Халқымыздың қонақжайлығы – ежелден қалыптасқан дәстүр. Сырттан келген адамға ең бірінші байқалатыны да – осы қасиетіміз. Қонақ шақырып, оны дәстүрге сай күтіп алудың өзіндік маңызы терең. Оны бас табақ, орта табақ, кіші табақ деп үшке бөледі. Бөліктердің өзі ішінара жүйеленіп, бірнеше табақты құрайды. Осылайша, жүйеленген табақтар ерекшеліктеріне сай әркелкі келеді. Еліміздің әр өңіріне тән табақ жасау әдебі туралы өзгешеліктер бар.
ТАБАҚ ТАРТУ – ТАМАША ТӘЛІМ
Қонақты сыйлап, құрмет көрсету адамгершілік белгісі саналады. Бұл адамның беделі, туысқандық қарым-қатынасына орай назарға алынады. Мәселен, бас табақ ақсақалға, құда-құдағи мен ағайынға, елге беделді, өнерлі кісіге тарту етіледі. Бас табаққа ұсақ мал сойылса, бас пен жамбас, кәрі жілік, сүбе қоса салынады. Егер ірі қара малы болса, жарты шеке, жамбастың жартысы, қазы мен майлы қабырға салынады. Сый табақ көбіне әйелдерге, құдағилар мен құдашаларға, күйеу табақ төс салынып, күйеу жігітке тартылады. Бұл – күйеу жігітке көрсетілетін ең жоғары сый-құрмет. Келін табақ – келіндерге арналған құрмет, қыз табақ аруларымызға арналады. Онда әдетте, бастың жақ сүйегі, тіл, жүрек пен бүйрек болады. Ал, бас табақ пен сый табаққа қосып тартылатын жанама табақ «қос табақ» деп аталады. Ол қадірлі кісілерге, ерекше сыйлы адамдарға, жолы мен жасы үлкенге үлестіріледі. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, сыбаға табақты «Мынау сіздің табағыңыз» деп қысқы соғымнан дәм тата алмаған ағайынға немесе қадірлі тұлғаның үйіне апарып беретін болған. Ошақ табақ – той-томалақ пен өлім-жітімде өздеріне қол ұшын созған, көмектескен адамға көрсетілетін құрмет. Тойға әзірлік жасалып, бір күн бұрын үй тігіледі. Оған арнайы мал сойылып, «Ошақ табақ» аталады. Халқымыз кәделі туыстарға құрмет көрсетуімен қатар, көрші-көлемін де жадынан шығармаған. Қолындағы тәттісімен бөлісіп, көршісіне арнап «Ерулік табағын» беретін болған.
Міне, осылайша біздің елімізде салт-дәстүр ерекше қадірленеді. Соның бір айғағы – «сарқыт табақ». Белгілі себеппен қонаққа келе алмай қалған кісіге беріп жіберетін үлесі. Бұған да беделіне қарай кәделі сүйектер салынған. Мұның астарында ортаймас адамгершілік қасиет пен дәстүр діңгегі жатыр. Қалалық жерде қонақ шақырғанда туысың немесе танысың табақ жасай алу білмесе арнайы адам шақыртып жататынын есітіп, көріп жүрміз. Ал, ауылдық елді мекенде мүлдем басқа. Екі үйдің бірінде ет жіліктеп, табақ жасауды жетік білетіндер баршылық.
Қармақшы ауданы, Алдашбай ахун ауылының тұрғыны Нұрлан Смаділдаев бізбен әңгімесінде: «Малдың жілігін орнымен тартпаса, қонағына деген сый-құрмет дұрыс көрсетпегенмен бірдей. Ауылда 150-дей отбасы бар. Көбінің отбасында құда күту, той-томалақта табақ жасайтындар саусақпен санарлық. Алдын ала өтініш айтып, табақ жасау жағын тапсырып жатады. Мұны өзіме жүктелген жауапкершілік деп танып, бар ынта-ықыласыммен кірісемін. Жастайымнан анамның қасында жүріп қазанға қалай ет салу керектігін, табақты қалай жасайтынын көріп үйрендім. Жалпы, қазанға етті қонақ санына қарай салады. Бес адамға бір табақ тартылады. Бір табаққа кемінде екі жілік салмасаң, аздық етеді. Ауылдастарыма шамам келгенше көмек көрсету азаматтық міндетім деп санаймын» деп пікірін білдірді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ. Расымен де, бүгінде бұл рәсімді екінің бірі біле бермейді. Негізі кез келген қазақтың дәстүрді толық меңгергені абзал. Өйткені, табақ жасау әдебі – қазақы қанымызға сіңген қастерлі құндылығымыз.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!