Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шама-шарқымша Шамаұлының фотоларын «сөйлетуге» тырыстым

05.09.2024, 10:40 112

Қазақстанның Құрметті журналисі, елімізге белгілі фототілші Болат Омарәлиев  76  жасында  дүниеден  өтті.

Болат Шамаұлы Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада  Қызылорда облысы, Сырдария  ауданы, Қоғалыкөл  ауылында  туған. Белгілі фотошебер. КСРО  және  Қазақстан Журналистер  одағының  мүшесі.

1966 жылы Алматы қаласындағы арнайы курсты бітірген соң, еңбек жолын фотограф болып бастады. 1967 жылы Сырдария аудандық «Сырдария» газетінің редакциясына фототілші болып қабылданды. 1969 жылы облыстық «Сыр бойы» газетіне ауысты. Осы басылымда 45 жыл үзіліссіз фототілші болып еңбек етіп, 2014 жылы зейнетке шықты.

Болат Омарәлиев шығармашылығын Шәмші Қалдаяқовпен байланыстырса, мен де өз шама-шарқымша Шамаұлының туындыларын «сөйлетуге» тырыстым. «Қырсықтығым бар» дейтін фототілшімен 2018 жылы 70 жасқа толған уақытында сұхбаттасқан едім. Сол уақытта ешқандай журналистке сұхбат та, фото да бермей жүрген Болат көкемізді көндіру оңай болмады. «Қадірін түсірмейін деп кадр алмадым» атты сұхбат «Халық» газетінің  №45  санына  жарияланды.

Әлгінде шығармашылық байланыс деп қалдық. Соны індете түссек. Газетке «Қас-қағым сәт қалам ұшымен…» деп айдар ашып, фотоларын ойлы оқырманға ұсынып едік. Сондай-ақ, «Соғыс жесірлері» атты сериалы суреттерін де «сөйлетіп», сары басылым бетінде қалдырдық. Жалпы, Болат көкеміздің табиғаты бөлек болатын. Әлеуметтік желіде де көп сөйлесетінбіз. Әуелде жалынып-жалпайып газетке «азық» іздейтінбіз. Кейіннен баспа бетін көрмеген фотоларын өзі де ұсынатын болды. Сірә, жазғанымыз белгілі-бір  деңгейде  ұнаған  болса керек…

Танымал фототілші Одақ көлеміндегі, республикалық конкурстарда жүлдегер атанған. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» басылымдары, «Ауыл» партиясы өткізген байқауларда жұмыстары үздік деп бағаланды. Ең бастысы, фотомұрағаты бай, халықтың алғысын арқалаған жан еді. Жасы жетпістен асса да, әлеуметтік желінің тілін түсінетін, өз туындыларын көпшілікке таныта алатын. Бізбен сұхбат барысында мына жайтты айтып берген еді…

– …КазТАГ-тың фототілшісі Владимир Ягунин деген болды. Әйелі қайтыс болып, шарасыз күйде қалды. Мүгедек жалғыз баласы бар еді. Өзі – Тереңөзектікі, қазақ болып кеткен. Бір күні сол хабарласты. «Болат, менің архивімді алып қалшы. Далада қалдым, өлетін уақытым да жақындап қалды» деп. Мен соны алып қала алмадым. «Сатып алып қал» деген соң ба, арым бармады. Одан кейін Шиеліде аудандық газетте жұмыс істеген Сайдхасан Хутаев деген мықты фототілші болды. Ол да «нашарлап барамын. Бүкіл архивім далада қалды. Алып қалшы» деді. Оны да алмадым. Екі үлкен өкінішімді айтып отырмын. Сатып алсам да, архивті аман сақтауым керек еді деймін осы күні. Амал жоқ. Одан өзге де көптеген фототілші өз жұмыстарын жұртшылық назарына кеңінен ұсына алмады. Кейбіреуі жоғалтып алды, қараусыз қалды дегендей. Мен 48 жыл бойы архивімді жоғалтпаппын. Кітаптардың арасына жинай бердім, жинай бердім. Түп-түзу болып сақталды. Әр суретімнің өзіндік тарихы бар. Сонысымен ыстық маған, – деген еді Болат Шамаұлы.

Одақтық «Советское фото» журналы 1982 жылы №9 санында Болат Омарәлиевтің фотоларын жариялады. 1984 жылы  3 қыркүйекте «Известия» газеті өзінің арнаулы тілшісі Эдуард Полянскийдің «Түн қысқа, ақша бұлттар ұйықтап жатыр… («Ночь коротка, спят облака…») деген көлемді мақаласын қызылордалық фототілшінің суреттерімен безендіріп берді. Бұдан бөлек, еңбектері «Қазақ фотошежірешілері» атты альбомға енді, республикада шыққан 20-ға жуық тарихи кітапқа жарияланды. Сол сияқты Алматы, Мәскеу қалаларында үш рет, Польша мен Украинада бір реттен фотокөрмелері ұйымдастырылды. Фотосуреттері 2017 жылы Астанада өткен ЕХРО көрмесіне, Ұлттық мұражайға қойылды. Тура бір жыл бұрын Қызылорда қаласында да фотокөрмесі өтті.

1989 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық фотосуретшілер съезіне Қазақстан атынан делегат болып қатысты.

Қазақстан фотожурналистикасын дамытуға көп жыл сіңірген еңбегі үшін «Фотоөнер қайраткері» медалімен марапатталды. «Сыр бойы» газетінің ардагері, фотосуреттері арқылы аймақ шежіресін жасаған Болат Шамаұлының жарқын бейнесі ел жадынан өшпек емес.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: