Әмір Темір – адамзат тарихындағы ең атақты қолбасшылардың бірі. Оның есімі Орта Азия, Иран, Ауғанстан, Үндістан, Кавказ және Анадолы жерлерінде терең із қалдырды. Әлем тарихында оның орны ерекше. Біреулер оны әділетті билеуші, көреген саясаткер, рухани тұлға ретінде бағаласа, өзгелер қатыгездік пен соғысты жаны сүйген әмір деп сипаттайды. Алайда Орталық Азия халықтары үшін Әмір Темір – мақтаныштың нышаны.
Кейде «Шыңғыс хан қазақ», «қазақ емес» деген даулы пікірлер айтылып жатқанда «осы Әмір Темірдің ұлты кім болды екен?» деген де сұрақ туындайтыны бар. Жарты әлемді жаулауға ұлтылған саясатына қарап әйгілі Шыңғыс ханның ұрпағы емес пе деген де ой қылаң беретін. Бірақ тарихшылардың дерегінше, Темір – Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы емес. Алайда ол өз билігін заңдастыру үшін Шыңғыс әулетінің символикасын, дәстүрін және қуыршақ хандарды пайдаланған. Бұл оған Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында легитимді билік иесі ретінде көрінуге мүмкіндік берді.
Әмір Темір кім?
Әмір Темір 14 ғасырдың соңында алып империя құрып, Темір әулетінің негізін қалаған. Оның билігі қазіргі Ауғанстан, Иран, Ирак, ежелгі Қос өзеннің батысы, Үндістанның солтүстігі мен Орталық Азияны қамтыды. Самарқандты астана еткен ол ғылым мен мәдениетке қолдау көрсетті. Әмір Темірдің аты фольклор мен аңыздарда кең таралған. Кеңес заманында оның қабірі ашылып, сол сәтпен байланысты аңыздар пайда болған. Оның артында қалған сәулет өнері, әскери жорықтар тарихы мен саяси мұрасы – бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ.
Ол 1336 жылы қазіргі Өзбекстан аумағындағы Кеш қаласының маңында дүниеге келген делінеді. 14 ғасырда бұл аймақ Шыңғыс ханның мұрагерлері билеген Шағатай ұлысына қарайтын. Ұлыс ішінде алауыздық күшейіп, билік жергілікті әмірлердің қолына өте бастайды. Темір солардың ішінен суырылып шығып, 1370 жылы Мәуренахрдың билігін қолына алады. Кейіннен Шағатай ұлысының жерлерін біріктіріп, одан да ауқымды мемлекет құрды.
Темір шыққан барлас руы бастапқыда моңғол текті болғанымен, кейін Орталық Азияға қоныс аударып, исламды қабылдаған және түркіленген. Олар Қашқадария алқабында өмір сүреді. Бұл ру Шыңғыс хан заманында әскери маңызды рөл атқарған. Уақыт өте келе түркі тілді халықтың ажырамас бөлігіне айналған.
Әмір Темірдің келбеті қандай болған?
1941 жылы Гөр Әмір кесенесінен табылған сүйек қалдықтарын зерттеген антрополог М.М. Герасимовтың реконструкциясы бойынша, Темір – бойы 170 см, жирен шашты, азиялық бет-пішінді, сұсты адам болған. Оның нәсілдік типі азиялық пен еуропалық арасындағы аралық нәсілге жатқызылған.
Тарихи деректерде оның қатыгез әрекеттері жиі айтылады. Мәселен, кейбір жорықтарында тұтқындарды жаппай қырды деген мәліметтер бар. Алайда бұл сандардың шын-өтірігін ажырату қиын. Ондай деректер көбіне насихат мақсатында әсіреленіп берілген. Шынтуайтына келгенде, Темірдің қатыгездігі – сол замандағы билеушілерге тән қатал саясаттың көрінісі еді.
Темірдің жастық шағы көшпелі ортада өткенімен, ол қалалық мәдениетке жақын болды. Самарқандты гүлдендіріп, көптеген сәулеттік нысандар салдырды. Орта ғасыр суреттерінде ол көшпелі хан бейнесінде көрсетілгенімен, бейбіт кезде сарайда өмір сүрген. Темір – қала мен дала өркениетін ұштастыра білген тұлға.
Батыс елдерінде Темірдің аты көбіне «Темірлан» немесе «Тамерлан» деп жазылады. Бұл парсыша «Темур-и ланг» – «Ақсақ Темір» деген тіркестен шыққан. Шайқаста жарақат алып, ақсақ қалған ол ресми құжаттарда өзін бұлай атамаған. Бұл атау көбіне жаулары тарапынан кемсіту үшін қолданылған. Сондықтан қазіргі таңда бұл лақапқа сыни көзқарас қалыптасқан.
Әмір Темір діндар болған ба?
Темір ислам дінін ұстанған, мешіт-медресе салдырған, Құран оқыған. Алайда ол дінді саясатпен шебер ұштастыра білген. Дінге шынайы ықылас танытқанымен, оны билік құралы ретінде де қолданғаны байқалады. Темірдің ана тілі – түркі тілі. Сонымен қатар ол парсы, араб, моңғол тілдерін де меңгерген. Бұл оның дипломатиялық шеберлігі мен кең ой-өрісінің айғағы, дейді тарихшылар.
Әмір Темір қазақ па?
Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені ол кезеңде қазіргі ұлт ұғымы болған жоқ. Темір – түркі-моңғол мәдениетінің өкілі, барлас руынан шыққан әмір. Өзбектер оны ұлт батыры деп санаса, қазақ пен қырғыз тарихшылары да оны өздеріне жақын тұтады. Ең дұрысы – оны бүкіл түркі өркениетінің ортақ тұлғасы ретінде тану.
Әмір Темір – тарихты өзгерткен алып тұлға. Оның билік құрған заманы – тек соғыс пен жаулап алу кезеңі ғана емес, ғылым мен мәдениеттің дамыған тұсы. Темірдің даралығы – көшпенді рух пен қалалық өркениетті бір бойында ұштастыра алғанында. Ол – тек Орталық Азия ғана емес, күллі Шығыс өркениетінің символы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!