Қызық сұрақ, ол сынардай сүйек пе еді? Әлде ағаш па? Тақырыптық сауалға жауап бермес үшін түсіндіре кетейінші. Анатомияда адамның тірегі сүйек деп оқытылады. Ол сынса, адам бойын тіктей алмайды. Әдетте артық салмақ түспесе, сүйек оңайлықпен сынбайды. Берік дүние ғой. Алайда адамға тірек тағы бір дүние бар, атауы – рух. Сүйектен де берік өзі. Көзге көрінбегенмен, мына жаратылған құбылыстың ішіндегі ең берігі сол болар. Дәл солай! Түйсінбесеңіз, таразылап берейік. Белгілі бір апаттан адам майып болды делік, сынған бел омыртқасы бойды тіктеуге кедергі. Бірақ, сүйек сынғанмен, өмірге құштарлығы майып болмады. Бастысы, рухы сынбады.
Әуелгі сұраққа келейікші. Сынған рухқа оралайық. Өзі әлемдегі берік дүние болса, қалай сынбақ? Архимед «Маған тірек нүктесін көрсетіңіз, жерді қозғалтайын» демеп пе еді. Сол сықылды рух та сынады екен. Сіздің де, біздің де рухты күнде сындырып жүр. Сындырғаны былай тұрсын, уатып тастауға құштар талайлар. Солай!
Жартылай жалаңаш отандастарымыздың киіз үйдің ішінде билегені есіңізде ме? Үкімет ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы петицияны қарап жатқанда трансвеститтер осылай қарсылық танытып еді. Олар тек қарсылық танытқан жоқ. Олардың ұстанымын қабылдаудан бас тартқанымыз үшін ұлттық мәдениетімізді қорлады. Ұлттық рухымызды сындыруға сына қақты.
Өйткені киіз үй – қазақтың қара шаңырағы.
Киіз үй – қазақтың бірлігі мен берекесінің бастауы.
Киіз үй – Алаштың рухы.
Киіз үй – ұлтымыздың бар салт-санасының қайнар бұлағы.
Қазақтың бұрынғы тұрмысы – көшпелі мәдениет. Кеңес заманында ғана отырықшылыққа негізделдік. Ал оған дейін панамыз да, қаламыз да осы киіз үй болды. Қазақтың көп тарихы сол ағаш үйде жазылды. Алаштың талай айбынды ұлы сол шаңырақ астында дүниеге келді. Дейтұрғанмен, сол киіз үйдің ішінде жын-ойнақ жасауы рухты сындырды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде 174-бап бар. Сол бапта «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып, сол сияқты әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты насихаттайтын әдебиетті немесе өзге де ақпарат жеткiзгiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екі мыңнан жеті мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға, не екі жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы тұсқа «ұлттық нақыштарды, ұлттық қасиетті дүниелерді қорлағандар» дегенді енгізу аса қажет. Содан кейін жазасын күшейтпесе, ұлттық рухты сындырғаны былай тұрсын, талқандауға даяр тұрғандардың сапы азаймайтындай. Оған себеп:
Бірнеше жыл бұрын Шырын Нарчаева есімді қыз жалаңаш күйде қазақтың бас киімін қорлады.
Төрт жыл бұрын жын қуғандай аласұрған жігіт қазақтың домбырасын еденге ұрып быт-шытын шығарды.
Отандық «Kesh You» тобының әншілері американдық Snoop Dogg-пен ән айтқанда жартылай жалаңаш денесіне қазақтың оюын баттастырып ән айтты.
Қазақтың ұлттық тамағын «бешбармақ» деп шоумендер бағдарлама жасақтады. Тіпті, кейбір отандық әншілер «Беш» деп ән де шығарды.
Тізбектей берсек, қос қолдағы он саусақ жетпейді. Бірақ, бұлар жыл санап өршеленіп келе жатқандай. Әйтпесе, ұлттық рухты қорлау – тұтас ұлтты қорлау ғой. Міржақып Дулатұлы «Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе – үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей» деген еді. Біздегі әдет-ғұрып, салт-сананы қорлатуға жағдай жасап қойған заңға қарасақ, «кішкентай аяққа кең етік кигізгенмен тең секілді».
Ойды ой қусын, сөз қумасын. Біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде уағыз айтып жүрген блогер-дінтанушы Қабылбек Әліпбайұлы «шеше деген – баласын тастап кеткен әйел» деп айды аспанға шығарды. Сірә, қазақта әке-шеше сөзінің ықылым заманнан барын ұмытты ма екен? Әлде «Шеше, сен бақыттысың» деп жырлаған Мұқағали тастанды балалардың қатарынан болып па?
«Әйел күйеуінің құлы емес, еркек өз кірін өзі жусын, тамағын өзі даярласын» деген лаң ойларды қоғамда таратып жүрген блогерлер де бар. Ахмет Байтұрсынұлы «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрттың қамы, жұрт ісі» деген еді. Бұлар жұрт ісін бұрыс етуге қам қылғандай. Отбасы, шаңырақ – мемлекеттің негізгі тірегі, ал адам – басты байлығы. Әлеуметтік желіде жұртқа ақыл айтуға құмарларды да бір ретке келтіру керек секілді. Белгілі бір аудиторияға уағыз, не насихат жүргізуге машықтанғандарға бақылау жасалмаса, олар қоғамды азғыруы мүмкін. Сондықтан олардың әлеуметтік желіде болсын, белгілі бір аудиторияға дәріс өтуі үшін тиісті құрылымнан рұқсат не сертификат берілуі тиіс секілді. Арнайы тексерістен өтуі де қажет. Не айтатыны, не ой қозғайтыны саралануы әбден керек. Бұл цензура емес, бұл – електен өткізу, таразылау. Әйтпегенде желінің арғы бетінде отырып талайдың отбасын ойраңдап, талайды от бастырып жатқандар бар. Мәселен, желіде қаржылық пирамидаларды жарнамалаған блогерлер де болды ғой. Олардың сөзіне иланғандар қалтасын жұқартты. Курс сатып тайраңдаған, уағыз айтып жайраңдаған талай жанды осылай сүзгіден өткізбесе, арты өкінішке ұласуы ғажап емес.
Осынша ой рухтың сынғанынан, оны сындыруға ұмтылғандардың әрекетінен туындап отыр ғой. Баба жұртта «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» депті. Біздің ұлттық қасиетіміздің «жыртығын» сырттан кеп ешкім жамап бермейді. Ал өзіміз қорғай алмаған соң оны әркім талай түспек. Сондықтан ұлттық рухты сындырмас үшін оны қорғауды күшейту – уақыт талабы. Өйткені рух «бас жарылса – бөрік, қол сынса – жең ішінде» дейтін осал дүние емес.
Дастанбек САДЫҚ,
журналист
Ғ.Смағұлұлының карикатурасы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!