Ауданның бірінші хатшысының үйінде «қонақ» болу әр пенденің басына қона бермейтін сәт деп ойлаймын. Болған оқиғаның ізімен достарыммен дастарқан басындағы әңгіме.
Ол кезде армиядан келіп, аудандық су шаруашылығы мекемесіне жұмысқа тұрған кезім. «Водхоз» деп атайды екен біз жұмыс істеп жүрген мекемені. Азанда барлық қызметкер тапсырма алысымен «Газ-52» машинасының төбесіне мініп, «Әйтек» каналын жағалап су өлшейміз. Гидробекеттердің жан-жағын арамшөптен отаймыз. Арасында «Айжан кеткен», «Сауранбай» каналдарының басындағы насостарға май құйып, шлюздерді су мөлшеріне қарай реттейміз.
Бір күні ертелетіп, күндегі сол үстінде тенті бар Иман аға жүргізетін машинаға оншақты адам мініп, кент орталығындағы үлкен зәулім үйдің қорасына кірдік. Бәріміз жапырлап асығыс түсіп жатырмыз. Алдымызда жол бастаған Әуез аға, Қалдекең, водхоздың үлкендері құдалыққа келгендей баса-көптеп қолды шала-пұла жуып ішке еніп барады. Бұл үйді Тереңөзекте білмейтін адам жоқ шығар, райкомның бірінші хатшысының шаңырағы (Қазірше аудан әкімі). Хатшының ұлы Қадір бізде жұмыс істейді. Сол түнде үйінде қонақ болған, содан сарқыт ішуге біздерді шақырған екен. Әкесі облыста жиналыста. Анасы отбасымен азанда қалаға кеткен екен. Үй оңаша. Хатшының үйін кім көрген? Біз көрмеген мол дастарқан жайылыпты, табақ-табақ ет сол күйінше желінбей қалған. Төрде үлкен кісілер, аяқ жағында біз. Шынайы тілектер бірінен соң бірі айтылуда. Кіргеннен тамада сайлап алғанбыз. Райкомның орындығының буы ма, ағалардың алды қызып, трибунада сөйлегендей дес бермей жағаласып жатқанда есік ашылып, ауданның басшысы кіріп келді. Жарқыл күлкі кілт тоқтады, жым-жырт бола қалдық. Хатшыны бірінші рет көруім. Өте сыпайы, болмыс-бітімі болымды, денесі ірі кісі екен. Ол мәдениеттілік сақтап, «А водхоз ба? Алып отырыңдар, биыл су мол ғой. Рұқсат болса кабинетімде қағазым қалып қойыпты, соны алып шығайын» деп төргі бөлмеге кіріп кетті. Біз тұрған бойда залдың шығар есігіне қарай ұмтылдық. Апыр-топыр бір-бірімізді жанши машинаның төбесіне мініп жатырмыз. Осындайда құрғыр ескі газик оталмай жатыр. Ірілеу жігіттер кезекпен машинаның «заводнойын» бұрап жатқанда, хатшы машинасына отырып кетіп қалды. Машинамыздың рулі де оңға бұрылмайды екен. Біраз әуреге түсіп ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, хатшының қорасынан көлігімізді итеріп әрең шықтық.
Ертеңіне азанда «Водхоздың» алдында хатшының ақ «Волгасы» тұр екен. Ішім бірнәрсе болатынын сезді. Кеңседе бәрі үрпиіп-үрпиіп отыр. Мен де орныма барып жайғастым. Ұзамай хатшы Роза апай кеше райкомның бірінші хатшысының үйінде «қонақ» болған кісілерді бастыққа шақырып жатыр деді. Сылтауратып бір-екі пысықтар «мені, мені жоқ» деп айт деп еді, хатшы түгел келсін депті. Салымыз суға кеткендей кешегі қонақтар қызмет дәрежемізге сәйкес бастықтың кабинетінде қатарласып тұрмыз. Кешегі дастарқанда отырғандай үлкендеріміз алдымызда. Менің ұққаным, райкомның алдында бәріміз де бала сияқты екенбіз. Сығалап төрге қарасам, хатшы кешегідей сыпайы емес. Екі иығына екі кісі мінетіндей ірі адам екен, сөзі ызғарлы, бастыққа шүйлігіп, бірнәрсені айтып ұрысып жатыр. Алыстан дірілдеп тұрып шала-пұла түсінгенім. «Мына жолдастар жұмыс уақытысында арақ ішетін жердің бәрін тауысып, енді біздің үйге көшті. Ай сендерге каналдың басы тарлық қылып жүр ме? Біздің үйден басқа жер таба алмадыңдар ма?» деген жуан дауыс төр жақтан естіліп жатты. Бізге мораль оқу біраз жерге барды. Ол орнынан тұрып, бірінші тұрған Әуезге қарап «мына кісі не істейді?» деді. Бастық: «Учаске бастығы» деді. «Одан төмен қандай қызмет бар?». «Аға инженер». «Бүгіннен бастап аға инженерсің» деді бірінші хатшы. «Мына кісі кім болып істейді?» «Бөлім бастығы. Одан төмені аға инженер гидрометр». «Бүгіннен бастап гидрометрсің». Хатшы бәрін жағалап, қызметтен бір саты төмендетіп келеді. Кезек маған да келді. «Мына бала кім?» деді. Бастық Тілектес ағай «жақында кірген қызметкеріміз» деді. Хатшы маған қарап, «айналайын, сен бұларға ерме» деп кабинеттен қуып шықты. Сол күні «Водхозда» біраз өзгеріс болды. Ақ көңіл райкомның ұлы Қадекеңнен бастап таяқ жемеген адам қалмады. Бұл өмірімдегі алғашқы ащы сабақ болатын.
Кейін райком болмағанымен, ауыл, мекеме басқарғанда осы оқиғаны есіме алып қоямын. Қазақтың мына сөзі ел басқарған азаматтарға қалай керемет айтылған. «Қатты бол, бірақ қатал болма, адамдар теріс айналады. Жұмсақ бол, бірақ жуас болма, айналаңдағылар басынады» деп. Тәртіп барлық жерге керек. Бәрі үнсіз кінәларын мойындап тұрды. Бір аптадан кейін «қонақтар» қайтадан түгел өз қызметтеріне ауысты. Барлығы жұмыстарында қалды. Жұмыс уақытында қонаққа да бармайтын болдық. Жыл соңында басқа жаққа қызметке ауысқан Қадір келіншегімен үйлеріне (хатшының) шақырып, ұжымды заңды қонақ қылды. Ол кездегі біз көрген басшылар заманына қарай ма, кең, көп нәрсеге кешіріммен қарайтын. Жұмысқа парамен орналасу, алалау, қудалау дегенді естімеппін. Тәжірибе, іскерлік, білімділік бірінші кезекте тұратын.
Көп жыл Сырдария көшесінде Тілектес ағаймен көрші болдық. Бала кезімізде ағайдың бастық екенін де білмедік. Біздің көшеде біраз басшы тұрды. Балаларымен бірдей бірге ойнап өстік. Ол кезде қазіргідей шаңырағына қарай бөлінбейтін. Басқа жаққа көшіп кетсе де, сағынышпен бір-бірімізді еске алып тұрамыз. Әр дәуірдің өз халқы, өз патшасы болады дейді. Заманы бөлек ұрпақпен әңгімеміз жараспай, түсінесе алмай қалып жатамыз. Маған сол кездегі өмірге, қызметке сатылап бейімдеу тәрбиесі дұрыс секілді боп тұрады. Естелік ескермейді деген осы екен.
Марат ОМАРОВ,
Сырдария ауданы
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!