Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ
Талғат Тілеулесов 1970 жылы 23 наурызда Қызылорда облысы Арал ауданының Қаратерең ауылында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Сағындым сені», Жүрек сыры» кітаптарының авторы. Өлеңдері 2019 жылы жарыққа шыққан «Ақтөбе кітапханасы» сериясының 48-томына, «Бегім ана» жыры мемлекеттік тапсырыспен шыққан «Халық жыры» кітабына енгізілген.
«Қайда жүрсің?», «Сені іздедім», «Әкеме», «Қазақ болып туғаныма мақтанам» сынды айшықты әндерінің авторы. Қазақстанның құрметті кітапханашысы, Халықаралық «Махамбет» атындағы сыйлықтың лауреаты, «Рухани қазына – 2021» республикалық фестивалінің жүлдегері. Қазір Ақтөбе қаласында тұрады.
МАХАББАТ
Өмірдегі ең аяулы асылың –
Жүрегіңнен орын алған ғашығың.
Бар тапқанды соған бергің келеді,
Емес бұл сөз бәрімізге жасырын.
Аймалайсың, аялайсың, өбесің,
Бар уақытты соған ғана бөлесің.
Жатсаң-тұрсаң есіңнен бір кетпейді,
Не десе де айтқанына көнесің.
Соған ғана айта аласың сырыңды,
Соған арнап жазасың тек жырыңды.
Еркелігін көтересің назданған,
Алыс жүрсе саласың көз қырыңды.
Аралайсың арманыңның бақтарын,
Жүрегіңнің бірге оқып хаттарын.
Айлы аспан жұлдызына тамсанып,
Таңның дағы байқамайсың атқанын.
Сонан кейін келесің бір шешімге,
Аяқтайсың ойын-сауық кешін де.
О, махаббат, тәтті өмір сыйлаған,
Рақмет, бәрі-бәрі есімде!
***
Маған тыным бермей жүрген бұл кім, әй?..
Көз – ұйқыда, ояу жатыр жүрегім.
Жас ұлғайып қалғанымен, шіркін-ай,
Өткен күннен үзбейді екен күдерін.
Әрең сонда жетіп едім бата алмай,
Көңілімнің шертіп ішкі күйін де.
«Сүйем» деген сөзге жауап қата алмай,
Тым асығыс кіріп кеттің үйіңе.
Дауысы шықты аржағынан шешеңнің,
Байлады ма сонан сенің бағыңды.
Сәтсіз болды тағдырымды шешер күн,
Есігің де мәңгілікке жабылды.
Бір көруге зар боп қалып өзіңді,
Талай тұрдым терезеңнің түбінде.
Ести алмай жауап берер сөзіңді,
Жеткен дағы күйім бар-ау бүгінге.
Басқан жанмын жанның ыстық алауын,
Сен де енді өткенді ойлап күрсінбе.
Сол сұрақтың айтайын деп жауабын,
Соңғы жылдар түске кіріп жүрсің бе?
Айтпасаң да іштей бәрін түсінгем,
Айтқаныңмен енді бәрі бекер ғой.
Сонау жылды еске қайта түсірген,
Көңіл, шіркін, қартаймайды екен ғой.
ШЕШЕМНІҢ СӨЗІ
Бар бейнеттен арылтам деп шешемді,
Көшейік деп айтып едім қалаға.
«Кәрілік те келіп қалды, кеш енді,
Кім қарайды әкең жатқан молаға?».
Төбемнен бір мұздай суды құйғандай,
Жанарымнан ыршып шықты жасым да.
«Жүргеніңді қалап едім қиналмай,
Әрі менің боласың ғой қасымда».
«Қартайғанда кім елінен көшем дер?
Бұзылғанын қаламаймын іргенің.
Шешем бейнет көрмесінші десеңдер,
Маған керек сендер аман жүргенің.
Сағынсаңдар елге келіп тұрыңдар,
Ауыл жақтан естілгенде әдемі үн.
Үміт күткен қызың да бар, ұлың бар,
Туған жермен ұштастыр жан әлемін.
Мен қашанғы жүрер дейсің, шырағым,
Адам мәңгі тұра бермес биікте».
Жаулығымен сүртіп көздің бұлағын,
Тұрды қарап әкем жатқан бейітке.
Секем ойдан арыла алмай не түрлі,
Мен де тұрдым еңсемді нық жия алмай.
Қарауыл ғып тастап кеткен секілді,
Шешем отыр қара шалын қия алмай.
ӘКЕ
Сен кеткенде кең дүние тарылып,
Анам менің Жаратқанға жалынып,
Сұрап еді «тірегімді алма» деп,
Жылап еді көзден жасы ағылып.
Сырғып өмір өтіп жатты сынаптай,
Бір әулеттің шаңырағын құлатпай,
Балаларын медет тұтып көңілге,
Жетілдірді жетімдерін жылатпай.
Асыл әкем, асқар тауым, ұлығым,
Тағдыр саған ерте салды құрығын.
Таң мезгілде ғайып болған жұлдыздай,
Қысқа болды жер бетінде ғұмырың.
Өмір солай салады екен өрнегін,
Өз-өзімді уақытпен емдедім.
Алқымыма өксік келіп қалады,
Тірлігіңде ешбір қызық көрмедің.
Талай жаннан ұшып соңғы кетті дем…
Мен өзіңдей туған ұлмын тектіден.
Менің мына жерді басып жүргенім,
Сенің, әке, өлмегенің деп білем.
ТҮС
Арал келді баяғы кемеріне,
Жамылуда жап-жасыл желегіне.
Шуына да теңіздің құлақ түрдім,
Көп жылғы сағыныш па, жылап тұрмын.
Тоқтатылды айырылар көш бүгінгі,
О, бауырлар, басыңдар өксігіңді.
Бір керемет орнаған далама шын,
Қара, қара шарқ ұрған шағаласын.
Қозады мұндай кезде делебең де,
Жүзіп жүр құмда қалған кемелер де.
Сонау бір қимастықпен көшкендер де,
Оралуда қайтадан өскен жерге.
Таңмен бірге тұратын қарттарым да,
Ақ тілегін, алғысын ақтаруда.
Әму мен Сыр ағады сылаң қағып,
Ару қызды көргендей тұрам бағып.
Туған жерге өзіңнен жақын бар ма,
Айналды Арал жыр болып ақындарға.
Арал толмас деп жүрген бақсыларға,
Тартып-тартып алатын қамшы бар ма?
Бұрын-соңды қарасын көрсетпеген,
Жер-ананы тілімдеп бөлшектеген.
Білді ме екен Аралдың бағасын да,
Бәрі-бәрі теңіздің жағасында.
Үкімет те көтерді бастаманы,
Аралға саламыз деп Астананы.
Тілекшімін, жақсы іске үндемедім,
Кім ойлаған Аралдың гүлденерін.
Мұң-қасірет төндірген қабағымды,
Жаспен жуып жібердім жанарымды.
Жыр оқыдым өзгеше пішінменен,
Оянып кетсем, бәрі түсім екен.
Мен осындай түс көрдім бір кешімде,
Сағынып туған жерді жүргесін бе?!
БІЗДІҢ АУЫЛ
Туған жерім – Қаратерең ауылы,
Жазы құрғақ, күзде қатты жауыны.
Байқоңырдан ұшқан кезде протон,
Бірнеше күн ұйытқиды дауылы.
Нөсерімен келген кезде көктемі,
Жасыл кілем жамылады бөктері.
Мамыражай мамыр айы соңында,
Сары түске боялады шөптері.
Біздің ауыл бәріне де көнеді,
Той-думанда айтылады өлеңі.
Тымық күнде көтеріліп жел тұрса,
Көкке ұшқан зымыраннан көреді.
Бір кездері тартылғанда Аралы,
Көк теңіздің тұз боп ұшты табаны.
Көкірегі шерге толып талай жан,
Амалсыздан мекен етті қаланы.
Сол жандардың мен де қазір бірімін,
Туған елдің үміт күткен ұлымын.
Арман қуып ауылымнан кеткелі,
Тас қалада өтіп жатыр ғұмырым.
Өсіп тұрған қызықпайды баққа кім?
Бір сырымды ішке мәңгі сақтадым.
Алтын тәжін ұсынса да бар әлем,
Атамекен, сенен артық таппадым.
Күй кешетін кездерім бар шерменде,
Не болар ең ұлы көшке ергенде.
Айналайын, алтын бесік, туған ел,
Ризамын көшпей қалған сендерге.
АУЫЛДАСТАРЫМ
Амансыңдар ма, ауылдастарым,
Сендермен өткен жалын жас шағым.
Бір қателік жасап қоям ба деп,
Аяғымды да жаңыл баспадым.
Ауылым жайлы ән сап жүрегім,
Мазасыз ойдан шаршап жүдедім.
Есейген шақта есіме түсіп,
Өткен күндерді аңсап жүремін.
Кеткенде алыс жетелеп арман,
Қимастық сонда әуенін салған.
Көз жасын көл қып балалық шағым,
Ауыл шетінде қол бұлғап қалған.
Көз ілсем болды ауылда жүрем,
Сағынышым ба қауымға деген.
Туған жерімнің шаңы мен құмы,
Себелеп өткен жауын да өлең.
Сонан соң жалғыз қырға барамын,
Өзен жоқ бізде жырлап ағатын.
Жаңбырдан кейін қақтың суы бар,
Ақынның жырын тыңдап жататын.
Жатамын көкке ойменен қалғып,
Тайға да мінгем үстіне қарғып.
Шапқанда, шіркін, жусанның иісі,
Тұратын еді мұрынды жарып.
Күндер-ай менің достармен бірге,
Алыстап кетті бұл күнде ірге.
Қарлығаш құсқа сәлем айттырып,
Сыр шерткен едік сарғалдақ гүлге.
Жата кетуші ек қалаған үйді,
Ол кезде сондай балалар игі.
Таң атпай тұрып қазатын едік,
Жауқазын менен «гараганиді».
Мен туған ауыл – көңілге көрік,
Осынау ғажап өңірде өніп.
Бір келмей кетті, демесін елім,
Қайтпасам болмас, көзіммен көріп.
ДАТ
Сендер маған дос па, қас па, кімсіңдер?
Айтыңдаршы, мына аспан, білсін жер.
Мен биіктеп кететіндей көрініп,
Аяғымнан шалып ылғи жүрсіңдер!
Өкінбеймін, шама жетсе шалыңдар,
Дар алдында айнымайтын арым бар.
Атақсыз-ақ аты қалған адам көп,
Сол атақты өздерің-ақ алыңдар.
Көрген кезде көңілінің түнегін,
Таба алмастай қиналамын бір емін.
Күні үшін құл боп кеткен пендені,
Аяп кейде ауырады жүрегім.
Соншалықты күйінемін мен неге?
Табанымды басып жүріп шөңгеге,
Солар озып кетсінші деп қарайлап,
Тұлпар жырды байлап қойғам кермеге.
Күн мен түннің айқасқанда кірпігі,
Тыясыңдар ажуалы күлкіні.
Сол атақтың бірін алып кете алмай,
Қара жерге жатасыңдар бір күні.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!