Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Соңғы көш» романы: Қазақ тарихының айнасы

04.12.2024, 17:05 56

HALYQLINE.KZ

Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті.

«Соңғы көш» романы – қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған туынды. Романның мазмұны терең философиялық сұрақтарды қозғап, қоғамның тарихи кезеңдерін шынайы суреттеуімен ерекшеленеді. Бұл туындыны оқырмандар конференциясында талқылау – қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін түсіну және зерделеу үшін үлкен мүмкіндік.

Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» романы 1920-30 жылдары қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді сипаттайды. Бұл шығармада негізгі тақырып ретінде Шыңжан қазақтарының ұлт ретінде сақталуы мен оның ауыр тағдыры қарастырылады. Романның басты кейіпкері тәуелсіздік үшін күресіп, талай қиындықты басынан өткізеді. Ол қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуындағы қиын жолды, жеке адамдардың тағдырын көрсетеді.

Конференция барысында оқырмандар Қ.Жұмаділовтің шығармашылығын талдай отырып, романдағы басты кейіпкердің тағдыры арқылы қазақ халқының тарихи кезеңдеріндегі қиындықтар мен халықтың ерік-жігері жайлы өз пікірлерін білдіріп, сол дәуірдің шынайы бейнесін аша білді.

«Соңғы көш» романының көркемдік құрылымы өте терең. Қ.Жұмаділов ұлттық әдебиетке тән дәстүрлерді жаңаша түрде жаңғырта отырып, оқырмандарға қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін және мәдениетін толыққанды ұсынады. Романдағы образдар арқылы халықтың рухани әлемі мен өмірге деген көзқарасы көрінеді.

Автор романның жазылуынан басылуы қиынға соққанын айтады: «Жұлдыз» журналы 9, 10, 11 сандарына осы романды басып шығарды. Бұл 1973 жыл болатын. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналының Бас редакторы еді. Мәскеуден келген хаттың аудармасын салып, журналға жариялап жіберді. «Жұлдыздың» сол кездегі тиражы 196 000 болып шықты. Осылайша ел арасында бірден танымал жазушыға айналып шыға келдім» дейді өз естелігінде. Облыстық кітапхананың архив қорында 1973 жылғы «Жұлдыз» журналының 9, 10, 11 сандары сақтаулы күйде әлі де бар.

Шыңжан қазақтарының елге келуімен бірге қаймағы бұзылмаған мәдениетіміз, тұрмыс-салтымыз қайта келді, демографиялық өсу көрсеткішіміз жоғарылады. Сол кездері бірі құндақтаулы, енді бірі бесіктегі балалар: Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед, күйші, домбырашы Секен Тұрысбеков, әнші, продюсер Майра Ілиясова, жазушы Асқар Алтай, т.б азаматтар бұл күндері еліміздің мәдени дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Бұл туынды қазақ әдебиетінің тарихында әлі де өзекті. Қ.Жұмаділовтің шеберлігі мен қазақ халқының тағдырын терең түсіну арқылы біз қазіргі қоғамның тарихи жолын зерделей аламыз.

Ақмарал  Серікбаева,

Әбділда  Тәжібаев  атындағы  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасының  кітапханашысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: