Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаш армиясының қолбасшысы неге ақталмады?

22.02.2024, 15:40 405

HALYQLINE.KZ

Осы уақытқа дейін ақталмай отырған Алаш ардақтысы болған Хамит Нығыметуллаұлы Тоқтамысов (құжат бойынша Сұлтан Габдул-Хамит Нигматулла-оглы Тохтамышев) 1890 (1885) жылы 14 қаңтарда Ресей империясы Ақмола облысы Омбы уезінде (қазіргі Омбы облысы Шұбарқұдық ауданы) дүниеге келді. Арғынның Атығай тайпасынан – Бөкес – Моныс – Есенаман – Бағыс – Серкеш – Тәңірберген – Назар – Жанұзақ – Тоқтамыс – Сухан – Нығыметулла – Сұлтан Ғабдулхамит Тоқтамысов болады. Осы жерде айта кететінім, Суханнан – Шаяхмет – Жұмабай тарайды. Жұмабай Шаяхметов 1946-1954 жылдары Қазақстан басшысы болды. Жанұзақ Тоқтамысовтың (әйелі орыс) ұлдарының барлығы патша әскерінде қызметте болды. 1826-1828 жылдары Көкшетау сыртқы округінің сұлтаны болды. Осындай ортадан шыққан Хамит Тоқтамысов 1908 жылы Сібір кадет корпусын бітіргесін, ары қарай Константиновский артиллерия училищесінде оқып бітірген, соң поручик шенімен 8-ші Сібір атқыштар дивизиясында әскери мансабын бастайды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, майданда көзсіз ерлік үлгісін көрсеткені үшін император армиясының штабс-капитаны шеніне дейін көтеріліп, жеті орденмен марапатталады. Орта Азия мен Кавказ ұлтының бір өкілі де мұндай марапатқа ие болған жоқ! 1). Төртінші дәрежелі әулие Владимир ордені, 2). Екінші дәрежелі әулие Станислав ордені + қылышпен, 3). Бірінші дәрежелі әулие Анна ордені + қылышпен, 4). Екінші дәрежелі әулие Анна ордені + қылышпен, 5). Үшінші дәрежелі әулие Анна ордені + бантпен, 6). Төртінші дәрежелі әулие Анна ордені + Аннинск қаруымен, 7). Екінші дәрежелі әулие Станислав ордені + «ерлігі үшін» деген жазуы бар қылышпен. 1917 жылғы патшаны тақтан құлатқан ақпан революциясынан кейін, патша үшін соғысудан шаршаған солдаттар майдан даласынан жаппай қаша бастады. Патша армиясындағы анархия штабс-капитан Тоқтамысовтың жүйкесіне әсер етіп, қысқамерзімді демалыс алып, Омбыдағы отбасына келді. Сол кезде Октябрь қарулы көтерілісі болып уақытша үкіметті тұтқындап, билік басына большевиктер келіп, Германиямен патша соғысты. Біз соғыспаймыз деп мәлімдеме жасағасын штабс-капитан Тоқтамысов қызметсіз қалып, Омбыда орнығып қалды.

Бұл кезде Қазақстанда тарих аренасына қазақ зиялылыры шығып, қазақ халқына бостандық таңы атты деп, Алашорда үкіметін құруға кірісіп жатыр еді. 1917 жылы 13 желтоқсанда Алаш автономиялық үкіметі құрылып, Әлихан Бөкейханов төраға болып сайланды. Бірінші күн тәртібінде Алашорда үкіметін қорғау үшін ұлттық милицияны құруды қолға ала бастағанда, бұл жауапты істі кімге тапсырамыз дегенде, Омбы қаласындағы қызметсіз қалған штабс-капитан Хамит Тоқтамысовты Орынборға шақырып, полковник шенін берді. Жаңадан ұлттық армияны құруға Х.Тоқтамысов кірісіп кетті. Ағайынды Халел мен Жаханша Досмұхамедовтар басқаратын «Алашты қолдау қорында» қазақ байлары жаңа үкіметін қолдау үшін жинаған қаражатқа Самара қаласындағы «Комуча» (қаланы уақытша үкіметтің учредительный комитеті басқаратын) ұйымынан 600 винтовка мен 1 млн патрон сатып алып, қалған қару-жарақ, винтовка, пулемет пен екі автомобильді Орал казак әскерінің атаманы Дутовтан алып, оның қарамағындағы әскери лагерьде әскери жаттығудан өтті. 1918 жылдың тамыз айында 750 сарбаз және 38 офицерден құрылған алғашқы атты милиция полкі дайын болды. Жиналған отряд алдында сөз сөйлеген Алашорда үкімет төрағасы Әлихан Бөкейханов: «Милиция дегеніміз – бұл ұлттық армия!» деген өз сөзімен аяқтады. Келесі жылы Алашорда армиясының саны 5000 адамға жетті. Сібір үкіметінің жоғары қолбасшысы адмирал Колчактың қарамағында Қостанай, Қарқаралы, Өскеменде большевиктерге қарсы соғысты. 1919 жылдың ортасында Қазревком құрылып большевиктер күш алып, ақгвардияшылдар жеңіле бастағасын Колчак Қиыр Шығысқа қарай қашып, Владивосток порты арқылы Англияға кетпекші болғанмен, Иркутскіде большевиктердің қолына түскесін атып тастады. Колчак армиясының Жетісудағы армиясының қолбасшысы, Жетісу казактарының атаманы Б.Анненковтың құрамындағы Алашорда армиясының қолбасшысы Х.Тоқтамысов Қытайға қашпақшы болады. Полковник Х.Тоқтамысов атаман Анненковтан бөлініп, өзінің сенімді сарбаздарымен 1919 жылы желтоқсанда Семейдің Көкпекті станциясы тұсынан Қытайға өтер кездегі совет шекарашылары мен чекистермен атыс кезінде оққа ұшты. Қасындағы тірі қалған сарбаздарын атар кезде Хамиттің орыс әйелі «күйеуім өлген соң, маған өмір сүрудің еш мағынасы жоқ» деп өзін де қоса атуын сұраған, соңғы өтінішін большевиктер орындайды. Сол кезде өздерімен бірге кішкентай қызы болған екен, ол қыздың тағдыры белгісіз болып қалды. Көкпектідегі татарлар большевиктерден Хамит Тоқтамысовтың өлі денесін сатып алып, Дәуіт хазіреттің қасына мұсылман ғұрпымен жерледі, қызын осы татарлардың бірі асырап алды деген де сөз бар. Өмір бойы патша ағзамға адал қызмет еткен, сол үшін капитан шенін алған және орыс әйелі болғандықтан христиан дініне өткен болатын. Дәуіт хазіреттің (1845-1910) Жетісуда он екі мешіті бар, белгілі дін өкілі болғандықтан басына ескерткіш тақта орнатуға совет өкіметі кезінде мүмкін болмағандықтан 2016 жылы ескерткіш тақта қойса, ал Алаш ардақтысы Хамит Тоқтамысовқа жерленген соң 99 жыл өткен соң, 2018 жылы ескерткіш тақта орнатылды (фото).

Енді мақалан тақырыбындағы «Алаш армиясының қолбасшысы неге ақталмады?» деген сұрағыма келейін. Полковник Х.Тоқтамысов басқарған Алаш армиясы, Жетісу казактарының атаманы Борис Анненковтың армиясының құрамында большевиктерге қарсы соғысқан болатын. Атаман Анненков нағыз садист еді, сондықтан оның армиясының туында адамның бас сүйегі мен адамның екі ортан жілік сүйегі айқасып тұрды. Анненковтың азап вогонында сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин жеті ай бойы азап шекті. Үшарал болысындағы Қарабұлақ ауылындағы ер адамдарды түгел қылышпен шауып өлтіріп, әйелдер мен жас қыздардың барлығын зорлап болғасын кескілеп шауып тастады. Колчак армиясынан бөлініп Қытайға қашпақшы болғанда, өзінің армиясының 80 пайызын сырттай өлім жазасына кесті. Себебі совет өкіметі адасқан орыс-казактарға амнистия жариялап, өз еркімен берілгендерге өмірі сақталады дегенді естіп, соғысқысы келмеді. Казактар соғыстан шаршаған болатын, олар отбасына оралуды ойлады. Осыны білген атаман Анненков өзінің гвардиясы болып табылатын «Қара жүздік» және «Қара гусарлар» отрядымен 12000 казакты, кей деректе 25000 адамды алдап апарып шауып өлтіреді. Осындай жазалау шараларына полковник Тоқтамысовтың Алаш армиясы да қатысты деген сөз қалды. Міне, осы жағдай Хамит Тоқтамысовты ақтауға кедергі болып отырғанға ұқсайды. 1920 жылы наурызда Алашорда үкіметімен қоса Алаш армиясы да таратылды.

Ашық дереккөзден алынған фотода патша армиясының 7 орденін тағып, патшадан алған қылышты сабынан ұстап отырған, ақ погонды, ақсары кісі полковник Хамит Тоқтамысов, оң жағындағы атаман Борис Анненков. Бұл қанішер атаманды 1927 жылы совет барлау органы арнайы жоспар құрып Қытайда қолға түсіріп, Жетісуға алып келіп, ашық сот процессін өткізіп болғасын атып тастады. Ол туралы да жақын күндері оқисыздар.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: