Бала күнімізде бір үйдің балалары бір-біріміздің киімімізді киіп өстік. Оның ешқандай әбестігі жоқ. Ал туыстың емес, басқаның киімін киер ме едіңіз?
Бүгінде шаһарда бөтеннің, бөтен болғанда да мұхиттың арғы жағындағы шетелдіктердің киіп тастаған киімдерін сататын дүкендер көп. Оларды «Секонд-хенд» (second hand – ағылшын тілінен аударғанда «екінші қолдан шыққан» дегенді білдіреді) дейді.
Жолымда кезіккен «Секонд-хенд»-ке бас сұқтым. Бұл ғимараттың ішінде қандай тіршілік бар өзі деген әуестікпен. «Қазір кез келген дүкен-базардан қалаған су жаңа киіміңізді сатып ала аласыз, ал ескі киімдерді кімдер алады екен? Тұрмысы төмендеу жандар шығар, ә?» деген де ой болды.
Ішінде жеті-сегіз адам жүр екен. Екеуі ер адам. Кірерімді кіріп алып, тосылыңқырап қалдым. Өйткені, ескі бір әлемге тап болғандай сезімде қалдым. Кері бұрылып кетуге алдымнан шыққан бойжеткеннен (сол жердің қызметкері) қысылып қалдым да, тұтынушы ретінде кейіп танытып, аралап кете бардым. Бірақ киімдер әп дегеннен-ақ тартпады. Жұпынылау көрінді. Неткен көп киім өзі?! Бірақ бәрін әдемілеп, жеке-жеке киім ілгішке іліп қойған. Мұның бәрі сатыла ма сонда, өте ме, тұтынушысы бар ма?
Неде болса, көкейімдегі сауалдарымды қоюға бекіндім. Өзін Аида деп таныстарған кассир қыз пысық екен, «мұның бәрі сізге не үшін керек?» деп өзімді састырғаны.
– Шынымды айтсам, мына жер көңілімнен шықпай тұрғаны. Еуропадан әкелінген киімдер дейді, олпы-солпы, көбісі үлкен өлшемді, қап сияқты, толық кісілерге арналған киімдер ме, қалай? Мен күткендей көп адам да жоқ екен, — деймін атшаптырым залға тағы бір бажайлай қарап.
– Сіз қазір жаңа тауарлар әкелінетін күннен бір күн бұрын келіп тұрсыз. Ел қалағанын алып кеткен осының алдында. Бұлар талғампаз тұтынушылардан қалғаны. Сенбі келсеңіз болады, жаңа «завоз» болады. Адам да көп болады, — деді сатушы қыз.
– Көп болғанда қанша сонда?
– Таңғы есігіміз ашылмай жатып тұрады қалың жұрт ішке ентелеп.
– Сонда қандай киімдер өтімді?
– Бәрі өтеді. Алғашқы «завозда» мүлдем «скидка» болмайды, өз бағасына сатамыз. Себебі, мұнда тек бренд киімдер әкелінеді ғой. Киімді көзі танитындар бағасына да қарап жатпайды. Әйелдердің, ерлердің, балалардың да киімдері сатылады. Мысалы, Еуропада біз сияқты бір киімді 3-4 жыл киіп жүріп алмайды, бір маусым ғана киюі мүмкін, сосын өткізіп жібереді (Біз осылай сөйлесіп тұрғанда, екі-үш әйел төрт-бес киімнен алып кетіп жатты).
– Байқауымша, зейнет жасындағы кісілер көп жүрген сияқты.
– Бізге барлық жастағы адамдар келе береді. Әлеуметтік желілердегі танымал блогерлер де, актерлер де келеді. Бізге бір актер тұрақты келіп тұрады, бойы ұзын, дүкендерден өзінің өлшеміне сай киім таппайды екен, сосын бізге келеді және іздегенін табады.
– Ертең жаңа «завоз» болады дейсіз, сонда мына ілініп тұрған сан мың киімді қайда жібересіздер?
– Қоймаға кетеді.
– Ал оларды көпбалалы немесе әлеуметтік жағынан қиналып жүрген отбасыларға беруге бола ма, тегін?
– Беріп көргенбіз. Көбісі алмайды. Сосын қойдық. Бізге тек жағдайы төмендеу, ақшасы аздау адамдар келеді деген ұғым жоқ, бізге сәнді киінгісі келетіндер, ешкімге ұқсағысы келмейтіндер көп келеді. Мысалы, сіз базардан сатып алған көйлекті ертеңіне тағы бірнеше адам киіп шығуы мүмкін. Ал мұнда бір ғана, ешкімге ұқсамайтын киім сатылады, сонысымен құнды.
– Өздеріңіз ше, осыдан киінесіздер ме?
– Иә, әрине, ұнаған киімдерді алып киеміз біз де, — деді Аида.
***
Иә, бүгінде еліміздің ірілі-ұсақты қалаларының бәрінде «Секонд-хенд» дүкендері бар. Олардың бәрі пайда тауып отырғаны анық. Өйткені, сұраныс болмаса, бұлайша барлық өңірде ашылмас та еді.
Мұндай дүкендерден күнделікті киімдерден бастап, кешкі көйлектерге дейін табуға болатын көрінеді. Сәнді сөмкелер, белдіктер, тағы бірнеше жылға киіс беретін таза былғары аяқкиімдер де жетерлік, тек аяғыңыздың өлшеміне келетін болса жетіп жатыр.
Мамандар «секонд-хенд» киімдерін кию үшін оларды тұзды суда жуып барып, пайдалануға кеңес береді. Бірақ әлгі кассир қыздың айтуынша, Еуропадан келетін киімдердің бәрі тазаланып, жуылып, бүктеліп, қатталып келеді. Айтпақшы, шетелде «Секонд-хендке» тауарлар коммерциялық және коммерциялық емес жолмен жиналады. Алғашқылары киімдерді сатып, өздері пайда тапса, екінші құрылым тапқан табыстарын экономикасы нашар дамыған елдерге азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға жұмсайды екен.
***
«Секонд-хенд» ішіндегі бірер адамды сөзге тартқымыз келіп еді, жауап беруге ешкім құлық танытпады. Аиданың айтуынша, мұнда келетіндер көптің көзіне түскісі жоқ. Тек өзін Вера Васильевна деп таныстырған әйел ғана тілге келді.
– Мен мұнда жиі келіп тұрамын. Зейнетақым аз. Сондықтан ақшам тамағымнан, дәрі-дәрмегімнен артылмайды. Ал мұндағы киімдер арзан. 90 пайызға дейін жеңілдік бар. Әрі сапалы. Бір келгенде бірнешеуін бір-ақ сатып аламын. Денеге жайлы, жұмсақ, таза мақтадан тігілген бәрі. Ал біздің базарлардағы қолжетімді киімдердің көбі синтетика болып келетіні өтірік емес. Мынадай күннің ыстығында онымен жүру өте қиын. Әсіресе, біз сияқты жасы келген адамға. Мына мен алып тұрған футболка, кең шалбарлардың бояуы шықпайды, сапасы жоғары. Мысалы, бала біткен тез өсіп кетеді. Оларға қымбат киім алып керек емес деп ойлаймын. Тез өседі. Сондықтан бұл жер, әсіресе, ойын баласына ойланбастан киім алуға таптырмас жер. Солай, — деді ол.
Әрине, «секонд-хенд» – әркімнің жеке таңдауы. Талғамға талас жоқ. Өмір болған соң, түрлі адам, түрлі көзқарас, түрлі жағдай болады. Ал біз өз кезегімізде кім-кімнің де таңдауына құрметпен қараймыз. Себебі, бұл – өмір.
Нұржамал ӘЛІШЕВА,
журналист,
Алматы қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!