Биыл Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына ғасыр толып отыр. 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталып, оның барысында ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылып, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Уездік қалалық атқару комитеті осы жылдың 30 мамырындағы барлық мемлекеттік мекеме, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын ай көлемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеген қаулысы дария жағалауындағы қаланы ел байтағына айналдыру шараларын жеделдете түсті.
Ақмешіт уездік партия комитетіне сәуір айында келіп түскен жеделхатта үкіметтік поезд Ақмешітке Орынбордан 15-інде келіп жететіні баяндалған. Жеделхатта атап көрсетілгендей, үкімет поезы 1925 жылдың 15 сәуірінде Қазақ АССР-ның (ол кезде Қырғыз АССР-і) астанасы Ақмешітке көшіп келеді. Үкімет поезында сол кездегі қайраткерлер Сұлтанбек Қожанов, КИР ЦИК-тың бұрынғы төрағасы Сейітқали Меңдешев, жаңадан сайланған төрағасы Жалау Мыңбаев, секретары Бекайдар Аралбаев, оқу комиссары Смағұл Садуақасов, жер-су комиссары Жағыпар Сұлтанбеков, ішкі істер комиссары Сүлеймен Есқараев, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақовтар болды. Бұл поезда қоғамдық-саяси қайраткелерден басқа қазақ өнері мен әдебиетінің көрнекті өкілдері, әнші Әміре Қашаубаев, ақын Иса Байзақов, «Еңбекші қазақ» газетінің тілшісі ретінде Сәбит Мұқанов, атақты балуан Қажымұқан Мұнайтпасов келіп, Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезіне делегат ретінде қатысады. Орынбордан Ақмешітке бесінші Бүкілқазақ съезінің делегаттарын алып келген поезд жайлы Сәбит Мұқановтың «Өнер мектебінде» әңгімесінде жақсы көрініс тапқан (Ақмешіт қаласы, 1925 жыл, 15 сәуір)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отырысында сөйлеген сөзінде: «Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттілігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап жіберді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында қалуы тиіс» деді. Ал оның дәлелі тарихи атауы қайтарылып, оны растайтын V съезде қабылданған құжат болып табылады. V съезд ұлттық мемлекеттік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдер қабылдап, өкімет органдарын сайлады. Олардың құрамына Сыр елінің көрнекті өкілдері, мемлекет, қоғам қайраткерлері кірді. Солардың бірі Сүлеймен Есқараев өкімет құрамына республика ішкі істер халық комиссары болып енді. Осы съезде Бегайдар Аралбаев Қазақ АКСР-і Атқару комитетінің хатшысы болып сайланды. Қазақстан әйелдері де қоғамдық-саяси жұмысқа белсенді түрде араласа бастады. Оларды кеңес жұмыстарына көтеру, партия қатарына тартуда қазақ әйелдері Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Мадина Бегалиева, Сара Есова және басқа да кадрлар көп еңбек атқарды.

«Алаш партиясының құрылуы және Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы», «Қызылорда – ел астанасы», «Қызылорда қаласы тәуелсіздік жылдарында» атты залдардағы құжаттар екі ғасырдан астам тарихы бар қаланың өткенінен сыр шертеді. Республика орталығы болған кезеңді қамтитын бөлімде ерекше мәнерде жасалған шам мен ескі сөре, трубалы патефон көзге бірден түседі. Көне қоңыр үстел басында балауыздан жасалған қызметкер мүсіні шешімді бір құжатқа қол қою үшін алдындағы қағаздарға төне түсіп отыр. Қабырғадағы құжаттар арасынан 1925 жылдың 16 ақпанында қабылданған астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жұмыстары жөніндегі мәжіліс хаттамасының көшірмесін көрдік. Орталықты Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндігін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөніндегі комиссия төрағасы Аспандияр Кенжин осы жылдың 10 наурызында дайындық жұмыстарының қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына сапарлауына байланысты орнына комиссия мүшесі М.Тынышбаевты қалдыратынын, оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыларды жұмсау құқы берілгенін атап көрсетіп, барлық партия, кеңес, кәсіподақ ұйымдары басшыларын бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруға ықпал етуге міндеттеген бұйрығы сол кезеңдегі қаладағы қарбаласты көз алдыңызға әкелетіндей. Сол жылдың 13 сәуірінде комиссия төрағасы А.Кенжин қалалық атқару комитетінің төрағасы Рүстемовке жазған хатында Үкімет мүшелері мінген пойыз сәуірдің он бесінші күні түстен кейін Ақмешітке жететінін, соған байланысты дайындық шараларын пысықтап, ол жайлы комиссияны хабардар етуін сұрайды. Бесінші бүкілқазақ съезінде қабылданған қазақтың тарихи атауын қайтару мен Қазақ кеңес социалистік республикасының орталығы Ақмешіт қаласын «Қызылорда» деп өзгерту жөніндегі құжат көшірмесі де музейде тұр. Бұл атауды ойлап тапқан кезіндегі саясат лебімен есімі түгілі елге жасаған еңбегі де айтылмай келген Алаштың ардағы Қоңырқожа Қожықов болған деседі. Музейдегі үлкен портретте ел ордасының Ақмешітке көшіп келген сәтіне жиналған жұрт қуанышы бейнеленіпті. Қызылорданың астана болған кезеңіне қатысты мұрағаттың дені бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде салынған Қызылорда қаласының тарихы музейінде сақталып тұр. Жеті жыл бұрын Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың сол жағалауынан ашылған музей қорында қазір 1186 экспонат бар.

Екі музейде орналасқан тарихи жәдігерлерді университет студенттеріне таныстыруда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат пен Қызылорда қаласы «Қала тарихы» музейінің қызметкері Алтын Карбозоваға ризашылығымызды білдіреміз. «Қызылорда – Қазақ АКСР-нің астанасы» тақырыбына байланысты қойылған 1186 экспонатқа, Кеңестік кезеңдегі ұлт зиялыларының, Алаш мемлекет және қоғам қайраткерлерінің суреттері биыл өтетін іс-шараға лайықты жабдықталып қойылған. Университет ғылыми-танымдық сабағынан 100 жылдық астана мәртебесіне ие болған Қызылорда қаласының тарихына сусындап, қажетті ақпараттар алды. Алдағы уақытта қала тарихына байланысты ғылыми-әдістемелік жұмыстар жалғасын табатын болады.
Ал, жыл аясында ғасырлық мерейтой республика көлемінде жоғары деңгейде атап өтіледі. Оның аясында имидждік өнімдер шығару, республикалық ғылыми-танымдық конференция мен аламан айтыс өткізу, «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» кітабын шығару ойластырылыпты. Астана болған Ақмешітте еңбек еткен талай ұлт зиялысының тұрған үйлері, солардың орнына бой көтерген ғимараттарда ескерткіш тақта тұр. Жүз жылдық аясында Алаш қайраткерлері мекен еткен орындарды да осылайша ерекшелендіру жоспарланып отыр.
Қанат ҚЫПШАҚБАЕВ,
Болашақ университеті жоғары колледжінің оқытушысы,
педагог-зерттеуші
Сурет ашық дереккөзден алынды.


Ақмешіт қаласын абаттандыру комиссиясының жұмысы жайлы мәлімет іздеген едім. А. Кенжиннң суретін қалай жүктеп алуға болады?