Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сауатты тәлімгерлік – білікті маман кепілі

19.03.2020, 12:29 602

Қай кезде де болмасын жан-жақты білімді, өз бетімен шешім қабылдай білетін, біліктілігімен және тəжірибесімен бөлісетін маманға сұраныс жоғары екені сөзсіз.

Кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруда мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі мен біліктілігі өте маңызды.

Осы орайда мемлекеттік қызметке алғаш кірген қызметкерлерді функционалдық міндеттерін өз бетінше орындауға бейімдеп, кəсіби маман ретінде қалыптасуына ықпал ететін тəлімгерлік ісінің маңызы өте зор.

Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген азаматтар 3 ай көлемінде сынақ мерзімінен өтеді. Осы сынақ мерзіміндегі мемлекеттік қызметшілерге тәлімгер тағайындалады.

Тәлімгер – қызметшіге таңдаған мамандығын игеруге көмектеседі, оған қызметтік міндеттерді түсіндіріп, оларды сапалы орындаудың әдістері мен тәсілдерін көрсетеді. Тəлімгер тәлімгерліктен өтуші қызметшінің лауазымдық міндеттерін орындауы туралы, оның білімінің деңгейі, шеберлігі мен дағдыларының дамуы, қызметтік міндеттерін өзіндік орындау қабілеті, құжаттамаларды дайындау сапасы көрсетілген пікір дайындап, құрылымдық бөлімшенің басшысына ұсынады. Егер қызметші талапқа сай болмаса, сынақ мерзімі аяқталғанда қызметкер жұмыстан босатылады.

Тәлімгерліктің ең басты міндеттерінің бірі – жас мемлекеттік қызметшінің бойында адамгершілік, адалдық, шыншылдық, жауапкершілік секілді қасиеттерді шыңдау, жағымды қасиеттерінің дамуына ықпал жасау.

Өткен жылы Қызылорда облысында 214 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалған. Оның ішінде, 165 тұлға мемлекеттік органның табалдырығын алғаш аттаған. Олардың барлығына дерлік тәлімгерлер бекітіліп, салалары бойынша тәжірибе жинақтап, жұмысқа машықтануға бейімдеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы №24 бұйрығымен «Сынақ мерзімінен өтудің қағидалары мен шарттарын және тәлімгерлерді белгілеудің тәртібіне» (бұдан әрі – Қағида) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Маңызды өзгерістердің бірі, жаңа Қағидаға сәйкес сынақ мерзімі қызметші мемлекеттік қызметке келген күннен бастап, арнайы тексерудің оң нәтижесін алғанын күтпестен бекітілетін болды. Ескі Қағида бойынша сынақ мерзімін бекіту үшін арнайы тексерудің оң нәтижесін күту керек болатын. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік қызметтің табалдырығын жаңадан аттаған қызметкердің жұмысқа тез бейімделуін кешеуілдедетін.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш қабылданған немесе қызметті бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау нәтижелері бойынша жағымсыз себептермен мемлекеттік лауазымнан босатылғаннан кейін мемлекеттік әкімшілік қызметке қайтадан кірген адамға ғана сынақ мерзімі белгіленетін болды. Өзгерістер енгізілгенге дейін мемлекеттік қызметтен кетіп қайта келген барлық азаматтар сынақ мерзімінен өтетін.

Тәлімгер – мемлекетке қызмет ету үшін қадам басқан азаматтың кәсіби мемлекеттік қызметші атануына ықпал ететін бірден-бір тұлға бола білуі қажет-ақ. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, тәлімгер болып бекітілген әрбір тұлға, тәуелсіз еліміздің дамуына адал қызмет ететін мемлекеттік қызметші тәрбиелеу үшін үлкен жауапкершілікті сезінуі тиіс. Егер жас маманның бейімделуі ойдағыдай өтсе, бұл – мемлекеттік органның кадр процессіндегі тұрақтылықтың белгісі.

Гүлсая МҰРАТ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің жетекші маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: