HALYQLINE.KZ Абайдың «Вадим» поэмасы туралы айтарым бар. Абай жазған үш поэмаға («Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі») қарағанда, осы «Вадим» тағдыры бөлек, өңкей шет қалып, өгейлік көруде. Апырай, неге десеңіз, оған «Вадим» поэмасы – Лермонтовтың осы аттас туындысынан аударма деген советтік трафарет, мейлі, стереотип себепкер. Анығында, «Вадим» – Абайдың төл туындысы. Бұрын естіп көрмеген соң құлағың тосаңситын осы пайымды дәлелдеу – алдарыңыздағы мақала мақсаты.
«Бақсам, бақа екен» дегендей, «Вадим» – Лермонтовтың аяқталмай қалған романы, яки прозалық шығарма. Оның үстіне, түпнұсқаның жалпы сарыны ғана сақталып, еркін аударылған. Сөйтіп:
Батар күнге шымылдық – көк бұлт кең,
Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.
Өткен дәурен секілді нұры жайнап
Арттағы мұнараға береді рең, –
деген ақындық шабытпен басталатын поэма мен орыс романы байланысы тонның ішкі бауындай емес. Босаң, әлсіз байланған. Олай болса, поэманың шеттеп қалатыны несі, жазығы не? Оны аударма деуіміз заңды ма?
Сюжеті Еуропа жазушыларынан алынған Пушкин поэмалары, сол сияқты желісі мұсылмандық Шығыс әдебиетінен алынған Абайдың жаңағы үш поэмасы еріксіз еске түседі. Оларды тәржіме жанрына жатқызу ешкімнің ойына кіріп те шықпайды. «Вадим» де солар сияқты, оны да таза аударма деудің жөні кәне. Түсініктемелейік.
Лермонтов романына Абай көп еркіндік жасаған дедік. Оның себебі, өз білуімізше, түпнұсқа сюжеті, ондағы мотив автордың оригинальный, өзіндік тақырыбы емес. «Вадим» романында Лермонтовтың көздегені – помещик пен крепостной шаруаның арақатынасын, теңсіздік, зорлық көріністерін суреттеу. Бұлар жаңашылдық па, өзі? Әрине, жоқ. ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінің арналы тақырыбы, барша орыс қаламгері емдеуге ат салысқан, күллі қауым мойындаған әлеуметтік жараның нақ өзі.
Аудармаға қойылар талаптың ең бастысы қайсы? Оның бар қалпы, қасиеті түпнұсқаға сәйкес, үндес келуі. Мысалға Пушкиннің «Дубровский» атты повесін Шәкәрімнің өлеңменен аударғаны осының жарқын мысалы. Шәкәрім жаңағы талапқа сәйкес – түпнұсқа желісін дәлді, еш ауытқымай берік сақтаған. Ал, мына Абай поэмасы мен Лермонтов романы арасында, зерттеушілер пікірінше, дәлділік жоқ, романның болмыс-бітіміндегі иірім, нюанстар сақталмаған. «Абай» энциклопедиясына жүгінейік: «Романның …біраз жерін өлеңмен еркін аударған. …Абай өлеңінде түпнұсқаның тек ұзын ырғасы ғана сақталған» (179-бет).
Аудармашы ретінде Абай еркіндікті ұнатқан, өзіндік мағына беру, кей тұста жанынан қосу тән. Өстіп, оригинал автормен бәсекеге, шеберлік жарысына түсіп отырған. Сол өзгешеліктер – «Вадим» поэмасынан тіпті бедерлі көрінеді (айтпақшы, поэманы «Вадим» деп жүрміз. Абайдың өзі қалай атағаны беймәлім, қолжазбаның бірінші беті жыртылып кеткен).
Амал нешік, аталмыш поэма шүбәсіз аударма саналып келді. Неге? Оған, бірінші кезекте, советтік цензура талабы кінәлі: «Надан қазақ сахарасына Абай орыстың ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төкті» деген идеологиялық ұстаным қатаң қадағаланды. Аударма мұраға салғырттық, оған қандай да бір көлеңке түсіру – саяси шикілікке парапартұғын (мұның арты неге әкеп соғатыны өз өзінен түсінікті).
Ғұлама Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай Құнанбайұлы» атты монографиясындағы «Абайдың поэмалары» және «Абайдың аудармалары» деген қос тарауға көз салайық. Мынаған қараңыз: екеуінде де «Вадим» поэмасы жайлы бір ауыз сөз жоқ. Оның жұмбағы, Мұхаң туындыны аударма деуге қимағандықта, ашық айтуға шарасыз, іштен тынғандықта жатқан сияқты. Өз сөзіне жүгінсек, Мұхаң бүй дейді: «Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратыны болады. Бұлайша бір тақырыптың әр ақында қайталануы ешуақытта аударма деп танылуы керек емес. …Шығыс поэзиясы бұл салтты занды деп біліп, осы дәстүрге «нәзира», «нәзирагөйлік» деп атау да берген» (Аталған монография. – Алматы, 1995. – 186 бет). Міне, алып-қосары жоқ әділетті пікір. Демек, «Вадим» оқиғасы да – нәзирагөйлік үлгісі! Проза өлеңмен өрілсе, бұл нәзира дегенді онан сайын бекіте түсетін жайт! Осыны есте ұстар болсақ, поэманың «аударма деп танылуы керек еместігі» күмән-күдік туғызбаса керек.
Сөйтіп, осы айтылған уәждерге сүйене отырып, «Вадим» – Абайдың төл туындысы деген тұжырымға келеміз. Поэма – сюжеті Лермонтовтан алынған Абайдың төл туындысы деп мойындалса несі айып. Әділеттіліктің де, еркіндік заманның талабы да осы сияқты.
«Вадим» – таза орыстың өмірі баяндалған, мұсылмандық Шығыс арнасына да, қазақ тұрмысына да мүлде жат оқиға. Олай болса, Абайдың оны таңдауына не себеп болды? Аударуды қолға алуына түрткі жағдай қайсы? Осыны тексеру маңызды сияқты.
Тарихтан аян, патшалық Ресей мемлекетінде қалың бұқара шаруалар еш құқығы жоқ, анық құл есебінде ұсталды. Лермонтов шығармасы – осы крепостной жүйеге қарсылық. Автор шаруалар қозғалысы тууының себептерін ашуға тырысқан. Семей шаһарына жер аударылған халықшыл демократтың қай қайсы да – сол шаруалар көтерілісін зарыға күткен, соны жатса-тұрса армандаған пақырлар еді. Баршасы да әйгілі революционер-жазушы Чернышевскийді пір тұтты. Бұл жерде, бірінші кезекте, Абайдың білімпаз досы Михаэлиске меңзеп отырмыз.
1880-1882 жылдары Абай қатты араласып, көп сыйласқан адам – осы Евгений Петрович Михаэлис. Қажымас қайрат иесі ол Семейде Статистикалық комитет, кітапхана, музей сияқты ғылыми, мәдени мекемені ашқан-ды. Аталмыш комитеттің байырғы мүшесі, өлкетанушы Б.Герасимов 1914 жылы былай деп жазады: «Құнанбаевпен танысқан және оның керемет қабілеттілігін байқаған Михаэлис оның тәжірибесіне (аударма ісіне деп ұғыңыз – А.О.) баса назар аударды. Бірнеше жыл қатарында Абай Евгений Петровичпен тығыз байланыс жасап тұрды. Жыл сайын Абай Семей қаласында қонақта болып, кешкі уақытын Михаэлиспен әңгімелесіп өткізетін» (Записки Семипалат. подотдела Зап.Сиб. отдела Русского Геогр. общества, 1914, вып. УІІІ, с. 6).
Бұл достықты 1881-1882 жылдың қысында Семейде Абаймен бірге болған Кәкітай Ысқақұлы да растайды: «Сол қыстай Семейде болғанда, Абай ағама үзбей Михаэлис деген орыс досы келіп тұрды. Кейде оның қасына еріп Долгополов және Гросс деген адамдар келеді, түн ортасына дейін әңгімелесіп отырып қайтысады» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. – 142-бет).
Қимас ұзақ кештерде Михаэлистің «Вадим» романын қозғап, Абайдан оны қазақшалауды өтінуі заңдылық. Өйткені, ол күнде крепостной (басыбайлы) шаруалар тағдыры – күйіп тұрған, нағыз культті тақырып еді. Сол себепті Абайдың «Вадимі» – Михаэлистің тапсырысы, қалауы деп ойлаймын.
Сонымен, «Абайдың поэмасы нешеу?» деген сұраққа ендігі жас ұрпақ: «Төртеу!» деп жауап беріп жатқаны – әділеттілік болмақ.
Енді шығарманың жазылу мерзімін анықтауға ауысайық.
«Вадим» поэмасы қай жылы жазылған? Бұл әзірге белгісіз. 1995 жылы жарық көрген «Абай» энциклопедиясы: «1900-1901 жылдар аралығы» (179-бет) деп топшылапты. Бірақ неге сүйенгені беймәлім.
Қазіргі таңда анықталып отырғандай, осы көрсетілген аралықта хакім Абай «Тасдиқ» атты теологиялық трактатын тамамдаған. Көп ұзамай әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін жазатыны белгілі. Сол кездерде «Вадим» поэмасының қабаттаса жазылуы мүмкін бе? Жоқ, бұл мүлде ақылға қонымсыз жайт. Олай десек, қатты жаңылысқа ұрынамыз.
Біріншіден, Абайда «ермек үшін я жоқ-барды термек үшін» жазарлық уақыт байлығы мүлдем болмаған. Бұл – кемел Абайдың әлемдік теология шыңына шыққан шағы! Осыны бір сәтке де ұмытпай ескеру керек. Екіншіден, ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысында Абай айналасында Кәкітай, Көкбай, Тұрағұл, Әрхам сияқты талапты жастар болды. Бірақ Тұраш та, өзгелер де «Вадим» туралы еш дерек бермейді. Неге?
Оған себеп – поэма ертеректе, Абайдың үйренушілік, еліктеушілік шағында (1879-1883 ж.ж.) жазылған. Тәубә дейік, осы пайымды растайтын төмендегі құнды мәлімет Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың естелік жазбасынан алынып отыр.
Әрхам әкесі Кәкітайға еріп, Жидебайға таяу орналасқан Махмұттың (ел іші оны «Кішкене молда» деп атаған) үйіне барғанын және оның Кәкітайдың алдынан шығып, атын ұстап, құрметтеп үйге кіргізгенін айта келе, сонан соң, былай дейді: «Кішкене молда: «Союға мал әкеліп, шәй қайнат», – деп әйеліне бұйырып жатты. Сонда Кәкітай: «Әй, Махмұт, «Вадим» қайда, әуелі соны алып кел», – деді. Махмұт сасқалақтап әбдіресін, сандығын ақтарып жүріп, ортасы жыртылған бес-алты беттей тозған қағаз алып келіп: «Кәке, бар болғаны осы», – деді. Кәкітай: «Бұл көп өлең болатын, не болды, кидің бе, міндің бе?» – деді. Махмұт: «Үлкен ұят болды, мына Құтыш деген балам ойнап жүріп жыртып, жоғалтып тастапты. Өзім апарып берем, – деп сізге уәде еткен едім, бетім күйіп апара алмадым» дегенде, Кәкітай ашуланып, қарайып кетті…» (Абай туралы естеліктер. – Алматы, 2018. – 170 бет). 1905 жылдың жазында болған оқиға – осы.
Бізді ерекше қызықтырған естеліктегі «тозған қағаз» тіркесі. Өзіңіз де ойлаңыз, егер «Вадим» төрт жыл бұрын ғана қағаз бетіне түскен болса, онда қағаз «ортасы жыртылып» әбден «тозып кетпес» еді ғой? Қойын-қонышта жүріп тозды деуге де келмес. Бірер бет өлең емес, жиыны жиырма беттей дастанды (жарымын әлгі Махмұттың ойын баласы жыртып, жоғалтып жібереді) кім қойнына тығып, өзімен бірге алып жүрсін. Бұдан бөлек, егер поэма бертінгі болса, Кәкітайдың Махмұт молдаға «жаңадан көшіріп бер» демесі айдан анық қой. Сөйтіп, қағаз тозуына бірден-бір себеп – көп жылдар өткендігі.
Мақаланы бас абайтанушы Мұхтар Әуезов айтқан мынадай пікірмен сабақтайық: «1882 жылға дейін Абай ауызша айтқандарын да, жазып шығарғандарын да ұқыптап сақтамаған болу керек. …Бізге саны белгісіз бір топ өлеңдері болмауға мүмкін емес». Көрдіңіз бе, Абайдың «Вадим» өлеңі «болмауға мүмкін емес» деген топшылауды толықтай расқа шығарып отыр. Көркемдік, шеберлік тұрғыдан қарағанда, оның алғашқы дастан – «Әзімнің әңгімесі»-нен кейін жазылғаны анық белгі беретінін де ескерте отырайық. Айта өтері, абайтану саласында ақтаңдақтар әлі күнге баршылық. Олардан арылудың адастырмайтын сенімді тәсілі – ақынның шығармашылығы мен өмірін тығыз байланыста қарастыру болса керек.
Қорытынды: Абайда поэма төртеу деп жасқанбай, тура айтатын уақыт жетті. «Вадим» – сюжеті Лермонтовтан алынған Абайдың төл туындысы. Поэманың жазылу мерзімі – 1880 жылдардың басы, дәлірек айтсақ, 1882-1883 жылдардың қысы. Бұлай деп тұжыруға ғылыми негіздер жеткілікті.
Асан ОМАРОВ,
зерттеуші,
Abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!