Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі

05.12.2024, 17:57 74

HALYQLINE.KZ

Астанада «Руханият» жылы аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көрмеге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Қазақстандағы Түркия Елшісінің орынбасары Орхан Барыш Сөнмез, Назарбаев университетінің тарихшы ғалымдары, ақын-жазушылар, шығармашылық және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Қарсақбайқызы, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Асқарұлы сөз сөйлеп, Сыр өңірінің тарихы мен музей экспонаттарының құндылығына тоқталды. Ұлттық музей ұжымына облыс әкімінің Алғысы табысталды.

Сыр өңірінің тарихын баяндайтын көрмеге ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт Ата мұрасы, ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр бойы қазақтары пайдаланған құнды этнографиялық бұйымдар, музей қорындағы теңдесі жоқ зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылды.

Сыр елінен шыққан белгілі тұлғалардың домбыралар коллекциясы және «Алтын домбыра», жаңғырған жәдігерлер, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорында сақталған қылқалам шеберлерінің 40-қа жуық картинасы да әкелінді.

Сонымен қатар, өткен жылы жасалған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциясы және биыл қайта жаңғыртудан өткен «Түгіскен көсемі» мен «Жетіасар ақсүйек әйелі» алтын жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеге келушілер оғыздардың астанасы болған Жанкент қалашығынан табылған қыш дастарқанды, саптыаяқтар коллекциясын, қыш қазандықты, керамикалық ыдыстарды, ортағасырлық Қышқаладан табылған глазурлі қаптамаларын қызықтады.

Бұған қоса, Шірік Рабат, Сығанақ, Түгіскен, Жетіасар, Жанкент, Қышқала, Асанас қалашықтарына жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі туралы көпшіліктің танып-білуіне мүмкіндік жасалды.

Көрмені ҚР Ұлттық музейінен 5-19 желтоқсан аралығында тамашалай аласыздар.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: