Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Барымташы» сөзіне байыппен қарасақ…

01.03.2020, 10:10 3674

Патшалық Ресей заманында, кейін кеңестік кезеңде де тарихи кейіпкерлеріміздің қоғамдық-саяси қызметіне немесе ұлтымыздың салт-дәстүріне отаршылдық идеология тұрғысынан баға берілген зерттеулер аз болмады. Бұл қатарда «барымташы» сөзіне және сол арқылы қайраткер тұлғаларымызға жағылған күйе өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқаны ойландырады. Қазіргі журналистердің көпшілігі осы бір сөздің шын мағынасына үстірт қарап, мал ұрлаушыларды «барымташылар» деп, біржақты жазып келеді.

XIX ғасырдағы Ресей ғалымдары мен зерттеушілері барымта туралы ұрлау, тонау, біреудің малын күштеп тартып алу, т.б. жаранаға жуыспайтын сөздермен қылмыстық сипат бере отырып жазды. Алайда олардың арасында барымта институтының мән-маңызын қоғамға дұрыс жеткізуге талпынғандар да кездесті. Соның бірі Н.Гродеков барымтаның мән-жайын: «Біріншіден, барымта күндіз емес түнде жасалады. Екіншіден, барымта ашық айтылады. Елге жария етіледі. Үшіншіден, ұрлық-қарлыққа, кісі өлімі, қалыңдығы немесе әйелін алып кеткен кезде, қорлық көріп, тіл тиген, т.б. жағдайларда есе қайтарып, кек алу үшін жасалады. Төртіншіден, жауапкер ешқандай кінәлі болып саналмайды», – деп атап көрсетті.

Этнограф-ғалым Ш.Уәлиханов: «Біз барымтаны қазақтың өз ұғымымен түсіндіріп көрейік. Қазақта барымтаға кейде заң жүзінде рұқсат етіледі. Ұрлыққа, тонауға, мал айдап кеткенге айып төленеді, ал барымтаға ештеңе төленбейді. Барымта дегеніміз – қайтарылатын қалың мал, төленетін құн үшін құныкер адамның малын немесе затын, жалпы өзгенің жеке меншігін тартып алу. …Барымта тападай тал түсте, қажет болған жағдайда күшпен немесе жасырын, түнделетіп жасалады… Әрине, мұның бәрі малды айдап әкету болғандықтан, қылмысты іс деп айыпталмайтын», – деп, барымтаның түпкі мақсатын тайға таңба басқандай ғып түсіндіреді.

ХIХ ғасырдың ортасында Сыр бойын зерттеген ғалым В.Северцовтың «Қоқандықтардың қолындағы бір ай» еңбегінен үзінді: «…Қазақтардың Ресейдің қарамағына өтуі іс жүзіне айналған соң орыс үкіметі қазақтардың ішкі істеріне батыл араласа бастады. Әуелде барымташылықты тыю қазақтың өз ережесі – бейтарап соттар арқылы шешілетін болды, кейінірек барымтаға мүлдем тыйым салынды. Ол орын алған жағдайда барымташылар қылмыстық жауапқа тартылды… Содан барып барымташы бұзық-тентекке айнала бастады. Өз кезегінде бұл барымташылықтың бағалануын кәсіп, өнер дәрежесіне дейін көтерді.

…Өздері ерлік деп санаған әрекетін орыстардың қылмыс деп санауы және батыр мен күштіні момын мен әлсізге теңеуі, байлықты өзінің ержүректігімен көбейтемін дегеніне орыстардың қарсы болуын – қазақ өзін қорлау деп есептеді». Қазақ даласын зерттеуші П.Е.Маковецкий (1886 ж.) қазақтардың барымтаны қылмыс деп емес, ерлік деп қабылдайтынын, орыс әкімшілігінің оған қарсы күресінің мал айдаумен даңқы шыққандардың қатарына жаңа батырлар мен каһармандардың қосылуына әкеліп жатқанын жазған. Мұны орыс зерттеушісі М.Путинцев: «Ұрлық үстінде ұсталған ұры нағыз масқарашыл, халық ондайларды жек көреді. Керісінше, барымтаға барып, жылқы айдап әкелу мықтылық пен ерліктің көрінісіне баланады» деп қолдай түседі.

ХIХ ғасырдағы қазақтың құқықтық және саяси мәдениетін зерттеу аясында барымта институтының әртүрлі аспектілерін қарастырған АҚШ Висконсин университетінің профессоры Вирджиния Мартин мынадай қорытынды жасаған: «…Ресей заңдары барымтаны қылмыс санатына жатқызғанмен қазақтар үшін ол дәстүрге сай батырлық пен құрметке лайық іс болып қала берді. Барымтаны көптеген қазақтар түсініксіз және тиімсіз әрі тең дәрежеде қол жеткісіз ресми билер сотына, ресейлік соттар мен әкімшілік билікке балама ретінде, сондай-ақ, қоғамдағы басқа да құқықтық тетіктер қауқарсыз болған кезде қолданды… Алайда әділеттілікті қалпына келтіру жолында бидің рұқсатынсыз жасалған барымта әдет-ғұрып талаптары мен рәсімдері жүйесі бойынша заңсыз болып есептелді» (Мартин В.Закон и обычай в степи (монография). Алматы: ЦОП КазАТиСО, 2012-282 бет).

Қазақтың әдет-ғұрып заңдары (Материалы по казахскому обычному праву.- Алматы, 1948 ж.) бойынша билер сотының шешімін орындамаған жаққа барымта жасалады. Бір мәселе бойынша үш рет барымтаға шыққан тарап құн төлейді. Үш жылқыға дейін айдап әкетілсе ат-тон айып, мал саны төрттен асса, бір тоғыз айып төленеді және бұлар барымтаға жатпайды. Жылқы саны 8-10 немесе одан асқан жағдайда ғана барымта саналады. Айдалып кеткен өз малын немесе оған саны шамалас малды күшпен қайтарып алу – ол қарымта. Дауласқан екі жақ бітісер тұста барымта-сырымта кезіндегі барлық малдардың саны анықталып, есепке ілінбеген мал сырымта деп аталады.

«Жеті жарғы» заңында барымтаның кінәлі жақ билер сотының шешімін орындамаған, болмаса елбасылары, ру көсемдері істі қарамаған кезде жасалатыны және алынатын жылқының саны билер шешімімен белгіленген көлемнен аспауы тиістігі атап көрсетілген. Барымтаға ешқашан ту ұстап шықпаған және оның барысында адам өліміне сақ болған.

Энциклопедиялардағы анықтамаларға кезек берсек: «Барымта – жәбірленуші жеке адамның, оның руластарының кегін қайтару, зорлап алынған, не ұpлaнғaн малдың, көрсетілген жәбірдің есесін алу үшін қарсы жақтан кек қайтару, ақы өндіру әрекеті» (Қазақ Совет энциклопедиясы. 2 том, 177-бет). Осы түсінік «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» де келтірілген.

«Барымташы – барымтаға қатысушы, барымта жасаушы адам. Аса қарулы, епті шабандоз, айлакер, ізшіл, жылқы мен жер-су жайын білетін, түнде жұлдызға қарап жол таба алатын, күн райын ауа-райына қарап бақылап, болжай алатын жан-жақты қабілеті бар адам» (Уикипедия).

Отандық зерттеушілер С.Толыбеков, К.Р.Усеинова, А.Тоқтабай, С.Даулетова, т.б. ғалымдардың барымта институтына қатысты

тұжырымдарын топтастырсақ, барымта негізінен: 1) физикалық немесе моральдық зиянға байланысты кек алу; 2) қауымдық-рулық мүддеден бас тартқаны үшін жазалау құралы; 3) адамның бұзылған құқығын қорғау тәсілі, жауапкерді билер сотына келтіру тәсілі, билер сотының шешімін орындауға мәжбүрлеу тәсілі; 4) әлеуметтік наразылық немесе қарсылық түрі; 5) рулар арасындағы дауларды шешу түрі.

Жазба деректер мен ауыз әдебиетіне ортақ үлкен тақырып – ол барымтаның батырлық мектебі болып табылатыны. Қазақ батырларының көбі – жастайынан барымтаға қатысып, жаудан жылқы айырып, шыныққан, ауылдың малын барымташылар мен жаулардан қорғаймын деп жүріп шабандоз, сайыскер, жауынгер болып қалыптасқандар. Барымта дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлардың бейбіт кезеңдегі әскери дайындығы іспетті. Алмағайып кезеңдері кеткен есемізді қайтару мақсатында көрші елдерге де барымта жасалып отырған.

Барымташы – өзі сыйлайтын, өзіне жақсылық істегенге ерекше адал, оның айтқанынан шықпайтын сенімді досы, шындыққа жүгінетін, уәдеден таймайтын, салт-дәстүрге берік, қайырымды, жомарт, әділетсіздікке жаны қас адам. Бейне бір ерлік оқиғаны іздеуші – рыцарь. Ол – өткен заманның бесаспап спортшысы, марафоншы шабандозы. Ол – тамақсыз, сусыз иен далада ер-тоқымын жастанып, қар мен мұз кешіп ат үстінде жүруші. Ол – айсыз түнде жол табатын ізші, білек қаруын меңгерген сойылшы, иен далада жүрген құрық көрмеген жылқының айғырын бас білдіріп, үйірін соңына ерте алатын атсейіс. Ол – ел шетіне жау тигенде атойлап ел қорғауға бірінші болып шығатын ержүрек батыр. Ол жер, жесір мен мал дауларына араласатын намысшыл жігіт.

Әрине қазақты барымташылыққа жетелеген ең басты себептің бірі – сол замандағы әлеуметтік теңсіздіктен бастау алғанына сөз жоқ. Барымташы батырлар сұлтандар, билер, болыстар, байлардың өкімін орындаған, бірақ, тарлан тарихтың сындарлы кезеңдері, керісінше, олардың малын тартып алып жарлы-жақыбайларға үлестірген. «Қараш-қараш оқиғасы» кітабының кейіпкері Рысқұл Жылқайдарұлының (Тұрар Рысқұловтың әкесі, кітапта Бақтығұл деп алынған), бүкіл Торғайға белгілі Амангелді батырдың барымташы болғандары айтылғанның мысалы. Бұл қатарда Кеңес заманындағы большевиктердің қарапайым халыққа қырғидай тиюі, малы мен жандарын тәркілеуіне қарсы шыққан Жайықтағы Құныскерей, Торғайдағы Кейкі, Сыр бойындағы Зарқұм сынды ұлтымыздың ержүрек перзенттері бар. Жалпы, патшалық және кеңестік басқару жүйесіне өздеріне қарсы келгендерді түрмеге жабу үшін жылқы ұрлады, барымта жасады сияқты айыптаулар жақсы желеу болған. Соның бір мысалы – атақты күйші Құрманғазы Сағырбайұлының тағдыры.

«Барымта» ұғымы халық ауыз әдебиетінде, моңғол, түрік деректерінде ерте заманнан кездеседі. Қазақтың әдет-ғұрып құқығы, салт-дәстүрінен бастау алған барымта институтының даму жолы ел басқару жүйесімен тығыз байланыста өрбіді. Қазақ қоғамында өз дәуірлеу кезеңін бастан өткізген барымталық дәстүр XIX ғасырда патшалық Ресейдің қазақ даласында кеңінен жүргізе бастаған саяси, әкімшілік, құқықтық реформалары салдарынан бастапқы рөлінен біртіндеп айырыла бастап, ақыры XX ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған қоғамдық-саяси жүйенің түбегейлі өзгерісі нәтижесінде түпкілікті жойылды.

Қасиетті Сыр топырағынан соңғы төрт ғасырға жуық уақыт ішінде 500-ден астам батыр шықты десек, солардың басым көпшілігі – барымта мектебінің түлектері. Олар – елім деп, жерім деп тыным таппай туған халқы үшін ғұмыр кешкен, оны қорғаған тұлғалар және қазақтың әдет-ғұрып құқығын сақтап, салт-дәстүріне қызмет еткен қарапайым халық өкілдері.

Осының бәрін білмей немесе білгісі де келмей, әлі күнге дейін мал ұрлаушыларды «барымташылар» деп жүргендерге айтарымыз: ұры – ол көршісінің малын көрші ауылдың ұрысына көрсетіп беріп жүрген және сол сияқты өзі де бөтеннің малын олжалайтын кәнігі қарақшы, өзінің қара басының ғана қамын ойлайтын кәдуілгі қуыс кеуде. Бұндай арамзалар қай заманда да болған, бола да береді. Ал, барымташылар – көптің мүддесін арқалаған біртуар саңлақтар. Жалпы алғанда, барымта институтының қазақ халқының терең тарихындағы алатын орны ерекше және рухани маңызы зор.

Бір сөзбен айтар болсақ, «ұры» және «барымташы» сөздерін бір мағынада қолданудың еш жөні жоқ, бұл – өткен замандағы өмір сүрген батыр бабаларымыздың рухын сыйламағандықтың белгісі.

Қали ОМАРОВ,

ғалым, публицист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: