Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазушыларға құрмет жасалса…

21.03.2024, 11:20 293

Күнделікті тірлікте әрбіріміздің рухани жағынан дамып, ой өрісіміздің өркендеуіне көркем әдебиеттің тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Шығармашылық әлем туралы ұлт зиялыл­арының бірі Ахмет Байтұрсынұлы «Бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері – сөз өнері» деп баға берген.

Қиындығы мен күрделілігі жетіп артылатын саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, ел-жұртқа танылған қазалылық қаламгерлердің қарасы баршылық. Бүгін солардың арасындағы туған топырақтан табан аудармай жүріп-ақ жазушылық пен ақындық арынын азайтпай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанған бірқатар азамат жайында әңгіме  қозғағалы  отырмыз.

Журналистика мен жазушылықтың тізгі­нін қатар ұстаған Әлмәмбет Әлішевтің Кеңес Одағының Батыры Ү.Түктібаевтың өмірі мен ерлігін арқау еткен «Батыр болып тумай­ды» повесі «Жазушы» баспасынан 1970 жылы шыққан. Осы шығарманы бала кезімізден оқып, Үрмәш ағадай батыл да, ержүрек боп өсуге талпындық. Бұл кітап латыш, орыс тіліне де аударылған. Қаламы жүрдек журналист-жазушы бұдан соң да қарап қалмады. Қазалы аудандық партия комитетінде ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Ленин туы», «Қазыналы Қазалы», аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінде редакторлық ете жүріп, «Ат тұяғын тай басар», «Бәйтеректің бұтағы» повесі мен «Заман екпіні», «Иірім», «Ел мен жер» романын дүниеге әкелді. Сондай-ақ «Сырдария» кітапханасы сериясымен екі томдық шығармашылық жинағы жарық көрген.

Ақындықты жанына серік қылған Әнес Нарымбетов алғашында он жылға жуық мұғалімдік қызмет атқарады. Кейін темір тұлпар тізгіндеп, Қазалы аудандық автотранспорт кәсіпорнында жолаушылар автобусын жүргізеді. Ұзақ жыл еңбек адамы қатарында жүргенінде «Қармақ», «Әупілдек», «Сапар сазы», «Қызғыш құс», «Қарлығаштар» өлеңдер, «Жайма батыр» сын-сықақ жинағы басылып, оқырмандар  көзайымына  айналған.

Қазақ педагогикалық институтының түлегі Рүстем Жанаев еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Әр жылдары аудандық ауыл шаруа­шылығы кәсіподағы комитетінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік-техникалық училищесінің, аудандық оқушылар үйінің директоры лауазымында болған. Жауапты қызметке тиянақтылықпен қараған ол ақындық талантын да шыңдай білді. Талғампаз қауымға «Бақыт босағасы», «Бір өзіңе» атты өлеңдер және «Жанай­қай», «Мезгіл мақамдары» прозалық кітабын ұсынды. «Жанқожа батыр» пьесасы мен «Дәулет батыр» дастаны да жұртшылық жүрегін  жаулап,  жақсы  бағаланған.

Қызылорда медицина училищесінен білім алған Жетіскен Мәкеналы денсаулық сақтау саласында қызмет істеді. Қазақ Ұлттық универс­итетінің журналистика факультетін бітіргесін, аудандық «Ленин туы» газетінде ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Онан әрі аудандық мәдениет бөлімінің меңгеру­шілігі, Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаевтың тарихи-­мемориалдық музейінің директорлы­ғы, аудандық «Қазалы» газетінің редакторлы­ғында болып, аймақ мәдениеті мен өнерінің алға басуына атсалысты. Қасиетті қаламын ширатып, «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы», «Тамыры терең, тарихы  кенен  Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Абырой, бақыт – еңбекте», «Жарты ғасыр өткен соң» тарихи-танымдық, ғұмырнамалық жинақтарын құрастырды. «XI ғасырға аманат», «Тағдырмен тілдесу» жыр жинағы, «Нұрбай би», «Ел мен ер» атты прозалық туындысы арқылы көп­ші­ліктен жоғарғы баға алған.

Біздің жоғары­дағы тілге тиек еткен төрт бірдей қа­лам иесі бүгінде ор­тамызда жоқ. Фәни дүниеден өтіп, мәңгілік мекендеріне жайғас­қан. Алайда мазмұны терең шығармалары арқылы олардың екінші өмірі жалғасып, оқыр­ман жадында сақталып келеді. Биылғы жылы ауданымыз­дағы мәдени іс-шаралар жоспарына сәйкес жазушы Әлмәмбет Әлішевтің 85, ақын Рүстем Жанаевтың 80 жылдығы аталып өткелі отыр. Осынау мерейлі мереке қарсаңында қаламгерлердің тұрған үйлеріне ескерткіш тақта қойылса дейміз. Себебі Алматы қаласындағы біраз ақын, жазушыларға айтылғандай ілтипат-ізет көрсетіліп жататынын естіп жүрміз. Осы тұста жергілікті қаламгерлер неге ескерілмейді, еңбегі неліктен бағаланбайды?

Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы біз айтқан ұсынысты назарға алып, аудан әкімдігі және аудандық мәслихатпен бірлесе жедел шешу жолдарын қарастырса екен. Мүмкіндігіне қарай биылша екеуіне қойылса, қалғаны ретімен орындалады деп үміттенеміз. Өтініш-тілегіміз жүзеге асып жатса, туған жердің талантты перзенттеріне деген шынайы құрметтің  белгісі  болар  еді.

Сахи  ҚАПАР,

журналист,  ҚР  Еңбек  сіңірген  қызметкері,

«Еңбек ардагері»  медалінің  иегері,

Қазалы  ауданы

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: