жылы әуелгі сапарлап келгенінде куә болған мына жайтты бүй деп таңбалапты: «После 28-верстного перехода по равнине с рыхлой песчаной почвой мы сделали 17-го остановку в урочище Айри-Кизил (астын сыздық. – Б.К.). Термометр показывал 28°. Здесь мы обнаружили замечательные пастбища. Иргиз в этом месте образует маленькие озера, заросшие камышом. Тут расположилось много аулов племени чикли… (астын сыздық. – Б.К.)» (Қараңыз: Бларамберг И.Ф. Воспоминания. Пер. с нем. О.И.Жигалиной и Э.Ф.Шмидта. Вступ. статья Н.А.Халфина. М., Главная редакция восточной литературы издательства «Наука», 1978. Стр. 233-234).  

2022 жылы қыркүйек айының 12-13-терінде арнайы сапарлап, деректе аталған Айырқызыл құмын аралағанбыз-ды, тарихқа құрметі зор, пікіріміз үндес Мұздыбай есімді ініміз екеуміз. Бұл өңір Ырғыздан (Жармола) 20 шақырым шамасында. И.Бларамберг айтқандай көркі келіскен жер екен. Ойпаң тұстарының оты қалың. Ана тұста, мына тұста шоқталып өскен тал-шілік, жиде. Айнала құстың сайраған үні…

Айырқызылда екі биік құм шоқы бар. Аралары бір-біріне өте жақын. Қолымыздағы XX ғасырдың 70-жылдарындағы картада бұлардың бірі – «г. Бугамбай» деп аталады, мұның биіктігі – 234 м. Енді бірінің атауы – «г. Айыркызыл». Биіктігі – 241 м.

Ұшар бастарына шығып, жан-жаққа көз тастадық. Шығысында – Ырғыз (Жармола), оңтүстік-батыс тұсында – Бөгенбай шоқысы, 20-23 шақырымдай, бұлдырап көрініп тұр. 

Бұл өңірдегі бірнеше таудың Бөгенбайдың есімімен аталуы, сондай-ақ, Ырғыздың (Жармоланың) іргесіндегі Айырқызыл құмының сонау жаугершілік заманнан бері Бөгенбайдың, оның ұрпақтарының, басқа да руластарының тұрақты қонысы болғанын һәм батырдың ажалының осы төңіректе жеткенін жаңа келтірілген нақты мәліметтер толық растап, бекітіп тұр.

Айтқандай, біз бұл өңірге бұдан да бұрын (15-16.07.2020) келіп, екі күн шарлап, кезіп ек. Сонда жалғасып жатқан Бөгенбай тауларының бірінен Табынның емес, Алшын тайпасының (Әлім-Шөмен мен Байұлы) ежелгі ортақ таңбасын тапқанбыз-ды (Қараңыз: суретте тасқа қашалып түсірілген Алшын таңбасы). Бұл да – аталған төңіректің Шектілердің мекені екенін, Бөгенбайдың қонысы болғанын бұлтартпайтын айғақ.   

3. Тарихы бұрмаланып, Бөкенбайға таңылған Қаракесек жиыны

Ғылымдағы әдепті, адалдықты біржолата ысырып қойған Ерофеева Я.П.Гавердовский қағазға қаттап кеткен, 1710 жылғы жиында халық алдында айтқан «Буканбайдың» сөзін де еш дәлелсіз Табын Бөкенбайға жапсырған. Қысқа қайырайық, ол «….Әбілқайырды Кіші жүз ханы деп сайлап, ақ киізге көтерді. …1710 жылы Қарақұмда өткен Кіші жүздің игі жақсыларының тарихи құрылтайында Бөкенбай Қарабатырұлы алшындарды басты жауға қарсы күреске бірігуіне үндеп, жалынды, тарихи сөз сөйледі. …үш жүздің күллі ер-азаматын бір ғана мақсатқа бағыттаудың бастамасы, алғашқы сатысы болды», дейді (Қараңыз: Ерофеева И.В. Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы. / Ауд. Мейірхан Ақдәулетұлы. – Алматы: Servise Press, 2018 жыл, 81, 159-160 беттер).

Ерофеева бұрмалап отырған бұл оқиғаның нақты шындығын ашып көрсетейік.

Я.П.Гавердовскийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» аталатын еңбегінде экспедицияға бағдар беріп, алып келе жатқан тархан Қаракөбек би мен Боранбай бидің, т.б. айтуымен түзіп кеткен 1710 жылғы жиын жайындағы мәліметтер тіпті басқаша. Қалмақтың шапқыншылығынан әбден титықтаған қоңсылас отырған рулардың көсемдері Қарақұмда кеңеске жиналады. Қорғанудың амалын табу үшін. Осы бас қосуда үрейге бой алдырғандардың бірқатары қонтайшыға құлдық ұрып, бағынышты болуды ұсынады, енді біреулері мекенді тастап Еділ асайық дейді, қайсыбірі әр жаққа шашырай қашайық деген ой айтады.   

Әрі қарай оқиғаның қалай өрбігенін баяндап түзген Я.П.Гавердовскийдің өз мәтінін қаз-қалпында келтірейік, былай дейді: «Но известный в то время по храбрости старшина Буканбай уничтожил сие предприятие их. Киргизцы рассказывают, (жолбастаушы тархан Қаракөбек би, Боранбай би, т.б. айтып отыр. – Б.К.) что он среди жаркого спора, разорвав на себе одежду и повергнув в круг совета меч свой, говорил в исступлении: «Отмстим врагам нашим! Умрем с оружием! Не будем слабыми зрителями разграбленных кочевок и плененных детей наших! Робели ли когда воины равнин кипчакских! Сия брада еще не украшалась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей (астын сыздық. – Б.К.). Теперь могу ль равнодушно снесть тиранство от варваров? Еще нет у нас недостатка в добрых конях! Еще не опустел колчан со стрелами острыми!». После сего все торжественно клялись следовать совету Буканбая. Энтузиазм достиг даже до того, что некоторые из старейшин для усугубления клятвы открыли себе раны и точили кровь свою на пылающий среди них костер. По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. Они хотели чрез сие ознаменовать непоколебимость союза. Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем. К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (астын сыздық. – Б.К.) (Қараңыз: История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Первые историко-этнографческие описания казахских земель. Первоя половина XIX века / Сост. И.В.Ерофеева, Б.Т.Жанаев – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. Том. V. Стр. 393-394).

Қарақұмда өткен бас қосуды (құрылтай емес!) «Қаракесек жиыны» деп атауының да мәнісін аша кетелік осы тұста, түсінікті болу үшін. Шежіреде былай делінеді: Алшыннан – Алау. Алаудан – Құдияр Тентек. Құдияр Тентектен – Қаракесек. (шын есімі – Кәдірқожа). Қаракесектен – Әлім, Шөмен.

Әлімнен – Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегенболат (Қарасақал), Тойқожа (Кете).

Ал Шөменнен – Шөмекей, Дөйт (ұрпақ жоқ). Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл. Міне, осы он тайпа ел «Қаракесек» атанған.

Енді 1710 жылы Қаракесек жиынында «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деген сөзді айтқан кім, Табын Бөкенбай ма, әлде Шекті Бөгенбай ма, соның ақ-қарасына жетейік.

Мынаны еске сала кетейік. «Табын Бөкенбайдың дүниеге келген нақты уақыты – 1667 жыл» деп тұжырымдалған (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 343-бет). Қарақұмда басқосу өткен кезде ол 43 жаста екен.

Келтірілген деректерді мұқият зерделеп қарағанда, 1710 жылғы Қаракесек (Әлім-Шөмен) жиынында елді рухтандырып, бірлікке шақырғанда «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей – Сақалыма әлі ақ түспеген-ді мына қолымды жауларымның қанына бояғанда» деп айтылған сөз кеңеске қатысқан Табын Бөкенбай емес, Шекті Бөгенбай екенін толық дәлелдейді. Оның жасы сол кезде 60-тың шамасында деп топшылаймыз. Әлгінде айғаққа тартқан ауызша деректе «қалмақтармен болған шайқасқа батырдың баласы Тінәлі, немересі Қарабек те қатысқан» делінген. Сонда ұлының жасы 40-тың төңірегінде, немересінің де ат жалын тартып, азамат болған кезі, 20-ның о жақ, бұ жағында. Шайқас 1715-1717 жылдар аралығында өтіп, Бөгенбай алпыстың орта маңында (65-67) қаза тапқан сияқты. Нақты дерек болмағандықтан әрі не бері сәл-сәл ғана ауытқуымыз мүмкін, бірақ шамамыз – дұрыс.

Сонда 1710 жылғы жиынның басымын Қаракесек (Әлім-Шөмен) тайпасы құраған бас қосуда «Сия брада еще не украсилась сединою, как я багрил руки свои в крови неприятелей» деп айтылған сөздің иесі – қырық үштегі Табын Бөкенбай емес, алпыстың төңірегіндегі Шекті Бөгенбай батыр екені ап-анық боп тұр!

Әрі қарай әлі де анықтай түсейік, аталған оқиғаға Табын Бөкенбайдың еш қатысы жоқтығын. 

Қарақұмда өткен Қаракесек жиынында сол замандағы Кіші жүз жұрты түгел мойындаған ғұрып бойынша Әлімдерден бұрын Табын руының бірінші сөз алуы, шешім айтуы, жол бастаушы боп танылуы көңілге еш қонымсыз. Мүлде сенімсіз.

Бұл жөнінде И.Ф.Бларамбергтің Ырғыз өңірінен қағазға түзіп алған деректерінде былай делінген: «Соңғы шешімді айту, кез келген іске төрелік ету – әуелі Әлім-Шөменге беріледі. Тұңғыш ұл болғандықтан. Олардың шығарған үкімдерін қалған рулар, Байұлы, Жетіру бекіген тәртіп бойынша бұза алмайды. Керісінше, Әлімұлы басқалардың шешімдерін қадағалайды, өзгертеді не кейінге қалдыра алады. Жиындарда сөзді әуелі бастайтын, бірінші болып дауыс беретін, ұйғарым жасайтын – Әлімұлы. Кіші рулардың ұсыныстарын орындауға міндетті емес» (Қараңыз: Военно-статистическое обозрение Российской империи. Т. XIV, часть 3. СПб, 1848. Стр. 74-75).

Мұның бұлай болуының негізгі басты себебін 1731 жылы қазаның 3-інде Ресей бодандығын қабылдауға қазақтарды үгіттеу мақсатымен Ырғыз өңіріне келген М.Тевкелевтің қағазға таңбалаған мәліметінен білеміз, былай дейді онда: «Сильной род алчин, а алчин разделяется на двое, то есть каракисяк и байулы. Каракисяк всех сильнея, щисляется шест родов, а имянно: чекли, каракисяк, чюмекей, дюрткара, каракете, караксакал… Байулы против каракисяк посредственный, а щисляется двенатцатцети родов, а имянно: адай, джаббас, алача, байбакты, берч, маскар, тазлар, исентемир, алтин, шихляр, (?) черкес, тана… Жедтиру, то есть сем родов, в Меньшей орде самые безсильные роды, а имяннно: табын, тама, кердеры, кереит, джагалбайлы, тиляу, рамадан».

М.Тевкелевтің жазбасында бұдан әрі былай баяндалады: алшындар яғни, Қаракесек (Әлім-Шөмен) пен Байұлы көп еді, әрі күшті еді. Бұлар бөлек-бөлек жүрген жеті руды (табын, тама, кердері, керейт, жағалбайлы, телеу, рамадан) жиі ренжіткен. Қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың) әдет-ғұрпы бойынша, кеткен есесін қайтару үшін олар алшындардан барымта ала алмаған. Бас көтерсе басып тастап отырған. Аталған бұл рулар Түркістанда тұратын Тәуке ханнан алшындардан қорғауын сұрайды. Ол ақылды адам болған, қырғыздар (қазақтар) оны қатты құрметтеген. Солай болса да ханнан қорықпаған… Алшындардың әлімжеттігінен құтқару үшін хан амалға көшеді, олардың басын біріктіріп,  топтастырады да «Жеті ру» деп атайды. Бірақ сол әлсіз күйінде қалады» (Қараңыз:  Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 406).

Қасында тілеулес, қорған боп Табын Бөкенбай жүрсе де Тевкелев сол заманның ақиқатынан айналып өте алмай осылай деп отыр. Бұл деректердің растығын айғақтайық. 

Тевкелеев бір сөзінде бүй дейді: «Қарсы жақ шабуылдаған жағдайда Уфадағы башқұрттарға, Жайық казактарына көмек беру жөнінде жарлық жіберілсе, Бөкенбай батыр күйеу баласымен бірге Қазақ ордасын екі жылда Ресейге бағындырып беретініне уәде етті» (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 63).

Күллі Қазақ ордасын айтпағанда, сөзі әуелі Алшындарға расымен жүретін болса Бөкенбай бұлай демес еді. Басқалардың күшін қажет қылмайды өзгелерді айбынымен ықтыра алатын шын батыр.

Тевкелеев өзінің он бес жылқысын Алшын-Жаппас Баймұрат батырдың алдына салып, айдап кеткенін жыларман боп отырып жазады (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 55). Оның сөзін сөйлеп, қамқор боп жүрген батыр Бөкенбай осы сәтте әрекетсіз қалған…

Бұл деректерді қорытындылай келгенде анықталған жайт: Я.П.Гавердовскийдің еңбегінде айтылатын, 1710 жылғы Қаракесек жиынына қатысып, елді бірлікке шақырған да, соңында өз жұртының мал-жанын, мекенін қалмақтардан қорғап шаһид кешіп, шоқыға жерленген де бір адам, ол – есімі «Буканбай» деп орысша бұрмаланып таңбаланған Алшын-Шектіден шыққан Бөгенбай батыр!

4. 1710 жылғы жиын – қоңсылас қазақ руларының шағын бас қосуы

Я.П.Гавердовскийдің еңбегіндегі Әлімнің рубасыларының берген мәліметтерін бұрмалаудың басында тұрғандар: Л.Мейер (Киргизская степь Оренбургскаго ведомства.1865), Н Аполлова (Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. 1948), В.Моисеев (Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIIIвв). 1991), И.Ерофеева (Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик. 1999; Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы 2017), т.б. Мұны бұдан бұрынғы сын мақалаларымызда егжей-тегжейлі баяндағанбыз (Қараңыз: Кәртен Б. Таласқа түскен шоқы мен 1710 жылғы Қаракесек жиыны// «Ақиқат» журналы, №10, 2022 жыл. 62-68 беттер; Кәртен Б. 1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар. Zhasalash.kz сайты).

Гавердовскийдің еңбегіндегі мәліметтерге атүсті қараған бұл тарихшылар 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиынын тым әсірелеп «Қазақ ордасының тағдырын шешуде аса маңызды орын алды, жоңғар шапқыншылығына қарсы үш жүзді біріктірді» деп бағалады, дәйексіз тұжырымдар жасады. Ойдан қосқан өздерінің жалған деректерімен жамап-жасқады. «Буканбай» деп таңбаланған Бөгенбайды әуеліде Қанжығалы Бөгембай деді. Беріректе пайда болған «бөкенбайшыл» топ Табын Бөкенбай деп даурықты. Енді сол өтіріктерін тарихта орнықтырмаққа жанұшырып, небір сорақылықтарға барып жүр.   

Ақиқатында Гавердовскийдің жазған оқиғасы – қоңсылас қазақ руларының азғантай бөлігі өткізген Арал айналасындағы бас қосуы туралы һәм Қаракесек бірлестігі (Әлім-Шөмен) тұрақты жайлайтын Ырғыз, Елек, Ұлы Борсық құмы, Қарақұм өңірлері мен Байұлы, Жетірудың бір бөлігі көшіп-қонатын Жем, Сағыз төңірегіне келіп, мал-жанға шабуылдап тұратын Еділ бойының не Білеуті өзені маңайын біршама уақыт қоныс қылған барымташы қалмақтармен батыс аймағының шағын ауданында өткен қақтығыстар жайында-тұғын. Мұны да Zhasalash.kz сайтында «1710 жылғы Қаракесек жиыны: бұрмаланған ақиқаттар» деген атаумен жарияланған зерттеу мақаламызда жан-жақты талдап, ашып көрсеткенбіз-ді. Қалаған уақытта оқып, танысуға толық мүмкіндік бар.  

Нақты құжаттарға сүйеніп, Жоңғар-қалмақ хандығының тарихына байланысты жағдаяттың бәріне егжей-тегжейлі тоқтаған, сонымен бірге өзге жұрттармен қарым-қатынастары да баяндалған еңбектерде, біз сан мәрте ақтарып, сүзіп шыққан басқа да бірнеше ондаған дереккөзде 1710 жылы Қарақұмда өткен Қаракесек жиыны жөнінде, сонан кейін болды дейтін қазақ-қалмақ шайқасы туралы тым құрыса бір ауыз мәлімет жоқ. Мүлде елеусіз қалдырған. Атамайды. Архив деректерінде және жоқ. Мұның өзі аталмыш бас қосудың, анықтап айтқанда, Қаракесек жиыны (құрылтай емес!) тұтас Қазақ Ордасы мен Жоңғар хандығы үшін саяси жағынан елеулі оқиға ролін атқармағанын ап-анық қып көрсетіп тұр (астын сыздық. – Б.К.).

Қайталап айтамыз, шынында да 1710 жылғы жиын – Арал, Қарақұм, Ырғыз маңдарын жайлайтын қоңсылас қазақ рулары өткізген шағын ғана бас қосу-тын. Әлімнің рубасыларының аузынан 1803-1804 жылдары жазылып алынған мына дерек те бұны бұлтартпастан былай деп бекітеді: «К союзу сему, названному по месту, где был съезд, Каракисяцким, присоединились из Меньшой орды большая часть рода алимулынского, часть байулынского и чжидеруу, а из Средней – несколько семей кипчаков и найманов» (астын сыздық. – Б.К.).

Демек, Ерофееваның Қарақұм жиыны турасындағы «үш жүздің күллі ер-азаматын бір ғана мақсатқа бағыттаудың бастамасы, алғашқы сатысы болды» дегені – дәйексіз бөстекі сөз!

5. «1710 жылы Әбілқайырды хан қып көтерді» деу – жалған!

«Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» атты еңбегінде Я.П.Гавердовский: «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» деп таңбалаған. Аудармасы: «Осы кезде Әбілқайыр сұлтанды хандардың үлкен ұлы деп сайлады (немесе таныды) және ризашылық білдірген адамдар Бөгенбайды өздерінің жолбасшысы деп жариялады».

Мінеки, куә болып отырмыз, мәліметте «Жиында Әбілқайырды ақ киізге көтеріп, хан сайлады» деген сөз мүлде жоқ. Демек, И.Ерофееваның қисынсыз долбары, бұрмалап ойдан шығарған жалған деректері еш уақытта ақиқат бола алмайтыны анық, солай екенін тармақтарға бөліп, атап көрсетейік:

1. Қалай десек те 1710 жылға дейін Әбілқайырдың әлі саясат сахнасына жарқырап шыға қоймаған уақыты. Бірақ Кіші жүз руларының ортасында жүріп, ептілігімен, батырлығымен, батыл әрекетімен, қолайлы шешімдерімен көзге түсе бастаған сияқты. Осы себепті жиында Қаракесек бірлестігі, оны қолдап қосылған өзге рулардың кішкене бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ханның нақ өзі емес, символы (белгісі) етіп таныған тәрізді. Яғни, «хан тағына алдағы лайық мұрагер» деген сипатта оған сырттай білдірілген ілтипаттары болар деп болжалдаймыз. Тұспалымызды Гавердовскийдің Әлім руы билерінің айтуымен қағазға түзіп алған «Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской…» (астын сыздық. – Б.К.) деген деректің мазмұны да құптай түседі.  

2. «Буканбайдың» (дұрысы Бөгенбайдың) елдің намысын қайрап, бірлікке шақырған сөзін Әлімнің рубасылары Я Гавердовскийге зор ықыласпен, құрметпен әңгімелеп берген. Ал біреулердің өзеуреп «жиында хан сайланды» деп жүрген Әбілқайыр осы кезде таққа шынымен отырған болса, ел назары түгел өзіне ауған шақта алдағы күндерге ыңғайлаған жоспарын жарияламауы не болмаса аталы бір ауыз лебізін білдірмеуі мүмкін емес жайт. Я.П.Гавердовскийдің экспедииясына жол көрсетіп келе жатқан Әлімнің рубасылары тархан Қаракөбек пен Боранбай би, т.б. хан тарапынан жасалған әрекеттерді де атап өтулері керек еді, бірақ ол жайында тіс жармаған. Бұдан Әбілқайырдың жиынға қатыспағаны анық аңғарылып тұр…   

3. 1710 жылы Тәуке хан тірі. Билігіне әлі нық кезі. Мұны архивтік мәліметтер бекітіп, растайды. Олай болса, Ұлы Қағанның кіші буыннан өретін Әбілқайырдың Шыңғыстан бері келе жатқан үрдісті бұзып, онымен қатар хандық мәртебеге ие бола қоюы екіталай. Жайық пен Ертістің арасына, бір шеті Жетісуға дейін үстемдік құрған ортақ «Жеті жарғыға», басқа да заңдарға, тәртіпке Қазақ ордасының қарашасы да, би-сұлтаны мен бай-бағыланы да әлі түгелдей бағынатын кезең-тін бұл. Сондықтан шағын жиында бүйректен сирақ шығарып, Әбілқайырды хан етіп сайлауы ақиқатқа қайшы, мүлде қисынсыз!

4. Әбілқайырдың хан атануы архивтік деректерге сүйенсек, Тәуке өлген соң 1715 жылдан кейін басталған.

Ерофеева Я.П.Гавердовскийдің еңбегін мұқият оқып, ондағы баяндалған әр дерекке, әр деталға терең көз жіберіп, мән бермеген. Ғылымға, тарихқа жеңіл-желпі қараған. Қалауынша бұрмалаған. Адалдықтың, тазалықтың жоқтығынан.

6. Ерофеева қалауынша бұрмалаған басқа да деректер

Ерофеева өзінің әлгі «Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» (2017) немесе қазақша «Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы» (2018) деп аталатын кітабында өзге авторлардың еңбектеріндегі деректердің де өңін айналдырып, бұрмалап көрсеткен. Дәлелімізді келтірейік. Бүй дейді: «1724 жылғы тамызда еділ қалмақтары мен жетіру қазақтарының және жайық казактары мен қазақтардың арасындағы кескілескен шайқастар Жайық пен Жемнің сол жақ жағалауында болды. Көшпелілердің жаңа шабуылының алғы шебінде 750 сарбазы бар Есет Көкіұлы жүрді де, Доржи Назаровтың ұлы Лобжидің ұлысын шауып, «едәуір иасир мен мал алып», тамалардың жайлауына қайтып кетеді [Пальмов, 1929. 257, 261-262 бб.; Бакунин, 1995. 42-б.] (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. – Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 88-бет).    

Ерофеева сілтеме жасап отырған Н.Пальмовтың «Этюды по истории приволжских калмыков» және В.Бакуниннің «Описание Калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев» деп аталтын еңбектерінде «1724 жылғы тамызда еділ қалмақтары мен жетіру қазақтарының және жайық казактары мен қазақтардың арасындағы кескілескен шайқастар Жайық пен Жемнің сол жақ жағалауында болды» (астын сыздық. – Б.К.) деген мәлімет мүлде жоқ. Ойдан қосқан.

Н.Пальмов былай деген: «Но в ночь на 21 августа касаки напали на калмыков в Узенях… Бабич рассказал Волынскому некоторые подробности о происшедшем сражении: «Как де каракалпаки напали на улус Дорджи-Назарова сына Лубжи, и тогда де он, Лубжа, с войском догнав их, каракалпак, в урочище Узенях аттаковал. И потом де Дорджи-Назаров свойски своими туда ж прибыли и, соединясь де, они их, каракалпак, штурмовали из пушек, где их, каракалпак, побито многое число и несколько взято живых. А всех до их, каракалпак, в той партии было 750 человек, из которых де ушли только три человека» (астын сыздық. – Б.К.). …Показания пленного каракалпака, Анана Байсарова, были довольно бледными. Он говорил, что движение на калмыков было предпринято недель семь тому назад; начали его касаки, собравшиеся в числе 200 человек под предводительством Исеть Тулбая… (астын сыздық. – Б.К.). Мәтінде бұдан басқа дерек жоқ. Ал Ерофеева бұл сөйлемдердің өңін айналдырып жіберген басқаша қып. (Қараңыз: Пальмов Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Ч. III и Ч. IV. Астрахань, 1929. Стр. 257 и 259, 261-262).

Көріп отырмыз, мұнда шапқыншылыққа Жетіру қазақтарының қатысқаны туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Керісінше, қырғынның ортасында жүргендер – қарақалпақтар.

  Осы оқиғаға байланысты Ерофеева тағы бір сілтеме жасап, куәлікке тартқан В.Бакуниннің еңбегіндегі мәлімет те – Н.Пальмовтағы дерек (Қараңыз: Бакунин В.М. Описание Калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев. – Элиста: Калмыцкое книжное издательство. 1995. Стр. 42).  

Ерофееваның «Көшпелілердің жаңа шабуылының алғы шебінде 750 сарбазы бар Есет Көкіұлы жүрді де, Доржи Назаровтың ұлы Лобжидің ұлысын шауып, «едәуір иасир мен мал алып», тамалардың жайлауына қайтып кетеді» дегені де – шылғи өтірік! Айғақ тартайық.

Н.Пальмовтың біз жаңа дәлелге келтірген мәліметінде былай деп ап-анық таңбалаған, қайтара ұсынайық: «Показания пленного каракалпака, Анана Байсарова, были довольно бледными. Он говорил, что движение на калмыков было предпринято недель семь тому назад; начали его касаки, собравшиеся в числе 200 человек под предводительством Исеть Тулбая…» (астын сыздық. – Б.К.) (Қараңыз: Пальмов Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Ч. III и Ч. IV. Астрахань, 1929. Стр. 259). 

Міне, осындағы «Исет Тулбая» деп көрсетілген өзге кісінің есім-сойын өзгертіп, оның соңына ерген 200 адамды 750 сарбазға көбейтіп, әдептен озып, шектен шыққан Ерофеева еш именбестен бұрмалап, «Көшпелілердің жаңа шабуылының алғы шебінде 750 сарбазы бар Есет Көкіұлы жүрді…» деп өтірікті соғып жіберген.

Дәлелге тартып отырған Н.Пальмовтың кітабындағы (1929) «Указатель собственных имен» деп берілген 383-беттегі қосымшада да «Исеть Тулбай (Исеит Колубай, Ис. Кулубай), предв. касаков» деп түзілген. Олай болса, бұл есімді «Есет Көкіұлы» деуге тіпті келмейді қалай бұрмаласа да. Бұған ақ пен қараны ажырата алатын, есі түзу қазақтың сенбесі айдан анық.

1720 жылдан бастап қалмақтарға қатысты ісқағаздарды жүргізген һәм аудармашы қызметін атқарған В.Бакунин бүй депті: «1726 году осенью в бытность калмыцких улусов на луговой стороне Волги приходили на них киргис-касацкие Средней орды Шемяки-хан, Барак-солтан, Меньшей орды Абулхаир-хан и Ишим-солтан в 10000 войска своего и, перешед чрез реку Яик, нападали между устей Яика и Волги на улус владельца Лубжи (Доржи Назарова сына), и оный разорили и людей, сколько могли застать, побили, а жен их и детей, и весь скот взяли в добычу и отправили от себя еще две партии, состоящие одну в тысяче, а другую в трехстах человеках, в морские косы для поиску прочих кроющихся от них калмыцких улусов, а сами с тою добычею помалу возвращались» (Қараңыз: Бакунин В.М. Описание Калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев. – Элиста: Калмыцкое книжное издательство. 1995. Стр. 58). 

Қалмақтар да қарап қалмаған, деректе бұдан әрі былай делінеді: «Тогда наместник ханства Черен Дондук, брат его Галдан Данжин, Шакур-лама и владельцы Доржи Назаров, Дондук Омбо, Дондук Даши и братья его с войсками своими в 20000 человек за киргис-касаками ходили в погоню по следам их…»

Ақыр соңында қалмақтар қуып жетіп, екі хан, екі сұлтан бастаған оң мың адамды тас-талқан қылып, ойсырата жеңеді. Олар барымталаған мал-мүліктерін қайтарып алады. Және мұнымен тоқтамапты, «…калмыки взяли от киргис-касак и аманатов шестьдесят человек, между которыми были знатные их старшины: Эшеть Батырь, Букенбар Батырь (Букенбай – Б.К.) и другие», – дейді (Қараңыз: Бакунин В.М. Описание Калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев. – Элиста: Калмыцкое книжное издательство. 1995. Стр. 58).

Ерофееваның, тағы басқалардың қоймастан жалаулатып, әсірелеп, «Бөкенбай батыр 1726 жылы қалмақтарға қол бастап барды» дейтіндері – осы жеңіліс. Екі хан, екі сұлтанға еріп барғандағы. Елу тоғыз жасында.

Қайтсем де Бөкенбайдың даңқын өзге батырларға теңестіремін деген Ерофееваның өлермендігі мұнымен бітпейді. Тағы да келтірейік.

А.Б.Карпов «Уральцы» аталатын еңбегінде мынадай мәліметтер түзген: «Киргизы появились среда калмыцкой орды под начальствомъ самого Абалхаир-хана. Во главе 13 тысячъ человек онъ напалъ на улусы Доржи Назарова. …Киргизамъ досталось въ пленъ 50 человек, 500 верблюдъ и 8 тысячь овецъ. …У друго владельца у хана Тайшина киргизы захватили добычи еще больше: – взяли до 400 человек пленныхъ, верблюдовъ 600, коровъ съ три тысячи и до 10 тысячъ овецъ. …Узнавъ объ этомъ разгроме калмыкъ, Яицкое войско снарядило для ихъ выручки походное войско (сколько человекъ – неизвестно) и во главе походнаго атамана уже известнаго намъ Ивана Щелкина и походнаго есаула Андерея Пономарева послало его на отходившихъ изъ калмыцкой орды киргизъ. Войско пошло по следамъ отходившихъ и далеко въ степи нагнало одну изъ шаекъ на рыны Булдурты. Казаки разбили киргизъ, отбили часть полона и захватили семь человекъ въ пленъ, въ числе которыхъ былъ взятъ «знатный старшина Букунча-батыръ» (Қараңыз: Карповь А.Б. Уральцы. Исторический очеркъ. Часть 1-я. Яицкое войско отъ образованія войска до переписи полковника Захарова (1550-1725). УральскъВойсковая Типографія. 1911. Стр. 790). 

А.Карпов осыдан соң мына жайтты бүй деп баяндайды: «И Божіе помощью, какъ писали казаки въ челобитной, ихъ догнали растояніемъ отъ Яикаго городка конною ездо шесть дней близъ реки Ембы и угнавъ ихъ побили немалое число, а иныхъ взяли въ языки зъ двадцать человек. Возвратившись на Яикъ, казаки разобрали всехъ пленниковъ по рукамъ, чтобы обменять ихъ на своихъ казаковъ, взятых киргизами. Выбравъ двухъ киргизъ Бегендю-батыря и каракалпаченина Жумака-Меглигура, войско решило отправить ихъ вь военную коллегію» (Қараңыз: Карповь А.Б. Уральцы. Исторический очеркъ. Часть 1-я. Яицкое войско отъ образованія войска до переписи полковника Захарова (1550-1725). Уральскъ. Войсковая Типографія. 1911. Стр. 793).

А.Карповтың тұжырымдауынша бұл екі оқиға 1724 жылы болған.

Ерофеева «…Бөкенбай есімінің 1724 жылы қазақ-қалмақ қатынастарына қатысты аталып өтуі XVIII ғасырдың ортасына дейін жетіру тайпасының Жайық маңы мен Жем аңғарындағы дәстүрлі жайылымдары үшін батыс көршілерімен үздіксіз күрескені, осы күресте қорғанушы емес, шабуыл жасаушы жақ болғандығына дәлел бола алады» деген өзінің дәлелсіз, ақиқатқа жатпайтын пікірін шындыққа айналдыру үшін біз жоғарыда келтіріп отырған деректерді былай деп тағы бұрмалайды: «Маған қазақ-казак соқтығыстары туралы Казак войскосының әскери коллегиясына жайық казактары жолдаған қағаздарында айтылатын Букунча батыр мен Бегендя батыр өзге емес, есімі өзге тілде бұрмаланып отырған Кіші жүздің әйгілі батыры Бөкенбай Қарабатырұлы екені анық деген ой келеді – оның осы жорықтарға қатысқанына дау жоқ» (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 88-бет).

Осыған қарағанда Ерофеева қазақта Бөкенбайдан басқа да есімдері аттас, ұқсас боп келетін талай батырдың сол заманда болғанын білмеген-ау шамасы. Білсе бұлайша беталды лақпас еді. 

1710 жылғы Қаракесек жиынын бұрмалаушылардың бірі – Ж.Исмурзин бұл жайында бүй депті: «…И.В.Ерофеева: «Олар күзде осы тұтқынды (Бегенді батырды – Ж.И.) өз казагына айырбастады» деп жазғанмен, мұны А.Б.Карповтың: «Әкелінген қазақты (Бегенді батырды – Ж.И.) бұрынғыдай каторгалық жұмысқа жіберуге бұйырық берілді» деген дерегі жоққа шығарады. Себебі казак-орыстар тұтқындарды айырбастауға берілетін рұқсатты күте алмай, Жайыққа кері қайтқан. Олар күткен рұқсат 1725 жылы сәуірде шыққан. Олай болса, Бегенді батырды Бөкенбай батырға теліген И.В.Ерофееваның пікірі қайта қарауды қажет етеді. Сол секілді зерттеуші Бұлдырты бойында казак-орыстардың қолына түскен Бөкенше батырды да Бөкенбай батырмен байланыстырады. Ал 1726 жылы қаңтардың басында Мәскеуге барған кезінде Қойбағар елші былтыр қалмақтар қолға түсірген Бөкентай есімді тұтқындағы қазақпен кездескен. Сондықтан есімдері ұқсас болып келетін тұлғалардың тарихын саралауда абай болған жөн» (Қараңыз: Исмурзин Ж. Алтай батыр және оның заманы. – Ақтөбе: «Хабар-Сервис», 2023. 94-95 беттер).

Ерофееваның әдепсіздігі мұнымен шектелмеген. Әрі қарай баяндайық. Ел білсін ақиқатты. Тарих өз шындығын сақтауы тиіс.

7. Бөкенбай Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарына қатыспаған!

Ерофеева тағы бір кезекті ашықтан-ашық бұрмалаған өтірігінде: «Жоңғарларға қарсы шабуылға шығу жорығының басынан аяғына дейін Бөкенбай батыр үш жүздің біріккен әскери күштерінің жоғары қолбасшысы Әбілқайырмен иық тірестіре жүріп күресті және оның тікелей тапсырмасы бойынша Ұлытаудың оңтүстік беткейі мен Бұланты өзенінің аңғарынан Шу-Іле аймағына дейінгі әртүрлі географиялық нүктелерде өте күрделі әскери операциялар атқарды», – депті (Қараңыз: Баһадүр батыр Бөкенбай. –  Ақтөбе, «ЖК С.Т.Жанәділов баспаханасы», 2011 жыл, 102-бет).

Талассыз анық жайт, Табын Бөкенбайдың Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарына қатысқаны туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек Бөкенбай емес, бұл соғыста ерлік көрсетті делінетін өзге де батырлардың болғаны жайлы нақты деректер кездеспейді. Ескілікті тарихи жазбаларда болсын, архивтік құжаттарда болсын.

Жалпы Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастары турасындағы «көзге жас келтіріп», «жан тебірентіп» айтылатын осы күнгі түрлі хикаяға жидашы Ә.Диваевтың 1905 жылы ел аузынан жазып алып, кейін «Перовскій уездъ – зданіе Кокъ-Кесене» деген атаумен жарияланған шағын аңызы негіз етілген. Әр рудан шыққан заманымыздың белсенді пысықайлары мен көтерем тарихшылары осыны өздерінің ойдан жамап-жасқаған, күмәнге толы әңгімелерімен толықтырған. Бүгіндері қарасы аз қалған санасы түзу, сөз ұғатын қарындастың көзін бұған да жеткізе түсейік.  

Этнограф Ә.Диваевтың баяндауынша былай: Ақкесене және Көккесене өңірлерін үш жүз жылдан астам бұрын Уса мен Зирен деген қалмақтар билеген екен. Олар Сырдарияның сағасы мен Қарықтыдан (Арал теңізі) төмен, Сары Үйшік пен Үйшік маңына қоныстаныпты. Аңыз әңгімелерге қарағанда, ол кезде қазақтардың көпшілігі қалмақтарға бағынып тұрған. Аз ғана бөлігі бұдан төменірек, Кіші жүз қазақтарының арасын мекендеген. Олар Адай, Беріш және Аспан-Бозғұл болып бөлінген, басшысы Тайлақ деген батыр екен. Одан соң Ошақты руының қазақтары Перовск уезін, Ұлытауды, Кішітауды мекендеген.

Ошақтының Тасжүрек бөлімінен шыққан Саңрық деген батыр бопты, Тайлақ батырға шешесі жағынан туыс екен.

Саңрық отыз бес жасында Тайлақтан шақырту алып, кеңеске қатысады, онда қалмақтардан құтылу мәселесі сөз болады.

Кеңестің ұйғарымымен Тайлақ пен Саңрық қасына лайықты, қайсар адамдарды жинап, қалмаққа қарсы аттанады. Соғыс үш жылға созылып, ақырында қалмақтар Бұланты тауына қарай қашады. Қазақтар Қарасиыр деген жерде жеңіске жетеді. Осы себептен «Қалмақ қырылған» аталып кеткен.

Одан әрі аңыздың айтуынша, жаудың Қарасиырда жеңілгені туралы хабар үш Алаштың ұлына жетеді. Осыдан кейін бүкіл қазақ бірігіп, қалмақтарды қуып шығуға бел буады. Түркістанды босатқанға шейін шайқас тағы да үш-төрт жылға созылған.

Осы екінші кезектегі соғыста қалмақтар Итішпес көлінде және Итішпестің Алакөл жағында, Арал теңізінің солтүстігіндегі тауларда толық жеңіліс табады. Шайқастың соңғы болған жері «Аңырақай» деп аталған» (Қараңыз: Древности Киргизской степи и Оренбургскаго края. Составилъ И.А. Кастенье. Типо-лит. Т-ва «Каримовъ, Хусиновъ и «К-о» въ Оренбурге. 1910. Стр. 188-189).

Куә боп отырмыз, Ә.Диваевтың аңыз әңгімесінде есімдері аталатын батырлар – Саңрық пен Тайлақ қана. Рулардан – Адай, Аспан мен Бозғұл. Мұнда Табын Бөкенбай ауызға алынбаған. Сонда Ерофеева нендей деректерге сүйеніп айтып отыр оны Бұланты соғысына қатысты деп, Әбілқайырмен иық тірестіре бірге жүрді деп?!

Осы шайқастар жайында мәлімет тастап кеткен екеудің бірі – қазақтың ардагер ұлы, теміржол инженері М.Тынышпаев (1879-1937). Оның да жазғанын келтіре кетейік. Көңілде күдік қалмасын.

8. Әбілқайырдың үш жүздің әскеріне басқолбасшы болғаны анық па?

М.Тынышпаев 1927 жылы жазған «Актабан-Шубырынды. Великие бедстия и великие победы казаков» аталатын мақаласында Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастары жайлы айтпақ ойына Ә.Диваевтың ел аузынан естіген «Көккесене» аңызын тірек қылған.

М.Тынышпаев бүй депті: «Предание об анракайских победах сохранилос и у казаков Пишпекского и Алматинского уездов; но Анракай находится не там, где указывает А.Диваев, а в 120 верстах на юго-восток от южной оконечности оз. Балхаш, известной у казаков под именем «Ит-ишпес Алакуль» (Озеро Ала-Куль, воду которого не станет пить даже собака, т.е Сункайты (на карте речка «Суу-қайтын»), Аксуексай (лог «Белый коста») и известная гора Хан-тау; на этих горах находятся урочища «Улькен Орда конган» и «Киши Орда конган» (место стоянки, или ставки Старшего хана и Младшего хана).

Других преданий, касающихся этого периода, у нас нет. Но тут на помощ идет географи с характерными названиями урочищ. У кочевников, особенно у казаков и киргизов, есть прекрасная черта – давать урочищим названи по крупным событиям, когда-либо там совершившимся. Первым таким пунктом является неболшая горка «Ордабасы» (на карте искаженная в «Урба-бас») в 5 верстах от ст. Бадам и в 30 верстах на запад от Чимкента. …Дальней след прохождения на восток казахских войск мы видим в названии лога Абуль-хайр, против пос. Подгорное.» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын,1991. Стр. 144-146).

М.Тынышпаев Ә.Диваевтың аңыз әңгімесін Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жер-су атауларымен осылай тоғыстырып, толықтырған. Қисынсыз сөз қоспаған. «Других преданий, касающихся этого периода, у нас нет» деп тектілікке тән әдеп шеңберін бек сақтаған.

Бірде-бір дереккөзде ұшыраспайтын «Бұланты шайқасы 1726 жылы болды» деген мәліметті де алғаш ұсынушы – М.Тынышпаев екен. Қолындағы еңбектерде баяндалған жайттарды, жер-су атауларына байланысты туған ойларын қорыта келіп, мынадай жорамалға келген: «Таким образом, можно считать установленными, что первые победные наступления казаков относятся к 1726 году или немного позже (1727 год)…» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын,1991. Стр. 149).

«Бұланты (Білеуті), Аңырақай шайқастарында үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр басқолбасшы болды» делінетін дерек те М.Тынышпаевтың жазбасынан басқа ешбір құжатта кездеспейді. Былай дейді Мұхамеджан атамыз бұл жөнінде: «В освободительной войне 1725-1726 годов алчыны сыграли выдающуюся роль; это видно из того, что главнокомандующим всеми киргизскими силами был избран их хан, престарелый Абулхаир (астын сыздық. – Б.К.). Но в разгар победоносного шествия в сердце Джунгарии киргизские ханы рассорились до того, что Абулхаир во главе своей Младшей Орды и Самеке с кыпчаками, найманами и частью аргынов ушли к русской границе и там приняли русское подданство» (Қараңыз: Тынышпаев М. Великие бедствие… (Актабан-Шубырынды). – Алма-Ата: Жалын,1991. Стр. 37).

М.Тынышпаев бұл тұжырымын поручик Я.Гавердовскиийдің «Дневные записки в степи Киргиз-кайсакской в 1803-м и 1804-м гг.» атты еңбегіндегі 1710 жылы өткен Қарақұм жиыны жайындағы деректен «По окончании присяги совершалось общее богомоление, и разделено было жертвенное брашно, приготовленного из белого коня. …Орды избрали в сие время султана Абулхаира, как старшего сына из фамилии ханской, а Буканбая благодарный народ провозгласил своим предводителем» деген жолдарды А.Левшиннің бөліп алып, «Хан Абульхайр избран главным предводителем, и белый конь, принесенный по обычаю народному в жертву, был принят залогом будущего успеха» деп өзгертіп, басқа бір деректерге еш себепсіз бұрмалап жалғаған бірауыз сөзіне сүйеніп жасаған (Қараңыз: Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей (под общей редакцией академика М.К.Козыбаева).— Алматы, «Санат», 1996. Стр. 167-168).

Бұрында да айтқан едік. Бейхабар қалған қарындас біле жүрсін, сол пікірімізді қайыра ұсынайық. 

А.Левшин өзінің үш томдығында Ресей империясының архивінде сақтаулы тұрған, өзінен бұрынғы «Книга Большему чертежу или древняя карта» (1627) аталатын еңбектегі, сондай-ақ, Унковскийдің (1722-1724), Палластың (1768-1774), Рычковтың (1771), Гавердовскийдің (1803-1804), Мейендорфтың (1820-1821), тағы басқалардың жазбаларындағы деректерді емін-еркін пайдаланған. Соларды мазмұндап шыққан. Бұл – аталған адамдардың кітаптарын А.Левшин түзген томдармен бастан аяқ салыстырып, мұқият сүзіп шыққанда көз жеткізген бұлтартпас шындық.

Vostlit.info сайтында жарияланған «Рукописное наследие поручика Я.П.Гавердовского по истории, географии и этнографии Казахской степи» атты мақаласында И.Ерофееваның өзі де да ап-анық қып былай деп айтып кеткен: «Несмотря на то, что его монография не была опубликована, благодаря изданию Г.И.Спасским небольших отрывков из нее в журнале «Сибирский вестник» она стала известна в 20-х гг. XIX в. (ч. 3. Спб., 1823., с. 43-60) крупному российскому исследователю истории и этнографии казахов А.И.Левшину (1797-1879), который основательно использовал оригинальные материалы Я.П.Гавердовского во многих разделах своего трехтомного труда «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей» (ч. 1-3. Спб., 1823.), но согласно еще неизжитой тогда архаичной традиции в российской историографии – без конкретных ссылок на авторство своего полузабытого предшественника» (астын сыздық. – Б.К.).

Сонымен «Бұланты (Білеуті) мен Аңырақай шайқасында үш жүздің біріккен әскеріне Әбілқайыр басқолбасшы болды» делінетін дәйексіз дерекке әуелі негіз болған – А.Левшиннің бұрмалаған сөзі.

Қысқасы, Ерофееваның «әртүрлі географиялық нүктелерде өте күрделі әскери операциялар атқарды» деп аталған шайқастарға еш дәлелсіз Бөкенбайды да қатысты қып бұрмалап көрсеткені, өзге де шалағай тарихшылардың жандарынан қосып, әсірелеп айтып жүргендері – біз айғаққа тартқан жаңағы Ә.Диваевтың ел аузынан жазып алған аңыз әңгімесі мен М.Тынышпаевтың жер-су атауларына байланысты берген мәліметтері.

9. Сөздің тоқ етері

Ерофеева, оны даурыға қоштап, соңына ерген «бөкенбайшылдар» «Табын Бөкенбай XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ырғыз, Торғай өзендері бойын мекендеген» дейді. «Бұрын аралас жүрген рулар XIX ғасырдан бастап қана кейінгі қоныстарына орныққан» дейді. Осылай деп әлгінде біз ашып көрсеткен өз өтіріктерін растап, бекітіп тастағысы келеді.

Хош. Бөкенбай ғұмырын осы күнгі Ырғыз ауданы төңірегінде өткізді дейік, әрине, жалғыз емес, өзіне жақын руластарымен бірге. Оларға қатысты жер-су атаулары, не қорымдары қалайша сақталынбай қалған онда?! XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы түсірілген қолымыздағы Ресей империясы карталарында Жем өзенінің бүгінгі Ақтөбе облысы Байғанин ауданы территориясы құрамына енетін тұсында «Акъ-Джарлы-Букембай», «Пес. Букембай» деген атаулар тұр. Сонда «XVIII ғасырдың бірінші жартысында ғұмырын Ырғыз жақта өткізген, қатысы жоқ» делінетін Бөкенбайдың есімі бұл жақтағы жерлерге қалайша таңылған?! (Қараңыз: №2 карта).

Ақиқатында Бөкенбай Жем бойындағы қонысын тастамаған. Ханның шақыртуымен ордаға анда-санда өз адамдарымен келіп-кетіп қана жүрген. Бұған Тевкелевтің «Журналындағы» мәліметтер толық куәлік береді. Сондай-ақ, Әбілқайыр ханның мына сөзі де мұны айғақтап тұр: «И стал он, Тевкелев, ему, хану, говорить, далеко ль улус Букенбай-батыря, чтоб к нему со известием послать. И хан сказал: до него езды будет три дни. Очень-де далеко…» (Қараңыз: Казахско-русские отношеня в XVI-XVIII веках. (Сборник документов и материалов). – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961. Стр. 55).

XIX ғасырдың екінші жартысында түсірілген тағы бір картада бастауларын батыстан алып, шығыс қарай ағатын Жаман Телқара мен Жақсы Телқара өзендерінің ортасында, аша тәрізденіп тоғысқан тақау тұстарында, «М.Кара-батырь» деп таңбаланған белгі бар, яғни бұл – «Қара батырдың моласы» деген сөз (Қараңыз: №3 карта). Ақтөбе облысына қарасты аудан орталығы – Ырғыздың (Жармола) солтүстік-шығыс жағында, 25-30 шақырымдай. Жұптасып қатар аққасын һәм сол төңіректегі жаңағы Қараның зиратымен байланыстырып, өзен атауын ел «тел Қара» атап кеткен. Осы жерге де әй жоқ, шәй жоқ «Бөкенбайдың әкесі Қарабатырдың мекені» деп жабысып жүр. Айтпағымыз, сонда Телқара өзені бойындағы Қара есімді Шөмекейдің батырының моласы қалайша оның қонысы болады?!

Бөкенбайдың руластары да Ерофеева тәрізді қазақта есімдері ұқсас, аттас адамдардың бола беретінінен мүлде хабарсыз сияқты. Өз аталарынан басқа білерлері жоқ-ау деймін.

Бәрін тізіп шығу мүмкін емес тіпті, осы тұстан шектелеміз. Бірақ аса қажет болып жатса, әрі қарай қайта жалғастырамыз!

Табын Бөкенбайға қатысты үздіксіз насихатталып жүрген әңгімелердің біразы бұрмалаушылық екенін өлкетанушылар, тарихшылар жан-жақты бұтарлап, дәлелдеген қаншама мақала жазды, «бөкенбайшыл» топ осылардың бірін де нақты айғақтар ұсынып, терістеп жоққа шығара алмады. Бұлар амалдары таусылғасын енді әріден ойластырып, «шоқыға қазба жұмыстарын жүргізу керек» деген әңгіме көтеріп, қитұрқылыққа көшті.

Табын Бөкенбай батырдың 1742 жылы түрікпендердің қолынан қаза болғаны, денесінің Байғанин ауданы территориясында жерленгені, қабіріне ұрпақтарының кейін белгі орнатқаны – күллі облыс жұртына мәлім жайт. Олай болса, оған еш қатысы жоқ шоқыда қазу жұмыстарын жүрізу нендей қажеттіліктен туа қалды?!

Біздіңше, ойлары – ол жерде сүйек жоқ деп не табылған мүрдені Шекті Бөгенбайдың ұрпақтарына қатыссыз қып шығару сияқты. Сөйтіп Гавердовскийдің не тархан Қаракөбек би мен Боранбай бидің жаңсақтасқандарын – «дәлелдеу». Өстіп 1710 жылғы Қарақұм жиынында айтылған сөзді, таудың атауын Табын Бөкенбайға «тиесілі ету» шамасы. (Елімізде кең етек алған қаржы мәселесіне қатысты қитұрқылықтың да исіі сезіледі).

Әбден қоясы ақтарылып, әшкере болған өз өтіріктерінен «бөкенбайшыл» топтың бас тарта алмай әлі күнге қоймастан құр өжектей берулерінің мынадай да себептері бар: Бөкенбайға арнап аста-төк ас берді, ескерткіш орнатты, ғылыми конференциялар өткізді, бірнеше кітап шығарды, осының бәрінде де әуелі нақты ақиқатқа көздерін жеткізіп алмай, «Қарақұмда сөз сөйлеп, үш жүзді жоңғарларға қарсы жұмылдырды, өзі қол бастап соғыс ашты, жеңіске жеткізді» деп жар салды. Халықты сендірді. Енді ақ-қарасы белгілі болған шындықты мойындаса, күлкі боламыз деген жалған намыс жібермейді.

Бөкенбай Қарабатырұлының (1667-1742) есімі П.К.Рычковтың, А.И.Левшиннің, М.А.Леваневскийдің, А.И.Добромысловтың, С.М.Соловьевтің еңбектерінде кездеседі, алайда бұлардың қай-қайсысының да оның жеке-дара қалың қол бастап, жауға шапқаны жөнінде айтқан бір ауыз сөзі жоқ. Тек бодандықты қабылдаудағы қызметін, патша өкіметінен алған марапатын, ел есінде қалған бірлі-жарым аңыздарды баяндаған немесе жай атай кеткен. Сондай-ақ, Бөкенбайдың Кириллов пен Тевкелеевке жазған екі қысқа хабарламасын енгізген.

Ерофеева бір сөзінде: «Қалданмен соғыстағы Бөкенбайдың ерліктері жөнінде тарихшылар құжаттық деректер тапқан жоқ…» деп мойындапты (Қараңыз: Ерофеева И.В. Ар-намыстың Ақтаңгері қазақ батыры Бөкенбай Қарабатырұлы. / Ауд. Мейірхан Ақдәулетұлы. – Алматы: Servise Press, 2018 жыл, 67-бет). Оның түрлі бұрмалаушылықтарға бару себептерінің бірі осыдан да болса керек.

Бөкенбай туралы деректің дені баспадан 1961 жылы шыққан «Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках» деп аталатын архив мәліметтері топастырылған жинаққа енген Тевкелевтің жазбаларында. 1731-1742 жылдар аралығын қамтиды. Мұнда оның өз иелігіндегі жеті мың шаңырағымен бірге Ресей бодандығын қабылдауда көрсеткен белсенділігі аса жылы лебізбен түзілген. Соңында барымтаға барғанда түрікпендердің өлтіргені айтылады. Кейінгі шалағай тарихшылардың сан құбылтып жүргендері де осындағы мәліметтер.

Бөкенбайдың батырлығына еш қатысы жоқ оқиғаларды жапсырмай-ақ, жалған сөздермен әсірелемей-ақ, архив құжаттарында қатталып қалған өзіне тиесілі деректермен де оның тарихи бейнесін ашып, ел жадына орнықтыруға болатын еді. Өйтпеген. Өте лас тірліктерге барған.

Сонымен сөзіміздің тоқ етері, И.Ерофееваның «Рыцарь звания чести, Казахский батыр Бокенбай Карабатырулы» деген кітабы (Алматы, 2017 жыл) – тарихтың шындығын бастан аяқ әдепсіздікпен өрескел бұрмалаған, елді адастыратын «еңбек». Фальсификация!

Бөрібай  КӘРТЕН,

Ақтөбе  қаласы.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: