Облыс әкімінің бастамасымен жуырда Қызылорда облысының 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салынбақ. Ғимараттың құны шамамен 1,5-1,8 млрд теңгені құрайды.
Барлық ұйымдарды бір ғимаратқа біріктіру арқылы бюджет қаржысы үнемделеді. Тағы бір пайдалы тұсы – ақсақалдар мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Мұндай орталықтардың бой көтергені бірнеше нысан салғанға қарағанда әлдеқайда тиімді.
Әрқайсысын бөлек салғанда әрбіріне 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады, әрі қарай оны күтіп-ұстауға да шығын кетеді. Бір ғимарат ішінде мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізу оны тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналдырады. Осылайша, Сыр өңірінде қай жағынан да ұтымды, бірегей жоба қолға алынбақ.
Еске салсақ, өткен жылы өңірде 150 орындық төрт клуб жаңадан салынып пайдалануға берілді. Қызылорда қаласында отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтары қызметін бастады. Биыл облыс бойынша 17,0 млрд теңгеге 7000 орындық стадион, 2,7 млрд теңгеге үстел теннисы Орталығы, 6,8 млрд теңгеге Республикалық көпфункционалды спорт орталығы, 4,8 млрд теңгеге 6 спорт кешені мен 4 ауылдық клуб құрылысы қолға алынады. Құны 3 млрд 700 млн теңгені құрайтын 1000 орындық Өнер орталығы жақын наурыз айында ашылады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында Қызылорда қаласында «Шығармашылық академиясы» салынады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!