Иосиф Сталин 1923-1953 жылдары билік құрған кездері мемлекеттік аппарат өте қатал режимінде жұмыс істегені белгілі. Оған себеп, Сталиннің «Социализм жеңген сайын, тап жауларының әрекеті күшейе түседі» деген қате тұжырымы болды. Әр салада «халық жауларын» әшкерелеу науқаны қарқынды жүрді. Олар атақты 58-бап бойынша атылғаны белгілі, бірақ қанша адам атылғаны туралы нақты сан жоқ, шамамен 1,2-1,3 млн делініп жүр. Себебі, 2016 жылы мемлекеттік құпияны жариялау туралы ведомостаралық комитет 1917-1991 жылдар арасындағы құпияны толық жариялауға қарсы болды. Ату жазасын орындаған нақты адам болғанымен, олардың аты-жөні хаттамада көрсетілмей, тек үкімді орындаған түрме комендаты немесе комендат көмекшісі деп жазылды. Дегенмен, кей ақпараттарға сүйене отырып, жеке өзі 10 000-нан (он мың!) астам ату жазасын орындаған 3 жендетті айтуға болады.
Олар: бірінші, Василий Блохин Владимир облысының Гавриловка селосында дүниеге келген, 15 жасынан құрылыста еңбек етіп жүргенде, 21 жасында патша армиясына шақырылады, 1917 жылы жараланып елге қайтып келгесін большевикер жағына шығып, Москваға келеді. 1921 жылдан бастап ВЧК, ОГПУ, НКВД, МГБ-де істеп, 1935 жылы капитан, 1940 жылы майор, 1943 жылы полковник, 1944 жылы генерал-майор атанады. Сол кездегі адамдардың айтуынша, күніне 200 адамның ату жазасын орындап отырған. Үкімді ТТ тапаншасымен орындаған, қызметтестеріне ас ішіп отырғанда, атқан адамының басын қарбыз сияқты екіге қақ бөлуге машықтанып алғанын мақтанып айтып отыратын болған. Н.Ежовтың орнына Л.Берия келгенде бұл жауыз жендеттен қорқып көзін құртпақшы болғанда Сталин: «Бұндай өз ісін жауапкершілікпен атқаратын адамдар керек» деп рұқсат бермеген. Өзінің жендеттік қызметін адал атқарған генерал-майор В.Блохин Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен марапаталған. Сталин қайтыс болған соң «десталинизация» тізіміне ілініп, органнан шығарлып, шені мен орден-медальдарынан айырады. 1954 жылы «созылмалы маскүнем» Блохин арақты үздіксіз ішуінен бауыры іріп кетіп өледі.
Екінші жендет Петр Магго (1879-1941) латыш, ВЧК, ОГПУ, НКВД-да, Москвадағы Большая Лубянка көшесі №11 үйде орналасқан түрменің комендаты болған, 1918-1940 жылдар арасында бұл жендет те 10000-нан астам адамды атып өлтіріп, сот үкімін орындаған. Араққа салынғаны үшін органан шығарылған соң, бір жылдан соң араққа салынып өлген.
Үшінші жендет Сардион Надарая (1903-1982) Грузия МВД-інде түрме комендаты болған кезде 10000-нан астам адамды атып, сот үкімін орындаған. 1926-1955 жылдары «мінсіз атқарған» қызметі үшін полковник шенімен доғарысқа шығарылған.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!