Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астана атанған Ақмешіт

17.04.2025, 7:20 471

Биыл Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына ғасыр толып отыр. 1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңес­терінің V съезі басталып, оның барысында ұлтымыздың тарихи атауы қайтарылып, Ақмешітті Қызылорда қаласы деп атауға қаулы қабылданды. Уездік қалалық атқару комитеті осы жылдың 30 мамырындағы барлық мемлекеттік мекеме, кооперативтік және басқа да ұйымдарға мөр, мөртабан, мекеме маңдайшаларындағы атауын ай кө­лемінде «Қызылорда» деп өзгертуді міндеттеген қаулысы дария жағалауындағы қаланы ел байтағына айналдыру шараларын  жеделдете  түсті.

Ақмешіт уездік партия комитетіне сәуір айында келіп түскен жеделхатта үкіметтік поезд Ақмешітке Орынбордан 15-інде келіп жететіні баяндалған. Жеделхатта атап көрсетілгендей,  үкімет  поезы 1925 жылдың 15 сәуірінде Қазақ АССР-ның (ол кезде Қырғыз АССР-і) астанасы Ақмешітке көшіп келеді. Үкімет поезында сол кездегі қайраткерлер Сұлтанбек Қожанов, КИР ЦИК-тың бұрынғы төрағасы Сейіт­қали Меңдешев, жаңадан сайлан­ған төрағасы Жалау Мыңбаев, секретары Бекайдар Аралбаев, оқу комиссары Смағұл Садуақасов, жер-су комиссары Жағыпар Сұлтанбеков, ішкі істер комиссары Сүлеймен Есқараев, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов­тар болды. Бұл поезда қоғамдық-саяси қайраткелерден басқа қазақ өнері мен әдебие­тінің көрнекті өкілдері, әнші Әміре Қашау­баев, ақын Иса Байзақов, «Еңбекші қазақ» газеті­нің  тілшісі ретінде Сәбит Мұқанов, атақты бал­уан Қажымұқан Мұнайтпасов келіп, Кеңес­тердің Бүкіл­қазақстандық V съезіне делегат ретінде қатысады. Орынбордан Ақмешітке бесінші Бүкілқазақ съезінің делегаттарын алып келген поезд жайлы Сәбит Мұқановтың «Өнер мектебінде» әңгімесінде жақсы көрініс тапқан (Ақмешіт қаласы, 1925 жыл, 15 сәуір)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың IV отыры­сында сөйлеген сөзінде: «Халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы да бір ғасыр бұрын қайтарылды. Біздің мемлекеттілігіміз мыңжылдықтардан бастау алады, оның тамыры тым тереңде жатқаны даусыз. Бірақ осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Бұл істе сол кездегі Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин айрықша рөл атқарды. Ол «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазып, арнайы идеологиялық науқанды бастап жіберді. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында қалуы тиіс» деді. Ал оның дәлелі тарихи атауы қайтар­ылып, оны  растайтын V съезде қабыл­данған құжат болып табыла­ды. V съезд ұлттық мемлекет­тік құрылыс саласының маңызды тарихи шешімдер қабылдап, өкімет орган­дарын сайлады. Олардың құрамына Сыр елінің көрнекті өкілдері, мемлекет, қоғам қайраткерлері кірді. Солар­дың бірі Сүлеймен Есқараев өкімет құрамына республика ішкі істер халық комиссары болып енді. Осы съезде Бегайдар Аралбаев Қазақ АКСР-і Атқару комитетінің хатшысы болып сайланды. Қазақстан әйелдері де қоғамдық-саяси жұмысқа белсенді түрде араласа бастады. Оларды кеңес жұмыстарына көтеру, партия қатарына тартуда қазақ әйелдері Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Мадина Бегалиева, Сара Есова және басқа да кадр­лар  көп  еңбек  атқарды.

«Алаш партиясының құ­рылуы және Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы», «Қызылорда – ел астанасы», «Қызылорда қаласы тәуелсіз­дік жылдарында» атты зал­дардағы құжаттар екі ғасырдан астам тарихы бар қаланың өтке­нінен сыр шертеді. Рес­пуб­лика орталығы болған ке­зең­ді қамтитын бөлімде ерекше мәнерде жасалған шам мен ескі сөре, трубалы патефон көзге бірден түседі. Көне қоңыр үстел басында балауыздан жасалған қызметкер мүсіні шешімді бір құжатқа қол қою үшін алдындағы қағаздарға төне түсіп отыр. Қабыр­ғадағы құжаттар арасынан 1925 жылдың 16 ақпанында қабылданған астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жұмыс­тары жөніндегі мәжіліс хаттамасының көшірмесін көрдік. Орталықты Ақмешіт қаласына көшіру мүмкіндігін жан-жақты зерттеу, лайықты жабдықтау жөніндегі комиссия төрағасы Аспандияр Кенжин осы жылдың 10 наурызында дайындық жұмыстарының қорытындысын орталыққа баяндау үшін Орынбор қаласына сапарлауына байланыс­ты орнына комиссия мүшесі М.Тынышбаевты қалдыратынын, оған басталған жұмысты әрі жалғастыру, ғимараттарды жөндеу мен дайындауға байланысты қаржыларды жұмсау құқы берілгенін атап көрсе­тіп, барлық партия, кеңес, кәсіп­одақ ұйымдары басшыларын бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруға ықпал етуге міндеттеген бұйрығы сол кезең­де­гі қаладағы қарбаласты көз алдыңызға әкелетіндей. Сол жылдың 13 сәуірінде комиссия төрағасы А.Кенжин қалалық атқару комитетінің төрағасы Рүстемовке жазған хатында Үкімет  мүшелері мінген пойыз сәуірдің он бесінші күні түстен кейін Ақмешітке жететінін, соған байланысты дайындық шараларын пысықтап, ол жайлы комиссия­ны хабардар етуін сұрайды. Бесінші бүкілқазақ съезінде қабылданған қазақ­тың тари­хи атауын қайтару мен Қазақ кеңес социалистік респуб­ликасының орталығы Ақмешіт қаласын «Қызыл­орда» деп өзгерту жөніндегі құжат көшірмесі де музейде тұр. Бұл атауды ойлап тапқан кезіндегі саясат лебімен есімі түгілі елге жасаған еңбегі де айтылмай келген Алаштың ардағы Қоңырқожа Қожықов болған деседі. Музейдегі үлкен портретте ел ордасының Ақмешітке   көшіп  келген  сә­тіне жиналған  жұрт  қуаны­шы бейнеленіпті. Қызыл­орданың астана болған  кезеңіне қатыс­ты мұрағаттың дені бұрынғы Қазақ Орталық Атқару  комитеті ғимаратының сызбасы негізінде салынған Қызыл­орда қаласының тарихы музейін­де сақталып тұр. Жеті жыл бұрын  Қызылорда қала­сының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың сол  жағалауынан ашылған музей қорында  қазір  1186  экспонат  бар.

Екі музейде орналасқан тари­хи жәдігерлерді университет студенттеріне таныс­тыру­да Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Сайлау Асхат пен Қызылорда қаласы «Қала тарихы» музейінің қызметкері Алтын Карбозоваға ризашылығымызды білдіреміз. «Қызылорда – Қазақ АКСР-нің астанасы» тақырыбына байланысты қойылған 1186 экспонатқа, Кеңестік кезеңдегі ұлт зиялыларының, Алаш мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сурет­тері биыл өтетін іс-шараға лайық­ты жабдықталып қойылған. Университет ғылыми-танымдық сабағынан 100 жылдық астана мәртебесіне ие болған Қызылорда қаласының тари­хына сусындап, қажетті ақпараттар алды. Алдағы уақытта қала тарихына байланысты ғылыми-әдістемелік жұмыс­тар  жалғасын  табатын  болады.

Ал, жыл аясында ғасыр­лық мерейтой республика көлемінде жоғары деңгейде атап өтіледі. Оның аясында имидждік өнімдер шығару, республ­икалық ғылыми-­та­нымдық конференция мен аламан айтыс өткізу, «Қызыл­орда – Алаштың жүрегінде» кітабын шығару ойлас­тырылыпты. Астана болған Ақмешітте еңбек еткен талай ұлт зиялысының тұрған үйле­рі, солардың  орнына бой көтерген  ғимараттарда ескерткіш  тақта тұр. Жүз жылдық  аясында Алаш қайраткерлері  мекен  еткен орындарды да осылайша ерекшелендіру жоспарланып  отыр.

Қанат  ҚЫПШАҚБАЕВ,

Болашақ университеті жоғары колледжінің оқытушысы,

педагог-зерттеуші

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер:
  • Ақмешіт қаласын абаттандыру комиссиясының жұмысы жайлы мәлімет іздеген едім. А. Кенжиннң суретін қалай жүктеп алуға болады?

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: