Әлеуметтік желіде ақпараттың түр-түрі бар. Сол жердегі кейбір мәліметтерге шығармашылық адамы ретінде сыни көзбен қарайтын кезіміз болады. Сонда біреулер контент-монтент деп жатады. Иә, ол да дұрыс шығар. Бірақ, шынайы дүниеге ештеңе жетпейді екен. Әріден соң шынайы дерек дөп тиетін диагнозға ұқсайды, оқылымды, өтімді.
Қазір екінің бірі – фотограф. Ал, фототілші аз, тіпті жоқтың қасы. Фейсбук желісінде мұрағатын ақтарып, фотоның түр-түрін жүктейтін біздің бүгінгі кейіпкеріміз Болат Омарәлиевті Сыр елінің халқы жақсы біледі. Өйткені, оның «контенті» өтімді. Танымал тұлғаларды суретке түсірген қазыналы қарттың қорында бізді талай мәрте таңғалдырарлық дүние бар. Жақында ғана фототілші сондай бір тамаша туындысын желіге жүктеп, жарқ еткізді.
– 1976 жылы Аманкелді деген ауылда мерекеге байланысты үлкен той болды, не той екенін ұмыттым. Тойда ат шабыс, күрес болып жатты. Бір жағында кір көтеру сайысы басталғанда, ортадан жүгіріп шыққан үш-төрт жастағы бала кір тасына ұмтылып, көтерем деп тырысып жатты. Жиналғандар ду күлді, бала ызаланып, жылап жіберді, – дейді Болат Омарәлиев.
Осы сәтті ол таспаға түсіріп үлгерген. Бір рет ғана емес. Мына қызықты қараңыз. «2000 жылдары қала сыртында ескі машинаммен келе жатсам, жолда бір МАИ қызметкері тоқтатты. Мен оған құжаттарымды ұсынып едім, ол қолымнан жұлып алды. Мен үндеген жоқпын» деп жалғайды сөзін фототілші.
– Ол құжаттарымды шала-пұла қарап, «Аға, осы уақытқа дейін сізді көре алмай жүр ем, жақсы кездестік», – деді.
Мен оның сөзіне қырсығып үндеген жоқпын.
– Аға, Аманкелдідегі кір тасты көтере алмай жылап тұрған суретімді «Егемен Қазақстан» газетіне шығарыпсыз, сол суретті шығарып, үйге іліп қойдым» дейді.
Сол кезде қауын тиеген бір машина өте беріп еді, ысқырып тоқтатты. Машинаның жүргізушісіне «Мына ағаның жүк салғышына толтырып қауын тиеп бер» деді. Мен қырсығып, қауынды алған жоқпын. «Рақмет!» дедім де, қолынан құжаттарымды алып, жүріп кеттім, – дейді.
Қызығы – мынау. Арада біраз уақыт өтеді. «Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі» деген ғой. Кейін фототілші сол МАИ қызметкерімен кездесіп, кір тасын көтеріп тұрған суретін түсіріп алады. Уақытында аты-жөні түк есінде қалмаған. «Кейін білдім, Темірхан Әлиев деген адам екен, иығындағы шеніне қарасам, сол кезде капитан еді» деп есіне алады Болат Омарәлиев.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!