1981 жылдың 30 қаңтарында Ленинградтың Пушкино (бұрынғы Царское село) аэродромына Ту-104 ұшағы келіп қонды, бортында Тынық Мұхит Флотының (ТМФ) барлық басшылары болды. Олар 1-5 ақпан аралығында Ленинград әскери-теңіз академиясында өтетін «сборға» келді. Бұл жиын СССР Әскери Теңіз Флотының Бас қолбасшысы адмирал С.Горшков басшылығымен өтіп, онда барлық флот күштерінің тактикалық іс-қимылдарды бірлесе атқару жолдары талқыланды. Бұл кез естеріңізде шығар, АҚШ СССР-ге қарсы «жұлдызды соғыс» жоспарын іске асырып жатқан кез, яғни халықаралық жағдай шиеленісіп тұр еді.
1981 жылы жиын аяқталғасын ТМФ-ның басшылары Владивостокқа қарай ұшатын өздерінің Ту-104 ұшағына отырып, сағат 18:00-де әуеге көтерілді. Алайда, 50 метрге 8 секундта көтерілген ұшақтың қанаты бір жағына қарай айналып кетіп, өртеніп барып жерге құлады.
Ту-104 ұшағында 50 адам болды, оның 6-ауы экипаж мүшелері болса, 44-і – ТМФ-ның әскер басшылары. ТМФ қолбасшысы адмирал Эмиль Спиридонов басқарған 13 контр-адмирал, ТМФ-на қарасты авиацияның 3 генералы, 12 бірінші рангалы капитаны мен көптеген жауапты қызметтегі полковниктер мен мичмандар болды. Бір сөзбен айтқанда, ТМФ-ның басшылығы түгелімен қаза тапты. Бұндай жағдай әлемде болып көрмеген апат еді.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 1941-1945 жылдардағы совет-герман соғысында 4 адмирал қаза тапса, бейбіт күнде бірден 13 адмирал 8 секундта қаза тапты.
СССР Қорғаныс министрі, Совет Одағының Маршалы Д.Ф.Устинов ТМФ-ына соғыс жағдайын көшіру туралы бұйрық берді. Себебі, аппаты диверсия деп есептеп, Тынық пен Үнді мұхитында АҚШ-тың сүңгуір атом кемелері өріп жүрсе, мұхит үстінде қытай-вьетнам соғысы аяқталғанмен қайтпай тұрған АҚШ корабльдерінде жаяу әскер, яғни «мехпехот» бар, олар Қиыр Шығысқа түсіріліп, соғыс қимылдары басталуы мүмкін деген болжам жасалынды.
Тексеру барысында диверсия жасалуы мүмкін емес екені анықталды, себебі аэродромды күшейтілген «особистер» қадағалайтын еді. Сосын КГБ мен ВМФ-нің особистері қастандық болуы мүмкіндігін қарастырғанда, бірінші күдікті ТМФ-ның бас штабының бастығы Рудольф Голосов болып шықты. Сол күні ол адмирал Спиридоновтан сұранып қалып қойыпты, алайда оның қайын жұрты ленинградтық және қызы нағашыларының үйінде жатып оқып жатқаны белгілі болып шықты. Ең ақыры Ту-104 ұшақтың қауіпсіздігіне жауапты адамдарды тергеп жатқанда апат салдары анықтала бастады.
Әскери адамдарға арналған ұшаққа жай азаматтардың мінуіне тыйым салынған ережені ең алдымен, ТМФ-ның қолбасшысы адмирал Эмиль Спиридоновтың өзі бұзып, әйелі Валентина мен Примор өлке компартиясының бірінші хатшысының әйелі Тамара Ломакина да мініпті. Мақсаттары – сауда-саттық, ол кезде бизнес деген сөзге тыйым салынғандықтан алыпсатарлық деген дұрыс болар. Сосын Примор өлкесіннің жабдықтаушысы Борис Макаровқа рұқсат беріпті, мақсаты – Примор өлкелік газеті үшін қағаз әкелу. Байлары жиында болып жүргенде, екі қатын үй жиһаздары, тоңазытқыш пен телевизорларды сатып алып жатса, экспидитор Б.Макаров әрқайсысының салмағы 500 кило 3 рулон қағазды сатып алды, ол баспа қағаздары жақын Филяндиядан келетін болғасын, бағасы Қиыр Шығысқа қарағанда 5 есе арзан еді. Осы барлығы 1,5 тонна болатын рулон бортқа тиелгенде жылжып кетпеуі үшін қоятын «лапаны» қоюды ұмытып кеткендіктен, Ту-104 аспанға көтерілгенде, дөңгеленіп барып, жиналып тұрған гарнитур мен тоңазытқышқа соғып барлығы бір жағына ауып кеткендіктен ұшақ шыр айналып төңкерлігенде, ұшақ багіне толық құйылған 30 тонна жанармайға төтеп бере алмаған клапандар ашылып кетіп, ұшақ отқа оранып жерге құлаған.
Ту-104 ұшақ экипажын басқарған Анатолий Иванюшин ТМФ авиациясының 25-ші дивизион командирі әрі өте тәжірибелі ұшқыш еді, әуеде болған 81500 сағаттың 57300 сағатын осы Ту-104 ұшағымен ұшқан болатын. Ол талай рет іссапарда болған жоғары шенді офицерлер қайтар кезде, «Москвич» пен «Жигулидің» автобөлшектері, т.б. дефицит заттарды тиегеніне қарсылық білдіргенде, олар: «Алдыңдағы штурвалына ие бол, бізде жұмысын болмасын» деп қайтарып тастайтын. Жоғары жаққа рапорт жазғанмен, бүкіл экипажымен мерзімінен бұрын зейнетке шығарып жіберетінін білгендіктен, барлығына көзін жұмып жүрген адал азамат еді.
Апат туралы ешқандай ақпарат жарияланған жоқ, тек «Красная звезда» газетінде: « ТМФ-ның бір топ офицері әуе апатынан қаза тапты» деп шағын ғана некролог шықты.
СССР тарағаннан кейін ғана қаза тапқандардың отбасылары, «қызмет барысында қаза тапты» деген мәртебе алу үшін көп ізденіп қол жеткізді, себебі сондай мәртебе алғандардың отбасыларына коммуналдық қызмет көрсетуге төлем төлеуде жеңілдіктер қарастырылған еді.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!