Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ай қораланды» соғысы

29.02.2024, 10:20 217

Қазақ халқы ерте кезден жауынгер, батыр болғандығы, ұлан-байтақ ұлы даланы жау­жүрек батырларымыздың арқасында сақтап қалғандығы тарихтан белгілі. Қазақтың батыр қолбасшыларының жауға қарсы қолданған соғысу әдіс-тәсілі де әртүрлі болған. Енді осы соғыс тәсілдерінің ішіндегі «Ай қораланды» соғысы туралы қысқаша айтуды жөн көрдік. Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында осы соғыстың куәгері ретінде  соғыс  тәсілін  өте  керемет  суреттейді.

«Ай қораланды» соғысы – жауды айналдыра құпия түрде сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу тәсілі. 1726 жылы Сарысу бойындағы «Айран төгілген» деген жерде қалмақтармен өте қырғын алапат соғыс болды. Бұл соғысқа Қанжығалы Бөгенбай батыр бір түмен сарбазын бастап келді. Орта жүз түменін Қаракерей Қабанбай батыр соңына ертіп әкелді. Кіші жүз қолы 7000 әскер еді. Оны Әбілхайыр хан басқарды. Бұл  соғысқа  қазақтан  44000 адам қатысты. Жер-көктің бәрі қазақ болып  кеткендей  болып  көрінді…

Ұрыстың алғашқы үш күнінде «Жекпе-жек» соғысы болды. Қалмақтармен жекпе-жекке басы Сатай болып 9 батыр шықты. Олардың Қоңқай батырдан басқасының бәрі де тірі қайтты. Мұнан соң қырғын майдан басталды. Қалмақ әскері де көп еді. Дегенмен, қазақтың рухы мықты еді, әскеріміздің саны да көп болды. Майдан 4 жерде жүріп жатты. Қазыбек бек батыр жетісулықтар араласқан ұрысты бастады. Төрт күн дегенде нағыз алапат қырғын соғыс басталды. Нақ осы майданның қызған сәтінде жаныма Көкбарақ  батыр  келді де, Төле би  шақырып  жатыр  дегенді айтты…

– Қазыбек батырым-ау, «Ай қораланды» соғысыңды қашан қолданасың? Соныңды  баста! – деді Төле аға.

– Ойбай-ау, оған қол аз ғой, – дедім.

– Дулаттың (рудың аты) 2000 қолын беремін, өзің басқар.

Сәлден соң ұрысқа Дулаттың 2000 сарбазы кірісті. Біз көбейген соң жауды қоршай бастадық.

Сарбаздардың бәріне майданды тастап, сыртқа беттеуге жарлық бердім. Алғашқыда біздің батырлар мұны «қашу» деп түсініп қалып, көпке дейін соғыса берді. Түс кезінде сарбаздарымыз  ұрыс майданынан  шетке  толық  шығып  үлгерді.

Қалмақтардың арасынан өздерінің тілінде «Құрыдық, құрыдық, бізді қамады» деген сөздер естілді. Қалмақтар майданның орта­сында тай шаптырым жерді алып тұрды. Біз жауды бірте-бірте жақындап қыса түстік. Біз садақ оғын қардай бораттық, әрине, олар да атып жатыр, бірақ сирек тұрған бізге оқтарының оннан бірі тимей­ді. Ал біздің 7000 адамның оғының жетеуінің біреуі тисе де, 1000 оқ тиеді. Міне, солай болды да. Ойбайлаған дауыстар, қарыннан тиген оқтан тулаған  аттар, ат  бауырына  тығылған  жаяу  қалмақтар…

Сарбаздарымыз жауды қыса түсті. Сөйтіп біздің жауынгер батыр­ларымыз қамаған 5000 қалмақтан тірі кеткені аз болды. Дәл осындай «Ай қораланды» соғысын Қабанбай, Бөгенбай, Әбіл­хайыр қолы да салды. Олардың «қораларынан» да тірі қалмақ шықпады. Жау бет-бетіне қаша бастады. Өрге қашқанның артынан Қазы­бек бек батыр бастаған Жетісу сарбаздары түсті. Шығысқа қашқан­дарын Қабанбай қолы, терістікке қашқандарын Бөгенбай әскері қуып  кетті. Батысқа  қарай  қашқан жаумен Әбілқайыр әскері  соғысып, қуып кетті. Осындай бар қазақтың жұдырықтай жұмылып, бірігуінің арқасында сарбаздарымыз жауды жеңіп, жеңіске жетті. Осы жеңіс қазақ халқының рухы мықты батыр, жауын­гер халық екендігін дәлелдеп көрсетті… «Айран төгілген» даласы осы алапат соғыстан соң «Қалмақ қырылған» деп аталды. Міне, «Ай қораланды»  соғысының  қысқаша  тарихы  осындай  еді.

Айбол  БИТУҒАНОВ,

жоғарғы  білімді  ұстаз

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: