Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жындыханадан басталған махаббат

31.03.2022, 9:40 660

Ақылына көркі сай Ақбота есімді бойжеткеннің арманы медицина саласында білім алу болатын. Ауылдың қара қызы үлкен қалаға келгенде еш өзгеріссіз қарапайым мінезі сол қалпында қалды. Тек еркін өмірдің рақатын сезініп, өз-өзімен болғаны болмаса, қатар­ластары сияқты түнгі клуб жағалап, көңіл көтеру­ді білмейтін. Оны тек орыс әдебиеті қызық­тырып, Пушкиннің шығармаларына басы  кетіп,  ғашық  болып  жүретін-ді.

Уақыт өтті. Оқуын да аяқтап, ауылға оралды. Қуаныштан екі көзі бал-бұл жайнап, жұқалаң шалғын шөптердің арасымен жүріп өтті. Жердің сонау құмдауыт шегінде көз жетер-жетпес шамада көкпеңбек, айнадай көл жатты. Бірақ көлде ешқандай қимыл жоқ, жалпақ жатқан жазира. Көлдің жағасына барып, нәзік қолдарының ұшын тигізіп еді, тіс сыр­қыратар салқын су екенін тәні бірден сезінді. Өзінің туған жері қанша ыстық болса да, мұны іздеп, бауырына басатын тірі жан жоқ болатын. Өйткені балалық кезеңнің қызығын көріп, әке мен анасына еркелеп өсетін шағында оларды аңсаумен болды. Өлшеулі өмір болса да, екі бірдей жақынын бір күнде, бір сәтте жоғалтып алу 5 жастағы қызға оңай болмады. Ол ата-анасымен бірге қаладан түрлі заттар алуға жолға шығып, «жаққаның – көмір, мінгенің – темір» болатын заманда осы бір темір тұлпардан жақындарының ажалы болатынын білмеді. Бұл да жауапсыз шопырдың кінәсі еді. Алайда бір ғажайыптың арқасында Ақбота ғана аман қалды. Сол уақытта оларды қалаға апаруын өтінгені үшін өзін жегідей жеді. Десе де тек қана өзінің тірі қалғаны тектен-тек емес екенін ұқты. Әжесі бар болғанына шүкіршілік етіп, соның аялы жылы алақанында тәрбиеленді. Бірақ ол да қалаға оқуға кетер кезінде жүрек  талмасынан  көз  жұмды.

Міне, жапанда жалғыз қалса да айналасындағы адамдардың тағдырына алаңдаумен болды. Сондықтан болар дәрігер болуды арман­дағаны. Бәлкім солай көмек бергісі келген шығар. Дегенмен сырт көздің аяныш сезіммен қарағанын жақтырмайтын еді. Сол себепті еш уақытта өзінің қиналғанын ешкімге көрсетпеген. Күн санап күткен ауылына келіп, өзінің ата-бабасынан мұра болып қалған, шаң басқан үйіне кірді. Жылдар бойы тірі жан тіршілік етпе­ген жердің әбден тозығы жетіпті. Дегенмен бір-екі сағатта бәрін тап-тұйнақтай етіп, қара шаңыраққа жан берді. Сосын ауылдағы емханаға дәрігер болып орналасты. Ақботаның қарым-қабілетін байқаған басшы лауазымын көпке созбай жоғарылатты.

Бір күні ауылдан ат шаптырым жерде ақыл-есі кем жандарға арналған жындыхана ашылатын болды. Сол жерге Ақботаны басшы қылуды жұртшылық ұсынды. Халықтың сенімін арқалап, ләм-мим демей, бірден келісті. Бірақ ауыр жұмыстың жүгін арқалауға басқа дәрігерлер келісе қоймады. Онысымен қоймай болашақ басшыларын келеке етіп, «Өзі де жынды болуға  аз-ақ  қалды. Қу басы қартаяды  да,  қала­ды. Мына түрімен кәрі қыз болып, біреудің  тоқалы  болады ғой. Көп білгенінен не пайда, бала туып, ана бақытын сезінбесе» деген қаңқу сөздер құлағына жететін. Алайда бетіне келіп ешкім айтпаған. «Жетіскеннен жүрген жоқпын. Маған да оңай емес. Ертең мен де көкке ерте ілініп кетіп, балаларымның обалына қалғым келмейді» деп ішінен үнемі айтып, қабағы кірбің тартатын. Тура жолмен жүрсең де, қисайған көлеңкесінен кемшілік табатындарға  налыды.

Жалғыз бір өзі ғана жындыхананың шырайын шығара алмайтынын, әлі келмейтінін түсініп, бас дәрігерге баруды ұйғарды. Жүрегі дүрсілдеп, құлағы тұнған күйі басшының кабинетіне кірді. Кірген бойда алдында бір ақ келбетті, жағына пышақ жанығандай жас жігітті көріп, одан сайын қысылып, аяғы өзінен-өзі еріксіз артқа шегіне бастады. Сонда басшысы:

– Ақбота, кір. Сені шақырайын деп жатқан едім. Өзіңнің келгенің дұрыс болды. Мынау Дастан есімді дәрігеріміз. Бұл да қаладан білім алып, ауылға арнайы сенің жанына шақырдық. Енді екеулерің бірігіп, ауруханада сапалы жұмыс атқарыңдар, – деп сенімін білдірді.

– Жақсы, ағай.

– Жақын арада тағы да білікті медбикелерді қосамын. Ал, сәттілік, – деп шығарып салды.

Екеуі жарғақ құлағы жастыққа тимей жаңа қызметке кірісті. Екеуін жұмыстан басқа ешнәрсе қызықтырмайтын. Бір әңгіме айтып, күлгендерін жұрт көрмейтін де еді. Алайда, Дастан тез бауыр басып, сұлу қыздың мөлдіреген көздеріне ғашық екенін сезе бастады. Жүзіктің көзінен өткендей Ақботаға бүкіл ауылдың бойдақ жігіттерінің есі кетіп жүр емес пе? Дастан жүрексініп, қорқақтап біраз жүрді. Түнімен ұйықтай алмай, жұмысы да сұйылып кеткен кездер де болды. Сол үшін басшысынан қатаң сөгіс те алды. «Бұлай жалғаса бергені дұрыс болмас. Не болса да сезімімді білдіре­йін, әрі қарай өзі шешім қабылдар. Мен де осал емеспін. Қаншама қыздың серісі болуға лайықтымын» деп өз-өзіне қолдау білдіріп, масаттанған күйі қалай Ақботаның кабинетіне кіргенін аңғармай қалды. Алайда бәрін білгіш қыз көзінің шырымын алып жатыр екен. Кабинетіне біреу кіргенін байқап, селк етіп орнынан тұрып:

– Айта бер, – деді.

Оның жүзін көргенде, Дастанның тілі байланды да қалды. Бірнәрсе деп мыңқ-мыңқ етті.

– Не дейсің? Не керек? Тыныштық па? Айтсаңшы,- деп Ақботаның зәресі шығып, науқастарға бірнәрсе болды ма деп ойлап кабинеті­нен жүгіріп шықты. Бірақ, бәрі тыныш. Түскі  үзілісте  демалып  жатыр.

Дастан ақыры ешнәрсе айта алмай «толғатып» екі-үш апта жүрді. Сырттай қарап, әрдайым қасында жүріп, күнде «бүгін сөзсіз айта­мын» деп өзіне уәде беруден де жалықты. Ақбота да ақымақ қыз емес еді. Оның сезімі бар екенін іштей білетін-ді. Әншейінде жігіттердің ындынын кептіре түсетін қабілеті бар қыз. Бұған жақ ашпайтын, керісінше істеген іс-әрекеттеріне көңілі көтерілетін. Содан не керек? Жаз кетіп, күз келді. Бұл күзде көп адаммен байланысқа шығып, алғысын білдіру  керектей сезімде болды. Ол осы мезгілде өмірінде  бір  жаңа  серпілістің  барына  сенді.

Күнделікті  күйбің  тірліктің арасында Ақбота­ның  жанталасып  бірнәрсені оқып жүрге­нін көзі шалып қалды. Барып қарауға батылы жетпей алақ-жұлақ жан-жағына қарап тұр. Кабинеттен шыққан бойда, кітапты қараймын деп асыға күтумен болды. Ақбота да Дастанға бір қарап, не қалап тұрғанын түсініп, кабинеттен шығып кетті. Сол кезде екі езуі құлағына жетіп, үңіліп қараса Онегиннің Татьянаға жазған хаты екен. Жұмыстан үйіне келіп, қас қарайғанда өзінің Татьянасына хат жазайын деген тоқтамға келді. Дастан үшін жазу-сызу да таңсық дүние емес. Өлеңмен өрнектеп, сезімін жеткізу үшін ақбозат атына мініп, яғни көлігін тізгіндеп аруына бет алды. Айқыш-ұйқыш жерлерге қарамастан махаббатына ынтық болып асықты. Кенет ауылдың кедір-бұдыр жерінен әрең келе жатқанында, қарама-қарсы беттен қап-қара жылтыраған көлік зулап келіп бұның көлігіне қадалды. Ол қымбат көліктің тізгінінде масайған ауылдың «есек құрты мұрнын тескен» кәсіпкерінің наша­қор ұлы еді. Екі пенде де болған оқиға орнын­да  қаза  тапты.

Күн райы күрт өзгеріп, нөсер жаңбыр шелек­теп төпеп тұр. Қараңғы түн қабырғасын қақырата сөгіп аспанда жасын ойнай бастады. Шағын ауылға қаралы хабар лезде жетіп, ауылдың ақсақалынан бастап, бесіктегі баласына дейін келді. Ақбота да келгенше жанын қоярға жер таппай әрең жетті. Дастанның жансыз жатқанын көріп, көзінен емес, жүрегінен ыстық жас төгілді. Жұдырығында ақ парақтың езіліп жатқанын байқап, оқыды. Бұл парақта қанша уақыттан бері бата алмай жүрген сөздері жазылған еді. Оны көріп, Ақбота да:

-Мен   де   сені  сүйемін, – деп  талықсып  кетті.

***

Ешқандай қару алып, қан төгіп, майданға түспей-ақ кішігірім ауылда жол-көлік апатынан қайтыс болу бірінші рет емес. Меңіреу мекемелерге шағымданғанмен жолдың мәселесі  өткір  күйінде  қалып  отыр. Бұл  оқиғадан  кейін де  ауыл  әкімі  еш  өзгеріс  енгізбеді.

Азамат АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: