Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жеті гүл»: қыздың құны қанша?!

08.04.2025, 16:50 371

HALYQLINE.KZ

Отандық коммерциялық киноның басты фишкасы – бұрын экранда ашық талқыланбайтын, қазақ қоғамында іштей тұншығып жатқан тақырыптарды еркін ашуы. Бұл – аудиторияға бейсаналы деңгейде адаптация жасау. Ішкі мәселелерге акцент қою.

Адам жынысын қабылдамау, әйелді қыз туа бердің деп айыптау әр отбасының ішіндегі жабық тақырыптардың бірі болған. Бұл тақырыпқа арнайы фильм түсіру қоғам мен экран өнерінің арасындағы ашықтық саясатының жаңа деңгейге көтерілу диагнозы болып есептеледі.

Коммерциялық кинонарықтағы продюсерлердің ұтымдылығы – халыққа бүгінгі күннің жанды тақырыптарын заманауи әрі түсінікті тілде жылдам игеруге басымдық беруі. Көтеріліп жатқан тақырыптар белгілі бір деңгейде халыққа ағартушылық қызмет атқаруда. Қызықты тақырыптарды қамту арқылы көрерменге әр ракурстан ойлануға мүмкіндік береді.

Режиссер Дархан Кариповтың «Жеті гүл» фильмі «қазақ қоғамында қыз баланың құны қанша?!» деген маңызды сұрақты ашық талқылайды. Әйелді қыз туа бердің деп айыптау қаншалықты орынды?! Баланың жынысын қабылдай алмау комплексінің астарында не жатыр?! Бұл мәселе неге қазақ қоғамында өзекті?

Жеті қыздың құны неге бір ұлға татымады?! Бұл мәселенің астарында терең зерттелмеген әйел затына деген қарым-қатынас жатыр. Қыз балаға нарықтағы тауар ретінде қараудың ғасырлар өтсе де арыла алмаған симптомы қалың малға сатумен байланысты.

Адамның бағасын малдың құнымен өлшеу адами құндылықтың маңызын жояды. Бұл үрдіс ХХІ ғасырға дейін жалғасса, демек, қоғамдық санада шешетін мәселе әлі көп.

Отбасыдағы қыздарға деген қарым-қатынас оның келешегіне бейсаналы деңгейде тікелей әсер етеді. Оның салдары әйел затының қоғамдағы орнына да ықпал жасайды. Бақытсыз әйелі көп ел бақытты алып мемлекетке айнала алмайды. Әр отбасының ішкі атмосферасы тікелей сол әйелдің ішкі әлемінің күйімен өлшенеді.

Ғылыми тұжырымдар бізге бір нәрсені байыптауға мүмкіндік береді. Жаратылыс заңына қарсы шыға беретін симптомдары көп қоғамда шешілмеген мәселе өте көп.

Фильмде де жетінші нәресте қыз болып туғанда кейіпкердің оны көршінің ұл баласымен айырбас жасау мәмілесіне бару қадамы көп шындықтың бетін ашады. Амалсыздық адамды әртүрлі айлаға итермелеген күннің өзінде де, бұл біздің қоғамдағы қыз балаға деген қарым-қатынасымызды түзеудің қажеттілігін көрсетеді.

Кез келген отбасыдағы бала – жынысына қарамастан, сол үйдің, әулеттің тікелей ұрпағы. Ұл баланы ғана әулеттің тұтқасы, елдің тірегі деп есептесек, бір отбасының бақытына кепілдік бере алмайтын ер-азаматтары көбейген бүгінгі заманда бұл философияның қаншалықты маңызы бар?!

Әйел-Ана – жаратылыстың келешегіне жауапты тұлға. Қыз баланың отбасыдағы тәрбиесі тікелей қоғамның бет-бейнесіне айналады. Оның жеке бақыты – ұрпақтың жарқын келешегінің негізі. Бақытсыз әйел бақытты бала тәрбиелемейді.

«Жеті гүл» фильмінің идеясы көрермендерге өзекті әрі маңызды тақырыпта ойлануына мүмкіндік берді. Әр балаға жынысына қарамастан, жаратылыстан алған сый, аманат ретінде қарай білу, қыз балаға қарым-қатынасымыз нәзік гүлге бап жасағандай сауатты болғанда ғана кез келген қоғам гүлденеді.

Гүлзат  КӨБЕК,

киносыншы,

Өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: