Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Шиелі кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне арнайы барып, жұмысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Спорт кешенінің қызметі, спортшыларды даярлау деңгейі, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы зерделенді.
Аудан басшысы сала жетекшілеріне нысанды тиімді пайдалану, жастарды спортқа баулу және саламатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, аудан әкімі Алмалы ауылдық округіне қарасты 21-бекет елді мекенінің ардагерлермен кездесіп, Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңызын кеңінен түсіндірді.
«Жаңа Конституция жобасының ұсынылуы – елдің саяси және әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл құжат қазіргі заман талаптарын ескере отырып, мемлекетті басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған. Жобаның негізгі өзегі – адам және оның құқығы. Азаматтың бостандығы, заң алдындағы теңдігі мен қадір-қасиетін қорғау мемлекеттің басты міндеті ретінде айқындалған. Мұндай ұстаным әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға негіз болады. Сондай-ақ ұлттық бірлік пен тәуелсіздікті сақтау, заң үстемдігін күшейту мәселелеріне айрықша мән берілген. Білім мен ғылымды дамытуға, жаңашылдық пен азаматтық жауапкершілікке басымдық берілуі – ел болашағына бағытталған маңызды шешім. Конституцияға енгізілетін өзгерістерге халықтың үн қосуы – осы үдерістің басты ерекшелігі.
Сонымен қатар, қаңтар айында Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында өңірдің даму қарқынына жоғары бағасын берді», — деді аудан басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!