Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шіріген байлар кімге кіріптар?

24.10.2024, 11:40 853

Көптен бері «сән-салтанат» салығы туралы талқы тоқтамады. Қызыл кеңірдек болудың себебі жоқ емес. Өйткені, әлеуметтік әділдік орнату маңызды болып тұр. Бұған дейін елімізде дәулетті және орта тапқа жетпейтін адамдар бары айтылып, «орта тап» өкілдерінің жоқтығы ойландырған. Сөйтіп салық салу теңсіздікті төмендетудің таптырмас тәсілі ретінде қарастырылды. Бірақ, пікір қайшылығы да бар. Ел қазынасын толтырмақ түгілі, мұны да байлар кәдесіне жаратуы мүмкін. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин «сән-салтанат» салығын енгізетін жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған еді. Құны жоғары мүлік пен тауарлар үшін салық мөлшерлемесін көтеру жоспарлануда. Сонымен, тойып секіргендерге тықыр таяна ма?

ДӘУЛЕТТІЛЕР  ӘУРЕГЕ  ТҮСПЕК

Мемлекет басшысы салық жайында Жолдауында қозғаған болатын. Кейін Үкімет басындағылар іске кірісіп, жағдайға мойын бұра бастады. Енді жобаның негізгі жаңалығына тоқталайық. Бұл сәнді тауарларға салық жүктемесін арттыру стратегиясын іске асыруға негізделген. Құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік салығының мөлшерін жоғарылату көзделмек. Сонымен қатар, кедендік құны 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге 10% мөлшерінде акцизді енгізу де бар. Өйткені, бай-бағландардың басында қымбат теңіз кемелері мен жеке ұшақтары жоқ дей алмаймыз. Қымбат алкоголь мен сигараларға да қосымша салық салынады. Жаңа  құжатта  ұсынылған  негізгі  шаралар – осы. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин ескі көлік құралдарына салықты азайту шаралары қарастырылғанын тілге тиек етті. Бұл – кодекс жобасындағы тағы бір өзгеріс. Яғни, ескі көлік құралдарына салықты азайту шаралары ұсынылған. 10 жылдан асқан автомобильдер үшін  0,7, ал 20 жылдан асқан автомобильдер үшін  0,5  төмендету  коэффициентін  құрамақ.

«Байдың асын байғұс қызғанғанның» кері емес. Десек те, бай-бағландардың ішетін бір шөлмек шарабының өзі миллиондарды құрайды. Былай қарасаңыз, бұл біреудің бір жылдық  табысымен тең болуы да мүмкін. Теңсіздік тереңдемей қайтсін?! Құжатта акцизді енгізу бекітілгенді сондықтан.

– Мысалы, күшті ликер мен арақ өнімдерін – 0,70 литр үшін 5 995 968 теңге сомасына «MACALLAN 50YO» виски (акциздің сомасы – 714 теңге). Ал, 3 литр үшін 4 225 131 теңге сомасына «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньяк (акциздің сомасы – 300 теңге). «Сhateau Petrus» шарабы әкелінді. Яғни, 0,75 литр үшін 888 929 теңге сомасына (акциздің сомасы – 26 теңге). Сондай-ақ, 15 дана үшін 143 100 теңге сомасына «Cohiba» сигаралары, 40 дана үшін 120 000 теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді, – деп көрсетілген құжатта.

Иә, мұндай удай бағаға қарапайым халық шалқасынан құласа, дәулеттілердің шекесі шылқып отыр. Байлығы тасығандар болмаса, виски мен коньякқа мұнша қаржы жібермейтіні анық. Өйткені, жұртшылық қарыз қамытынан құтылудың амалын іздеп әлек.

Елімізде 490 жеке тұлғаның  және 176 заңды тұлғаның яхтасы бар екен. Жеке ұшақтардың саны тіпті көп. Есеп бойынша жекеменшікте 248, ал заңды тұлғаларда 665 ұшақ бары есептелген. «Сән-салтанат» салығы яхта мен ұшақтардың көлеміне қарай бекітіледі. Салық салу – әлем елдерінің тәжірибесінде бар нәрсе. Олар экономиканы тұрақтандыруға әлдеқашан кіріскен. Елімізде яхтаға салынатын салық шамамен 190 мың теңге десек, Грекияда бұл 383 мың теңге мен 1 млн 149 мың теңгенің аралығын қамтиды.

«ШЫҚБЕРМЕС  ШЫҒАЙБАЙ»  ДА ШАМЫРҚАНАДЫ

Экономикалық ахуалды реттеуге ауқаттылар септігін тигізе алады. Мәселен, өндіріске, қандай да бір бастамаға инвестиция құюға бай-бағландар құлықты. Ал, елімізде кәсіп бастауға ниеттілер мемлекеттен бөлінетін қаржыға мұқтаж. Күні гранттарға қарап тұр. Тек кейбірі қолдауда кеңдік танытады. Ал, қаржы араны ашылғандардың аузынан артылмай жатыр. Шетелден қос-қостан үй алу, құнды жылжымайтын мүлік жинау, қымбат зергерлік бұйымдарды еншілеу оларға мәселе емес. Демек, әлеуметтік қоржынды толтыруға байларды тарту керек. Бұл салыққа қатысты. Бұған дейін сарапшылар салық мөлшерін енгізбес бұрын, түгел табысты есептеу керегін айтты. Яғни, әрбір қазақстандық кірісін көрсетсе «құда да, құдағи да тыныш» болады. Бірақ, мүлкін жасырғандар көңілде күдік ұялатады. Дәулеттілер есепсіз ақшасын ашық айтуды құп көрмей жүр. Маңдай тер еңбегімен тәтті нанын жеген «орта тап» өкілдері ашықтыққа әзір. Айтпақшы, осыдан бірнеше жыл бұрын жер салығын төлеуден қашқан бай-бағланның бары айтылып еді. Онда да «орта тап» өкілдері белгілі соманы төлеуден бас тартпаған. Байлардың жылағанына жол болсын. Иә, олар қаржысын қызғыштай қориды. Экономист Жангелді Шымшықовтың мына пікірі 2 жыл бұрын да декларацияның даудан арылмағанын айтқандай.

– Ондай жүйе өз тиімділігін Батыс Еуропада көрсетіп жатыр. Әсіресе, Скандинавия елдерінде жемқорлық жоқтың қасы. Сондықтан, барлығы адал табысы мен мүлкін декларацияда көрсетеді. Бізде көп жағдайда ауқатты адамдардың бүкіл мүлкі мен табысы туған-туыстарының атына жазылған. Ашық, әділ декларация жасау бізде қиын. Бақылауды күшейтіп, басқа механизм қолдану керек, – деді ол.

Енді мына мәселеге назар аударсақ. Салық салудың тиімділігімен қатар теріс тұсы да бар. Сарапшылардың шырылы орынды. Әсіресе, мәжіліс депутаты Азат Перуашовтың пікірі ойландырып қойды.

– Бірақ, бәрінде бірдей сәтті жүзеге асуда деп айта алмаймыз. Әсіресе, салық салудан Франция алдына жан салмайды. Бұл елде 2012 жылы 75%-бен байлыққа салық салу идеясы көтеріліп, екі жылдан кейін құжат жүзінде бекіді. Алайда, сол-ақ екен кәсіпкер біткен елден қаша бастады. Статистика бойынша 2014 жылы 5 мыңға жуық бай Франциядан үдере көшіп кеткен. Олардың арасында танымал актер Депардьенің барын да бүкіл әлем естіп, білді. Ол қымбат салық төлеуден бас тартып, Ресей азаматтығын алатындығын айтты. Мұндай оқиғалар жиілегеннен  кейін  Франция  билігі 2015 жылы аталған заң тетігін қайта алып тастады. Егер дәл осы тетік бізде де енетін болса, Францияның  күйін  кешпейтінімізге  кепілдік жоқ.

Екінші мәселе мына қымбат заттарға салық салынса, оның қандай артықшылығы бар? Ия бюджетке мүмкін ақша көбірек түседі. Бірақ, дәл сонымен бірге азаматтарымыз олар осындай қымбат нәрседен ашық түрде алудан бас тартады, көрсетпей адал істейтін сауда емес, көлеңкелі бизнестен алынады. Яғни, біз өзіміздің азаматтарымызды заңсыздыққа итермелеп отырмыз. Егер адам адал түрде тапқан ақшасын қолдануға өз елінде кедергі болса, жарайды оны басқа бір жерде жұмсайды. Басқа жерде жақсы үй салады. Жақсы машина алады, – деді ол.

Басты мақсат – теңсіздікті тұрақтандыру ғой. Әйтпесе, халықтың жағдайы асып-тасып бара жатқан жоқ. Соған қарамастан, қайырымдылыққа келгенде жұдырықтай жұмылатыны жақсы. Мәселен, біреуге баспана, енді бірінің еміне қаржы жинауға байланысты желіде тарайтын хабарландыру көп. Тіпті, су тасқынының кезінде бір-біріне демеу болған да – қарапайым халық. Өзіне жетпей жатса да пейілін тарылтқан емес. Осындайда бай-бағландар да қаржылық қолдау көрсетсе дейсің.

ТҮЙІН. Өзгенің қалтасына қол сұғып, тиынын санау – әбестік. Алайда, ен байлықты ел кәдесіне жаратса, алғыс та көбейеді. Мемлекеттің дамуы да дүдәмал күй кешпейді. Қолы аузына жеткен адам ешкімге тәуелді болмауы мүмкін. Бірақ, бай-бағландар қалтасын ғана қамтымай, бюджеттің бүйірін қампайтуға тырысса құба-құп. Ал, «сән салтанат» салығы  соның бастауы  болмақ.

Нәзік  АХМЕТ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: