Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Топансу жүзін жуған ҰЛЫ ДАЛА Қисындар мен ғылым сөзінің тоғысындағы ойлар

16.12.2021, 10:30 287

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ

«Тұран – өркениеттердің түпотаны

(прародина цивилизации)»

Генри Киссинжер, саясатшы, философ,  АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы

АРИЙ – ЗЕРДЕШ  (ЗАРАТУШТРА) – САҚ:

түп  тарихымыздың  терең  арнасы*

Ұлан-байтақ даламыз бүгінгі ұрпаққа таңғажайып жаңалықтар ашып жатыр. Бұл ізденістерде біз үшін рухани қажеттілік сұранысы ғана емес, ақиқат талабы да атой салып тұр десек артық айтқандық емес. Сондай ашылулар легіндегі арғы-бергі  тарихтардан  мәлім болған айтулы тұлғалар бір бөлек құбылыс. Сондай тұлғалардан да әрігеректе – сақ, ғұн, қаңлы әлемінің мұнарлы өрісі көсіліп жататын. Сол даңғайыр кеңістіктен де әріде, заңғарланып, тағы бір биіктер белгі беріп тұратын. Олар бізді таң-тамаша қалдыратын, тәнті ететін. Білікті, дәйекті жолдарымен соларға жету арман еді. Сондай алыс алыптардың бірі, адамзат парасатының бастау бұлағы – Заратуштра тұлғасы болатын. (Заратустра, Зороастр, Зиуустра, Зердешт деп әлем әртүрлі айтады).

Әлем тіліндегі бұл есімнің алуан нұсқа-түрлілігіне қарап, өз топырағымыздан шыққан бұл тұлға атына қазақ тілінің ұғым-үнділігіне жақын, «ЗЕРДЕШ» деген атауды алсам деген ой бар.

Ынталы көңіл, кейде, «Зората-Заратуштра» деген данышпан осы даладан шыққан екен» деген тиіп-қашпаны да іліп қалатын. Әйтсе де, кешегі темір тездегі діл «ой, ол сөз қиял-ғажайып ертегі ғой; әлемдік парасат пен ілімдер бастауында тұрған ол алып кім, біз қайда!» деп, тымағы көзіне түскен төменшіктікте басылатын. Үлкен бір үміт егемендік ескегінде келді бізге. Дабыра, дақпырт емес, негізді, сабақты құбылыс түрінде келді ол. Қиялмен қанаттанған зерде сонау тұманды тұлғаларға қисынды түрде із тарта бастады.

«Заратустра был рожден в «середине времен», в «середине семьи» и в «середине мира»…» («100 про­рочеств  Заратустры».  Минск,  2003 г. 13 стр.) «Когда Заратустре исполнилось 30 лет, покинул он свою родину и озеро свовей родины и пошел в горы…» («Так говорил Заратустра». Ф.Ницше. Москва, 2003 г. 3 стр.) «Ахура Мазда внял мольбам исстрадавшегося Заратустры и направил его в Дран­гиану…» («100 пророчеств…», 49 стр.) Шығу тегі батыстық, сондықтан да әлем танымы үшін объек­тивті, беделді деп сенуге болатын осы мағұлматтар бізді Зердеш-Ата ақиқатына бастап барар бір мәнді баспалдақтар секілді. Зерделеп көрейік. Зердеш «өз  жұртынан,  суынан  кетіп,  он  жыл тау­да жалғыз тұрады; 40 жасында даналық (анығы, пайғамбарлық) келеді; он жыл өз қауымының орта­сы­нда көпқұдайылық пен пұттарға емес, пейіш  жылуы – от егесі, ізгілік-жақсылықтардың егесі бір Құдайға мінажат ету жолын уағыздайды; осы жолда қисапсыз қорлық көреді, талай рет өлімнен қалады…». Ақыры Жаратушы пірадар қасіретіне иіп, оның жолын Дрангиана деген елге бағыштайды. (Яғни, данагөй туған жері, отанынан басқа бір жақтарға кетуге мәжбүр болады…) Жаңа дін мен пайғамбардың мұнан арғы жолы да «соқтықпалы соқпақсыз» түрінде жалғасады. Ұлы Фирдоусидің өлмес «Шахнамасына» өзек болған көптеген оқиғалар осы жол сорабынан өрбиді.

Сөйтіп, жоғарыдағы бірінші мәліметті алсақ: Зердеш «әулеттің, уақыттың, әлемнің бел­ортасында»  өмірге келген. Сонан кейінгі тағдыр шырғалаңында  өзінің  «отанынан, көлінен…»  кету­ге  мәжбүр  болған. Салқын даласынан оңтүс­тік  өлкелерге  ұзаған…

Ә дегендегі «әулеттің белортасы» – қолға нақты дерек ұстатқандай сөз: Заратуштра әкесі Спитама Порушаспа әулетіндегі бес баланың ортан­шысы  болған.

Ал «уақыттың белортасы» мәліметін біраз екшеу­ге тура келеді. Зердештен ары, ғылымға мәлім тұманды тарих кеңістігінде Ұлы Топансуға шейін көз тоқтататр бір тарихи тұлға жоқ. Топансу дерегінде ғылым да, тео-ілім де біршама мақұлдай бастаған Нұх пайғамбар факторы тұр. Нұх пайғам­бардың ғылыми дерегі бұлдыр; ғылым онан да ары деп тұспалдайтын Отнапештім (шумердің «Гильгамеш» дастанындағы «Нұх») болмысы да бұлыңғыр. Зердеш өмірге келген мәлім уақыттың белортасы, сірә, сол Топансудан бергі кезең – адамзаттың «екінші», жаңа тарихы деу орынды. Ғалым С.Оспанов, «Жаратушы әлде Заратуштра қалай деді?» кітабында (2003 ж. Алматы), ол ғұлама бізден бұрынғы 4-4,5 мың жылдықтарда өмір сүрген деп, негіздеулер арқылы топшылайды (116 б.). Бұл елеулі еңбектегі осы мәлімет көңілге қонады. Демек, жай есептеумен, Зердеш жоғарыдағы болжамды Топансу оқиғасынан 8-9 мың жыл шамасы кейін өмірге келген. Дәл осы қисынға салсақ, уақыттың екінші жартысы соңына шейін бүгіннен 4-5 мың жылдай мерзім бар деуге болады. Яғни, біз ақырғы пайғамбар үмбетіміз, бірақ ақыр сәтке маңдай  тіреп  тұрған жұрт емес сияқтымыз…

Ал үшінші, «әлемнің белортасы» мәліметі біраз негіздеуді қажет ететін сілтеме. Және көп уәж, дәлел, талас нуын ашып, өз ой-дәнімізді егуге шақырып тұрған жайт. Ағылшын шығыстану­шысы М.Бойс данышпан бабамызды еуроцентризм ұс­танымының тастай құшағынан жұлып алғандай етіп, оны Еділ өзенінің шығысындағы далалыққа қарай «шығарып салды». Бұған және Ницше айт­қан «отан мен көл…», онан ары – Дрангиана  (солтүстік Ауғанстан) деген ел бағыты, Балх-Геарт-Забұл-Тұрбат-Систан «маршруты» септесуі тиіс. Негізге алатынымыздың бәрі батыс­текті ойшылдар мен мамандар мойындаған беделді пікірлер. Ендеше, төмендегі қисынды өрістету – біз  қолдан  құрастырған  әдейілік  болмас.

Әлемнің орта сызығына орыс ғалымдары Орал тауларын, сол маңнан өтетін мәнді бойлықты (мери­диан) меңзейді. Еуропа мен Азия шекарасы, Батыс пен Шығыстың көрнекі тоғысы және тағы с.с… Арий деп аталатын ежелгі жұрт «астанасы» Арқайым қаласы да осы таудың оңтүстік шетінен, дәл сол бойлық бойынан табылып отыр. Бұлармен келісуге болады. Бірақ осы ойды алға тартушылар жағрафия ғылымының бір элементар шартын ескермеген сияқты. Кеңістіктегі қай жер, қай нүкте де координаталар қиылысы бойынша анықталады. Ендеше, әлем ортасын дөп басуға екінші уәж – сондай мәнді меже – ендік (параллель) керек. Ол уәж – Жер ғаламшарының полюс пен экватор арасындағы орта сызығы, «алтын белдеуі» – 45 ендік болуға тиіс. Ал енді осы екі мәнді сызық Тұранның төрінде, Арал теңізінің төсінде ғажап қиылысып жатқанын аңдамау мүмкін емес. Осы логикамен, әлем «белортасын» сол тұстан іздеу ретті сияқты.

Мен Зердеш ілімінен бейхабарлау уақытта, «Абыржы» романымдағы көркем сөз ауанында, бір  идеялық  мұраттар  жолында  «Жер  кіндігі» деген ойларды біраз қаузағам («Абыржы-1, 367-370 б.б. «Абыржы-2», 65-67, 118-121, 158-164 б.б). Енді осы ойлар Зердеш ақиқатын іздеу жолында, жаңа жағдайлар қабатында қайта оралып, мен үшін жаңа мәнге ие бола бастады. Зоратаның өз ой-дүние­сінен алынған, батыс зерттеушілері біршама негіздеген «әлемнің белортасы» романдағы сол ойлары­мен үндес боп шықты. Осындай негіз дайындап алған соң, философ Ницше айтқан: «отан мен көл» факторына қол артуға болар еді. Бұл философ еңбегінде, әсіресе, әр тыныс белгісіне қатты мән берілген «Заратустра осылай деді» атты кітабында бостекей сөз жоқ. «Туған жері мен көлінен» тауға кеткен (сол кітап, 3 б.) Зердеш соқпағын қуалағанда, менің көз алдымда ғылым біршама нақтылаған аумақ – Каспий, Арал, Балқаш айдындары жатты. Жағрафия ғылымында бұл үшеуі де көл лаузымды болғанымен, Зердеш сөздерінде үнемі «Ворукаша теңізі» деген сөз айтылады. Асылы, Палестинадағы Өлі теңіз, Арал, Каспий суларының бүгінгі Жағрафия ережесінен ертеректе, біздің бабаларымыз ұйға­рымында, «теңіз» аталып бекуінде терең тарихи мән бар. Бұл – бөлек әңгіме… Каспийдің Дрангиана, Балх, Гератқа бейімдеу шығыс жағалауы елсіз-сусыз, үлкен ұлыстар тұрағына қолайсыздау тым қатал өлке көрінді. (Әрине, бұл үстіртін уәж, басқа да негіздеулер бар). Ал Иранбақ – Мазендеран, Гилян, Техран уәлаяттарының арғы жағында жатқан Әзірбайжан, Дағыстан (түркі тілді ұлыстар) жерінен із тарту да (бүгінгі біраз ғылыми ой сол бетке «бүйрегі бұрып» жүрсе де) қисынға келмеді. Зердештің ой-пайымдарында теңізге батқан күн, теңізге құйған үлкен лайлы дариялар мысалдары мәнді айтылады. Соған қарағанда, ол адам бір үлкен судың шығыс жағалауында, толымды лайлы дариялар құйып жатқан үлкен су бойында дүниеге келіп, ес жиған. Лайлы Іле құятын Балқаштың да жағалауын біраз зерделеп, ол солтүстік Ауған жеріне қиыстау жатқан аймақ деген ой түйдім. Соны­мен, қисын тұғырында жалғыз Арал ғана қалды.

«Әлемнің белортасы» дерегі, жоғарыдағы уәждер­мен осы жерде тоғысқандай болды. Сосын, Сырдария!.. Шу мен Сырдың қайсысының ежелгі Арий-дария (тіпті, авесталық Датия!) екенін анықтау қиын болды. Әйтсе де, Зердештің арғы тағдырлы өмір-өрісіне тартқан жол – Сырдария­ның тіршілікті арнасы арқылы түскен деген ой бар. Жоқ, Дрангиянаға төтелеу тартылған секілді Әмудария емес, Сырдария! Ф.Ницше және «100 пророчеств Заратустры» кітабының мәліметінде Зердеш бір үлкен айдынға «күн батқан» шығыс жағалауда, үлкен лайлы дария құйып жатқан аймақ­та өмір сүрген. Ал лайлы Сырдария (Шу?) Аралға тек шығыс­тан құяды. Мұндай ситуация Каспий бетте жоқ. Узбой ол кез болмаған. Және ол жақ бет Дрангиа­наға (Балх) мүлдем қиыс… Сырдарияны өрлеген жолаушы жоғарғы Әму алабына, яғни, солтүстік Ауғанстанға Нұрата, Зеравшан қоныс-мекендері арқылы, ұтырымен жете алады. Асылы, Жиделібайсұнның тіршілікті арналары мұнан мыңдаған жылдар бұрын сондай мәнді болған! Ал Дрангиана (Балх), түрлі деректер мәліметі бойынша, Систаннан (Сақастан) сәл «берігірек», солтүстік Ауған мен оңтүстік Орта Азияның оңтүстік-шығыс тоғысына келеді… Онан ары аңыздардағы Маргиан өлкесі – бүгінгі Мары облысының жерімен шектелген екен деп түсінбеу керек. Ол Мұрғаб-Герируд-Гильменд өзендері аңғарларымен  Сақастан және Белуджистанға түсу­ге ұтырлы өткелек бағыты. Ал ғалымдар көп сілтеме  жасайтын  ертедегі  Хорезмия – бүгінгі  Хорезм облысымен шектелетін ұғым емес, сол кездегі Арал алабының кең ауқымды жағрафия­лық-саяси  аймағы.

Бұл ойларымызға пайғамбар отанын Еділдің шығысына қарай меңзеген Мэри Бойс жорамалынан да ары, ғұламаның «Тұран тайпаларынан шықты» деген өз «Гаттары» дәлел бола алады. Зердеш, өз баяндауында, сол арийлердің байырғы өрісті өлке-отаны – Арьяна Вэйджадан шығып отыр. Міне, осы, арийлер отаны (Арьяна Вэйджа) және (оның, олардың) өмір сүрген уақыт кезеңін әрқалай  жобалаған  жорамал  осы  күні  өте  көп.

Орал шетіндегі «арийлер астанасы – Ар­қайым» бұл ретте алғаусыз мойындалған фактор. Қызық жайт: Платон сол арийлерді Ирландия, Исландия аралдарына апарып телісе, батыстекі ілімдер оларды Арқайымнан 4 мың шақырым оңтүстікте – Үнді мұхиты жағасынан бір-ақ шығарады. Осы екі арадағы алып әлем бос кеңістік, қуыс кеуек сияқты: Үнді-Иран бар, Ұлы Тұран жоқ. Бұл жердегі өктем пайым (еуроцентризм) «шалалығына» тоқталып уақыт алдырмай, өз ойымыз­ды ары сабақтайық. Арийлер отанын Оралдан оңтүстікке таман малға, көші-қонға қолайлы кең даладан іздеу – қисын реті. Арьяна Вэйджа Заратуштра елі болса, екі дарияның бірінің ежелгі аты «Арий» болса, басқа қисын іздеп қажеті де жоқ. Ал «атақты Арқайым» – әлеуетті арий мемлекеті шеті мен соңындағы «провинция­лық» қала болуы да мүмкін. Себебі, бұл қала, кей мәліметте, ежелгі арий тұрмақ, Зердештің өзінен 200-500 жыл бертінірек айтылады. Яғни, тереңдегі қалың қатпардың аршы­лып, жария болған «та­йыз» шеті ғана сияқты. (Мысалы, Авеста  бойынша  кезіндегі Хоре­зм, Соғды  жерлері арийлердің шеткі «облыстары»). Сондай шет аймақтағы сарматтар «күні кеше ғана», б.з. 4-ғасырда Еуразия батысына қарай тарап кетті. (ҚСЭ.10 т.33 б.) Сонау  кезеңдегі әйгілі ботай, андронов мәдениеттері де осы айтқандармен тамырлас. («Арал»: «Сегодня и завтра»,  Алматы,  1990ж. 133, 137 б.б.)

Қисынға салсақ, тарихи дерегі бізге жеткен арий жұртына шейін де Жер бетінде адам өмірі болғаны  анық. Топансудан кейін арий  бірден  «туа қалған» жоқ. Ендеше, сол тарихқа шейінгі, анық аты өшіп кеткен, палеохалық кімдер еді? Ең ежелгі егінші жұрт сонау Тигр өзені бойында, 14600 жыл бұрын, мезолитте жер өңдеген, тас құрал жетілдірген жұрт деп жүр. Онан бері қарай дерек жалғаспайды. Ал шындық тұғырына енді тұрып келе жатқан басқа бір дерек бар бүгін. Ол және бүгіннің болмысына жанды тамырлармен жалғасатын дерек. Ол – кең далада қолға ат үйреткен, технологиялық өрлеу – ер-тоқым, үзеңгі, шалбар, дөңгелек ойлап тапқан пассионар қуатты халық. Монотеистік діндер басы – бір Тәңіріге сыйыну да сол халықта туындаған. Арий сол дәстүрлерді өлтірмей, өркендете дамытып, ілгері жалғай  алған  бергі  жұртшылық.

Батыс ілімдері дәлелдеген: Зердеш-Атаның өз отандастарының діни наным-сенімдеріне – бір Жаратушыны ұлықтаған Тәңірілік діннің деформациялануында Күн, Ай, жұлдыз, табиғат стихия­ларына табыну және мұның шамандыққа ұласа бастауы сияқты құбылыстарына – табанды түрде қарсы болғанын, монотеистік бастауға оралу, бір Жаратушыға мойынсұну жолындағы күресін мойын­дай отырып, біз бір нәрсені ұмытпайық: ол өз отанын тәрк етіп, жоққа шығармаған, даңқты бабалары  жолын  ұлықтаған. Бұған «Авеста» жырлары  бірден-бір  куә…

Арийлер өмірінде жер, әсіресе, от пен су кие­сі (культ) ерек болған. Бұл аса мәнді жағдайлар Зердеш ілімінде терең таңбаланады. Бұл стихия­лар – болмыс субстанциялары, тіршілік кепілі ғой. Ой жіберсек, Арқаймнан арғы батпақты, салқын өлкелерде судан гөрі от қадірі  басымырақ;  ал Ар­қайым­нан  бері – күншуақты оңтүстікке қарай оттан гөрі су қадірі арта береді. Суығы мен ыстығы тең тоғысқан (осы жайт арийлер тарихы мен Зердеш ілімінде жиі көрінеді және мәнді түрде айтылады) Тұран төрі – осы екі стихия – от пен су қадірін  бірдей құрметке көтерген тарихи-жағрафиялық аумақ. Міне, осы факт от (қызыл алап) бедеріндегі арийлар «жұлдызы» (су кестелері) – алқызыл фондағы кергі-таңба (крест, свастика) түрінде көрініс тапты. Ол – автохтонды арийлер отанының   символикалық   рәмізі. Жер, су, от мәні – бәрі сол «елтаң­бада» тоғысып, көрініс тап­қан.

Бұл таңбаның түсінік-кілті біздіңше былай: бағзы заманда Тұран төсіне (Арал теңізіне) ұмтылған Торғай өзені – Ырғыз саласымен, Шу өзені – Сарысу саласымен, Сырдария – Арысы­мен, Әму – Зераушанымен Аралға құйып жатқан. Әрине, бұл өзендерде басқа да салалар баршылық, бірақ  Тұран  беттегі  елеулі-көрнекті жүйелері солай  көзге түседі. Бәрі де өз заманында тежеусіз мол дариялар болған. Бір назар  аударар  жайт,  Шу мен  Сыр  Тартоғай-Тартаркөл  тұсында  арасы   200 шақырымдай жақын келіп, қатар ағып, Шу қазіргі Сыр арнасымен, ал Сырдария – ежелгі Жаңа­дария ізімен Аралдың шығысынан қатар екі өзен боп құйған. Әму (Зераушан) тұрақты түрде Аралға түстік беттен құйған; ол кезде Әмуді Кас­пийге аунататын саздауыт «құндақ» арнасы төмен еді. Және де Арал теңізі өзінің кешегі деңгейінен 3 метрдей биік, ауданы 1,5 еседей үлкен болған. «Жағасы атпен шапқанда таусылмайтын Ворукаша теңізі…» (Зердеш, «Авеста») сондай болған. Кеше­гі «Жейделібайсын» келбеті осы іспетті. Енді  үлкен  салалары  оңжағалақ осы төрт арынды өзенді – төрт жақтан бір орталыққа тоғысқан дұрыс схема түрінде көзге елестетіп көрсек, +  таңба шығады. Арийлардың отты-сулы (жер-су) ребусы (елтаңбасы) осы шындық. Бұл ребусты «Тұран-таңба» десе де болар еді. Бұл классикалық таңба заманалар ағымында түп негізін сақтай отырып сан нұсқада өзгерді. Космогониялық мәнге телінді. Біздің даламыздан көптеп табылған тас кергілер (Георгий кресінің идеялық түптектері) соның куәлері деуге болады. Мұның бір нұсқалары кей ғимарат-жәдігерлер қабырғаларында өрнек­теліп бүгінге жетті. Бір  және бірегейі Қожа Ахмет Ясауи  кесенесі өрнектері. Бұл және бізге жақсы таныс нацизм свастикасын да көзге елестетеді. Бірақ бұл фашизм рәмізі емес, ежелгі ғажайып тарихтың квитэссенциясы. Ізгілік таңбасы. Сол ізгі идеяны теріс бақтырып, арий, зоростаризм, Ницше ой-мұраларын адамзат қасіреті арнасына бұрып әкеткен – неміс фашизмі. Олар байқаусыз­да, «арий жұлдызын»  теріс қаратып алған: +. Осыны аңғарған күні, фашизм идеологтары өзде­рінің ақыр-түбі оңбайтынын ұққан деседі. Теріс пиғылдарды тағдырдың да теріс бақтыратыны емей  немене  бұл?!.

Сырдария  пейіштегі төрт өзеннің бірі санал­ған  деген  сөз  де  бар.

Иран рәміздерінде бүгін де бар (кешегі Германияда да болған) Күн астында қанат қаққан қыран құстың стильденген таңбасы да осындай тектен болуы  мүмкін…

Бұл ойлар – арийлердің түпотанын дәйектеу уәжі. Біз білетін «тәуелсіз» (объективті) мәліметтерде арийлерді оңтүстікке ығыстырған ызғырық суық факторы (мүмкін, басқа да себептер қосылып) айтылады. Бұл Жер тарихы дамуын­да мінезі қатал тартқан Тұран ауа райының, ықта­сынсыз дала төсіндегі бізге бүгін де жақсы таныс климаттық жағдайын меңзеп тұр. Ыстық пен суықтың  мұндай күрт (тең) тоғысы жер бетінде  сирек  кездеседі. Ал Арий-Шумердің Тұран даласы,  Иран  қырқаларында «айырылысу  көжесі»  қашан  ішілді – оны  жорамалдауға  болар,  дөп  басып  айту  қиын.

Арийлердің түп отаны – Тұран. Зердеш дәл сол мәйектен шығып, сонан шыққан ел (аталар) ізімен жол жалғаған. Сонау халықтың да, кейінгі Зердештің де Оңтүстік бағыттағы сапары ерек тағдырлы болды. Әйгілі үндіеуропа өркениетінің өскінін сол жұрт бастады. Кейін Үнді-Иран тоғысында, Систан-Сақастан елінде гүлденген арий өркениеті ұрпақтарға кетті. Солай, тым көне тарих­тағы арийлер көші сондай ұлы көштердің ең елеулісі деуге болады. Көшпенділердің алыстағы жаңа отаны бір кезеңде Сақастан (қазіргі Систан, Систан және Белуджистан) атанды. Дешті көпсақ мына далада қалғанда, дешті сақ Үнді мұхиты жағасында шаңырақ көтерді. «Дешті Сақ» (иранша «дала халқы») ұғымына 3 мың жыл десек те, оның түбірі арғы тарих, тереңіректе жатқан сияқты… Сонау солтүстік бетте қалған арийлердің ата жұрты туралы естелік сөз иран, үнді ілімдерінде молынан кездеседі. Сол атажұртта адамзаттың өркениет, тіл, дәстүр шаңырағын ұстап, ағайын-туыстардың бір арыстары – протосақ, прототүркі жалғасты бір жұрт қалды. Міне, мыңдаған жылдар бойы оларды бұл өлкенің аптабы да, үскірігі де, құрғақшылық-жұты да, ақтабан шұбырындысы да өз Отанынан аудыра алған емес. Және ұрпақ пен ағайынды жалғаушы өлмеген тірі тін, сақталып қалған куә-керемет, қасиетіңнен айналайын, құлаққа таныс, көзге ыстық Ата тілдің Ана тіл құрсағында сақтаған жәдігерлері қалды. Атажұртта қалған, Қарашаңыраққа еге арыстың бүгінгі Ана тілінде сонау  Ата  текке  адалдық  сақтаған  қасиет  бар.

Зердеш (әріден тартсақ арий) тілінің сақ-түркі жалғас терең тамырлары С.Оспановтың жоғарыда аталған еңбегінде біршама зерделенген. Сонау Үнді мұхиты жағасына жеткен «Дешті Сақ» жұрты, сол жұрттың тілі зороастр ілімінде біршама хатталып, сақталып қалған. Мұны біз бүгін ежел тегіне берік Ана тілімізбен байланыстыра түстеп тани аламыз. Мұны тереңдете тани түсу қажеттігі аса ділгір.

Көне тарихтың белгілі-белгісіз сүрдектерімен осы зерде-сапар Зердеш туралы ой-жүйеге қажет алғышарт болды. Зердеш уағында арий көші туралы естелік сол ұрпақ үшін даңқты бабалар аңызы мен жолы ретінде қастерлі болған. Пірадардың уағында Месопотамиядағы шумер шаңырағының көтерілгеніне де мың жылдан аса уақыт өткен еді. Руластарына бір Жаратушыға мойынсұну ілімін мойындата алмай, қағажу күн кешкен пайғамбар, болашақ сақтар өлкесі Арьяна-Вэйджадан дәруіш боп ұзап, Сыр бойымен Қаратау, Қазықұрт, Нұратаны сауырлап, Балх-Шұбырған-Герат жетті. Шөлді, қатерлі жерлерге ұрынбай, елді, сулы өлкелермен жол жалғады. Бұл қисынды да еді. Зердеш ғасырлар өткеріп, Тұран-Дрангиана-Иран-Үнді мұхиты бағыты боп түскен арийлер ізімен жүрді. Бұл сапар арий өркениетіне жаңа кезең, әлемдік даналық биігін алып келе жатты. Тағдыр Зердешті көне бабалар ізімен ғана емес, өзіне «жазылған әлем белортасының» мәнді меридианы бойымен де бағыттай жүргізді. Сол уақыттардағы ұлы көштердің күре жолы түскен Тұран – Үнді мұхиты бағыты «кешегі» экономикалық, өмірлік мәнді Жібек жолының ең ежелгі, ең тиімді маршруты десе болар еді. Мұрғаб-Герируд-Гильмен өзендерінің аралық аңғары – Ұлы Жібек жолындағы Алатау-Алтай арасында жатқан Еуразияның Ұлы Қақпалары өлкесі іспетті. Тұран – Үнді арасындағы бірден-бір ұтырлы өткелек осы өзендер алабы. Мысалы, Ұлы Жібек жолы да бейберекет ағым емес, ең алдымен тиімділік маршруттары болған. Ал неолиттегі сол «Жібек Жолы» нұсқасы сол кездегі жағрапиялық-шаруашылық тиімді бағыт еді. (Шірік Рабаттан табылған інжу моншақ осы жолмен келген Үнді мұхитының базарлығы болуы әбден мүмкін. Осы бағытта біздің ұрпақ «Ежелгі Бабалар Жолымен» экспедициясын ұйымдастыра алса, құпиялы тарихқа тамаша жол ашылар еді! Ол жол  түбі  ашылады!).

Нұхтың ортаншы баласы Самға 4 буында (шөпшек) барып тірелетін Йима (Жәмшид патша, кей жорамалда, 18 мың ғаламның патшасы) – Зердештің 27-ші атасы еді. Жәмшид тұсында адамдар жүздеген жыл өмір сүретін болған. Жер бетінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамырыс­тан – Арьяна-Вэйджа (Арий пейіші) орнаған. Жәмшид патшалығы 600 жыл, 6 ай, 16 күнге созылған деседі. Сосын Аждаһа үстемдігімен ызғырықтар  заманы  келген…

Ал енді, Гүштасп – зороастризм дінін бірінші қабылдаған Дрангиана патшасы, б.д.д VI ғ. өмір сүрген деп жобаланатын авесталық Кави Виштас­па ма? Осы жерде көптеген сәйкессіздік бар. Бұл Зердеш өмір сүрген кезеңді тым шатыстырып жібе­ретін  жайт.  Ұлы шайыр Ә.Фирдоуси іргесі әбден ажыраған Тұран-Иран жағдайында (б.д. 1000-шы жылдар) Зердештің Дрангианаға келу сапарнамасын тереңдете айтуға бармаған (бара алма­ған) сыңайлы. Бара алмас та еді. Бұл жерде Фирдоусидің ұлы дастанды қайтыс боп кеткен тұрандық ақын Дикикиден кейін жалғастырғанын, оның өзі де бүгінде жойылған пехлеви тілінде қара сөзбен жазылған «Патшалар Кітабынан» алынған оқиғалар екенін ескерсек, біраз жағдай түсінікті бола бастайды. Поэ­зия тілінде еркіндік, бейнелілік бар. Сірә, өлеңдегі дала пайғамбарының «Хаттары» және көркем сөз нәмінде баяндалған оқиғалар тарихи деректілікке таласпайды. Авеста, Кіші (Зенд) Авес­таның өгіз терісіне алтын әріптермен жазылған мәтіндерін өртеп жіберген Ескендір Зұлқарнайын да мұнда ізгі қолбасшы түрінде сурет­телетіні сонан болар? «Шахнама» – тарихи жылнама емес. Фирдоу­си, ең алдымен, туын­датушы ақын. Біз де осы тұс тағы бір ой ноқтасын босатайық: Ерте кезде ауылы аралас, қойы қоралас, генеалогия­лық бұтағы көп ажырай қоймаған ағайын-жекжат Тұран-Иран жұртының кейінгі қақтығыстары, (Фирдоуси даналығында эпикалық ауқымға ие болған) сонау Зердештің Тұранда қалған ағайынға деген киелі (сакральді) өкпесінен бастау алып жатқан жоқ па? (Мұндай мысал кейінгі тарихта да аз болмаған ғой: бірде жоңғарға, бірде өз ағайы­нына қару кезеген Жалаңтөс баһадүр, Наполеон армиясы қатарында шығысқа ат қойған мәмлүктер ұрпағы…). Әйтпесе, Гүштаспты қолдап, Тұранға ат басын бұрған атақты Рүстем, Дастан өз ағайынымыз, «кеше» көшіп кеткен арий-сақтың балалары. Қазақ бұл тұлғаларды іш тартады, бүгінгі күні де біраз баламыздың аты Рүстем, Дастан… (Мұндай етенелік «күн кешегі» төскейде малы, төсекте басы қосылған жоңғар мысалында да жоқ.) Біздің жұрттың бейнелі тілімен айтқанда, «тақымы атқа тисе, тымағының құлағы желпініп, жұртты бөрідей бөрліктіріп жүретін өз туыстарымызға» ұқсайды  бәрі…

«Шахнамадағы» Иран патшасы Гүштасп «Зардушт ілімін алып, Авестамен сусындату үшін», Систан шетіне кіргенде, кәдімгі, стандартты ойға таптаурын Мазендеран-Хорасан беттен емес, Солтүс­тіктен – Балх-Герат-Забұл бағыты­мен қозғал­ған. Солай арий көші ізімен Зердеш жолы қайталанған. Тұранның түстігіндегі ірге­лес Иран, Шығыс Иран қазіргіден бөлектеу жағырапия­лық-әкімшілік аймақ еді онда. (Анығында, ол оқиғалар қазіргі Ауғанстанның солтүстік, батыс бөліктерінде болған). Гүштасп патшаны «хан көтерген» Авеста (Зенд Авеста) сөзі – ирандық зороастризм адепт-апологет­терінің кейінгі «редак­циясының» нәтижесі  деп  қараған  жөн  сияқты.

Зердеш есіміне «пайғамбар» тіркесін ойла­нып қосасың… Зороастр ілімін батыстық, христиандық тұрғыдан зерделеулер өз алдына, олармен тұғыр шендестіру бөлек талап және ол бізге қазір мұрат емес. Бізге хикмети ілімнен белгілі адамзаттың 124 мың пайғамбары, негізінен Топансуға дейінгі қауымдарға келеді деп есептейміз бе? Ұлылардың ұзын санын адамзат пен уақытқа шаққанда, шамамен, әр жылға 3 (!) пайғамбардан келіп отырыпты. Бұл, сірә, апаттарға дейінгі қауымдардың көптігімен түсіндірілетін, олардың жилігін байқататын жағдай. Ал соңғы 12-15 мың жыл шамасы (Топансудан бергі уақыт) – Құранға нақты түскен 25 пайғамбар ғана кезеңі. Оның да соңғы 1432 жылы (хижра)  біздің абзал Пайғамбарымыздан (с.а.у) бергі тұрақты кезең.

Адам Атадан Топансуға дейінгі Ідіріс, Шиш, Нұх пайғамбарлар мұсылмандар еді. Деген­мен, «ислам дінінің басы Ибраһим пайғамбардан басталған». (Шәкәрім Құдайберді­ұлы. «Мұсылмандық шарты», 1993, Алматы. 20 б). Біз Пайғамбарлар мен Кітаптардың – алдыңғы ілімдерді растаушы, жалғастырушы, бекітуші елшілер екеніне кәмілміз. Осы қисынмен, Ибраһим пайғамбардың алдындағы бір беймәлім ілім жөнін нобайлай аламыз ба? Ешнәрсе, оның ішінде, қасиетті ілім жоқтан пайда бола қалмайды. «Библия» Аврамның әкесін Фарра деп атайды. Ал ислами шежіреде Ибраһим пайғамбардың әкесі – Азар. Тарихта Каспий бір уақ Хазар теңізі деп те аталған (б.з. 8-ғасыр). Ол жеке бір адам (Ибраһим әкесінің) аты емес, есімі ғасырлар өткеріп, ру-тайпалық, тіпті ұлыстық деңгейге жеткен тұтас бір халықтың атауы емес пе?.. «Аврамның әкесі Фарра Хаммурапи патша тұсында өмір сүрді». (Зенон Косидовский, «Библейские сказания», Москва, 1990 г. 28-29 стр.) Тарихта бар Хаммурапи шамамен осыдан 3790-3750 жыл бұрын патшалық құрған (ҚСЭ. 11 т. 608 б). Демек, Нәмруд, әлгі, асып-тасып, Құдайға соғыс жариялайтын имансыз, үстемдігі бұдан 3700 жылдай бұрын болған деуге негіз бар. Ибраһим ғ.с. ғұмыры мен пайғамбарлығы осы тұсқа сәйкес келеді. Біз сілтеме жасаған С.Оспанов еңбегінде Зердеш өмірі алдыңғы 4-5 мың жылдан шаң береді. Ендеше Авеста ілімі – қасиетті Қағбаны көтерген пайғамбардың алдында, сонан жүздеген жыл бұрын салынған иллаһи жол емес пе? Қисын іздегенде, Ибраһим пайғамбар алдындағы рухани ұстаз кім, ілім жоқтан тумайды ғой деген логикалық сұрақ тұрады алда. (Бұл сұрақ – З.Косидовскийдің қарадүрсін сюжетінен тереңі­рек; Авраам мен Ибраһим (ғ.с) арасындағы тарихи-жағрапиялық сәйкессіздіктер бөлек зерттеуді қажет ететін мәселелер).

Евфраттан шығып Мысыр ұзаған Аврам (Ибраһим пайғамбар) үмбеті – ариилер ізімен Оңтүстік Азияға ұзаған Зердеш сапарынан «жастау», берірек көрінеді. Ибраһим ілімі Қос­өзен алабындағы шумер өркениетінің бесінші буыны арамей (шумер-аккад-асси­рия-бабыл-арамей) мәдениеті тұсына сәйкес­тенеді…

Жоқ жерден ешнәрсе туа қалмайды; діни ілімдердің тарихи іздіктері болуы керек. Зоро­астризм мен Авестаны «кәпір ілімі» деген кесім бар бүгін. Бұл – ой-өреміз жеткенінше тоқталуды талап ететін кірпияз жайт. Шығыс­танушы Мұрад Аджи «діни ілімдерді Индия, Тибет, Иранға сақ-түріктер әкелді» деп кесіп айтады. («Кипчаки», 70 б.) Зороастризм ілімінде «жүрекке жылы тиетін» бір Жаратушыны мойындау, оның 72 аты, отты – Құдайдың рахым-игілігі деп тану, о дүние, Қиямет-қа­йымда өлілердің тірілуі, сұрақ-жауап, қыл көпір, тозақ пен пейіш, Ібілістің (Ангра-Майнью) жеңіліс табуы сияқты сабақты сарындар бар. Таныс қағидаттар емес пе? Енді бір пікір былай нақты айтады: «Ислам заимствовал от зороастризма ежедневную пятикратную молит­ву, учение о ритуальной чистоте и, наконец, установление пятницы как дня богослужения». (А.Айдосов. «Социальная структура экологии Арала». Алматы, 2002 г. 172 стр). Авестадағы «вэйджа (пейіш)», «дужахва (тозақ)», «Ажи Дахака (аждаһа)», «дуж/ман/ (дұшпан)», «джухта (жаман сөз /жоқтау/, бәлкім, «жұт» та осы түбірлі), «даргах (дәреже, жаратушы қалауы)» сөздері бізге түсіндіруді қажет ете ме? Ақұра Мазда – оттың атауы емес, оттың иесі, Зердеш тәңірліктен екшеп алған Жаратушының бір есімі, «Құдай» сөзінің этимологиялық негізі. Маздаған от иесі – Ақұра Мазда – Ақұдайдың өзі болды. (С.Оспанов, «…Заратуштра қалай деді?, 105 бет.) Сөйтсек, «Құдай» атауы (және басқа да ұғымдар) бізге анау айтқан, парсыдан келген кірме емес, өзімізден солай қарай ұзаған, сонан соң қайтып оралған өз үніміз. Мысалы, мыңжылдықтар бойы «Ақұдай!» сөзін өлтірмей ұстанған бір халық сол атажұрт Тұран төсінде, берік ділде, қиындық-қыспаққа шыдас­та  өмір  сүріп  келе  жатыр.

Отан, от-басы, отағасы, отау, от… Біз үшін қастерлі ұғымдар. От киесі, отқа тәу ету – біздің ханафиттік мазхаб пен софылық ұстаным­ның үйлесімді жоралғыларының бірі. Ілімдерді қорытындылаушы ислами ілімінің даналық кеңдігі осында. Және нәсіліне, ұлтына, әлеуметтік шеніне қарамастан жақсылық іске жақын адамды ислам ілімі мұсылманға жатқызған. Зороастризм ілімі адам қасиетін қалтарыссыз қамтитын түбегейлі үштағанға табан тірейді: «Ізгі ой, Ізгі сөз, Ізгі іс!». Адамға мұнан артық қандай имандылық шарты керек? Осы тұста маған кейінгі адамзат тарихындағы үш алып тұлға жиі ой салады. Будда, Иса ғ.с, сосын Мұхаммед с.ғ.с. Осы үш тұлға арасында аса мәнді ишаралар бар. Үшеуінің де арасы, шамамен, 600 жылдан. Үшеуінің де өмірі данышпандық азабының ұшан-теңізі. Үшеуі де ізгі ой, ізгі сөз, ізгі амалды мұрат тұтқан. Фәнидің опасыз құндылықтарынан биік көтеріл­ген, ақиқат жолы­нда жанпидаға қайлы болған. Бүгін­гі адамзат баласы осы тұлғалардың үш үлкен үмбетін құрайды. 2000 жылдық христиан тарихын біз кең сөз етіп жүрміз. Ал 2600 жыл  тарихы бар, бірнеше тармаққа бөлінген буддизм  туралы  не білеміз? Оның түп негізінде терең ізгілік пен тазалық жатыр емес пе? Бізге жат ұғымдар ма? Сонау, ізгі ұстаным тұлғасы – Гаутама – үлкен Ілімдегі 25, әлде, 124 мың пайғамбардың бірі емес пе? Құдіреті күшті Ақиқатқа емес, қолдан жасалған тас пұттарға құлшылық ету жолын шығарып алған – Гаутамадан 600 жыл кейін, Орта Азиядан шығып, Пешаварда билік құрған Құшан  империясының  әміршісі Канишка патша, яғни, өз «ағайынымыз» болатын. Каниш­ка А.Македонскийден қалған Кафиристан тұрғындарының сұлбаларын (скульптура) пір тұтқан. Құлай сүйген пайғамбарын (Гаутама) құдай етіп, пұт (скульптура) етіп қашап салған. (Ең алып пұттың Ауғанстан Бамианында тұратын себебі сонан). Ол кез – Христиандық жаңа туған, ал біздің қорытындылаушы абзал ілімге шейін 6 ғасырдай уақыт бар еді. Бұл далада сол кез Будда сенімі тұрды, несториандық христиандық әлі алда болатын…

Зороастризм – Күн,  Ай, Жұлдыз, Отқа табыну емес, олардан биік Жаратушы Идея­ны, солардың егесі бір Құдай – Ақұраны мойын­дау. Түркі мұрагерлерінің «Алла, Құдай» ұғым­дарындағы  Жартаушы  құдірет бағзыда «Тәңірі» аталды. Оның сол кездегі мәні мен бүгінгі мазмұны бір арнада тоғысады. Зоро­астризмге деген кейінгі «кәпір» түсінігіне келсек, бұған – «жынды су» хаума ішу үрдісі, әйгілі Фир­доусидің  өзінің  сол  дінінен  исламға  өте  алмауы, сонау Қап тауы аңғарларында сақталып қалған отқатабынушылар ғиба­датханалары т.б. оғаш рәміз-белгілер себеп береді. Өмірдің қай құбылысы да пәлсапалық көзқарасқа терең сыр ашады. Мысалы, Мұса пайғамбардың үмбетіміз дейтін яһуди қауымы, Иса пайғамбар үмбетіміз дейтін христиандар бүгін мұсылман түсінігінде тым кереғар үрдіс­тер ұстанады. Оларда өздері әбден мойынсұнған «Библия» (Таурат емес), «Евангелие» (Інжіл  емес) бар. (Мен саналы түрде Библияны – «Библия» деп, Евангелиені – «Евангелие» деп, Құрандағы Таурат, Інжілмен шатастыр­май атап отырмын). Ол үмбеттер де кезінде мұсылман болған, кейін жолдары бұрмаланған, бұзылған. Олай болса, осыдан 4 мың жыл шама­сы бұрын тәңірлік сенім құрсағында дүниеге келіп, бір Жаратушыны ғана уағыз­даған, имандылық шарттарын биік көтерген, өз заманынан жаттық көрген, сан рет көшіріліп жазылған, осыдан 2300 жыл шамасы бұрын әл Әскендірдің қолымен өртелген ілімнің тағдыры нешік? Зердеш жолы – уақыттар, қақты­ғыстар  додасынан, тіпті, ұрпақтар ықыласынан «шаршаған» ілім. Румдық Зұлқарнайын «үлкен», «кіші» Авестаны өзіндік «имандылық» принципінде өртегенде, оған шейін ол ілім екі мың жас шамасында еді. Тіпті, румдықтан екі ғасыр бұрын өмір сүрген Заратуштра үмбеті – Кир патшаның өзі бұл ілімнен адасып, ауытқи бастаған. Ия, Зердеш өз уақытының теперішін көп көрген. Пайғамбарлық тағдыр сол іспетті. Перғауын тұсындағы Мұса ғ.с. тағдырын, Пилат тұсындағы Иса ғ.с. тағдырын, ең ақыры, жаһилиет құрайыштар ортасындағы Мұхаммед с.ғ.с. тағдырын еске алып көріңіз. Фирдоусидің зороастризмнен мұсылмандыққа өту проблемаларын өз жұртымыздың тәңірліктен исламға өту кезеңімен салыстырып, түсінуге болады. Ал хаома ішімдігі туралы: бүгін «әсіремұсылман» кебіреу «домбыра тарту күнә, қымыз ішу күнә, оның құрамында спирт бар» деп, жоқ жерден проблема туындатып жүр емес пе? Құрамында бой сергітер қасиеті бар қымыз ішкен сонда кәпір ме? Егер зороастризм «кәпірлігі» хаума сусынына (Зердештің ата-анасы осы сусынды ішкеннен кейін, ол перзент бойға біткен) байланысты болса, біздің адамзаттық мұраларға деген кейбір кесім-пішімдеріміз орынсыз секем­шілдік емес пе? Ақтау емес, ақиқат сөзін саптау мұрат. Түптеп келгенде, арий сусыны – кәдімгі қымыз емес пе? Күшала қосылған қымыз болады. Онан да басқа сергітуші, шипалы заттар қосылған сусын болмады деп кім айтады? Мен хаома сусынының құрамын, оның «пісірілу»  технологиясын  білмеймін.

Ардви-Сурада мінажат етті

Спитама-Заратуштара

Ариана-Вэйджа жерінде

Игілікті Датия жанында /жағасында/ –

Сүт текті хаомамен

Ізгілікті лебізбен

Ізгі оймен, ізгі істермен

……………………………………..

Арвиді құрмет тұтты… (Авестадан үзінді, автордың сөзбе-сөз аудармасы).

Осы шумақта біраз ойға дән бар. Біріншіден, хаоманың сүт табиғаты басы ашық айтылып тұр. Әлдебір «хаома өсімдігінің шырыны» деген сірі стандартты бұзатын-ақ дерек. Екінші, (сол, стандарт дегеннен шығады) арий-сақ даласындағы Ардви-Сура, әлгі, Еділ өзен де, Әму де емес, басқа нысан. Ол өте таза су. Немесе таза айдын, аса қасиетті бір құбы­лыс. Және (оған құятын) киелі Датия-дария осы жерде қатар аталып тұр. Осы, ілкәм тереңдеудің тұжырымы: хаома – «арам сусын» емес; Ардви Су(ра) – қазақшалап айтсам, мөлдір Арда-Су – арий жерінің мінажаттық қасиетті бір нысаны. Оның түп негізі не?!? Ворукаша! Ол Арал!

Дала пайғамбары жүйелі монотоеистік ілімді қалыптастырды. Ресми тұрғыда ең көне дін деп есептелетін иудаизм, онан бергі буддизм (алуан түрлі тармақтарымен), христиандық және де қорытындылаушы ілім – хазіреті ислам сол  кәусардан   бастау  алған. Бәрінің ата бас­тауы – Тәңірлік тұғыры. Ол «немере-шөбере­лерінің» алдында ұзақ мыңжылдық­тарға төтеп беріп, көне жәдігерлерін біршама сақтап жеткізген  және  ұрпақтары  үндестігінде жалғасын тап­қан кемеңгер, қасиетті ақсақал құбылыс. Кейін­гі екі іргелі ілім – 2000 жылдық хрис­тиандық, 2600 жыл бұрынғы буддизм, түп негізінен терең бұрмаланып кеткен бастауы мұсылмандық болса, 4 мың жыл ары зоро­астризмнің (отқата­бынушылық) бүгін әр жерде қалған жұқаналарына қарап не айтуға болады? Адасқан сенімде не кінә?.. Сол әлемдік парасаттың Қарашаңы­рағы мәртебесін мына біз ғылым мен қисын тұғырына көтере зерделей аламыз  ба?

Зердеш өмірінің фәнилік нүктесі былай қойылды: Тәңірліктен бастау алып, керемет реформаторлық жолымен бір Жаратушы ақиқатын арналы ілім деңгейіне жеткізген данышпаннан шошынған өз ағайыны Брат Рвахш Тұр (сірә, тұрандық) 77 жастан асқан ғұламаны мінажат үстінде ту сыртынан қанжар салып өлтірді. Пайғамбарлық жазымыштың классикалық  нұсқасы.

***

Топансудан соң өсіп-өркендеген адамзат ұрпағы неолит пен қола дәуірі табалдырығында өз парасатымен қайта қауышты. Ол – данышпандар ұстазы Зердеш бабамыз арқылы жүзеге асты. Жүйелі, сындарлы ілімдер бастауы өмірге келіп, әлемге өркен таратты. «Гильгамешпен» тұстас көркем сөз, әлемдік парасат күмбезі, Мысыр пирамидаларынан ілгерірек рухани пирамидалар біздің далада бой көтерді.

Арийлер отаны, «Жәмшид пейішін» төрт дария өлкесінен іздеу керек.

Мұнан ілгері көз салсақ, Нұх бабамыздың мұнарлы тұлғасы тұр.

Тұрандағы көп қатпарлы тарихтың кілті мәнді тереңде жатыр.

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: