Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сегіз қырлы, бір сырлы ақсақал

13.04.2023, 10:20 435

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауының үшінші бағдарында «Біз қарапайым еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек» деді. Бұл сөз қарапайым халық арасындағы еңбек адамдарының құрметін арттырады. Еңбек деген бір ауыз сөздің өзі қазақтың тарихы мен мәдениетін көрсетеді. Өйткені, көшпелі қазақтың тұрмыс-тіршілігі, өмірі мен өміршеңдігі еңбектің арқасында ғана сақталғандай. Демек, біздің елді еңбекқор халық деп айтуға толық негіз бар.

Еңбек демекші, аймақта жастайынан іске араласып, бірнеше салада еңбек етіп, бой көрсеткен, соның арқасында 80 жасқа жетіп отырған Қалдан Шәмшіұлы есімді ақсақал бар. Әлі күнге дейін ширақ. Жылқы мініп, кішігірім техникаларды жүргізіп, тіпті, көкпарға да шабады. Ол-ол ма, ау жазып, балық аулап, есік алдындағы тірлікті түгелдей дерлік өзі тындырып отырады. Әулетінің үлкені болып отырған қария сексеннің сеңгіріне шықса да әлі бақуатты. Ел арасында еңбегімен еленген абыз ақсақалмен кездесу  үшін  өңірлік  коммуникациялар  қызметі Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе ауылына баспасөз турын ұйымдастырып, Қалдан қариямен жүздесудің  сәті  түсті.

«АДАМҒА  ЕҢ  БІРІНШІ  КЕРЕГІ  –  АДАМГЕРШІЛІК»

Сонымен, камерасын асынып, қойындәптерін қолтықтағандар межелі жерге жақындадық. «Сұлутөбе» дейтін аркадан өте салысымен ауылдың ауасымен тыныстап, көшеде қарықтың жағасында асыр салып ойнап жүрген балаларды көзіміз шалды. Тұмса табиғат қой, шіркін! Не керек, діттеген үйге барып, табан тіредік. Қазақы отбасының қонақжайлығы бірден білінді. Алдымен, ақсақалды көруге асықтық. Сексендегі қария болса, таяқ ұстаған, аздап бүкірейген адамды елестеткен едім, қателесіппін. Бүкірейген былай тұрсын, тұла-бойы тіп-тік адам алдымда тұр. Тіпті, қозғалысы қарқынды қария сөзшең екен, бірден әңгіме бастап, аз-кем өмірінен  хабардар  етті.

– Адамға ең бірінші керегі – адам­гершілік. Өмірде ашкөздіктен сақтану керек.  Мен дәл осындай қалыпқа түсу үшін спортпен де, басқамен де айналысқан жоқпын. Бұйырғаны деге­німнің арқасында Құдай маған бәлкім осындай денсаулық пен күшті нәсіп қылған шығар. Қиыншылық көрмедім демеймін, әр адам әртүрлі қиналады, сыналады. Бірақ сол үшін Жаратқаннан безініп, ессіздікке бару дұрыс емес. Алла берген 10 перзенттің қазірде 7-еуі жанымызда. 1 бұрымды қызым, 6 сері ұлым бар. Олардан 20 шақты немере-шөбере көріп отырмын. Оған Құдайға  мың да бір шүкір!  –  дейді  ақсақал.

Әрі қарай Қалдан атаның ат ерттеп, онымен жайдақ жүргенін көзімізбен көрдік. «Ат – ердің қана­ты» деген сөзді тереңінен ұғынған ақсақал жастардың бойында атқа тән мінез болуы керек екенін айтты. Өйткені, жылқы малы өте сабырлы, батыл әрі ширақ. Қазақ топырлаған аттың дүбірін алыстан сезіп, оған ерекше қарай білген. Қария да осыны  меңзеді.

– Қазақты қазақ қылған, Қып­шақты бүкіл дүниежүзіне белгілі еткен – осы жылқы малы. Астыңда жүйрік атың болса, ол жігітке рух береді, мықтылық сыйлайды. Ат – өте ақылды жануар. Бірінші ақылды ол – адам болса, екіншісі – осы тұлпар. Жақсы жылқы – ең жақын жолдасың. Біздің кезімізде мал ұстауға онша мүмкіншілік болмады. Әкімшілікке барып, «менде тәуір ат шығайын де тұр. Оны тұлпар қылып баптап, мініп, сонымен біраз бәйгеге қатыссам» дегенімде «жоқ, міне алмайсың, оны тәркілеп, етке жібереміз» деген де уақыттар  болды.

Егемендік алғаннан бас­тап, балаларымның барлығы атқа құмар болған еді. Ерболат деген ұлым жастайынан осы жылқыға жақын болғанының арқасында күші мықтылығымен ерекшеленді. Және ол спортпен айналысқан жоқ. Мен бұны­мен осы жылқы малының адамды ерекше күшті етіп шығаратынын  айт­қым   келеді, – деді  ол.

Ақсақалдың айтуынша, 6 ұлының барлығы да аттың үстінде еркін шаба­ды, көкпар да тартып, оны баптау жағын да жіті меңгерген екен. Бүгін­де Сұлутөбе ауылында көкпар жиі болмаса да, аудан төңірегінде ұйым­дастырылған жарыстарға барып, салымсыз қайтпайтын көрінеді. Ауыл шабандоздары әлі күнге де­йін бәйгеге шабатын атын алдымен Қалдан атаға әкеліп көрсетіп, содан кейін ғана іске кіріседі. Өйткені, әрбір жылқы ерекше мінез көрсетеді, оның далада көрсететін дүбірі жеңіске әкеле ме, жоқ па, оның барлығын осы қария айтып береді екен. Тіпті, түріне қарап, аттың ауырып тұрғанын немесе сау екенін де ажыратады. Ол жастайынан жылқымен дос  болудың  пайдасы  болса  керек. 

– Бұған дейін көкпарға барған уақытымызда бас бәйгені алуға тырысатынбыз. Талай рет қос-қостан жылқы, өгіз айдап қайтқан уақыттар да болды. Жалпы, көкпардың ең негізгі ережесі – қазандыққа салым салу ғой. Ал біз ол жағынан мықты болдық деп айта аламын. Қазірде еңбекке жастарды да тәрбиелеп жатыр­мыз. Малдың пайдасы тек азықтық немесе көліктік пайдасында емес. Ол бізді түсініп, сезіне алады. Сол үшін де, жылқы жеті қазынаға  жатады, – деді  қария.

«АУЫЛЫМНАН  ТЫМ  АЛЫСҚА  КЕТСЕМ,  КӨЗІМЕ  ЖАС  АЛАТЫНМЫН»

Қалдан ақсақал жылқыға мініп, асфальттың бойымен жайдақ шаба жөнелді. Артынан қарасаң, шымырлығы жас баладай байқалады. Алыстан көрген адам осы ауылдың серісі деп ойлауы да мүмкін. Бірақ оны жалған деуге де келмейді, жігіттік шағы аттың үстінде өткені өтірік емес қой. Жә, әңгіменің ауанын бұзбайық. Қарияның «өнері» бұл ғана емес. Сырдың жағасын мекендеген халық болған соң, мұндағылар балық аулау кәсібін де ерекше меңгерген. Осы шаңырақтағылар әлі күнге дейін өзен-көлге ау салып, аптасына кемінде бір күн дастарқанға балық жайғастырады. Тілшілерге аудың қалай жазылып, түзелетінін түсіндіріп, көрсеткен ақсақал бұл істі қазір немере­леріне  үйретіп  жүр  екен.

– Ауылымнан тым алысқа кетсем, көзіме жас алатынмын. Бұл ағайынымнан алыста жүргендігімнен емес, Сырдың суын сағынып бұлайтыным ғой. Өйткені, балық аулап, оны азық етуді шаруа қылғаннан кейін сол ісің сағыныштың лебін сезіндіреді. Осыдан болса керек, арналарға ау салып, балық  аулау  да – ерекше жақсы көретін жұмысым. Бұл іспен қазір  де  айналысамын, – деді.

Айтып отырып, ау жазудың оңай тәсілдері мен балық аулайтын сапалы құралдарға да кеңінен тоқталып өткен еді. Одан соң, Қалдан ақсақал балық аулайтын ауды көлікке салып, темір тұлпарды өзенге дейін өзі тізгіндеп келді. Адам айтса, сенгісіз дерсіз. 80-дегі ақсақал қайық­қа отырып, ұлымен бірге көлге ау тастады. Мұндай жаста бұлай қозғалып, ширақ болу жүздің бірі, жо-жоқ, ешқайсысының қолынан келмейді. Өйткені, бұндайды бірінші рет көріп  отырмыз.

«ҚАСҚЫРДЫ  ТІРІ  КҮЙІНДЕ  АУЫЛҒА  АЛЫП  КЕЛДІ»

Өзеннен қайтқан соң, әлі де жылқының жалында ойнайтын қария немересі екеуі бір жас­тан асқан жылқыны (тайды) бас білдіріп, қолға үйретті. Асау жануар ақсақалды сүйретіп әкетердей көрінді, дегенмен, олай бола қойған жоқ. Өз күші өзінде тұрған әулеттің үлкені әп-сәтте жылқыны жөнге келтіріп, бас білдірді. Сол мезетте тайдың тұяғы Қалдан атаның бөрігін ұшырып жіберді. Қорқа қарағанымыз­бен, бәрі дін аман, мұны үйреншікті жұмыс  дейді  көріп  жүргендер.

Айтпақшы, ауыл үлкендерінің қатарында Қалдан ата ғана емес, Мәлібек атты имам да бар. Қос қария бір сыныпта оқып, бір партада  отырған  екен. Бұл ауылда осы екі кісінің де құрметі  ерекше. Жас кезінде бастан талай қызық  өтіпті. Оны Мәлібек ата  өз  аузымен  әңгіме­леп  берді.

– Қалдан дарияның арғы бетінен 5-сыныпта ауысып келіп, сыныптас­тардан менің қасыма отырды. Сол сәттен бастап, 11-сынып бітіргенше бірге жүріп, бірге біраз уақыт өткіздік. Интернатта да көрші тұрдық. Ке­йін ол трактор айдап, қой да бақты. Сосын «зоотехник» болып жұмысқа кірді. Бірақ, ол қызметті істеген жоқ, жылқышы болды. Жылқыға деген ынта-ықыласы сол кезден қалып­тасқан да шығар. Бірге жұмыс істеген 10 жыл ішінде біраз қыр-сырын көріп, Қалданның қасиетіне қанық болдым. Балықшылықтан бөлек, аңшылық та қасиеті бар. Қақпан құрады, мылтық та атады. Жас уағымызда бұл қақпан құрған, содан оған қасқыр түсіп қалыпты. Бұл соны көрген соң, жұмыстағыларға айтып, баяу келдік. Сонда көз алды­мызда ашулы қасқырды таяқпен бір соғып, оны есінен тандырып, ауызын байлап, тірі күйінде ауылға алып келді. Біз сонда таңғалдық. Айта берсе, көп. Біз Қалданның осы еңбексүйгіш­тігін, батылдығын әлі күнге дейін айтып жүреміз, бағалаймыз, – деді  сыныптас  досы  Мәлібек  Асанұлы.

Жоғарыда ақсақалдың кішігірім техникаларды емін-еркін басқарып кете алатынын айтып едік, бұған да куә болдық. Қолына электронды кілтті ұстап алған атамыз бір ғана тетікпен есік алдындағы мотоциклді емін-еркін айдап кетті. Камерасын асынғандар бұл ерекше кадрды құр жібермей, бірден кадрға алып үлгерді. Біздегі  таңғалу әлі  де  тоқтаған  жоқ.

ТҰЛПАРДЫ  ТІЛСІЗ  ТҮСІНІП,  СӨЗСІЗ  ҰҒЫНАДЫ

Қазір Рамазан айы болса да, біз барған үй қонақжайлығын көрсетіп, дәм ұсынды. Ауызы ашық аға­йын үйден ауқаттанып, түстен кейін бұрын-соңды көрмеген көкпарды тамашаладық. Ерекшелігі сол, мұнда да Қалдан ата жүйрігімен қос салым салып, көптің ықыласына бөленді. Жас шабандоздар үшін бұл – тәжі­рибе әрі мотивация. Көкпаршылар осылай  дейді.

– Ауылымызда ат спорты дамып келе жатыр. Қалдан атамыз әр көк­пар сайын келіп, батасын беріп кетеді. Жылқы алсақ, болмаса сол секілді бәйгеге атымызды қосатын болсақ, ауыл жастары болып, осы ақсақалға көрсетеміз. Өйткені, тұлпардың жайын атамыз жақсы айтады. Үлкенімізден әлі үйренеріміз көп, – деді жас шабандоз  Шыңғыс  Батырхан.

Ауылдың алты ауызы дегендей, кіл мықтылар додада өнерін көрсетіп, серкені салымға салды. Бірінен-бірі өтетін шабандоздар Қалдан ақсақалдың мектебінен өткені көрініп-ақ тұр. Қарияның өзі 2-3-сыныбынан жылқыны жайдақ мінген екен, сол кезден бері аттан түспеуі оның тұлпармен тілдесетіндей деңгейге жеткенін аңғартады. Расында, оны сөзсіз  ұғынып, тілсіз  түсінеді  ғой…

Міне, таң атқаннан кеш батқанға дейін Қалдан ақсақалдың тірлігіне тәнті болдық. Ауылға арнаған бір күнімізге өкінген жоқпыз. Көкпардан соң, күнді қорытындылап, қариядан бата алдық. Ақсақалға ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілеп, жолға шықтық.

ТҮЙІН. Еңбек адамдарының еңбегі қашанда еленіп, құрметке бөленуі керек. Өйткені, елім, жерім деп тұрған патриот болмаса, өз халқына адал қызмет етіп, еңбектенетін адам  аз  саналады. Оларға деген ілтипат тек ел ішінде ғана емес, барлық жерде жасалса, сол игі. Ақсақалдың сақа да сара ғұмырнамасы бізге де, болашақ ұрпаққа да мол азық болары сөзсіз. Сол үшін оны басылым бетінде жариялауды жөн көрдік.

Ердәулет  ҚАЛИ,

Суреттерді  түсірген 

Мұнарбек  Әбілқайыр.

Пікірлер:
  • Мына ақсақал 100 жасасян!Бұл кісі біздің марқөм әкемізден айнымайтының айтқым келді! 84 жасында осыдан екі жыл болды қайтқаны.Құрметты педагог,имадылық жолында жүрген,сыйлы,елге білгілі Қандағаш қаласының азаматы еді.Анамызбен 5 бала туып-өсіріп,өнгізіп-жеткізіп 57 жыл бірге өмір сұріп екіу де марқым болды.Аралары 2 жыл.Алла алдынан жарылқасын! Мына кісіні көріп әкемізді көргендей болдық.Рахмет сізге!Жұмысыңыз алға артаберсін!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: