Бетіне су тигендей болды. «Теңіз тамшысы ғой, сірә, толқын көтерілді ме екен?» деп ойлады бұл. Құлағына ескектің шиқылы келгендей болды. Бұрын сықырлайтындай еді, енді… «Тіректі майлап қою керек екен» деді іштей. Есіп келеді, есіп келеді, алайда жаға көрінер емес. Алақаны дуылдағандай болды. Ескек ыса мүйізгектенген алақаны бұрын бұлай ашымайтын еді. Үйге жеткесін күбінің өңезін жақпаса болмас.
Ой, бүгінгі аудың майлауы-ай, жетектегі қайық та, бұл отырғаны да ернеулеп келеді. Бар уайымы – жел көтерілмей тұрып жағаға жетіп алса, әйтпесе толқын көмді дегенше екі қайық та суға кетті дей бер. «Алла! Жар бола гөр!» деді іштей. Осыдан алты ай бұрын трудармияға бара жатып әкесі мұны оңашалаған, сосын сыбырлай мынаны айтқан:
– Шакет! Мына соғыс әзер біте қоймайтын сияқты. Әйтпесе жасы асып кеткен бізді трудармияға алмас еді ғой. Енді қара орман саған аманат. Шешең, апаң, ініңнің ендігі қамқоры – өзің. Шойнақ басқарманың ауыз ләмінен ұққаным – сендерді жұмысқа тартады екен, менің екі қайығым мен ауыма сен ие болатын сияқтысың.
Ұлым! Жас емессің, он үштен асқасын жігіт болғаның… Мектепте «Құдай жоқ» деп үйретеді ғой, бірақ ешкімге білдірмей қайыққа табаның тиісімен «Бісміллә! Иә, Алла оң сапарын бере гөр! Жолымды ашық қылып, ырзық-несібе бере гөр!» деп тіле. Шын көңіліңмен айт мұны… Бірақ, жан баласы етімесін. Ау төгер алдында да, ау қарағанда да, бері қайтқанда да ішіңнен «Бісмілләңді» айтып отыр. Өйтпесең болмайды… Бұл ұлы теңіз дегенің – Алланың құдіретімен болып тұр ғой. Осы есіңнен шықпасын…
Сол есіне түсті, ішінен Аллаға жалбарына «Ауылға аман жеткіз гөр» деп тілеп келеді. Теңізге өзі құралпы үш-төрт жасөспірім болып шығатын, бұл жолы да сөйткен, аналардың ауына мардымды ештеңе ілінбеген сияқты, жүгі жеңіл қайықтар зуылдап, қара үзіп кеткен.
Есіп келеді, есіп келеді, бетіне тағы да су тигендей болды. Со-нау тұста бұлт түйіле бастады. Жел көтерілмесе болды да, бірақ, бұлттың репеті жаман, түйіле тұтасуда… Осы сәт… Иә, Алла! Бере гөр! Ұзын сызат көзге ілінді. Жағалау ғой… Бұл мана қайықты кері бұрғанда ауыл осы тұста болар деп белгілеген межеден көп ауытқымапты. «Босаңсыма! Өйтсең – шаршап қаласың. Қайта қатая түс, есе түс» дейді ол өзін-өзі қайрап.
Сонадайдан ақ шағыл құм көріне бастады, мұның кеудесінде қуаныш сезімі атой салды. Алла-ау! Жетіпті ғой ауылға… Теңізге тұмсық тірей қоныс тепкен Ақтөбе аталатын балықшы ауылының барлық адамы жағаға келген бе, немене өзі, бәрі бұған қол бұлғай ма, мұнысы несі…
Тер көзіне құйылып келеді, бірақ оны сүртуге мүмкіндік қайда… қайық тұмсығын балық қабылдайтын қоймаға қарай бұрды. Міне, күркілдек приемшік жөтеліп-жөтеліп алып, мұны мақтасын кеп:
– Пау деген! Міне, жігіт! Дәрағамның баласы ерлепсің! Маладес… «Қасқа айғырдың баласы қасқа болмаса да төбел шығады» деген осы да… Бүгін бүкіл рөлөнді саған беретін шығармыз…
…Ол оянып кетті. Терге малшынып жатыр екен, демін басып сәл отырды. Кереует басындағы сүлгіні ала сүртініп жатып мырс етті. «Астапыралла! Адамның түсіне кірмейтін нәрсе жоқ екен-ау. Рөлөн дейді… Апырмай, ә?!».
Рөлөн… Рөлен… Ойы сонау жасөспірім шағын кезіп кетті. Ұйқы қашты… Тоқсан жетіге қарап тұрған ақсақалдың көз алдына сұрапыл соғыс жылдарының сұрықсыз сызды күндері кеп тұра қалды.
***
Балықшалар ауылы жүдеу, болып жатқан соғыс ел еңсесін баса түскен. Ұлы теңізге шығатындар – әскерге жарамай қалған, бұл кәсіпке бұрыннан кәнігі үш-төрт балықшы ғана, олар со-нау жаққа, қиянға тартады, балық мол жерге барады. Өзі қатарлас үш-төрт жасөспірім әкелерінің қайығы мен ауына ие болып қалған, бұлар беріден қайтады. Мұның денесі ірі, қатарластарына қарағанда ересек сияқты көрінеді, содан болар қарт балықшылар: «Келесі жаздан бастап «Возраждение» аралы жаққа бізбен бірге барасың» деп қояды. Бұл соған мәз, балықшылар қос боп жатып ау төгетін алысқа жол тарту – жігіттің жігіті ғана бара алатын шаруа ғой, сосын мәз болмағанда қайтеді.
Теңізге шыққан сайын әкесінің айтқанын қайталай тілек тілегеннен болар, бәлкім, жолы болғыш шығар, кім білген, бұл теңізге шыққалы бос келмепті. Жұрттың аузында мұның аты, «Мына баланың несібесі мол екен» дегенді естіген сайын шешесі «тіфә-тіфәлай» түкіріп, басынан тұз айналдырып тастап, түрлі ырымды жасауда. Үйде рөлөн жиналып қалды. Бұл – өзі ащы ішекше шұбатылған қағаз, кейін автобус кондуктарларында болған оралған жол билеті не дүкендердегі касса чектері сияқты нәрсе. Рулон дегеннен шыққан болар, ал ел рөлөн деп атайды. Қанша балық аулағаныңа қарай есептеп рөлөн береді. Қаратереңдегі дүкен азық-түлікті тек сол рөлөнге ғана береді.
…Екі-үш күн қатарынан дауыл тұрып, бұлар теңізге шыға алмай қалды. Теңіз беттен естілген бір гүріл ауылға да жетіп тұрды. Кейде ол бір сарыл сияқты болып та кетеді. Теңіз беті аласапыран, жағаға келіп ұрған таудай толқындар қандай қорқынышты. Тіпті, әншиінде шаңқылдай қиқу салар шағалалар да көрінбейді.
Алғаш дауыл соққан күні шешесі көне газеттің ашық жерлеріне үйге керекті азық-түлік тізімін жаздырған, ертесіне апасы екеуін түйеге мінгізіп, Қаратереңге жіберді. Бұл рөлөнді көбірек алды, жетпей қалмасын дегені ғой, анасы да қолын қаққан жоқ.
Дүкен жанына түйені шөгеріп, бұйданы іргедегі қазыққа байлаған соң олар қап-дорбаларын ала дүкенге кірді. Сол кезде еді ғой бұлардың дауыстары сыртқа шығып жатқан айғайласушылармен кездескені.
Бұл ел «пірілавка» атайтын сөренің арғы жағындағы дембелше сатушы мен бергі жағында орта бойлы, шүңірек көзді, құс мұрынды бір отағасы екеуі қызылкеңірдек болуда. Мына кісінің жағы суалыңқы, қатты қиналып тұрғаны байқалады.
– Ау, шырағым-ау… Өзің жақын інімсің… Шешем қайтыс болып жатқанын естіп отырсың… Келгендерге қонақасы бере алмасам – өлгенім да. Жарты қап ұн мен бес литр шемішке майын ең болмаса қарызға берсейші…
– Жоқ… Атай көрме! Сотталып кететін жағдай жоқ.
– Енді не істеймін? Не істейін енді… Жұрттың бетіне қалай қараймын, сүйекке таңба түсетін болды-ау.
– Не десеңіз де бере алмаймын. Буынсыз жерге пышақ ұрмаңыз. Рөлөн әкеліңіз… Болды, керегіңізді ала бересіз… Пірадөктіні тек рөлөнге босат деген піреказ бар. Басым екеу емес…
– Оныңды қайдан табайын аяқ астында… Ау, ауылымыз бір, руымыз бір, танымайтын жан емессің… Қарызға берсейші ең болмаса, кейін рөлөніңді тауып берермін.
– Болмайды. Бұл ауылда әңгіме жататын ба еді… Ертең гу ете қалады, сосын кәмесия келсе – бітті. Баенный біремінің заңы қатты, атып жіберуі мүмкін. Болмайды.
– Тап шешеңнің… Сені ататын болып жатса, сол сотқа барайын «Мені атыңдар» деп. Кінәлі – мен, күштеп алып кеттім дейін.
– Жоқ… Болмайды. Бере алмаймын.
Сатушының көнбесі белгілі, ана кісі сөреге жақындаған бұларға бұрыла қарады. Түрі қашқан, көзі қып-қызыл, бәлкім ашудан, бәлкім шарасыз халіне деген ызадан кірпігі шыланыпты. Бұл шыдай алмады.
– Аға! Менде рөлөн бар. Міне, алыңыз…
– Не дейді?
Ол біртүрлі селт ете қалғандай болды, сонан соң мына жасөспірім шын айтып тұр ма дегендей тесіле қарады. Апасы болса мұның жеңінен тартып, құлағына сыбырлауда:
– Жындысың ба… Танымайтын біреуге… Өзімізге керек емес пе…
– Өзімізге де жетеді. Мен көп қылып алып шыққанмын.
Әлгі кісі екеуіне бір, бұл ұсынған рөлөнге қарап сәл тұрды. Өңі тағы бұзылды. Кенет сатушыға қарай шүйліге тіл қатты. Дауысы ащылау екен:
– Әй! Шешеңнің… Мына бала құрлы болмадың ғой… Шешеңнің… Ал ана рөлөніңді… Қасиетсіз… Манағы сұрағандарымды бер…
Ол біраз керекті азық-түлігін алды да бұларға бұрылды.
– Кімнің баласысыңдар?
Бұрыннан да дүкенге келіп жүретін бұларды танитындықтан ба, әлде, бір айғайдан құтылғанына қуанды ма, әйтеуір осы кезде сатушы жып ете қалды.
– Мына Ақтөбедегі Дәрағамның балалары ғой…
– А… Есітіп ем бір азамат өсіп келеді деп… Е… Айналайындар-ай… Ізден шығып тұр екен ғой… Ақұдайларым-ай… Әкелеріңнен хабар келіп тұр ма? Набат қалай, бақуатты ма?
– Жақсымыз аға. Хабар келіп тұр.
– Бақытты болыңдар, ақұдайлар…
… Ауылға жеткенше апасы бұған ұрысумен болды. Бұл болса ой үстінде. Апыр-ау, сонда бұл қалай? Заң солай деп адамдар қиналуы керек пе… Неге адамдар бір-біріне қатыгез болып кеткен. Үйге барғасын шешесі де ұрысар ма екен. Бірақ, мұныкі дұрыс қой. Әкесі де жиі айтатын: «Қиналған, қысылған адамға қол ұшын берген, көмектескен дұрыс. Құдайдан қайтады. Олай жасай алмасақ, хайуаннан қай жеріміз артық?» деп.
Ауылға жетіп, түйені қораға байлап, әкелгендерін тасимын дегенше апасы жүгіре үйге кіріп кеткен еді, сәл ашық қалған есіктен дауыстар естіліп тұр екен. Бұл құлақ түрді.
– Апа! Апа деймін… Мына Шәкат танымайтын бір кісіге көп рөлөнді беріп жіберді дүкенде. Мені тыңдамады. Өзіне жақсылып ұрысшы…
– Берсе себебі бар шығар. Ондай парықсыз емес еді ғой құлыным.
– Бір кісіге дүкенші зат бермей, екеуі ұрысып жатыр екен біз барғанда. Дүкеншінікі дұрыс, «Рөлөн болмаса пірәдөкті бермеймін» дейді. Ал, анау болса: «Шешем қайтыс болып жатыр, қарызға бер» дейді. Сосын мына біздің жынды бір бума рөлөнді бере салды оған.
– Әй! Қызым! Енді бұл жөнінде тіліңе салушы болма. Өзі тапты, өзі берді. Сол рөлөніңнің бәрі осы баланың жанын шүберекке түйіп ашық теңізде жүріп тапқаны емес пе? Берсін. Бұдан кейін мұндай әңгіме естімейін.
Қайран, шеше… Мұның көмейіне бірдеме келіп тірелгендей болды. Бірақ, әлгі әңгімені естімеген кейіп таныта үйге кірді.
***
Соғыс жеңіспен аяқталды, бұл мектеп бітірді. Сонан соң Қызылорда пединститутын тарих мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Гурьев облысына барды. Бірнеше жыл еліміздің батыс аймағында абыройлы қызмет атқарғанмен денсаулығы сыр бере бастады да, елге оралды. Соғыстан кейінгі кадр тапшы кез, жоғары білімді мұғалімдер өте аз, тіпті, мектеп оқушыларының өзі есейіп кеткен, кезінде оқуды тоқтатып, жұмысқа араласып кеткендер, не соғыстан оралғандар. Оған аудандық оқу бөлімі Шөмішкөл мектебіне директоры болып баруға кеңес берді. Бұл жердегі жұмыс бір қалыпқа түсті деген кезде оны Шижаға мектебіне директорлыққа ауыстырды. Сонымен, не керек 1950 жылдардың соңына жақын ол Қаратерең мектебіне директор болып тағайындалды. Бұл кезде ол білікті педагог, шебер ұйымдастырушы ретінде тек аудан ғана емес, облысқа да танылып үлгірген болатын. Иә, сонда еді ғой…
… Кабинет есігі қағылды. Бұл орнынан тұрамын дегенше есік ашылып, қағылез бір кісі кіріп келе жатты.
– Ассалаумағалайкүм, аға!
– Әликімассалам! Ал, бала қызмет құтты болсын! Мен осындағы өзіңе тілеулес бір ағаңмын. Сенің Куриевте қызмет атқарғаныңнан, Шөмішкөл, Шижаға мектебіне директор болғаныңнан хабардармын. Жаңа кіріп келе жатып забышыңа кездестім. Оған да айттым, бүгін кешке біздің үйде қонақ боласың. Саған арнап қонақасы бермекпін… Мал сойылып қойды. Ақұдай, сөйт… Бүкіл кәллективіңді ертіп кел…
– Ақсақал! Енді бұл қалай болар екен? Енді…
– Көп әңгімені не қыласың. Мен кеттім… Күтемін…
Ол шығып кетті, бұл ой үстінде. Әлгі кісінің жүзі таныс сияқты, алайда қайдан көрді, есіне түсер емес. Оқу ісінің меңгерушісі кірді кабинетке, бұл әлгі жайтты айтып еді, ол күле:
– Барайық… Баруымыз керек. Сіз осында директор болып келгенде ерекше қуанған жан осы кісі көрінеді. Мінезі тіктеу, турасын айтып қарап отыратын адам…
…Бұлар барғанда қонақтардың алды келе бастапты. Мұны бірден төрге шығарды, қарсылығына да қараған жоқ, басқарманың оң жағына отырғызды. Колхоз бастығы, қойма меңгерушісі, дүкенші және тағы да басқа ауыл белсенділері мен мұның мектебіндегі он бестей қызметкер. Бөлме лық толы. Төрдегі басқарманың сол жағында отырған қойма меңгерушісі есе сөйлеп берді.
– Бұл ағамыз осылай… Ауылға мына бала директор болып келді деп қуанып жүр. Арнайы осы баланы қонақ қыламын дейді. Ау, мына басқарма бар, біз бармыз дегендей… Балаға бола шабылып…
– Тұра тұр… – Басқарма Мақсұтқали тамағын кенеді. Өзі ажарлы адам, тамағын кеней бастағаннан-ақ түрі қызыл шырайлана түсті. – Бір себебі бар шығар…
– Не себеп болуы мүмкін? Туыстығымызға күмән жоқ… Бізге…
Осы кезде жеті-сегіздердегі ер бала қолға су құйып бола берген еді. Шаңқ ете қалған дыбыс шықты.
– Әй! Өй, шешеңнің… – Үй иесінің қабағы түйіле, қоймашыға тесіле қарайды. – Не қыртып отырсың… Сен мына баланың қасында адаммын деп отырсың ба? – Енді ол көпшілікке бұрылды. – Мен барлығыңды бүгін дәмге шақырып отырып, мына бала туралы айтпақпын. Танып алыңдар. Егер осы балаға қастық, жаулық жасайтын болсаңдар, менің екі қолым жағаларыңда кетеді. Әй, сен шірік! Ұмыттың ба? Баяғыда, қырық екінші жылы шешем қайтыс болып, пірадөкті таппай жаным қыдырып алдыңа барғанымда, «рөлөн болмаса бермеймін» деп бедірейгенің. Бүгін туыс бола қалыпсың ғой. Сонда мына бала еді бүкіл ұн, май, шекер, шай үшін рөлөн берген. Мен содан бері жаратқаннан осы баланың амандығын тілеп келемін. Дәрмағанбет ағам мен Набат жеңешеме осындай ұл өсіргендеріне ризалығымды күніне жүз айтып, кірпігіме жас іліне отырып осы баланың тілеуін тіледім. Бұл бала мені өлімнен құтқарды ғой… Бұл болмағанда шешемнің қонақасысы берілер ме еді, берілмес пе еді. Сен келіп бүгін көйітіп отырсың….
Үй іші тым-тырыс. Баяғы оқиға есіне түсті. Иә, түрі, дауысы таныс сияқты болып еді. Сол кісі екен ғой… Мұның көмейінде бірдеме тұрғандай.
Олар сол күні қонақта болды, қоймашы да амалсыз отырды, өзімен-өзі үн-түнсіз, қайтеді енді, үйден шығып кетсе, қашып кетіпті деген әңгімеге қалады ғой…
… Ол енді ұйықтай алмасын білді. Иығына шапанын іліп, таяғына сүйене сыртқа беттеді. Бұрынғы әдетімен көкке көз тікті, бірен-саран жұлдыздар қалыпты. Таң жақындап қалған болды-ау. Сонау жігіт шағындағы әдетіне басты. Күбірлей сөйледі:
– Еу! Жұлдыздар! Біздің Ақтөбе, Қаратерең аман ба? Көріп тұрсыңдар ма ауылды? Менің сәлемімді жеткізерсіңдер… Жас келіп қалды, тоқсан жеті дегенің оңай емес екен… Әйтпесе… бұрынғыдай бір жағалап қайтар едім-ау. Ұлы теңіз, туған жер! Менің мәңгілік сағынышым өздерің екенін білесіңдер ғой. Сонау оқуға Қызылордаға барғаннан бері жұлдыздардан сәлем айтатынымды білесіңдер ғой….
Иә, ол аула ішінде біраз тұрды. Бұл қария берісі аймаққа, әрісі қазақ еліне белгілі қаламгер, қазақ журналистикасының ардагері Шәкірат Дәрмағанбетов еді. Ал, ол рөлөн беретін отағасы қаратереңдік Бекмағамбет деген кісі болатын. Қонақтар қолына су құйып жүрген бала сол кісінің ұлы, бүгінде елге белгілі ғалым, ақын Шанжархан Бекмағамбетов еді.
Ақсақал қайта үйге беттеді. «Иә, Алла абырой бере гөр та!». Кеудеде қиындығы мол болса да сонау он үш-он төрт жасына, сол күндерге деген сағыныш оты маздады.
Алдажар ӘБІЛОВ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!