Жүз жасаған ақынның ұлттық аспабы Қызылорда топырағына қайдан келгені, кім әкелгені көпшілікке қызық оқиға болары сөзсіз. Бүгінде Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициясынан орын сайлаған домбыраны арнайы тамашалайтындардың қатары өте көп. Бір кездері музей толық қалыптаспай тұрғанда аудан азаматтарының жанкештілігімен тарихтан сыр шертетін заттар жинақталыпты.
Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының меңгерушісі Ғалымжан Құлымбай «құнды жәдігерді көздің қарашығындай қорғап, болашаққа аманаттау – міндетіміз» деп отыр. Сондай-ақ, ол музейде 9000-ға жуық құнды жәдігер барын, солардың бірі – жыр алыбы Жамбылдың домбырасы екенін жеткізді.
– Аудандық музейдің тарихы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Музейдің ашылуына З.Салықбаев, М.Ілиясов, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев, А.Тілеулиев сынды ауданның бірқатар зиялы қауым өкілі себеп болды.
Соғыс және еңбек ардагері Орынбай Сарманов пен аудандық «Жаңадария» газетінің әдеби қызметкері Ахмет Тілеулиев ауданның елді мекендері, Қарақұм мен Қызылқұм бағыттарына экспедицияларға шығып, түрлі жәдігерді жинақтады. Оларды аудандық мәдениет үйінің бір бөлмесіне сақтағанымен, музей үшін арнайы жеке ғимарат бөлу, музейдің тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасау, сол жоспар бойынша экспозиция жасақтау жұмыстары түрлі себеппен жүзеге аспады. Жиналған құнды заттар, құжаттар мен суреттердің бірсыпырасы аласапыран 90-жылдары ұшты-күйлі жоғалып кеткені бар, – дейді ол.
Десе де, 1998 жылы аудандық музейді ұйымдастыру жұмыстары қайта жанданып, тарихи ғимараттардың бірі жаңадан ашылатын музейдің балансына берілген.
Қазіргі таңда музейде аудан көлемінің 70-67 миллион жылдан бергі (археозой эрасының мезозой дәуірінің бор кезеңінен) геологиялық тарихынан бастап, ауданның қазіргі заманғы тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шертетін 2 зал мен көрме залы жұмыс істеп тұр.
– Экспозицияға қойылған экспонаттар хронологиялық ретпен орналастырылып, ауданның құрылуы, тарихы, ауыл шаруашылығы мен мәдениеті жайлы сыр шертіп, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келеді.
Аудандық музей филиалының жалпы алаңы – 449,5 шаршы метр. Оның экспозицияға арналғаны – 349,1, қор бөлмесінің аумағы 32 шаршы метрді құрайды, – дейді музей қызметкерлері.
Бұл домбыраның ерекшелігі – шанағы ұзын, бесбұрышты, мойын жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қайта тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзын, арқасы үшкірлі, дөңес. Құлақ тесіктері қос шектің арақашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасқан.
Жалпы, аудандық музей қорындағы жалпы экспонат саны – 8609. Негізгі қорда – 4336, көмекші қорда 4273 экспонат тіркелген. Қазіргі таңда аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалында барлығы 14 адам жұмыс істейді.
Хош, сонымен, тақырыпқа оралайық. 2006 жылы көрнекті ғалым, әдебиеттанушы Мардан Байділдаевтың қызы Жанат Марданқызы домбыраны музейге өткізген. Ал, домбыра фольклортанушының қолына қалай түсті?
Тектінің тұяғы Жанат Марданқызының айтуынша, Жамбыл Жабаевтың домбырасын 1982 жылы Қармақшыда ұйымдастырылған республикалық жыр додасына құрметті қонақ ретінде шақырылған Жамбылдың немересі Әлімқұл Жамбылов өз қолымен фольклортанушыға сыйға берген көрінеді. Жалпы, Әлімқұл да – өз дәуірінде жақсы айтыс жасап, көпшіліктің көңілінен шыққан ақын.
Ырыскелді ТӘЖІ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!