Стратегиялық әріптестік ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты көздеуі тиіс. Ол ресурстарды бірлесе пайдалану, тәуекелдер мен нәтижені бөлу, ең бастысы – азаматтық қоғам институттарының тәуелсіздігін сақтау қағидаттарына негізделуі керек. Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Қазақстанның Азаматтық альянсы 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі қаржыландыратын Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының жобасы аясында барлық өңірлерде өңірлік кеңселер базасында «Адал азамат – белсенді қоғам» орталықтарын ашты. Жобаның негізгі мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен ынтымақтастығын және ҮЕҰарасындағы өзара іс-қимылды нығайту. Жоба аясында азаматтық қоғамның институционалдық тұрақтылығын арттыруға, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысуына қатысты келешектегі қадамдар мен мүмкіндіктер табысты талқыланған түрлі кездесулер ұйымдастырылды.
Халықаралық талдау көрсеткендей, дамыған елдерде ҮЕҰ секторында жұмыспен қамтылған экономикалық белсенді халықтың үлесі орта есеппен 5% бен 10% аралығында, ал қызметкерлердің шамамен 60–70%-ы бизнес компанияларда еңбек етеді. Әртүрлі ресми дереккөздерде жарияланған ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылдың басында Қызылорда облысында 1000-ға жуық ҮЕҰ және 65 000 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Сарапшылар пікірінше, азаматтық қоғам секторындағы ұйымдардың 30%-дан аспайтыны белсенді жұмыс істейді, ал коммерциялық құрылымдарда бұл көрсеткіш кемінде 60%. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің экономикалық белсенді халқы шамамен 340 000 адамды құрайды, оның ішінде шамамен 80 000 адам шағын және орта бизнесте, 1000-ға жуық адам ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобаларында жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер ҮЕҰ мен мемлекет, бизнес арасындағы стратегиялық әріптестік мәселесінің өзектілігін айқындайды.
Дүниежүзінде ҮЕҰ экономикада доминантты сектор болып табылмайды, дегенмен әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқарады. Азаматтық қоғам институттары әлеуметтік салада коммерциялық құрылымдардың жұмысын толықтырады. Сондай-ақ бизнес тарапынан әлеуметтік жауапкершілік практикасы кең дамыған: бұл тек әлеуметтік осал топтарға қызмет көрсету немесе әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндіру ғана емес, ҮЕҰ-ның нақты жобаларын қолдау арқылы да жүзеге асады. Қазақстанда мұндай мысалдар жеткілікті, алайда соңғы жылдары Қызылорда облысында бизнес компаниялардың қоғамдық жобалардан айтарлықтай алшақтап кеткенін байқаймыз. Қолданыстағы бастамалардың басым бөлігі бір реттік қайырымдылыққа аз мөлшерде қаражат бөлумен шектеледі, бұл ҮЕҰ-ның тұрақты дамуын қиындатып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа тәуелділігін күшейтеді.
«Адал азамат – белсенді қоғам» жобасы аясында әлеуметтік жобалардағы тәуекелдерді төмендету, волонтерлік байланыстарды кеңейту арқылы жастарды тарту, ұйымдардың хабардарлығын арттыру мәселелері бойынша конструктивті диалог өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігі, әкімшілер ұсынатын техникалық сипаттамалардың мазмұнына қатысты мәселелер көтерілді. Бұл тақырып ұзақ уақыттан бері қоғамдық талқылауда. Қоғамдық ұйым көшбасшылары өңірдегі әлеуметтік-инвестициялық механизмдер мен формаларды талдау кәсіби зерттеуді талап етеді деп санайды. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік мәселелерді шешетін үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, экономистер, саясаткерлер және зерттеушілердің қатысуы қажет. Себебі ұсынылатын техникалық сипаттамалардың басым бөлігі тек іс-шаралар тізімін, тауарлардың атауы мен шығындарын көрсетеді, бірақ күтілетін нәтижелердің сапалық бағасын қарастырмайды.
Қоғам өкілдері бизнес тарапынан әлеуметтік жобаларға қатысудың төмендеуін инвесторлардың шамадан тыс күтулерімен байланыстырады. Инвесторлар өздерінің немесе компанияларының салымы нақты әлеуметтік қайтарым беретінін, ал әлеуметтік немесе экологиялық жақсару болжамтүрінде қалмауын қалайды.
Жоба аясында ҮЕҰ өкілдері «құпия сатып алушы» әдісі бойынша қоғамдық бақылауға қатысып, мемлекеттік қызметтердің сапасын, көрсетілу мерзімдерін, мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысын талдады. Әрбір «құпия сатып алушының» бағалау кестелері сарапталуда және жақын уақытта ұсыныстар мен ұсынымдар түрінде жарияланатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!